×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қазақстанда өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар кімдер

03.05.2024, 18:08
Қазақстанда өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар кімдер
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстан тарихындағы ең атышулы сот процесі аяқтала келді. Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот тергеуі  аяқталды. Алда – тараптардың дискуссиясы, сотталушының соңғы сөзі мен үкімі. Тек қазақстандықтар ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі әлеуметтік желі қолданушылары Бишімбаевты өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етеді.

Зардап шеккен тараптың адвокаты Игорь Вранчевтің пікірінше, экс-министрге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы әбден лайық.

Бишімбаевқа қатысты қоғам пікірі сотта есептеле ме, жоқ па, оны дөп басып айту қиын. Алайда осыған дейінгі сот отырыстарында келтірілген дәлелдемелер экс-министрдің пайдасына шешілмейтін секілді. Соңғы 30 жылдан астам уақытта еліміздің сот жүйесінде өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар болды. Олар кімдер және не үшін осындай жазаға тартылды, мұны Ulysmedia.kz тілшісі анықтады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда қылмыстың қай-қай түрі үшін ең ауыр жаза ретінде қолданылған өлім жазасы 2021 жылы түпкілікті жойылды. Осы сәттен бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру ең жоғарғы жазаға айналды. 2021 жылға дейін ол жеңіл және орташа дәрежедегі қылмыстар үшін жойылғанымен, ауыр қылмыстар, атап айтқанда, терроризм актілері мен әскери қылмыстар үшін қолданыста болды.  

Қазақстанда өлім жазасына кесу соңғы рет 2003 жылы орындалып, мамыр мен қараша айлары аралығында 17 адам атылған. 2014 жылы Amnesty International ұйымы Қазақстанды «тек жеңіл және орташа дәрежедегі қылмыстар үшін өлім жазасы қолданылмайтын ел» ретінде сипаттады.

2008 және 2016 жылдары Қазақстан БҰҰ-ның өлім жазасына мораторий жариялау шешімін қолдап дауыс берді. Ал 2020 жылдың 23 қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативтік хаттамасына қол қойып, оны 2022 жылғы 24 наурызда ратификациялағанын хабарлады. Хаттама барлық қол қойған елдерден өлім жазасын жоюға міндеттеме алуды талап етеді. 

Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімі

Әуелі өлім жазасына кесілген, кейін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған соңғы қазақстандықтың бірі – бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов. Ол 2006 жылы белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевты өлтірді деген айыппен сотталған.

Алтынбек Сәрсенбаев/Асылхан Әбдірайымұлының фотосы

Саясаткерді тапсырыспен өлтіруге қатысты атышулы іс дәл бүгінгі Бишімаевтың ісі сияқты жаңалықтар лентасынан түспей қойған еді.

Еске салайық, 2006 жылы 13 ақпанда сағат 11.40-та Алматы облысы Талғар ауданында Көктөбе ауылы мен 12-бригада ауылы аралығында Алтынбек Сәрсенбаевтың, оның жүргізушісі Василий Журавлевтің және күзетші Бауыржан Байбосыновтың мәйіттері табылды. Оқ тиіп, көз жұмған марқұмдардың денесі ауыл жолының шетінен табылған. 

Үшеуі де арқасынан және қарақұсынан атылған оқтан жантәсілім еткен. Жүргізуші мен күзетшінің қолдары кендір жіппен байланған. Қарда джип көлігі дөңгелегінің ізі қалған.  

25 ақпанда ҚР Парламенті Сенат Аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаевтың қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ержан Өтембаев өзіне жазған жеке хатында өз кінәсін мойындап, марқұм «ар-намысына тигені үшін» оны өлтіргенін айтқан. Үш кісі өлтірудің басты ұйымдастырушысы ретінде осы Ержан Өтембаев ұсталды, көп ұзамай тапсырысты орындаушы бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов та қамауға алынды. 

