Екі жылдан кейін ҚР Ұлттық Ғылым академиясы 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ол 1946 жылы құрылған, оның бастауында қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев тұр. Академияның тұңғыш президенті болып сайланған да осы Қаныш Имантайұлы болатын. Содан бері қанша оңтайландыру, қанша реформа жүргізілді...
Ulysmedia.kz қазір ҰҒА-да қандай өзгеріс болып жатқанын зерттеп көрді.
Тұңғыш президент
12 сәуірде Қазақстанда Ғылым қызметкерлері күні атап өтілді. Дәл осы күні Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толды.
Мекеменің қазіргі атауы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы, ол іргелі ғылым орталығы, мемлекеттің ең жоғары ғылыми ұйымы болып табылады.
1946 жылы 1 маусымда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратында Қазақ КСР Ғылым академиясының ресми ашылу салтанаты өтті. Екі күннен кейін оның президенті болып академик Қаныш Сәтбаев сайланды.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – геолог, ғылымды ұйымдастырушы, қоғам қайраткері, Қазақстандағы кен орындарын ашқан академик. Оның есімі көптеген оқу орнына, көшелерге, тіпті қалаға берілген. Қаныш Сәтбаев 1924 жылы алгебра пәнінен қазақ мектептеріне арналған тұңғыш мектеп оқулығын құрастырды. Бірақ ұлы ғалымның бұл мұрасына қазір ешкім мән бермейді, ал ол құрған Академия дау-дамайдан көз ашпай келеді.
Академия «Самұрық-Қазына» құрамына кіре ме?
Тәуелсіздік алғаннан кейін құлдыраған Ғылым академиясының мәселесі ондаған жылдар бойы шешілген жоқ. Оның құрамындағы кейбір институттар таратылып, кейбірі басқа жоғары оқу орындарына қосылды, қалғаны шама-шарқынша өз күнін өзі көріп келеді. Экс-президент Н.Назарбаев 2015 жылға қарай ғылымды қаржыландыруды ЖІӨ-нің 4%-ға дейін біртіндеп ұлғайту туралы айтқан. Алайда ол міндет орындалмады, себебі даму стратегиясы бұлыңғыр болды. Академияны 20 жыл басқарған (2003-2023 жылдар аралығында) академик Мұрат Жұрынов экономика ғылымдарының докторы, экс-Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тәлтіректеп әзер тұрған Академияны жекешелендіруді ұсынды.
Атап айтқанда, Жұрынов былай деді:
– Алматыда бұрынғы Мемлекеттік ғылым академиясының орнына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты Орталық ғылыми кітапхана (ОҒК) көшіп келді, оның балансында бұрынғы ҚР ҰҒА ғимараты тұр. Оған қоса, бұл ғимаратта «Ғалымдар үйі» жұмыс істейді. Ғылым академиясының өзі РМК мәртебесінде болмағандықтан, бұл екі ұйым іс жүзінде жұмыс істемейді. Сондықтан Орталық ғылыми кітапхана мен Ғалымдар үйін ҚР ҰҒА РҚБ-не біріктіріп, кейін оларды жекешелендірі, «Самұрық» холдингінің құрамына берген жөн.
Міне, кітапхана мен ғалымдар үйін осындай әдіспен біріктіріп, оны жекенің қолына өткізіп, Қазақстандағы өндірістік саланың алпауыттары ғана кіретін холдингтің құрамына қосу жоспарланды. Әрине, бізде кітапханашылар мен ғалымдар үйінің қызметкерлерін осыншалық қатты құрметтейді деп ойлап қалуыңыз бек мүмкін. Ал олардың өз ғимараттарын әркімге бір жалдап, әрең күн көріп отырғанын ешкім ойлаған да емес.
Жалпы алғанда, Академия ғимаратын кімдер иеленгісі келмеді десеңізші. Тіпті Шевченко көшесі бойында орналасқан бас ғимаратты Қазақ-британ техникалық университетіне немесе сол кездері дүркіреген «Асар» партиясына береді деген ақпарат та шықты. Сайып келгенде бас ғимараттың кімнің қанжығасында кеткенін бәріміз білеміз.
