×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Министр ханымдар немесе Қазақстанда қандай әйелдер қоғам назарында

08.03.2024, 12:05
Министр ханымдар немесе Қазақстанда қандай әйелдер қоғам назарында
Коллаж: Ulysmedia

Былтыр қазан айында Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы халық санағының қорытындысын шығарып, Қазақстанда әйелдердің ерлерге қарағанда жарты миллионға көп екенін хабарлады. Ulysmedia.kz билікте жүрген мемлекеттік қызметшінің қанша пайызы нәзік жанды екенін анықтауды жөн көрді.

Атышулы 30 пайыз

Қазақстанда жоғары лауазымдарда әйелдер көп емес. 2020 жылдың мамырында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды түзетуге тырысып, «Сайлау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар ұсынған Парламенттің ұсынысын қабыл алды. Осылайша саяси партиялардың сайлау тізімдеріндегі әйелдер мен жастар үшін міндетті 30 пайыздық квотаны белгілейтін түзетулерге қол қойды.

Алайда, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова квоталарды қайта қарау керек және Қазақстан халқының жартысы әйелдер болса, олардың саясаттағы өкілдігі 50 пайыздан кем болмауы керек деп санайды.

 

Еркектер ренжімейді

Екі апта бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадрлық резервінің форумында мемлекеттік аппараттың 55 пайызын әйелдер құрайтынына қарамастан, тек 39 пайызы басшылық қызметтерде екенін атап өтті.

Ер азаматтар ренжімесін, әйелдер қай кезде де жұмысқа ұқыпты, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің статистикасы әйелдер тарапынан болатын жемқорлық қылмыстары аз екенін  көрсетеді. Саяси қызметкерлер арасында айтарлықтай теңгерімсіздік байқалады, әйелдердің тек 10 пайыздайы ғана саяси қызметте, деді президент.

 

Журналистерді қорғауға дайын

Солардың бірі – заңгер, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аида Балаева.

Оның карьерасы осыдан 20 жыл бұрын Алматы қаласы  Ішкі саясат басқармасы басшысының бірінші орынбасары болған кезде басталды. Содан бері Аида Ғалымқызы саяси қызметтен кеткен емес.

Журналистерге өте ашық, қоғамдағы белгілі бір оқиғаларға түсініктеме береді. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы қызметін атқарған Аида Балаева телеарнада «Ажырасқан әйелдер – қоғамның қоқысы» деген пікір айтқан журналист Меруерт Әйтеноваға қатысты жанжалға пікір білдірді. Балаева мұндай арандатушылық сөздерді, әсіресе журналистер айтса, оны ақтау мүмкін емес. Саясаткердің пікірінше, мұндай сөздер журналистің кәсіби беделіне айтарлықтай нұқсан келтіреді.

Бұдан ешкім де сақтандырылмаған. Адамдар үйленеді, ажырасып жатады. Мұның осылай болатынын ешкім алдын-ала болжап білмейді. Сондықтан бұлай айтпау керек шығар», - деді Балаева.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева былтыр желтоқсан айында Астанада өткен америкалық әртіс Аkon-ның концертіне қатысты жанжалға да пікір білдірді. Айта кетейік, концертке келген қыздар іш киімдерін сахна жаққа лақтырған еді.

Бұл мәселеде мені әншіге іш киім лақтырған қыздарымыздың тәртібі көбірек алаңдатты. Әрине, бұл ұят нәрсе», - деді министр.

Ол сенсациялық «ҚазҰУ қыздарының тізімі» туралы мәселеге де пікір білдірді.

Мысалы, сол ҚазҰУ-да ғылыми жаңалық болды. Өкінішке қарай, бұл айтылмай қалды. Бірақ «қыздар» туралы жаңалық резонансты болды. Сондықтан дәл осы сәтте біз пайдалы ақпарат туралы айтамыз, - деді министр.

Осы оқиғалар төңірегінде Балаеваның министрліктің журналистердің мүддесін қорғауға дайын екендігі туралы айтуы көңіл қуантады.

   Министрлік әрқашан барлық платформаларда журналистердің мүддесін қорғауға дайын, - деді Аида Балаева.

 

Шаршамайтын министр

Мемлекеттік қызметте ұзақ жүрген тағы бір азамат – жақында Премьер-министрдің орынбасары болып қайта тағайындалған Тамара Дүйсенова. 1987 жылы Ташкент халық шаруашылығы институтын инженер-экономист мамандығы бойынша бітірген. Өзбекстанда бес жыл еңбек етіп, туған өлкесі Қазақстанға оралып, әр жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын басқарып, қызметте кезең-кезеңімен жоғарылады.

