×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Цифрландыру, майнинг және таралған деректер: министр Мусин қандай ісімен есте қалды

02.05.2024, 15:28
Цифрландыру, майнинг және таралған деректер: министр Мусин қандай ісімен есте қалды
Коллаж: ulysmedia.kz.

Сәуір айының соңғы күні қазақстандықтар үшін тосын жаңалықпен басталды. Ең жас әрі білікті министр Бағдат Мусин қызметтен кетті. Мусиннің Министрлер кабинетінен шығып қалуы жайлы жаңалыққа қазақстандықтар түрлі реакциялар білдіріп жатты. Бірі – «сауап болды, бос ауа теуіп жүрген еді» десе, енді бірі – «ел үкіметінде халыққа пайдалы дүниелер жасап жүрген жансебіл министр еді» деп өкініштерін жасырмады.

Қоғам бір министр жайлы неге екі түрлі пікірде? Мұны Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрді.

Деректердің таралып кетуінің қатысы жоқ

Оның қызметтен кетуінің өзі екіұдай пікір қалдырады: Ақорданың телеграм арнасында мемлекет басшысының Жарлығымен Бағдат Батырбекұлы Мусин ҚР-ның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінен босатылғаны хабарланды.

Сонымен бірге Бағдат Мусин Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында министр қызметінен өз еркімен кеткенін ашық жазды. 

– Менің отставкаға кеткенім туралы соңғы жаңалықтарды бәріңіз естіген шығарсыздар», - деп жазды ол.

– Ең алдымен, көрсетілген сенім және еліміздегі цифрландыру мәселесін бәрінен маңызды деп тауып, жұмыс істеуге мүмкіндік бергені үшін мемлекет басшысына алғыс айтқым келеді. 2020 жылдан бері көп нәрсе жасалды және әлі де көп нәрсе істеу керек. Бүгінгі таңда Қазақстанды әлемдегі цифрлық дамыған елдердің бірі деп атауға болады. Бұл – қиыншылығын бірге көрген кәсіпқой ұжымның еңбегі. Біздің инновациялық цифрлық өнімдеріміз халықаралық деңгейде танылды және бізге жаһандық цифрлық көшбасшылармен иық тіресіп, қатар тұруға мүмкіндік берді, - дейді Б.Мусин. 

Мусиннің соңғы сөйлемі екіұдай пікір қалдырады. Өйткені Қаңтар оқиғасы кезінде билікті күшпен тартып алуға әрекеттеніп, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін Мәсімовтің орынбасары Д.Ерғожин осыдан бір жыл бұрын 15 жылға сотталған еді, ал осы Ерғожиннің қазақстандықтардың жеке мәліметтерінің қытайлық платформада таралуына қатысы бар. 

Әңгіме Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігімен бірге жұмыс істейтін iSoon компаниясының құпия құжаттарды жария еткені туралы болып отыр. Хакерлер жеке мәліметтерді GitHub платформасында жария еткен. Енді хакерлер кез келген ақпаратты ала отырып, Android және iOS құрылғыларына шабуыл жасай алады. Құжаттар Beeline, Kcell және Tele2 сияқты қазақстандық байланыс операторлары деректерінің жарияланып кеткенін көрсетеді. Құжаттарда «Қазақтелеком» мен БЖЗҚ-ға сілтемелер де бар. 

Д.Ерғожинге қатысты қозғалған жаңа қылмыстық іс Б.Мусиннің қызметтен кетуіне түрткі болды ма, ол жағы белгісіз. 

Қызметте көтерілудің ерекшеліктері

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми сайтында Бағдат Мусиннің 1983 жылы 3 наурызда Екібастұз қаласында дүниеге келгені жазылған. Ашық дереккөздерде, басылым беттерінде Мусинді қазіргі жас буыннан шыққан қайраткер, өзінің ақыл-парасатымен, қажырлы еңбегімен жоғары қызметке қол жеткізген шенеунік ретінде айтылады. Бұл ақпарат шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін айту қиын. 

2004 жылы Демирел университетінің IT факультетін бітіргеннен кейін бірден екінші жоғары білім алуға асыққан Б.Мусин Қазақ құқық және халықаралық қатынастар институтына оқуға түседі. Сонымен бірге, 2004-2007 жылдар аралығында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да инженер-бағдарламашы болып жұмыс істеді. Айтпақшы, бұл компанияны Қазақстан Республикасының үкіметі мемлекеттік ақпараттық жүйелерді құру және өзара іс-қимылын ұйымдастыру жөніндегі уәкілетті ұйым ретінде құрған.

