×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Геосаяси мүдде немесе Орталық Азия Ресейге не үшін керек

10.04.2024, 11:01
Коллаж: Ulysmedia

Кремльдің Орталық Азияға деген қызығушылығы соңғы отыз жылда біркелкі болған емес. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында КСРО ыдырағаннан кейін құрылған аймақтағы бес жаңа мемлекетті Ресей елей қойған жоқ. Тіпті Беларусь территориясында, нақтырақ айтсақ, Беловеж тоғайында өткен ТМД-ны құру туралы келісім аталған бес мемлекеттің қатысуынсыз өтті. Бар мәселені үш славян республикасы өзара шешті.

Орталық Азия Ресейге неліктен керек бола қалды, бұл жағын Ulysmedia.kz сайтының сарапшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Бисенбаев айтып берді. 

Ресей – локомотив, Орталық Азия арба ма?

Ресей басшылығы, сол кезде премьер-министр болған Егор Гайдар айтқандай, ресейлік локомотивтен Орталық Азия арбасын ағытып тастап, Еуропаға кіруді мақсат етті. Сол себептен де 1994 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық одақ құру идеясын салқын қабылдады.

Уақыт өте келе Ресей өзінің Еуропалық Одаққа кірмейтінін түсінді. Осыдан кейін Орталық Азияның маңыздылығы арта түсті. Украинаға қарсы соғыс ашып, халықаралық изоляцияға түсіп қалды. Біз бұл орайда Еуропа, АҚШ, Жапония және әлемнің басқа елдері туралы айтып отырған жоқпыз. Ресейдің Қытаймен антиамерикандық одақ құру үміті де ақталмады. Солтүстіктегі көршіміз өзінің шикізат пен ресурс көзіне бай екенін және Еуропамен сауда транзиттік мүмкіндігі бар екенін Қытай алдында бұлдағысы келген. Алайда ол нөмірі өтпей қалды. Қытай үшін АҚШ-пен қарым-қатынас маңыздырақ екен. Өйткені экономика, ғылыми-техникалық даму, кадрлар даярлау және т.б. стратегиялық мүдде Ресейдің достығынан қымбат боылп шықты. Іс жүзінде Ресей бастаған соғысты Солтүстік Корея мен Иран ғана қолдады, қалған одақтастар бейтарап мәлімдемелермен құтылды.

ҰҚШҰ, ЕАЭО және т.б.

Орталық Азия мемлекеттері бұған дейін Ресейге қатысты әртүрлі ұстанымда болған. Оның ҰҚШҰ-дағы серіктестері Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан болып табылады. ЕАЭО-ға да сол елдер кіреді, бірақ Тәжікстан жоқ. Өзбекстан мен Түркіменстан әртүрлі себептермен бұл бірлестіктерге кірмеді. 

Ресей үстемдік ететін әскери-саяси одақ – ҰҚШҰ ауыр дағдарысқа ұшырады. Қарабақ соғысында қолдау көрмеген Армения ұйымнан шығуы мүмкін екенін жариялады. 2022 жылдың қыркүйегінде өткір қақтығыстың алдында тұрған Қырғызстан мен Тәжікстан қарым-қатынастарын Ресейдің нақты қатысуынсыз реттей алды. Соғыс салдарынан әлсіреп кеткенімен, Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстанда ҰҚЩҰ-ның ықпалы әлі де бар.

Бұрынғыдай бас шұлғи беру жоқ

Соғыс Орталық Азия халықтарының Ресейге деген көзқарасын өзгертуде. Сауалнамаларда ОА тұрғындарының көпшілігі (Қырғызстанда 70%, Қазақстанда 55% және Өзбекстанда 30%) қазіргі экономикалық қиындықтарды Ресейдің Украинаға басып кіруімен байланыстырады. Мұнда соғысқа қарсы шерулер мен пикеттер өтіп, ресейлік жұлдыздардың гастрольдері өткізілмей қалды, кейбір телеарналардың хабарлары, «Мир» карталарының қызметі тоқтатылды. Аймақтағы мемлекеттердің ешқайсысы ЛХР, ДХР немесе Қырым аннексиясын мойындаған жоқ.