«Нұр Отан» (қазіргі «Аманат») партиясының хатшысы болды. 2020–2022 жылдары – Президенттің көмекшісі – азаматтардың өтініштерін қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. Бір қызығы, Аида Балаева да дәл осы қызметтерді атқарған бір кездері. Соған қарағанда бұл орын тыныстап алып, қайта шыңға көтерілетін орын секілді.

Осыдан алты жыл бұрын үкіметтің кеңейтілген отырысында болған қызық оқиға да Тамара Босымбекқызымен байланысты. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Дүйсенованың министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың МӘМС төлеу тетіктерін жасай алмағаны үшін бұл реформа кейінге шегерілгеніне шүйліккен.

   Не болды, Тамара, айтшы, әлде бұл жұмыстан шаршадың ба? — деп сұрады Назарбаев.

Сонау 2015 жылы Еңбек және әлеуметтік даму министрі болып тұрғанда сол кездегі Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев та оны сынаған. Дүйсенова денсаулық сақтау саласын дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын ұсынса, Тоқаев мұны әрбір жаңа министр жасайтынын, бұл жақсылыққа апармайтынын айтты. Бір курсты таңдап, соны мақсатты түрде ұстану керек, әр кезде жаңасын таңдау нәтиже бермейді деген сол кездегі Сенат спикері. 

Алайда саясаттанушы Замир Қаражанов айтқандай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған кезде Дүйсеновадан артық ешкім жұмыс істей алмады. Бұл Қазақстанда кадр тапшылығы бар деген сөз. Дүйсенова көп сынға ұшырағанымен, еліміздегі әлеуметтік саланың жай-күйін одан артық білетін кадр жоқ сияқты.

Жуырда ҚР жаңа премьер-министрі тағайындалғаннан кейін Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға үкімет басшысы лауазымына лайық әйел кандидаттар бар ма деген сұрақ қойылды.

Қарап тұрсаңыз, бізде өндірісте жұмыс істеп, министрлік басқарып жүрген әйелдер аз емес. Жақсы жұмыс жасасақ, Мемлекет басшысы бұған назар аударады. Бұл мәселе ер-әйел болып бөлінбеуі керек. Кәсіби маман болу керек», - деп жауап берді Тамара Дүйсенова.

 

Сыннан қорықпайтын министр

Ақмарал Әлназарова министрлер кабинетіне жақында ғана қосылды. Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған Ақмарал Шәріпбайқызы қызмет жолында аз уақыт Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, сол облыстағы «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеген, десе де еңбек жолында медицина саласына ден қойған. Ал осыған дейін сенатор ретінде ол бүгінгі таңда жастардың денсаулығын сақтау мәселелеріне жіті көңіл бөлу керектігін айтты.

Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, жасөспірімдердің 9%-ы ғана АИТВ-ның таралу жолдары туралы жан-жақты білімі бар, 60%-ы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу әдістерін білмейді, ал науқас жастардың 62,6%-ы өзін-өзі емдеумен айналысады. Мұның арты бедеулік секілді ауруларға әкеледі, деп ескертті Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жүктемесіне қатты алаңдап, оны «ауыр» деп санайды.

Емханалардағы жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жүктемесі ауыр екенін көріп отырмыз, науқасты емдеуге уақыты жоқ... Оны әдеттен тыс функциялардан босату және учаскелердегі дәрігерлердің жұмысын ынталандыру үшін жағдай жасау керек, - деді Әлназарова.

Министр сондай-ақ ведомствоның медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін сындарлы диалогқа, ұсыныстар мен бастамаларға ашықтығы мен дайын екенін ерекше атап өтті.

Ал жақында ол сыннан қорықпайтынын айтты.

Керісінше, енді тұрғындардың наразылығын тудыратын сұрақтарды жинаймыз деп ойлаймын. Біз қандай қосымша қажеттіліктер бар екенін, қандай тетіктерді күшейту керектігін және жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарына не қажет екенін түсінуіміз керек. Сондықтан мен сыннан қорытынды шығарғанды дұрыс санаймын, - деп сендірді министр.

 

Қаржы нарығындағы қаһарман

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың қызметтік жолы бұлардан сәл басқаша.

Мәжілістің экс-депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың қызына министрлік қызмет жақпаған секілді. Астанадағы өртте бір үйдің бес баласы бірдей қаза тапқанда ол сынға ұшырады. Азаматтар Әбілқасымова мен оның министрлігін көп балалы отбасылардың қиын жағдайына жеке жауапты деп санап, оның қызметінен кетуін талап етті. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі журналистерге оның ведомствосы айтылған сыннан «қорытынды жасайтынын» жеткізді.

