×
444.14
477.05
4.85
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.14
477.05
4.85

Бөгет құрылысын бөгеген кімдер немесе 30 мың тұрғынға әлі де қауіп бар

25.04.2024, 09:27
Коллаж Ulysmedia.kz

2023 жылы Ақсай өзенінің маңындағы сел қаупі бар аймақта тұратын алматылықтар үшін селден қорғайтын бөгет салынуы тиіс еді. Алайда, жақында белгілі болғандай, құрылысы 2020 жылы пандемияда басталған Ақсай бөгетінің құрылысы сол беті аяқталмай қалды.

Алматының 30 мың тұрғынының қауіпсіздігі әлі де біржақты болмай тұр, мәселенің осылайша сиырқұйымшақтанып кетуіне кім кінәлі, мұны Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді.

Бөгет қайда?

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мыңдаған қазақстандықты баспанасыз қалдырған су тасқыны кезінде Алматы маңындағы селді ұстайтын бөгеттердің жай-күйіне алаңдаушылық білдірді. Еске салайық, бір жыл бұрын Төтенше жағдайлар министрлігі бірден үш бөгет салу туралы хабарлаған. Олар:

  • Үлкен Алматы көлі шатқалындағы Аюсай (құрылысты аяқтау 2024 жылға жоспарланған);
  • Ақсай бөгеті (2023 жылы аяқталуы тиіс еді);
  • Құрылысы Қытаймен бірлесіп жүргізілген Қорғастағы Шұқырбұлақ. 

Сонымен, 12 сәуірде министр Әрінов Ақсай бөгетін аралап, жобаның аяқталмай қалғанын, оңтүстік астананың 30 мың тұрғыны әлі де сел қаупі аймағында екенін анықтады.

Мердігер «ТОЛАҒАЙ-2050» құрылыс компаниясы өз міндеттемелерін орындамағаны үшін кінәлі болып отыр. Төтенше жағдайлар министрі тапсырыс беруші – «Қазселденқорғау» ММ-нің басшылығының алдында процессуалдық шешім қабылдау үшін тиісті материалдарды Қаржы мониторингі агенттігіне беру мәселесін көтерді. Ал содан кейін оның қорытындысы бойынша бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Бұл ретте тапсырыс беруші «Қазселденқорғау» ММ күдікке ілінген жоқ, басқарма басшысы Арман Ахметов Ақсай селден қорғау бөгетін салу кезінде орын алған заң бұзушылықтар туралы ақпаратқа былайша түсініктеме берді.

    – Ақсай өзені – Алматыдағы сел болатын өзендердің бірі. Ақсай өзенінің жоғарғы ағысында 25 мұздық және мұздықтан пайда болған 20 көл бар. Ақсай селді ұстау бөгетінің құрылысы маңызды болып табылады және сел аймағында орналасқан халық пен шаруашылық нысандарының өмірін қорғауға бағытталған. Қазіргі уақытта мердігер өз міндеттемелерін орындамағандықтан, нысанның құрылысы тоқтатылып, тиісті келісімшарт бұзылды.

Ақсай бөгетінің құрылысы. Фото inbusiness.kz сайтынан

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың бастамасымен процессуалдық шешім қабылдау үшін ҚР ҚМА-на тиісті материалдарды тапсырдық.

Бұл ақпаратты ҚР ҚМА-нің ресми өкілі Әлібек Абдилов та растады.

– ЖШС «Ақсай өзені алабында селді ұстау бөгетінің құрылысы» жобасын жүзеге асырды. ЖШС-нің жауапты тұлғалары алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Келтірілген шығынның алдын ала сомасы 775 миллион теңге», - деді ол.

«Қазселденқорғау» айлакер ме?

Алайда бұған дейінгі мәлімдемелер мердігерлердің наразылығын тудырды. ТОЛАГАЙ-2050-ден мән-жайды анықтауға тырысқан директордың орынбасары Асқар Сердалин Instagram әлеуметтік желісінде көпшілік алдында сөз сөйлеп, құрылыстың тоқтатылуы туралы ақпараттың дұрыс емес екенін айтып, барлық айыптауларды толығымен жоққа шығарды.

– Қазселденқорғау мекемесінің басшысы Ахметов мырзаның 2024 жылғы 12 сәуірде Ақсай өзені шатқалында бөгет салу туралы жариялаған ақпаратына қысқаша түсініктеме беремін», - деді мердігер ұйымның өкілі.

– ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы Арман Төлегенұлы Ахметов 2024 жылғы 12 сәуірде «құрылысқа жауапты мердігердің өз міндеттемелерін орындамауына байланысты жұмыстар тоқтатылды» деген. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және Төтенше жағдайлар министрі Әрінов пен халықты жаңылыстырады.

Асқар Сердалиннің айтуынша, мемлекеттік сараптамадан өтпеген және жобалық құжаттамаға түзетулер енгізілмегендіктен, Алматы облыстық құрылыс және құрылыс істері жөніндегі мемлекеттік басқармасының бұйрығымен нысандағы жұмыс тоқтатылды. Құжаттардың толық пакетінің болуына қарамастан, «Қазселденқорғау» ММ мемлекеттік сараптама жүргізу бойынша өз міндеттерін орындаудан жалтарып отыр.

– Заңға сәйкес, жобаның мемлекеттік сараптамасын тек құрылысқа тапсырыс беруші – «Қазселденқорғау» ММ ғана жүргізе алады», - деп түсіндірді спикер.

– Тапсырыс берушінің барлық құжаттарының болуына және Төтенше жағдайлар министрлігі вице-министрінің 2023 жылғы 24 сәуірдегі хаттамалық бұйрығына, сондай-ақ 2023 жылғы 22 қыркүйектегі ӨЖҚБ бұйрығына қарамастан «Қазселденқорғау» өз міндеттемелерін орындамайды. Бізде мемлекеттік сараптама жүргізу үшін барлық қажетті құжаттар бар және оны бастауға ештеңе кедергі келтірмейді. Дегенмен тапсырыс беруші жауапкершілікті бізге ысырып тастап отыр. 

Сердалиннің айтуынша, құрылыс компаниясы бір жылдан астам уақыттан бері нысандағы осыған дейінгі жасалған жұмыстың сапасын сақтап, оның қауіпсіздігін өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге мәжбүр болған.

– Аяқталған құрылыс-монтаж жұмыстарының үлесі қазір 89 пайызды құрап отыр, мемлекеттік сараптама қорытындысы шыққаннан кейін нысанды толық аяқтау жоспарлануда. 

Кәсіпорынның айтуынша, жұмысты жалғастыру және нысанның құрылысын аяқтау үшін бірінші кезекте жобаны мемлекеттік сараптамадан өткізу арқылы түзетуге жіберу, содан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау қажет.

– Бұл үшін тапсырыс берушіде барлық құжаттар бар. 2023 жылдың сәуір айында жоба тапсырыс беруші «Қазселденқорғау» ММ басшысы Қайрат Бекеновтің атынан «Мемсараптама» РМК-не сараптамаға жіберілді. 19 сәуірде «Мемсараптама» РМК бұл құжаттарды құжаттаманың толықтығы туралы ескертулерге байланысты қараусыз қайтарды (анықтамалық № 01-954-08/1780 19.04.2023 ж.). Қазіргі уақытта тапсырыс беруші игерілген сомаға техникалық аудит пен техникалық байқаудың екі қорытындысын аяқтады. Мұның бәрі тапсырыс берушінің жобалық түзетулерге мемлекеттік сараптаманы дер кезінде жүргізбеуінің салдары. Мердігердің кінәсі қандай деген сауал туып тұр.

«TOLAGAI-2050» ЖШС басшылығы тапсырыс беруші «Қазселденқорғау» ММ басшылығы Төтенше жағдайлар министрін де, жұртшылықты да әдейі жаңылыстыруда деп есептейді.

Барлық іс талдануда

Мердігер компания басшылығының нұсқасын Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек ішінара растады. Бұған дейін ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Ақсай бөгетіне барғанын айтқан еді. 

– Ақсай шатқалы сел қаупі жоғары аймақ және ол жерде бұрын-соңды бөгет салынбаған», - деді мәжілісмен.

– Мемлекеттік органдардың салғырттығы мен әрекетсіздігінен, жеке құрылымдардың мүддесін көздеудің кесірінен бөгет құрылысының өзіне қауіп төніп тұр. 2021-2023 жылдар аралығында Ақсай бөгетінде құрылыс-монтаждау жұмыстары заңсыз – жобалық-сметалық құжаттаманы қайта сараптамадан өткізуге бекітпей, құрылысқа рұқсатсыз жүргізілген. Мемлекеттік сараптаманың алғашқы оң қорытындысы мен құрылысқа рұқсаты бұрыннан бар еді, бірақ кейін «Қазселденқорғау» бекітілген жобаға түзетулер енгізіп, «су құбырлары мұнда емес, орталықта болуы керек» деп мәлімдеді. Бірақ Қазселденқорғау» оны қайта тексеруге мүлдем жібермеді. Менде материалдар бар. Ал қайта сараптама жасалмаса, құрылысқа рұқсат жоқ. 