Студент Бағдат Мусин бірден ұлттық холдингте бас инженер болды, ал 2007 жылға қарай мемлекеттік органдарда IT бөлімдердің құрылуына жауапты департамент басшысының орынбасары болады. 

Бағдат Мусиннің «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да нақты немен айналысқаны көпшілікке белгісіз. Алайда, ол өзін Халыққа қызмет көрсету орталықтарының авторы ретінде таныстырып жүр. Бұл сөздің қаншалықты шындыққа жанасатынын есептеп шығару аса қиын шаруа емес. Ашық дереккөздерде алғашқы Халыққа қызмет көрсету орталығының ашылған күні – 2007 жылдың 5 қаңтары деп көрсетілген. Ол кезде Мусин «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да департамент директорының орынбасары қызметін атқарды. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру идеясын алғаш рет 2005 жылы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жолдауында айтқан. Жоғары оқу орнының түлегі, тіпті мемлекеттік органдарда IT бөлімдерін құру департаменті директорының орынбасары халыққа қызмет көрсету орталықтары сияқты күрделі жүйенің «негізін салушы» бола алмайтыны түсінікті.

Идеялар генераторы

Бағдат Мусин мансап жолында ертегінің батырындай жылдам өсті. Содан кейін ол AMANAT-insurance сақтандыру компаниясының ақпараттық технологиялар бойынша кеңесшісі болды. Бірақ бұл лауазымда ұзақ отырмады, себебі Мусиннің діттеген мақсаты одан да биік еді. Бұл қызмет Мусин үшін әдеттегідей жақсы транзит болды. Қазақстанның барлық азаматын «цифрландыру» жоспары Мусинге Әділет министрлігіндегі жаңа қызметке келуіне жол ашты. Ол бұл жерде бір жылдай республикалық «Құқықтық ақпарат орталығы» МКК-да ақпараттық жүйелерді қамтамасыз ету бөлімінің бастығы қызметін атқарды, содан кейін қызметте жоғарылап, Әділет министрінің кеңесшісі, сондай-ақ ақпараттық технологиялар басқармасының бастығы болды.

Бірақ ол мұнымен де тоқтап қалғысы келмеді. 2010-2011 жылдары Бағдат Мусин Байланыс және ақпарат министрлігінің (қазіргі Көлік және коммуникациялар министрлігі) ақпараттық технологиялар саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары болды. 2011-2012 жылдары Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. 2012-2014 жылдары Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және ХҚО қызметін үйлестіру комитетінің төрағасы болды. 2014 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы қызметіне дейін көтерілді.

Ал 2014-2017 жылдар аралығында «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды. Мұнда ол пошталық дрон қызметін құру идеясымен көпшілікке ұнап қалды. Әрине, ол идеясы нәтиже бермеді, өйткені ол кезде «Қазпочта» АҚ хат-хабарларды жеткізудің дәстүрлі әдістерінің өзін оқсатпай жатқан. Ал Мусиннің дрон жеткізуші идеясы ғарышқа скафандрсыз барып-келу секілді естілді. 

2017-2018 жылдары Мусин Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Осы қызметте де Бағдат Мусин суицидпен күресу үшін жеке орган құру туралы ерекше идеясымен назар аударды. Бақытымызға орай, бұл идеясы да идея күйінде қалды. 

2018 жылдан 2019 жылға дейін Мусин Bi Group құрылыс холдингі басқарма төрағасының орынбасары және корпоративтік венчурлық қордың басшысы болды. 2020 жылы – Президенттің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі болып еңбек етті. Сол жылы ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды, ал 2020 жылдың қыркүйегінде Цифрлық даму министрі болып тағайындалды. 

Күмәнді бастамалар

Министр болып тағайындалған Мусин өзі айтып жүрген идеяларын жүзеге асыруға мол мүмкіндік алған еді. Әні-міні оларды жүзеге асырады деп сенгендер де болды. 

Алайда оның министр болған кезіндегі ең ілкімді жобасы «Сергек» болды. Ағайынды Ахметовтер әзірлеген «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесін енгізу 2017 жылдың қыркүйегінде басталды. Жол қозғалысын қадағалайтын, жолдар мен көшелердегі бұзушылықтарды тіркейтін және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жүйе, көлік нөмірі бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеп отырумен қатар, ақырында Мусиннің әуелгі арманын жүзеге асыруға бағыт алды. Сөз басында айтқанымыздай, Мусин елді цифрландыруды қытайлық жүйеге ұқсатқысы келді. Яғни, «Сергек» камералары азаматтардың биометриялық мәліметтері арқылы қоғамдық тәртіпті орнатуды мақсат етті. Бұл үшін, әрине, қазақстандықтардың барлығының жеке мәліметтері мен бет-әлпеттері арнайы базаға жинақталуы керек еді. 