Тапсырыс беруші 20 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ кейін оның ісі қайта қаралып, мерзімі 13 жылға дейін қысқартылды, ал Рустам Ибрагимов қылмыскер ретінде өлім жазасына кесілді. 2014 жылы Ибрагимовтың өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. 

2014 жылы Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Рустам Ибрагимов сотта саясаткерді өлтірудің нағыз ұйымдастырушылары Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев екенін растады. Ал осы жылдың ақпан айында «Злобная татешка» телеграм-арнасында Рустам Ибрагимовпен видеосұхбат шықты, онда ол кісі өлтірмегенін, ол үшін 17 жыл камерада жазықсыз отырғанын айтты. Өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ибрагимов сұқбатта президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, қылмыстық істі қайта қарауды сұрағанын айтты. 

Арқанкергендегі қырғын

2012 жылы «Арқанкерген» шекара заставасындағы қанды қырғын елдің жанын түршіктірді. 28 мамырда мобильді посттың әскери қызметкерлері Үшарал шекара отрядына қарасты «Сары-Бөктер» заставасымен байланысқа шықпаған, әскери жарғы бойынша мұндайда дабыл қағылып, қосымша отряд жіберіледі. Арқанкергенге аттанған қосымша отряд жанып жатқан ғимараттың ішінен 14 сарбаздың денесін тапқан. Ал бекеттің жанындағы аңшылар үйінен оқ жарақаттарымен «Тастау» аңшылық шаруашылығының 47 жастағы орманшысы Руслан Кимнің денесі табылды.

Бұл оқиға үлкен резонанс тудырды. 2012 жылдың 1 маусымында президент Нұрсұлтан Назарбаев «Арқанкерген» оқиғасына байланысты құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңес өткізді. Ол болған оқиғаны «террорлық акт» деп атап, қайғылы оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссия құруды тапсырды. 

Қазақстанда 4 маусым Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Сол күні шекара заставасынан 24 шақырым жерде орналасқан шопан қыстауларының бірінде тірі қалған жалғыз шекарашы, қатардағы жауынгер Владислав Челахты табылды. Оның үстінде капитан Киреевтің киімі болған. Челахтан  Макаров тапаншасы, 2 ұялы телефон, ноутбук, 12 мың теңге және фотоаппарат тәркіленді. Мұның бәрі өлтірілген қаруластары мен орманшы Кимге тиесілі заттар-тұғын. 5 маусымда Челах жаппай кісі өліміне қатысты қылмысты мойнына алды, оның себебін өзара керісу мен ренжісулер деп түсіндірді. 

Владислав Челах / RFE/RL

Челах ісі бойынша тергеуді Қазақстан Республикасының Бас әскери прокуратурасы жүргізді. 1 қазанда оған ҚР Қылмыстық кодексінің «Екі немесе одан да көп адамды өлтіру», «Жеке затты ұрлау», «Заңсыз қару алып жүру», «Құпия құжаттарды ұрлау», «Әскери қызметтен қашу», «Қару ұрлау» және «Біреудің үйіне заңсыз басып кіру» – ұзын-саны сегіз бап бойынша айып тағылды. 

Кейін Челах өз түсініктесін өзгертті. Айтуынша, 28 мамырда шекара заставасы бақайшағына дейін қаруланған белгісіз біреулер шабуыл жасаған, өзі олардан әрең қашып құтылған. Алайда 2012 жылдың 11 желтоқсанында Талдықорғанның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты Владислав Челахты 15 адамның өліміне айыпты деп таныды. Сөйтіп өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын ерекше режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шығарды. 2013 жылдың 5 наурызынан бастап Челах Қостанай облысы, Жітіқара қаласындағы УК-161/13 мекемесінде жазасын өтеуде. 

2022 жылдың соңында Челах президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, 2012 жылдың 28 мамырында «Арқанкерген» шекара заставасында болған қайғылы оқиғаға қатысты барлық шындықты айтуға дайын екенін жеткізді. Алайда ол ашық хат жауапсыз қалды. 