Мәдина Ерасылқызының бірнеше жоғары білімі бар, соның ішінде америкалық жоғары оқу орнында оқыған. Расында журналистер БАҚ-та оның Америкада оқыған жылдарынан сәйкессіздіктер тауып, Гарвард университетінде магистратураны қашан бітіргенін түсінбей дал болды.

Оның әкесі, атақты дәрігер, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі» кітабының авторы қызының шетелде білім алуына көмектесті деп те айыпталған. Алайда кейін қызы мен әкесі бұл ақпаратты жоққа шығарып, Әбілқасымованың Гарвардқа өз күшімен түскенін мәлімдеді.

Мәдина Әбілқасымованың мансап жолында «Сбербанкті» «Бәйтерек» холдингінің құрамына алу, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жеке мүддені көздеушілігі, ЦентрКредит банкіне қатысты мәселелер туындады.

Бұған дейін, яғни 2018 жылдың қыркүйегінде Әбілқасымова елдегі жұмыссыздық тәуелсіздік алғаннан бергі ең төменгі деңгейге, небәрі 4,9 пайызға жеткенін мәлімдеген. Алайда көптеген қазақстандықтар оның сөздерімен мүлдем келіспей, елдегі кедейлік әлі де жоғары деңгейде екенін айтты.

Мәдина Ерасылқызы министр болып тұрғанда  Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) енгізген. Кейбіреулер бұл жаңалықты «кедейшілік салығы» деп атады, ал биылдан бастап ол мүлдем жойылды.

 

Арпа ішінде бір бидай

Үкімет құрамындағы жаңа әйел министрлердің бірі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Еңбек министрлігіне үшінші рет келіп отырмын. Бірінші рет зейнетақымен қамтамасыз ету департаментінің директоры, екінші рет вице-министр болып қызметке келдім. Екі жолы да тек отбасылық себептермен кетіп қалдым. Міне, мен үшінші ретте министр болып келіп отырмын. Менің бір ғана мақсатым бар, ол халыққа қызмет ету, өмір сүру сапасын жақсарту, зардап шеккендерге көмектесу, әрине, басты мақсат – әлеуметтік әділеттілік, - деді Жақыпова.

Кез келген жоғары лауазымды шенеунік сияқты Светлана Қабыкенқызы да сынға ұшырады. Мәселен, ол Қазақстандағы ең төменгі жалақының неліктен Мәжіліс депутаты Зайытов ұсынғандай 300 мың теңге емес, 85 мың екенін түсіндіруге мәжбүр болды.

Қазақстанда 300 мың болса, тамаша болар еді, бірақ шағын және орта бизнесті де ойлау керек. Өйткені олар осы ең төменгі жалақыны төлеуге мәжбүр болады. Осы 300 мыңның ішінен міндетті төлемдерді төлеуі керек. Бұл бизнеске өте үлкен жүк болады», - деп жауап берді министр.

Жалақыны көтеру туралы «тамаша» идея аясында Ulysmedia.kz тілшісі жаңа министр Жақыповадан Қазақстанда әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған халықтың пайыздық үлесі шынында 5,1% ба, әлде одан көп пе деп сұраған еді.

Жақыпованың айтуынша, көптеген қазақстандықтар жалақыны «конвертпен» алады, сондықтан статистика ақсап, ақпараттық деректер қорында қате ақпарат көрсетіледі. Ол сондай-ақ ведомствоның кедейлік шегін анықтау әдістемесін қайта қарастыратынын айтты.

Айтпақшы, вице-министр болып тұрған шағында  Светлана Жақыпова жоғарыда айтқан, кейін Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі болған Мәдина Әбілқасымова туралы өз ойын білдірді.

Менің пікірім: бұрынғы бастығым кез келген тапсырманы еңсере алады. Ол өте сауатты, кәсіби маман. «Мен оның қызметіне табыс тілеймін», - деді Жақыпова.

Айта кетейік, Светлана Жақыпова «Аманат» құрамында жоқ. Ол Министрлер кабинетіндегі «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының жалғыз мүшесі.

 

Тағы бір дәрігер

Үкіметтегі тағы бір дәрігер – Денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.

Оның «жұлдызды шағы» COVID-19 пандемиясы тура келді. Ол қазақстандық QazVac вакцинасы неге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан әлі рұқсат алмағаны туралы сұрақтарға жауап берді.

