×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Банкир өлімі: Qazaq Bank акционері Бақыт Ибрагимді неліктен Bank RBK ақшасының ұрлығы үшін түрмеге жапты

18.03.2024, 16:14
Банкир өлімі: Qazaq Bank акционері Бақыт Ибрагимді неліктен Bank RBK ақшасының ұрлығы үшін түрмеге жапты
Коллаж: Ulysmedia

Өткен аптада Qazaq Banki-нің бұрынғы бас акционері, RBK Bank-тен 144 миллиард теңге жымқырды деген айыппен жеті жылға сотталған Бақыт Ибрагимнің өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметке қарағанда, Алматы қаласы тәртіп сақшылары «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Ulysmedia.kz тілшісі «шынжыр балақ», алпауыт банкирді суицид жасауға кім мәжбүрлегенін зерттеп көрді.

Арқан керген

Наурыздың 14-і күні төсек тысына (төсеніш жұқа мата) асылып өлген экс-банкир Бақыт Ибрагимнің денесін жалдамалы пәтерден оның немере інісі тауып алған. Жас жігіттің айтуынша, қайғылы жайт болған күнге дейін ағасы өлім, өзін-өзі өлтіру туралы әңгіме қозғамаған. Алайда сол күні қоштасайық деп телефон соғыпты. Екеуара әңгімеде Ибрагим өлгісі келетінін, тағы да тергеу, сот, түрмеге енді шыдай алмайтынын жеткізген. Марқұм суицид жасау үшін Алматының Абай және Чапаев көшелерінің қиылысындағы тұрғын үйден пәтер жалдап алған.

Телефонмен сөйлескеннен кейін інісі пәтер иесіне хабарласып, онымен бірге көрсетілген мекенжайға жеткен. Бірақ тым кеш еді. Бақыт Ибрагим суицид алдында ең болмағанда бір тілім қағазға хат жазып та қалдырмаған.

Бизнестің шыңырау шыңына шығып, өзін дәлелдеген жанның бір сәтте бәрінен айрылып қалуы қаншалықты аянышты. Осындай жайттарды ескерсек, онда өзін-өзі өлтіру мотивінің бар екеніне көзіңіз әбден жетеді. Тым биік ұшқан сайын қонуың да соғұрлым қиын болады дегенді халқымыз бекер айтпаған. Біздің миымызға сыймайтыны 21-ші ғасырда, интернет ресурстарда барлық ақпарат бар заманда, Бақыт Ибрагис жайлы, оның қандай отбасынан шыққаны, байлыққа қалай қол жеткізгені, Банк РБК-ның ақшасын қалай жымқырғаны, түрмеде отырғаны туралы бір ауыз сөз жоқ.

Атышулы сот процесінің «басты қаһарманы» Бақыт Ибрагимнің интернетте дұрыс фотосы да жоқ. Бірді-екілі суреті жүр, алайда оның  өзі ресми форматта, «Бақыт Ибрагим» деп іздеу жолағына жазсаңыз, шығуы тиіс.

Қысқаша өмірбаяны

Экс-банкирдің қысқаша жазылған өмірбаяны: «Бақыт Ибрагим Жасұзақұлы 1985 жылы дүниеге келген. 2007 жылы Шымкент қаласындағы Әулие-Ата университетін бітірген. 2010 жылы «SAKURA Oil Trade» ЖШС коммерциялық директоры болып жұмыс істей бастады. Ол бұл қызметті 2014 жылдың наурыз айына дейін атқарып, басқа да жұмыстармен қатар алып жүрген. 2011 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарады. 2012 жылы ол «ҚазМұнайГаз өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары болды. 2013 жылы бірнеше лауазымды қоса атқарған – 11 сәуірде – «Қазақ банкі» ЖШС-де директорлар кеңесінің төрағасы және тәуелсіз директор, 7 қарашада – «Qazaq Capital» ЖШС-де Бас директор, 23 қарашада – «АгроГроуп2013» ЖШС-де директор болып жұмыс істеген. «Қазақ банкі» АҚ-ның 2 047 244 (10,24 пайыз) қарапайым акциясына және осы шамада құнды қағаздарға (9,94 пайыз) иелік еткен. Кейбір деректерде Ибрагим сондай-ақ Aspan Air компаниясы мен Studio-XXI компанияларына да иелік еткені айтылады. Ол 2017 жылдың 12 маусымында «Қазақ банкі» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Асқар Каримуллинді ауыстырды.

Тергеу құпиялары

Ал 2018 жылдың 2 маусымында Бас прокуратураның сайтында «алаяқтық жасады деген күдікті» 33 жастағы Бақыт Ибрагимді Германиядан отанына экстрадициялау туралы қысқаша хабарлама жарияланды. Айтпақшы, жарияланған мәліметте оны банкир емес, Leader Nefteprodukt KZ компаниясының директоры ретінде атап өткен. Сонымен бірге, прокурорлар өз баяндамасында Бақыт Ибрагим «Bank RBK-нің қаражатын бірнеше адаммен өзара сөз байласу арқылы алаяқтық жолмен жымқырды» деп атап көрсетті. Олар тіпті ұрланған қаражаттың көлемін 50 миллиард теңге және 83 миллион доллар деп, тайға басқандай жазды.