Бірақ Путин үшін ел тұрғындарына Ресей әлі де әлемдік көшбасшы және сенімді одақтастары бар екенін көрсету өте маңызды. Сондықтан ол Орталық Азия президенттерін түрлі шерулерге, форумдарға және басқа да шараларға табанды түрде шақырады. Бірақ мұның бәрі көзбояушылық сипатқа ие, өйткені Ресей санкциялар нәтижесінде өзінің көшбасшылық позициясын жоғалтып алды.

Серіктестерді таңдайды

Сонымен қатар Орталық Азияға басқа мемлекеттердің, бірінші кезекте Қытайдың ықпалы да артуда. Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасынан, соның ішінде қытайлық инвесторлардың қызметінен барынша экономикалық пайда алуға ұмтылуда. Бұл тек экономикаға ғана емес, қауіпсіздікке де қатысты. Егер ҚХР аймаққа ақша салса, онда ол олардың қауіпсіздігіне және серіктестік қатынастарының тұрақтылығына мүдделі деген сөз. Сондықтан да Президент Тоқаев Қазақстан басқа мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігі мәселесіне қатысты Бейжіңнің «тұрақты және берік ұстанымын», сондай-ақ ішкі істерге араласпау қағидаттарына адалдығын құрметтейтінін мәлімдеді.

Бірақ бүгінгі күні нақты қауіп Ресейден болып отыр. Өйткені Ресейдің сыртқы саясатын болжау мүмкін емес. Ол халықаралық шарттар мен міндеттемелерді оп-оңай бұза салады. Ал бұл қауіп Ресеймен ең ұзын шекарасы бар Қазақстанда анық сезіледі. Оның үстіне, қазір Украинамен соғысып жатқанына қарамастан, «ертең саған барамын» деп дөң айбат көрсетуін қояр емес. 

Батыс мүддесі

Соғыстың басталуы Батыстың белсенді әрекет етуіне мүмкіндік берді. Осы мақсатта аймаққа АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен келіп, Орталық Азияның бес еліне Ресей ықпалынан құтылу жолында көмек беруге дайын екенін мәлімдеді. Алайда Орталық Азия елдері Ресейге болысамын деп, санкцияларды айналып өтуге тырыспауы керек. АҚШ Мемлекеттік хатшысы мұны қатаң ескертті.

Санкциялардың кесірінен Ресей қиын жағдайда қалды. Экономиканың шеп басындағы салалары батыс технологиясын пайдалана алмай қалды, себебі ол енді Ресейге импортталмайтыны белгілі еді. Сондықтан Ресей бұрынғы, ескі технологиясына ғана арқа сүйей алады. Путин айтқандай, Ресей Орталық Азия елдерінің «импортты алмастыру бойынша ресейлік ауқымды бастамаларға қосылуына» мүдделі.

Ресейге батыс импортының күрт төмендеуі нәтижесінде Орталық Азияның барлық елдерінің экспорты айтарлықтай өсті. Соның ішінде санкцияланған тауарларға байланысты экспорт та бар. Бірақ мұндай әрекеттің соңы Батыстың санкцияна алып келуі мүмкін.

Мысалы, АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Элизабет Розенберг бір жыл бұрын Астанада өткен БАҚ-пен байланыс жөніндегі іс-шарада «Ресей өз экономикасы үшін Орталық Азия елдерінің мүмкіндіктерін барынша молынан пайдалануға тырысады» деп ашық айтты.

Ол Америка Құрама Штаттарының басты талабы Ресейге соғыс тауарларын шығаруға мүмкіндік бермеу екенін мәлімдеді. Себебі өзге елдер экспорты арқылы ол санкцияларды айналып өтуді көздейді. Мұндай жағдайда Ресей әскери өндіріске қажет шикізатқа, материалға қол жеткізеді.   Розенберг: «Бизнестің алдында нақты таңдау тұр: олар әлемдегі ең маңызды нарықтармен байланыстарын сақтап қала алады немесе ұрыс алаңына жеткізілетін өнімдерге көз жұмып, Ресейге көмектеседі.