Менің екі балам бар, олар сонау кеңес кезінде екпе алған. Біздің кезімізде екпе салдырамыз ба, салдырмаймыз ба деген сұрақ болмайтын. Немерелерімді тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханаға апарып, екпе салғызамын, - дейді Айжан Есмағамбетова.

Пандемия қызып тұрған кезде ресейлік «Ласковый май» тобының продюсері Андрей Разин өзінің Instagram парақшасында Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова республика бойынша концерттік гастрольдік сапар өткізуге мүмкіндік бергенін жазған. Ведомство үнсіз қалмай, бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер ресейлік «Ласковый май» тобының Қазақстан аумағында концерттік гастрольдік сапарын өткізуге рұқсат берді деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарады. Азаматтардан тек ресми ақпарат көздеріне сенуін сұраймыз», - делінген хабарламада.

 

Стиль туралы аз-кем сөз

Жоғарыда аталған министрлер туралы айтатын болсақ, олардың нәзік жанды әйел екенін ұмытпайық. Үнемі қоғамдық назарда болғандықтан, шашыңызға, макияжыңызға, сәніңізге, киіміңізге күтім жасауыңыз керек...

Айтпақшы, киім туралы. Екі жыл бұрын журналист Кирилл Павлов Аида Балаеваның зергерлік бұйымдарының құнына түсініктеме берген жазбасын жариялады - ол қымбат сақинаны байқаған.

Сапфир, Шри-Ланкадан келген кеңесшілердің айтуынша, кем дегенде 20 карат. Мұндай тастардың ең арзаны бір карат үшін 1000 доллардан басталады. Сонда ең азы 20 000 доллар», - деп жазды Павлов. Әлеуметтік желіде наразылық толқыны пайда болып, кейін көп ұзамай басылды.   – Менің ойымша, егер адам саяси қызметте болса, мұндай жайттарды қадағалап отыруы керек, әсіресе мұны Балаеваның білмеуі мүмкін емес. Сондықтан мұндай кездесулерге қымбат әшекейлер тағып жүрсе, оның өз жауабы бар шығар, - деп жалғастырды Кирилл Павлов.

Немесе, мәселен, Мәдина Әбілқасымова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бола тұра, БАҚ жазғандай, Forbes журналының мұқабасына небары 250 мың теңгеге «Армани» костюмімен шықты. Айтпақшы, ол сұхбаттарының бірінде балаларына ешкімнің көмегінсіз өзі тамақ дайындайтынын, олардың үй тапсырмасын жеке тексеретінін, мүмкіндігінше олармен бірге сабақ оқып, отбасымен бірге уақыт өткізуге тырысатынын айтты.

Жуырда жаңа Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Dolce & Gabbana брендтік сөмкелері мен көйлектеріне қаражатты қайдан алды деген сұраққа жауап берді.

Мен өзімді Dolce & Gabbana-ның жанкүйерімін деп айта алмаймын, менің үлкен гардеробым да жоқ. Фотодағы сөмкені кез келген әйел болмаса да, жұмыс істеп жүргендердің көбі сатып алатындай жағдайы бар. Ол шамамен 250 мың теңге тұрады. Ал мерейтойыма сатып алған бірнеше көйлектің бірін, қателеспесем, 800-900 мың теңгеге сатып алдым, - деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрі.

Ал осыдан он жыл бұрын «Время» газетінде Еуропалық имидж академиясының өкілі Наталья Чеботарева қоғам қайраткерлерінің стилі туралы айта келіп, Тамара Дүйсенованы «өте қарапайым, тіпті талғамсыз киінеді» деп атап өтті. Оны қалай, не киіп жүргені қызықтырмайтын сияқты. Бұл шашқа да қатысты.

Қазақ бір кездері елдің бас санитарлық дәрігерінің күртешесіне де назар аударды. Ал, интернеттегі суретке қарағанда, Айжан Есмағамбетова 900 мың теңге тұратын итальяндық брендті ұнататын секілді.

Ол бренд болсын, болмасын, дегенмен әрбір әйел өзінің сырт келбетіне аса мән бергені абзал. Өйткені әйел деген әдеміліктің символы, әсемдіктің синонимі емес пе?

Бұл материалда біз әртүрлі ведомстволар мен министрліктерде әкімшілік-саяси қызметте істейтін полиция қызметкерлері, судьялар, мәслихат депутаттары, мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, жұмысшылар, құрылысшылар және т.б саладағы әйелдер туралы жазбадық. Бірақ олардың барлығы әрқандай марапатқа, әрқандай жылы сөзге болсын лайық деп санаймыз. Ulysmedia.kz  сайты барша нәзік жанды аруға зор денсаулық, мол бақыт, шынайы шаттық тілейді.