Үйірілген қара бұлт
Республикадағы ғылыми мекеменің басынан не өтпеді? Оны қайта құрылымдау туралы қайта-қайта айтылды. Көптеген институт РМК-ға, кейбіреулері акционерлік қоғамға айналды. Тіпті 1994 жылы екі бөлек құрылым Ауыл шаруашылығы академиясы мен Ғылым академиясын біріктіріп жіберді. Кезінде Академия құрамына кірген ғалымдар алғашында корреспондент-мүше болатын. Солардың ішіндегі ең таңдаулылары ортақ жиында академик атанатын. Бұл дәстүр де жойылды.
ҚР Ұлттық Ғылым академиясы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны 2003 жылы ҰҒА Президентінің жарлығымен ҚР ҰҒА Республикалық қоғамдық бірлестігі болып қайта құрылды.
Кейін Үкімет қаулысымен «ҚР ҰҒА» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта құрылып, Білім және ғылым министрлігінің, кейін Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрамына қосылды.
Майшелпек
Бір жыл бұрын, сәуір айында Мемлекет басшысы ғылым және техология жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысын өткізген.
– Көп жылдар бойы елімізде ғылымға тиісті көңіл бөлінбей келді. Осыған байланысты көптеген шешімін таппаған мәселелер қордаланып қалды. Бұл сала ақсап тұр. Өркендеген ел болғымыз келсе, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сосын ол соңғы бес жылда елімізде ғылымға жұмсалатын қаржы 60 пайызға артқанымен, жалпы ішкі өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендегені туралы айтты.
– Сонымен қатар ғылымды қаржыландыруға бөлінген мемлекет қаржысы псевдо-ғалымдарға майшелпегіне айналып кетті. Қаржылық гранттар көбінесе түкке алғысы жоқ жобаларға беріліп келгені сіздерге құпия емес. Мысалы, «Парасат» ғылыми холдингіне қатысты оқиға. Бөлінген қаражаттың барлығы құмға сіңген судай болды, оның бұрынғы басшысы – химия ғылымдарының докторы Америка Құрама Штаттарының азаматтығын алып, отбасымен қашып кетті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ғылым жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысынан кейін алты ай өткен соң БАҚ-та «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы академиктерінің Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаевқа Ашық хаты» жарияланды. Онда басқа мәселелермен қатар, олар «ҚР ҰҒА» КЕАҚ атауын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «ҚР ҰҒА» КЕАҚ деп өзгертуді сұраған.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жаңа президенті болып ғалым Күнсұлу Зәкәрия тағайындалды, бірақ ол академиктер арасында ақ қарға болып қалды. Өйткені К.Закарья академияға келген бетте ғылым ордасына жастарды көбірек тартып, шал-шауқанды зейнетке жіберу позициясын ұстанған. Бұл текетірес бірнеше ай бұрын бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың академияның президенті болып тағайындалуымен аяқталды.
«Ғасыр ғұламасы»
Жалпы, кеңестік дәуірден бізге мұра болып қалған «академиктер» тақырыбы атақ иелері үшін аыр сын болып тұр.
Жоғарыда аталған хатта ҚР ҰҒА республикалық қоғамдық бірлестігінен басқа тағы 28 салалық ғылым академиясының бар екені айтылған, олардың 1000-ға жуық ғылыми мүшесі бар, он шақтысының «ұлттық» статусы бар. Әрі осы ұйымдарды есімі елге етене таныс әулеттер басқарады. Мұндай академияларға мүше болу оп-оңай. Қаптаған «академиктер» елді шатастырып бітті. ҚР Президенті жанындағы ҰҒА-ның өзінде 151 академик тіркелген».
Бұл туралы Тоқаев Ұлттық ғылым кеңесінің отырысында айтты.
– Ашығын айтайын: қазір бізде академиктер көп, олардың кейбірінің ғылымға еш қатысы жоқ. Былай қарасаң, академик, ал оның ғылымға қосқан еш жаңалығы жоқ. Мұндай академиктердің ғылыми дәрежелері де үлкен күмән тудырады. Бұл өз кезегінде Академияның беделін түсіреді.