Алматылық лаңкестің ісі

2016 жылдың 2 қарашасында сот тағы бір қылмыскерді өлім жазасына кесті. Мұндай ауыр жаза елімізде біраз жылдан бері қолданылмаған еді. Айыпталушы 2016 жылдың 18 шілдесінде Алматы қаласында болған терактіні ұйымдастырған әрі халыққа оқ атқан салафиттік жиһадты ұстанушы Қызылорда облысының тумасы еді. Осы лаңкестік әрекеттің салдарынан 10 адам қаза тауып, жетеуі жараланды.

Ол кезде Қазақстанда өлім жазасына балама ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын. 

Руслан Күлекбаев/Tengrinews.kz

Естеріңізге сала кетейік, 18 шілдеде Руслан Күлекбаев Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына, ҰҚК мен салық департаментінің ғимараттарына шабуыл жасап, жалпы саны тоғыз адамды өлтірді. Олардың барлығы құқық қорғау органдарының қызметкері еді.

Іс материалдарына сәйкес, бұл Күлекбаевтың бірінші қылмысы емес. Анықталғандай, ол 2015 жылы кәсіпкер Вячеслав Мещеряковты тонауды жоспарлаған. Содан кейін Күлекбаев кәсіпкерді травматикалық қарумен жаралаған.

Сонымен қатар прокурор Қырғызстаннан келген жезөкшенің өлтірілуі туралы айтты, айыпталушы лаңкестік әрекеттің алдында жезөкшені Аллаға ұнамсыз іспен айналысатындықтан атып тастаған. 

Сот үкімін Алматының мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ербол Болатов оқыды. Руслан Күлекбаев құқық қорғау және арнайы органның сегіз қызметкерінің, екі бейбіт тұрғынның өліміне әкеп соқтырған лаңкестік әрекетті жасағаны үшін, сондай-ақ үш азаматты өлтіруге оқталғаны үшін  ҚР Қылмыстық кодексінің «Террорлық акт», «Кісі өлтіру», «Адам өлтіруге оқталу» баптарында көзделген қылмыстарды жасады деп айыпталды. Оған ерекше жаза – өлім жазасы кесілді. Алайда мораторийге байланысты ол өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Ержан Тәтішевтің өлімі

Бір қызығы, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы, қашқын саясаткер Мұхтар Әблязов та 2018 жылы Қазақстан сотының үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Оппозициялық әрекеті үшін де, тіпті елден қаражатты шығарғаны үшін де емес, кісі өлтіруді ұйымдастырғаны үшін осындай үкім шыққан. 

2018 жылғы 27 қарашада ҚР Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2004 жылы «ТұранӘлем Банкі» АҚ басшысы Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды деп айыпталған экс-банкир Мұхтар Әблязовты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Ержан Тәтішев

Әблязов ұзақ жылдар бойы шетелде жүргендіктен, сот оған сырттай үкім шығарды.

– Сот халықаралық іздеуде жүрген Мұхтар Әблязовты кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды», - деді сот процесіне төрағалық етуші судья Кенжеғали Кенжебеков.

2018 жылдың 24 қазанында Таразда банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырған Әбілязовтың ісі бойынша сот отырысы басталды. Іс материалдарына сәйкес, Тәтішев «ТұранӘлем Банкі» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқара жүріп, 2004 жылы желтоқсанда аңшылық кезінде қайтыс болған. Сол кезде оның өлімі жазатайым оқиға деп есептелді. Тергеу мәліметінше, кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің қолындағы мылтық көлік дірілдеп тұрғанда абайсызда атылған. 2007 жылы М.Тоқмәди аңшылық кезінде абайсызда Ержан Тәтішевтің өліміне себепкер болғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылып, рақымшылық бойынша жазадан бірден босатылған. 

Алайда 2017 жылы бопсалау және заңсыз қару-жарақ сату деген айыппен сотталғаннан кейін Мұратхан Тоқмәди Тәтішевтің 2004 жылғы өлімін кездейсоқ емес, Мұхтар Әбілязовтың өтініші бойынша жасаған кісі өлтіру екенін мойындады. 

