Маңғыстау облысындағы «ереуілдер дәуірі» екі мыңыншы жылдары басталды десек қате айтқандық емес. Сол кездері Н.Назарбаев елімізді әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосуға әрекеттеніп, мұны тез арада жүзеге асыруды Үкіметке жүктеген. Ulysmedia.kz тілшісі неліктен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өз балансынан транспортты шығарып тастағанын, мұның соңы немен аяқталғанын зерттеп көрді.
Бейінді емес сала
Ұлттық компанияның құзырындағы транспорттық мәселелер неліктен аяқастынан өгей баланың күйін кешті, оны ұлттық компаниядан бөліп тастау идеясын кім көтерді? Сол кездері Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болған Қайрат Келімбетов осы істің басы-қасында жүрді. Қазір осы аталған министрлік өзі жоқ болғанымен, сол кезде қағылған сына енді «нәтиже» беріп жатыр. Мемлекеттік жобаға енгізілген сол кездегі өзгерістердің салдарынан түрлі ереуілдер өтіп, миллиардтаған шығын келуде.
Көпшілік бұл активтердің (бөлініп қалған) қатарына тек министрлікке қарасты шипажайларды, ауруханалар мен балабақшаларды ғана жатқызатын. Алайда осы активтердің ішінде ірі қазақстандық өнеркәсіптің тұтас өндірістік құрылымдары бар екенін, әрине, ешкім сезген де, білген де жоқ.
Бұл жайлы білмейтін жұрт Жетібайда болып жатқан ереуілдердің мәнісін түсіне алмай дал болуда. «Қазмұнайгаз» неліктен «West Oil Software» жеке компаниясының мәселесін шешуге тырысуда деген сұрақ көпшіліктің көкейінде тұрғаны рас. Екі айдан бері ереуілді тоқтатпаған жетібайлық мұнайшылар жалақыны ұлттық компанияның өзге бөлімшелерінің деңгейінде алғысы келеді. Және де «Қазмұнайгаздың» штатына өтіп, жеке компанияның материалдық-көліктік базасын жақсартуды талап етуде.
West Oil Software жұмысшылары
Тағы бір сұрақ: «ҚазМұнайГаз» неге ереуілдерге жол беріп қана қоймай, компанияның материалдық базасын әбден тоздырып жіберген мердігер ұйым «West Oil Software» компаниясымен келісімшартты үзбейді?
Екі жаққа тиімді шарттар
Бүгінде ешкім нақты жауап бере алмайтын бірнеше сұрақ әлі де бар. Мысалы, екі айдан бергі жұмыстың тоқтап тұруынан ұлттық компанияға миллиардаған шығын келген, алайда оның өтеуін сұраудың орнына «ҚМГ» жақ ашпайды. Керісінше, ереуілге шыққандармен келіссөз жүргізуге тырысып, жақын арада көліктік базасын жаңартып беруге уәде беріп отыр.
Мұны қойшы, қадағалаушы орган прокуратураның өзі ендігі жерде білекті сыбанып жіберіп, «ҚМГ» бен жеке компанияның арасындағы келісімшартты түбегейлі зерттеп, зерделеуі керек еді ғой. Келісімшарт қанша рет өзгертілді, транспорттық қызметі үшін ұлттық компания қаншадан төлеп отыр, бұрын бұл мердігер компания өз балансында болғанда оның шығыны қанша болған еді, қазір қанша, айырмашылық бар ма, тасымалмен айналысатын компанияның техникалық базасын жаңғыртуға бөлінген қаражат қалай жұмсалып келді деген сұрақтарды біз емес, прокуратураның қоятын реті еді. Әлде осы жылдардағы бөлінген барлық қаражат әлдекімнің қалтасында кетті ме екен? Тағы бір сұрақты қадағалаушы органға біз дайындап берейік.
«West Oil Software»-нің қожайыны кім?
West Oil Software компаниясының көпке беймәлім ресми сайтында компанияның Маңғыстау облысындағы кен орындарында көлік-тасымал қызметімен 10 жылдан астам уақыт айналысатыны жазылған. Оны кім басқарады, қожайыны кім, ол жағы белгісіз.
Біз басқа ресурстардан анықтап білдік. West Oil Software компаниясы 2010 жылдың мамырында тіркелген. Бас директоры – Қаржаубаев Тілеген Өмірзақұлы. Осы адамның атына тағы бір көлік компаниясы – «Батыр транс сервис» ЖШС тіркелген. Екі компания да Ақтауда орналасқан, ал олардың бас директоры жайлы мағлұмат мүлдем жоқ. «West Oil Software» компаниясы өз қызметін Қырымбек Көшербаев әкім болып тұрған кезде бастаған. Бұл жай ғана кездейсоқтық болуы да мүмкін.