Ұлттық ғылым академиясының сайланған академиктері мен корреспондент-мүшелерінің тізімін қарасаңыз, онда университет ректорлары, ғылыми институттар мен орталықтардың директорлары бар. Олардан бөлек, бұрынғы және қазіргі парламент депутаттары да жүр. Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Ахан Бижанов, Серік Оспанов, Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды ардақты ғалымдар және басқа да шенеуніктер бар. Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Серік Сейдуманов, 2019 жылғы сайлауда Қазақстан президенттігіне үміткер болған Төлеутай Рахымбеков және Forbes тізіміндегі шымкенттік кәсіпкер Серікжан Сейітжанов та академик болып сайланған.
Оны айтасыз, 2011 жылы 1 желтоқсанда Н.Назарбаевтың Алматыда ғалымдармен кездесуінде оған «Ғасыр ғұламасы» деген атақ берген.
29 академия
Мұрат Жұрыновтың айтуынша, Қазақстанда 29 салалық академия бар.
– Басқа академиялардың біз сияқты құқығы бар, бірақ әркімнің мүмкіндіктері әртүрлі. Біз ғылымның барлық саласын қамтып отырмыз. Бұл жалғыз классикалық академия. Қалғандары салалық академиялар. Олар академиктерді біз сияқты жасырын дауыс беру арқылы сайламайды», - деді Жұрынов.
Егер ғылыми ұйымдардың тізімін қарасаңыз, біз әлемдегі ең керемет академия болмасақ та, ортада тұрмыз. БАҚ жазғандай, 2023 жылдың 12 мамырында еліміздің ең ірі ғылым академияларының басшылары Алматыда алғаш рет жиналды. Олардың қатарында:
Бұл академиялар шынымен де көп, бірақ олардың тиімділігі қандай және оларды кім қаржыландырып отыр, бұл жағы бізге жұмбақ.
Ғылым үшін... ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігі
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 2023-2025 жылдарға арналған ғылым бюджеті алдыңғы үш жылмен салыстырғанда 3,3 есеге өсті. 2024-2026 жылдар аралығында Қазақстандағы ғылыми жобалар мен әзірлемелерге 730 миллиард теңге жұмсалады.
Осы болжамдар мен жоспарлардың барлығы орындалса, онда 2027 жылға қарай Қазақстан экономикадағы ғылымның үлесін арттырып, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға ЖІӨ-нің 1 пайызын жұмсайды. 2022 жылы бұл көрсеткіш 0,13 пайыз болған, ал 2023 жылдың ортасында 0,25 пайызға жеткен. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты. Иә, Н.Назарбаев кезінде ЖІӨ-нің 4 пайызына жеткіземіз деп асығыс айтыпты. Көріп отырғандарыңыздай, 0,25 пайызға енді жеттік.
2021 жылы ғылыми--зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар шығындарының үлесі бойынша Қазақстан 110 елдің ішінде 97-орында болды. Эфиопия, Моңғолия, Армения, Чад және басқа да көптеген елдер бізді басып озды. Тізімдегі жетекші мемлекеттер – АҚШ (5,7%), Израиль (5,4%), Оңтүстік Корея (4,8%) және Швеция (3,5%) туралы айтпаса да түсінікті.
Көрер қызығымыз алда ма?
Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының құрамына мыналар кіреді:
Физика-математика және техника ғылымдары кафедрасы;
Егер мемлекет ЖІӨ-ден ғылымға қомақты қаражат жұмсаса, мұның көп пайдасы болар еді:
Бірақ әзірге Президент жанындағы ҰҒА-ның пайдасын көріп отырғанымыз жоқ. Ғылым тыныштықты ұнатады деуші еді, мүмкін біз білмейтін жасырын зертханалар мен кабинеттерде мықты-мықты ғылыми жаңалықтар ойластырылып жатқан шығар. Күні ертең солар жарыққа шығып, елдің атын әлемге әйгілер. Күтеміз. Басқа не амал бар?
Мәлік Жүрсінбек