Әблязовтың өзі бұған дейін қылмыстық топ құрып, оны басқарған, БТА банктен ақша ұрлаған және оларды заңдастырған, банк ақшасын заңсыз пайдаланған және билікті асыра пайдаланған деп айыпталған. Ол сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Ақбұлақтан шыққан атқыш

2022 жылдың 26 сәуірінде Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бес адамды өлтірді деп таныған 54 жастағы «ақбұлақтық атқыш» Игорь Дужнов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 

Игорь Дужнов

2021 жылдың 20 қыркүйегінде Дужнов Ақбұлақ ықшамауданындағы үйінің ауласында баспананы босатуды талап еткен сот орындаушыларына оқ жаудырған. Салдарынан екі полицей мен сот орындаушысы, сондай-ақ үйдің жаңа қожайыны мен куәгер көз жұмды. Атыс кезінде үйдің жаңа иесінің әпкесі құдай сақтап аман қалды.

Сот Дужновты ҚР Қылмыстық кодекстің екі немесе одан да көп адамды өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне, сондай-ақ сот орындаушысының өміріне қол сұғу, сот шешімі мен атқару парағын орындауға кедергі келтіру, сондай-ақ шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысты деген баптар бойынша кінәлі деп таныды. 

Өйткені сот барысында Игорь Дужновтың Украинаның Донбасс аумағындағы ұрыс  қимылдарына қатысқаны белгілі болды. Айыпталушы жергілікті тұрғындарды қорғауға барғанын айтты. Ал сот процесіне қатысқан сарапшылар Дужнов ату дағдыларын шетелде меңгеруі мүмкін екенін жеткізді. Тергеушілердің айтуынша, ер адам өз құрбандарын небәрі сегіз секундта атып тастаған. 

– Игорь Дужнов екі немесе одан да көп адамды өлтіру, кісі өлтіруге оқталу, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне, сондай-ақ сот орындаушысының өміріне қол сұғу, сот шешімі мен атқару парағын орындауға кедергі келтіру, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қол сұғу, шетелдік қарулы қақтығысқа қатысу фактісі бойынша кінәлі деп танылсын», - деді судья Еркін Майшинов.

– Дужнов алдын ала жоспарланған, қасақана, оның ішінде өмірге қарсы ерекше ауыр қылмыстардың жиынтығын жасады. Құрбан болғандар қызметтік міндеттерін атқарып жүрген азаматтық тұлғалар. Сонымен бірге Дужнов жасаған істеріне өкінген жоқ. 

Қылмыстың бұл түрлері қоғамға ерекше қауіп төндіретінін ескере отырып, сот оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ол жазасын қауіпсіздігі өте жоғары мекемеде өтейді.

Инспектордың өлімі

Қарағанды облысында инспектор Ерлан Нұрғалиевті өлтіргендер өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 

Еске салайық, 2019 жылы «Охотзоопром» мекемесінің жануарлар дүниесін қорғау инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің айуандықпен өлтірілуі елді елең еткізді. Қайғылы оқиға Қарағанды облысының Нұра ауданында болды. Инспекторлар Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык күзетілетін аумақты аралап жүріп, браконьерлерді байқайды. Қызылорда облысынан келген тәртіп бұзушылар 17 киікті атып, көліктерінің жүксалғышына тиеген. Сол себепті инспекторлар көлікті тоқтатқанда, олар қарсылық көрсеткен. 

Ерлан Нұрғалиев/Әли Оспанның фотосы

Тергеу материалдарына сәйкес, «Б. Ахметов, Қ.Ақшанов және Н.Шүкілдіков егер ұсталса, заңсыз аңшылық жасағаны үшін жазаға тартылатынын біліп, инспекторларға оқ жаудырған. Атқанда да олардың өміріне қауіп төнетіндей, көздеп атқан. Өмірлік маңызды органдарға тиген оқтан мемлекеттік инспектор Ерлан Нұрғалиев көз жұмды, ал оның әріптесі Петр Ницык ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

– Сот үкімімен Ахметов Б.М., Акшанов К.В. және Шукилдиков Н.М. ҚР Қылмыстық кодекстің заңсыз аңшылық, кісі өлтіруге оқталу және кісі өлтіру баптары бойынша кінәлі деп танылып,  өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, - деп хабарлады сот органдары. 