Әлде бағымызға, әлде сорымызға, бұл жоба жүзеге аспай қалды. 

Осы орайда кейбір қазақстандықтар Uzynqulaq телеграм-арнасында ертеректе жарияланған «Бағдат Мусин – кейсінде ешбір сәтті жобасы жоқ менеджер» деген жазбаны еске алып қойды. 

Сәтті жоба дегенде, жалғыз «Сергек» «ақылды» бейнебақылау жүйесін айтуға болар еді. Бірақ бұл жерде жобаның өзі коррупциялық жүйеге қызмет етіп кетті (Мусин «Сергек» құрылтайшыларының бірі). 

2021 жылы Бағдат Мусиннің Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ретінде 500 миллион долларға жуық сомаға 5 жылға ресейлік Сбер компаниясымен келісім жасауға оқталғаны да көпшіліктің есінде. Осы келісім жүзеге асқан жағдайда қазақстандықтардың барлық цифрлық мәліметтері ресейліктердің қолына өтуші еді. 

– Біз Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ақпараттық қауіпсіздік заңнамасының талаптарына сәйкес келетін осындай шешімдерді іздедік», - деп түсіндірді Цифрлық даму министрлігінің басшысы бұл бастаманы.

– Бұл – Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Президент Әкімшілігінде, Үкіметте талқыланған дәйекті шешім. Бұл бір сәттік шешім немесе біреудің қысымы емес. Ақпараттық қауіпсіздіктің барлық стандарты сақталады. Мәліметтер базасы Қазақстан аумағында орналасады. Біз деректеріміздің қауіпсіздігіне кепілдік береміз және бірде-бір ресейлік маман оған рұқсатсыз қол жеткізе алмайды, - деген еді Мусин сол кезде. 

Бұл мәлімдеме қоғамда өте жағымсыз реакция тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары, соның ішінде еліміздегі танымал тұлғалар мен IT мамандары осыған байланысты елдің егемендігіне төніп тұрған қауіп туралы жазып, платформаны әзірлеу неге отандық немесе батыстық компанияға сеніп тапсырылмады деп шу шығарды. 

Табысы көл-көсір майнинг

Есесіне 2022 жылы Мәжіліс депутаттары үшінші тоқсанда Astana Hub резиденттерінің шамамен $117 миллион табыс тапқанын, яғни бұл табысты сала екеніне таңданыстарын білдірді. 

Бұдан кейін Цифрлық даму министрлігінің басшысы Astana Hub резиденттері табысының өскенін мақтанышпен айтып, тіпті оның өзін-өзі қамтамасыз ету шегін де атап өтті.

Сайып келгенде жоба өрге баспады. 

– Біздің міндетіміз – өзін-өзі қамтамасыз ету үшін осы кірістерді тұрақтандыру. Бірақ хаб барлық кәсіпорындар сияқты кіріс алған кезде салықтың барлық түрін шегеретінін ескеру қажет. Біздің мақсатымыз – 2026 жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржыландырудан бас тарту және хаб толықтай табысты болады», - деп уәде берді Мусин. 

Ал сол жылдың 17 қазанында Astana Hub аумағында заңсыз криптовалюта өндірумен айналысатын компаниялар анықталды. Есеп комитеті келеңсіз фактіні құрылтайшылар – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Зерде» холдингі тарапынан бақылаудың жоқтығымен түсіндірді. 

Сондай-ақ, Astana Hub резиденттеріне салық жеңілдіктерін беру қызметі халықаралық технопарк  майнингпен айналысатын компаниялар үшін «оффшорлық алаңға» айналғанын анықтады.

Алайда, құзырлы органдар IT-стартаптардың халықаралық технопаркі алаңында заңсыз әрекеттерді жүзеге асыруға рұқсат берген Бағдат Мусинге қатысты іс қозғамады. 

Қызметтен кетіру туралы петиция

2023 жылдың шілдесінде ALEM RESEARCH аналитикалық компаниясы БАҚ пен әлеуметтік желілерге мониторинг жасап, министрлер арасында рейтинг түзді. Анықталғандай, шілде айында БАҚ пен әлеуметтік желіде министрлер арасында Бағдат Мусиннің сөздеріне ең көп цитата келтірілген және оның сөздері антихалықтық мемдерге айналған.