Б.Базарбек мердігер қазіргі жағдайда құрылыс-монтаж жұмыстарын заңсыз жүргізуге мәжбүр болуы  мүмкін деген пікір білдірді.

 – «Қазселденқорғау» мекемесінің әрекетсіздігі мен заңсыз әрекеттері соншалық, Алматы облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті (МӘСҚБ) ұйғарым шығарып, «Қазселденқорғау» мекемесіне материалдарды мемлекеттік сараптамаға жіберіп, рұқсат құжаттарын алуға міндеттеді, бірақ «Қазселденқорғау» МКҚК-ның әрекетсіздігі, заңсыздыққа жол беруі шектен шығып кетті. 

– Мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы өз бұйрығын соңына дейін орындатуға тырысып, сотқа арыз беруі керек еді, бірақ арыз бермеді. Мұны Төтенше жағдайлар министрлігі 2021 жылдан бері білсе де, үнсіз қалды. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі барлық елдімекен суға кете бастағанда ғана Төтенше жағдайлар министрлігі ертең бұл нысанға қатысты да сұрақтар туындайтынын түсінді. Біз тексеріп, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін материалдарды ҚМА-не жібердік. Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығына қоятын бірнеше сұрағымыз бар. Сонда олар осы уақытқа дейін қайда қарап отырған?

Депутат бұл істе жемқорлықтың иісі шығатынына толық сенімді екенін айтты. 

– Біз шенеуніктердің, Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін көріп отырмыз», - деді ол кінәлілерді тізіп. 

– Мемлекеттік органдар әрекетсіз отыра бермей, жұмыс істегенде, біз мұндай кемшіліктерді 2021 жылы анықтап, 2022 жылы бөгетті пайдалануға беретін едік. Ертең Ақсай шатқалының бойында мұздықтан пайда болған көлдердің бірі ери бастаса, 30-45 мың адам тұратын елдімекендерді су басады. Бұған кім жауап береді? 

Ал министр не дейді?

Төтенше жағдайлар министрі мәжілісменнің риторикалық сұрағы өзіне арналмаған деп ойлайды. Бірақ соның өзі қаперсіздік.

Биыл ақпан айында қызметке кіріскен Қазақстан Республикасы Президентінің Қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Шыңғыс Әрінов өзінің бірінші министрлік брифингінде басты міндетін «тиімді және уақытылы қамтамасыз ету» деп санайтынын айтқаны есімізде. 

– Әлеуметтік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері менің күн тәртібімде бірінші кезекте тұр», - деген еді су жаңа министр. 

– Ақшалай алымдар мен бопсалау фактілеріне келсек, әрине, біз бұған жол бермейміз деп ойлаймын. Бұл бағытта қатаң профилактикалық жұмыс жүргіземін. Менің алдыңғы бөлімдегі жұмыс тәжірибем бұл тұрғыда маған өте жақсы көмектеседі. Оған еш күмәнім жоқ. Барлық осы жағымсыз көріністер өте тез жойылады.

Бүгінгі күні өткенге көз жүгіртсек, халық арасында Қожанасыр айтты деген мынадай сөз ойға еріксіз оралады: «Не хан өледі, не есек өледі. Әйтеуір бір мәнісі болар».

Елді әбігерге салған су тасқынының алғашқы оқиғалары көрініс бергелі бір айға жуық уақыт өтті. Ал Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов ел алдына әрең шықты. Осы уақыт ішінде ол қазақстандықтарға қысқа ғана видео үндеу жолдап, су басқан өңірлерді тікұшақпен аралады, бір-екі қысқа түсініктеме берді. 

Сондықтан болар, халық Шыңғыс Әрінов министр болып тағайындалғанға дейін Төтенше жағдайлар министрлігі құрылымында ешқашан жұмыс істемегенін тағы да еске алды. Ол 2006-2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде әртүрлі офицерлік және басшылық лауазымдарда қызмет етті. Кейін мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің күзет қызметінің бастығы болды. 

Осындай жағдайда «Қазселденқорғау» ММ басшылығының бөгет құрылысының кешеуілдеу себептері туралы айтқан нұсқаны шындық деп қабылдап, кінәні мердігерге аудара салу Әрінов мырза үшін түкке тұрмайтынын байқадық. Ал министр мұндай жағдайда мәселенің байыбына бармай, байбалам салуы өзіне сын емес пе? 

Серіктес жаңалықтары