Сотталғандар кейін апелляциялық шағым түсіргенімен, Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер бойынша алқасы бірінші инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Бала өлтірушілерге – ең қатаң жаза

2020 жылдың басынан бастап Қазақстанда Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулер күшіне еніп, содан бері балаларды өлтіргендер жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айырыла бастады. ҚР Қылмыстық кодексіне өзгертулер енгізілгеннен кейін кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру оқиғасы алғаш  Қарағанды облысында болды. 

21 қаңтарда Қарағанды соты сүйіктісінің үш жасар баласын ұрлап өлтірді деген айыппен 24 жастағы Игентай Сопыжановты өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Үш жасар Максим Гарифуллин 2019 жылдың 5 қыркүйегінде жоғалып кетті. Шет ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Бурма ауылының 22 жастағы тұрғыны Ника Васильева хабарласып, танысы кішкентай ұлын тартып алып, жоғалып кеткенін айтады. 

Максим Гарифуллин, Игентай Сопыжанов

600 полиция қызметкері, еріктілер және қызметтік иттері бар кинологтар сәбиді іздеуге атсалысты. Ал 8 қыркүйекте баланың денесі Бирма ауылының шетіндегі орман екпелерінен табылды. 

9 қыркүйекте Игентай Сопыжанов пойызбен қаладан шықпақ болған кезде теміржол вокзалында ұсталды. Содан кейін күдікті сәбиді ұрлап, өлтіргенін мойындады.

Іс судья Исламхан Есенбаев төрағалық еткен алқабилердің қатысуымен қаралды. Игентай Сопыжановқа Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмағанға күш қолдану арқылы жасалған адам ұрлау», «Адамды кепілде ұстау», «Кәмелетке толмаған баланы қасақана өлтіру» баптары бойынша айып тағылды.

Маңғыстаудағы оқиға 

Ал 2023 жылы 27 маусымда Маңғыстау облысында үш баласын өлтірген адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Еске салайық, өткен жылдың наурыз айында Ақтау қаласындағы ықшамаудандардың біріндегі пәтерден 2011, 2014 және 2016 жылы туған балалардың зорлық-зомбылықпен өлтірілген мәйіттері табылғаны туралы жаңалық елдің зәре-құтын қашырды. Полицейлер балаларды өлтірді деген күдікпен олардың 36 жастағы әкесін ұстады. Бұқаралық ақпарат құралдары ер адамның «Жусан» операциясы аясында Сириядан Қазақстанға қайтарылғанын хабарлады. Кейін тәртіп сақшылары мұны жоққа шығарды. 

Іс материалдарына сәйкес, ер адам 2022 жылдың желтоқсан айында әйелімен, яғни қайтыс болған балалардың анасымен ажырасқан. Бұған дейін олар Атырауда тұрып, ажырасқан соң ер адам Ақтауға кетіп, мешітке қарама-қарсы пәтер жалдап, жиһаз жасаушы болып жұмысқа орналасқан. Әйелі мен балалары Атырауда қалған. 

Ер адамды айтуынша, оны ауыр қылмыс жасауға итермелеген, бұрынғы әйелінің алимент өндіріп алу туралы арызы болған. Ал әйелінің сіңлісі оны сотқа жүгінеміз деп қорқытқан. Содан ашуланған әке балаларына пышақ ала жүгірген, кейін балталаған. Кісі өлтіргеннен кейін ол балалардың мәйітін суретке түсіріп, анасына жібереді... Отағасы есірткіге тәуелділердің және психикалық науқастардың есебінде тұрмаған. 

Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Иниятулла Досетов 36 жастағы ер адамды екі және одан да көп кәмелетке толмағандарды өлтіргені үшін Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.