Ибрагим Астанадағы уақытша ұстау изоляторына қамалды, - делінген Бас прокуратураның баспасөз хабарламасында.

Алайда Бақыт Ибрагимнің Bank RBK-мен қарым-қатынасы туралы мәселе ашық күйінде қалды. Ол кезде де, қазір де ашық дереккөздерде Ибрагимнің Bank RBK-тің тең иесі болғаны немесе тіпті сонда жұмыс істегені туралы ешқандай мәлімет жоқ. Кезінде RBK және Qazaq банктерінің қосылуы мүмкін деген қауесет тараған, бірақ сол әңгіменің бәрі қауесет күйінде қалды. Бірақ Бақыт Ибрагимнің экс-премьер-министр Бақытжан Сағынтаевпен туыстық қарым-қатынасы жайлы қауесет рас болып шықты. Оған Қазақстан қор биржасының мұрағатында сақталған кейбір деректер дәлел бола алады. 2015 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Qazaq Banki аффилиирленген тұлғаларының тізімінде Бақыт Ибрагимнің ата-анасы және әкесінің атының сәйкес келуіне қарағанда, үлкен әпкесі мен інісі ғана емес, оның жұбайы Меруерт Бақытжанқызы Ибрагим де бар. Уикипедия мәліметтеріне сенсек, Бақытжан Сағынтаевтың екі қызы бар – Надира Арапова және Меруерт Ибрагим.

Сондықтан БАҚ банкирдің премьер-министрмен туыстық қарым-қатынасы туралы ақпаратты белсенді түрде жариялады.

«Құтты» неке

Марқұм, журналист Геннадий Бендицкий 2010 жылы «Человек с комплексом» атты мақаласында Бақыт Ибрагимнің құрылыс компаниясы болғанын, компания Астанада үлескерлер қаражатына үй салғанын жазған еді.

Құрылыста қиындықтар туындаған кезде, ол кездейсоқ бір сүйкімді қызды кездестіреді, бағына орай бұл бойжеткен өте жоғары лауазымды адамның қызы болып шықты, - делінген мақалада.

«Бірінші некесі бұзылды, бірақ екіншісі бұзылмастай еді. Қыз жүрегін аз ғана уақыт ішінде жаулап алған серіміз 2008 жылдың жазында Астанада дүркіретіп тойын өткізді. Бірінші күн Rixos қонақүйінде, екіншісі Radisson қонақүйінде тойланды». Мақалада той шығыны туралы да айтылады. «Үйлену тойына, ең аз дегенде, миллион долларға жуық қаражат жұмсалған».

Б.Сағынтаевтың қызы Меруерт Бақыт Ибрагимге қарағанда көпшілік ортада жүретін танымал тұлға. «Buro 24/7 Kazakhstan онлайн-сән журналының иесі әлеуметтік желіде де өте белсенді. Инстаграмдағы аккаунтына 34 мың адам тіркелген. Қыз көп саяхаттайды, сән трендтерін ұстанады, шығармашылық шараларға қатысады. 2 апта бұрын жарияланған соңғы жазбаларының бірінде ол Гарвард бизнес мектебінде оқудың бірінші модулін бітіргені туралы сертификатын көрсеткен.

Ал 2016 жылдың 10 қыркүйегінде Nur.kz сайтында жарияланған «Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың қызы немен айналысыады» деген мақалада кәсіпкердің жай ғана әйелі деген статус Меруерт Ибрагимге арналмағаны айтылған. 

«Беделді шенеуніктің қызы сән әлеміне арналған қазақстандық Buro24/7.kz порталының негізін қалаушы, деп жазды Nur.kz. Меруерт Ибрагимнің сән әлемінен хабар беретін сайтының ашылуына екі миллион долларға жуық қаржы жұмсалған.

Бұл ақшаның бір бөлігін, Buro24/7 порталында жарияланған ақпаратқа сәйкес, іс-шараның демеушісі – бас директоры Бақыт Ибрахим болған Qazaq Capital компаниясы бөлген.

Риторикалық сұрақ: Бақыт Ибрагим соңғы қоңырауын неге әйеліне емес, немере інісіне соқты? Бақытжан Сағынтаев күйеу баласына қатысты экстрадициялау және сот үкімі бойынша ешқандай түсініктеме бермеуіне қарағанда, Бақыт Ибрагим ықпалды шенеуніктің отбасы мүшелерінің қатарынан шығып қалған деген қорытынды жасауға болады.

Осыншама жолы болғыш Бақыт Ибрагим қалайша құлдырап жүр деген сұрақтың жауабын табу да оңай емес. Әйтсе де, архив деректерінде құлдыраудың алғышарттарына қатысты бірқатар дерек бар екен.