Сарабдал саясат саңлағы
Назарбаев айтқан дамыған 50 елдің қатарына кіру үшін шұғыл әрекет ету керек болды. Ал оған квазисектордың шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуі кедергі келтірді. Не істеу керек? Экономикамыздың білгірлері кейбір салалық емес активтерді бәсекелестік ортаға шығару керек деген кеңес берді. Нәтижесінде мұнай кен орындарына қызмет көрсететін көліктік база беймәлім тұлғалардың қолына көшті. Бұл келісімдерден мемлекет қазынасына қанша табыс түскенін, әрине, біз білмейміз. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, аталған әлеуетті көліктік база болар-болмас тиын-тебенге сатылып кеткен. Тіпті оны «сыйға берілген» десек те болады. Бір түнде «салалық емес активтер» қатарына жатқызылған көліктік база Қырымбек Көшербаевтың кезінде жекенің қолына өтіп кетті.
Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының экс-әкімі
Мемлекеттік басқару жүйесінде мол тәжірибесі бар Көшербаевтың 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына, қанды қырғынға қалайша жол бергені бүгінде еш сұралмайды. Алайда әрқандай ереуілдер басталған кезде сол жылдардың ауыр оқиғалары айтылмай қалмайды. Сол кезден бері, міне, 13 жылдан бері қарай өзгерген ештеңе жоқ. Әкімдік те, үкімет те бұл мәселеде бойын аулақ ұстайды. Назарбаевтың 50 елдің қатарына кіргізем деген ізгі ниетінің соңы осылай болғаны өкінішті-ақ.
Текке кеткен миллиардтар
«Қазмұнайгаз» қабылдаған шаралар да көңілге күдік ұялатады. 2017 жылы «5/50» бағдарламасы қабылданған. Мұнай өндіру саласына қызмет көрсететін бөлімшелерінің қызметкерлеріне өз еркімен жұмыстан шығып, бес жылдық еңбекақысының 50 пайызы көлемінде өтемақы алу ұсынылды. Бұған келіскен 4 мыңдай қызметкер орташа есеппен 11 миллион теңге өтемақы алды. «ҚазМұнайГаз» басшылығының хабарлауынша, сол кезде жұмыстан шыққандардың көпшілігі бірден басқа жұмысқа орналасып алған, біразы West Oil Software компаниясына жұмысқа тұрған. Ал ҚМГ бағдарламасына миллиардтаған қаржы жұмсалды.
Ал енді арада біраз жылдар өткенде жұмысшылар қайтадан ереуілге шығып, «ҚазМұнайГазда» жұмыс істегісі келетінін айтып, талап қоюда. Олардың бұған құқығы жоқ екенін түсінбейтін сияқты.
2011 жылы Жаңаөзендегі қырғыннан аман шыққан Қ.Көшербаев елге, мүмкін Назарбаев сұлтанатына көп пайдасын тигізді: Президент кеңесшісі, премьер-министрдің орынбасары, Қызылорда облысының әкімі, Президент Әкімшілігінің басшысы, мемлекеттік кеңесші қызметтерін атқарды. Тіпті қазір де мұнай нарығында сұранысқа ие кадрлардың бірі. Жақында «Қазмұнайгаз» басқармасы Көшербаевты «Ембімұнайгаз»-дың тәуелсіз директоры және директорлар кеңесінің мүшесі етіп тағайындады. Бұл компанияда да («Ембімұнайгаз») кейбір қызмет түрлері бәсекелестік ортаға, яғни аутсорсқа берілген. Ал Қырымбек Елеуұлының жеке сектормен жұмыс істеуде өз тәжірибесі бар.
Айта кетейік, Маңғыстаудың бұрынғы әкімі Көшербаевтың жоспары ауқымды еді. Ол Ақтау-Сити тұрғызуды, әуежайы бар Кендірлі курортын салуды, ондаған қонақ үйлер мен мыңдаған виллалар соғуды армандап кетті. Облысты ол басқарған жылдары «Аққу» деп аталатын планшет пен монитор зауыты ашылып, ақыр соңында ол жұмыс істемей, мемлекеттің миллион долларға жуық қаражаты желге ұшқан.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» басшысы
Ulysmedia.kz қойылған сұрақтарға жауап аламыз деп үміттенеді. Өйткені бір кездері бейінді емес активтерді алған аутсорсингтік компаниялардың проблемалары «ҚазМұнайГаздың» барлық бөлімшесінде бар. Осынау күрмеуі қиын түйінді шешуге Мағзұм Мырзағалиев мүдделі деп ойлаймыз. Лайым солай болғай!
Байтас Құрманов