Мұның бәрі Мусиннің қателіктерінің көбейгенінен болып отыр. Ол байланыс тарифтерін көтеру қажеттігі туралы айта бастады, бұл бизнесмен Тимур Турловтың мүддесі үшін лобби жасау нұсқасының пайда болуына әкелді, ол не қолданыстағы байланыс операторын сатып алуды, не нарыққа жаңасын енгізуді көздеді. 

Одан кейін қазақстандықтар интернет сапасына қатысты қиындықтарға тап болды. Бұл үшін министр кінәні абоненттерге жүктеп, интернетті су секілді үнемдеуге шақырды. 

– Интернеттің сапасы төмен, мойындаймыз. Бірақ мен кейбір факторларға тоқталғым келеді: мысалы, TikTok қосымшасы, YouTube және басқалары бар. Олар күнделікті өмірде толығымен қолданылады. Такси жүргізушілері де бағдаршамда тұрып телефондарына қарап видео көреді, деді көзі ашық министр. 

Әсіресе Мусиннің «Астанада интернет Токиоға қарағанда жылдамырақ» деген сөзі қазақстандықтардың ішек-сілесін қатырды. Содан кейін Қазнет Мусинге қатысты барлық ақпаратты жұртшылыққа жайып салды. Ол «Қазақтелекомды» басқарған кезде компания монополистік даңғылға әбден түсіп кеткенін, ал оның әкесі «Билайнның» бір филиалын басқарып отырғанын – бәрін-бәрін ақтара салды. 

«Ұялы байланыс саласын дамытуды тарифтерді көтерумен ғана шешуді білетін шенеунік не үшін керек» деген сөзбен қызметтен кету туралы петиция жариялау – осылардың ішінде ең ірі қарсылық шарасы болды.

– Бұл корпорациялардың табысын 2021 және 2022 жылдармен салыстырсаңыз, олардың табысының өсіп келе жатқанын анық байқауға болады, мұнда олардың цифрландыруды дамытуға қаражаттың, оның ішінде тарифтік бағалардың жетіспеушілігіне қатысты сылтауларын бірден тоқтатуға болады. Егер бұл лоббистік мүдделер болмаса, интернет-байланыс тарифтерінің бағасын көтеруге нақты негіздеме жоқ, деп жазды Мусиннің отставкаға кетуі туралы петиция авторы. Петицияға 5,5 мыңнан астам қол қойылған. 

Ал «Нурсултанский соловей» телеграм-арнасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің күмәнді қоғамдық қызметін оның «Қазақтелекоммен» «араласуымен» тікелей байланыстырды. 

– Анонимді дереккөз жіберген ақпараттан белгілі болғандай, Мусин қазақстандық ең жас министрлердің бірі бола тұра, Қазақстанның телекоммуникация нарығындағы бірқатар сыбайлас жемқорлық мәмілелер мен схемаларды жүзеге асыруға белсенді және тікелей қатысқан – деп жазды арна авторы.

«Мусин «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы және директорлар кеңесінің мүшесі Қуанышбек Есекеевке кем дегенде 2020 жылдан бері тікелей бағынады. Ол – Есекеевтің адамы. Оның қолынан жалақы алып қана қоймай, тікелей оған бағынышты» дейді анонимді ақпарат көзі. 

Кеткісі келмеген

Бірақ бір жыл бұрын оған және оның бастамаларына қарсы болған қазақстандықтардың белгілі бір бөлігінің пікірі Мусиннің таңдаған бағытының дұрыстығына деген сенімін сейілткен жоқ.

Петицияға қол қойғандардың өтініші бойынша Мусин өз отставкасын талап еткендерге былайша жауап берді:

– Петицияны көрдім. Барлық рейтингтер жалпыға белгілі және қолжетімді. Біз ресми рейтингтерге сүйенеміз. Менің ойымша, интернеттің сапасына қатысты мәселелер бар ма? Иә, Қазақстанда интернет сапасына қатысты мәселе бар екенін мойындаймын. Сондықтан операторлардың алдына нақты міндеттер қойдық. Ал базалық станциялардың орнатылуын ай сайын бақылап отырамын, – деді Мусин. 

Сондай-ақ, министр іс жүзінде ведомство бұл мәселелерді қадағаламауы керектігін, оны операторлардың өздері бәсекелестік ортада реттеуі тиіс екенін айтты.