Орыстар азайып бара жатыр ма

Ресейдің Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекеттен кейін эмигранттарға қарсы наразылықтар күрт артып кетті. Бірақ біз мына бір маңызды жайтқа мән беруіміз керек. Ресей Федерациясында туу деңгейінің төмендігінен және еңбекке жарамды белсенді азаматтардың шетелге жаппай эмиграциялануынан халық саны азаюда. Тек 2022 жылдың өзінде бір миллион ресейлік елден кеткен. Кейбір демографтардың болжауынша, ғасыр соңына қарай халық саны 70 миллионға дейін азаяды. Шығындардың орнын толтыру үшін, кейбір есептерге сәйкес, жыл сайын 300 мың еңбек мигранттары қажет.

Ресей билігі мұны түсінбей отырған жоқ. Бірақ ол Орта Азияға иек артып отыр. Ал аймақта жұмыс күші көп болғанымен, екі қолға бір күрек таппай жүргендер өте көп. Орта Азия елдері артық жұмыс күшін Ресейге жіберіп бір ұтады, олардың ақша аударымдары арқылы ЖІӨ артып, екі ұтады. Міне, Ресейдің сеніп отырған амалы да – осы.

Джорджтаун университетінің профессоры Тереза ​​Сабонис-Хельфтің айтуынша, «Қырғызстан Ресейге жұмыс істеуге кеткен уақытша еңбек мигранттарының ақша аударымдары арқылы ішкі жалпы өнімнің 31 пайызын жауып отыр, Тәжікстанда бұл тәуелділік 51 пайызға жетеді. Яғни, тәжіктердің жалпы ішкі өнімінің тең жартысы Ресейде жұмыс істейтін мигранттардың маңдай терімен келеді.  Соған қарамастан Ресей мигранттар үшін тиімсіз мемлекетке айналуда. Оған, біріншіден, Ресей рублінің құнсыздануы, екіншіден, келген мигранттардың түрлі жолмен майданға алынуы себеп болып отыр. Сондықтан Орта Азия елдері еңбек миграциясының бағытын өзге елдерге қарай бұра бастады. Оның ішінде Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Қытайға және т.б. елдер бар. Бірақ әзірге бұл мигранттардың қажеттілігін толық өтей алмай тұр.

Өзара тәуелділік

Путин Орта Азияның Ресейге тәуелділігін үнемі еске алып, отандық аудиторияға елдің ұлылығын баса жеткізуде. Бұл мигранттарды қудалау немесе күстаналау, аймақ елдерімен сауда жасауға кедергі жасау, Каспий мұнай құбырының жұмысын тоқтату, Орта Азия мемлекеттерінің шекараларын өзгерту қажеттілігін мезгіл-мезгіл жариялайтын депутаттардың, саясаткерлер мен журналистердің жағымсыз мәлімдемелерінен анық байқалады. Сондай-ақ ресми Кремль өзі де экономика, адам ресурстары, капитал экспорты, шикізат және т.б. жағынан Орталық Азияға тәуелді екенін жақсы біледі.  Біле отыра, әдейі жасайды.

Аймақ мемлекеттері негізгі қауіптің қайдан екенін жақсы біледі. Сондықтан олар Ресеймен қарым-қатынасты түбегейлі үзгісі келмейді. Олардың ортақ мүддесі – сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы тұру. Путиннің «кейбір елдердің әрекеттері ТМД елдеріндегі заңды билікке тікелей нұқсан келтіруге бағытталғанын» айтып, ұжымдық қауіпсіздікті нығайтуға шақыруы кездейсоқ емес. Аймақ елдерінің басшылары бұл мәлімдемемен толық келіседі. Сондықтан да олар Қытай мен Батыстың аймақтағы мүддесін өз пайдаларына жаратуға ұмтылады. Әйтсе де олар өз саяси режимінің тұрақтылығын сақтауға кепіл болатын Кремльге адал. Мұны Қазақстандағы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы да дәлелдеді.

Ұзаққа созылған соғыс және барлық ресурстарды жұмылдыру Кремльге Орталық Азия елдеріне қатысты нақты қатаң қадамдар жасауға мүмкіндік бермейді. Мұны бәрі жақсы түсінеді. Бірақ саяси бірліктің басты себебі олардың өз режимдерін сақтап қалуға деген талпыныстары. Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан басшылары мұны іштей сезінеді, сондықтан бір-бірінен алыс кете алмайды. Елдегі толқулар, наразылықтар кезінде бір-біріне қолдау білдіру керектігін олар жақсы түсінеді. Бұл – авторитарлық режимнің табиғатына тән қасиеттер.

Серіктес жаңалықтары