Сонымен, 2017 жылдың қарашасында экс-президент Н.Назарбаев Bank RBK-ның түйінді мәселесі ол өз ішіндегі «ұрыларда» екенін айтқан күннен бастап, Бақыт Ибрагимнің шамы көмескілене берді. Назарбаев екі аяғыңды бір етікке тығамын дегенде, кімді нақты айтқаны белгісіз. Себебі аталған банктің акционері ретінде екі компания тіркелген. Бұдан бөлек, бірнеше физикалық тұлға да бар. Олардың қатарында миллиардер Владимир Ким, кәсіпкерлер Бахаридин Аблазимов, Дінмұхамед Идрисов, Фариф Ляхудзяев (2018 жылы қайтыс болған) және бірнеше адам болған.

Қараша айында Bank RBK-нің бақылау пакеті Владимир Кимге тиесілі «КСС Финанс» компаниясына өтті. «КСС Финанс» банктің 99,6% акциясына қол жеткізді. Акционерлер құрамының өзгергенге дейінгі және кейінгі сәттерінде банктегі қаражаттың ұрлануына қатысты қылмыстық іс қозғалған жоқ. Ең қызығы, сол 2017 жылы мемлекет банк секторын қолдау мақсатында 3 трлн.теңгеден артық сома бөлді.

Ал 2018 жылдың 18 сәуірінде Н.Назарбаев Астанадағы жиналыс кезінде тағы үш банктің жұмысын қатты сынға алды. Олар: Астана банкі, Эксим банкі және «Qazaq bank» болатын. Президент банк ісін дұрыс жүргізе алмаған, шығынға батырған топ менеджерлерді кәсіби қарым-қабілеттері жоқ деп атады. Кейін Ұлттық банк  аталған үш банктің жаңа депозит ашуына және жаңа клиент тартуға берілетін лицензиясын қайтарып алды.

Ал Qazaq bank болса, өз ресми сайтында ақталу мақаласын жазды. Онда осының бәріне банкті 2013-2016 жылдар аралығында басқарған Бақыт Ибрагимді кінәлі етіп көрсетті. 2018 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша Qazaq Bank-нің 10,71 проценті Б.Ибрагимге тиесілі болған, яғни, банктегі ең ірі акционер осы жігіт еді.

Осы уақытта Бақыт Ибрагим Германияда қашып-пысып жүрген. Оған халықаралық іздеу жарияланған. Қазақстандық БАҚ Ибрагимнің Майндағы Франкфуртта ұсталғаны туралы жарыса жазды. 6-7 апта ішінде ол Қазақстанға экстрадицияланды.

Бірі – түрмеде, екіншісі – табытта

Айтпақшы, Бақыт Ибрагиммен бірге тағы бір кәсіпкер Жомарт Ертаевқа да айып тағылды. Ол Bank RBK акционерлерінің бірі емес, тек ұзақ уақыт бойы банктің директорлар кеңесінің кеңесшісі болған.

Жомарт Ертаев/Forbes.kz

2019 жылдың қаңтарында Ертаев Мәскеуден Қазақстанға экстрадицияланып, сот алдында жауап берді. Оған Bank RBK-ның аса ірі көлемдегі қаражатын, яғни 144 млрд.теңгені ұрлады деген айып тағылды. Тергеу мәліметіне сүйенсек, Ж.Ертаев бұл соманы бір күнде емес, 2011-2017 жылдар аралығында қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану арқылы иемденген.

2020 жылдың 16 қарашасында Алмалы аудандық сотының судьясы Роман Селицкий үкімді оқыды:

- Жомарт Ертаевты 11 жыл бас бостандығынан айыруға, дүние-мүлкін тәркілеуге, 10 жылға дейін қандай да бір лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу туралы үкім шығарамын. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтесін делінген судья үкімінде.

Бақыт Ибрагим арқалаған жаза мерзімі Ертаевқа қарағанда азырақ және оның тергеу кезінде СИЗО-да отырған уақыты да есептеліп тұр. Ол бостандыққа былтыр күзде шықты. Бірақ жаңа өмір бастау пешенесіне жазылмапты. Еркіндікке шықтым ба деп жүргенде тағы бір қылмыстық істің қатысушысы ретінде аты аталды. Бұл да Qazaq bank-ке қатысты қылмыстардың бірі. Ол қылмыс жасалған уақытта директорлар кеңесінің төрағасы, сондай-ақ акционер болған.

Айтпақшы,  2020 жылдың қазан айында Жомарт Ертаев пен тағы бес адамға қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалды. Онда 188 млрд.теңгені жымқырды деген күдік бар. Жәбірленуші тарап ретінде Bank RBK, «DSFK арнайы қаржы компаниясы» ЖШС, Еуразиялық банк және Qazaq bank қарастырылған. Міне, мойынға арқан салып, өзіне қол жұмсауында жаңа қылмыстық істің қозғалуы түрткі болған секілді. Өкінішке қарай, бұл нұсқаны жоққа шығара алмаймыз.