×
443.44
480.51
4.88
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.44
480.51
4.88

Қош бол, арсенал немесе шенеуніктер елдің қорғаныс қабілетін қалай төмендетті

09.05.2024, 16:45
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан 2020 жылдан бастап қорғаныс саласына мемлекеттік бюджет шығыстарын жыл сайын ұлғайтып келеді. 2022 жылы қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін, сондай-ақ әлемдегі күрделі геосаяси жағдай аясында ведомствоның бюджеті 1 триллион теңгеден асты. 2023 жылы армияны қаржыландыру 1,2 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Биыл Қаржы министрлігінің сайтында жарияланған құжаттарға сәйкес, қорғаныс шығындары 1,3 триллион теңгеге дейін жетуі тиіс. 

Осынша қыруар қаражат жұмсалғанына қарамастан, Қазақстанның қорғаныс қабілеті неге әлсіз деген сұраққа Ulysmedia.kz тілшісі жауап іздеп көрді. 

Азайған үстіне азайып барады

Әлемдегі проблемаларды зерттеумен айналысатын Стокгольм халықаралық  институты (SIPRI) жақында әртүрлі елдердің әскери шығындары туралы мәліметтерді жариялады. Бұл ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның әскери бюджеті жылдан-жылға азайып барады. 2018 жылдан бері ол бір жарым есеге жуық азайып, 1,1 млрд АҚШ долларын немесе 517 млрд теңгені құрады. 2019 жылы ол 1,8 млрд долларды, 2020 жылы – 1,5 млрд долларды, 2021 жылы – 1,6 млрд долларды, 2022 жылы – 1,1 млрд долларды құрады. 

SIPRI зерттеуінше, Қытайда бұл көрсеткіш бес жыл ішінде 1,6%-дан 1,8%-ға дейін тұрақты сақталған. 2023 жылы Америка Құрама Штаттарының үлесі басым болды. Яғни, ЖІӨ-нің 3,4% қорғаныс саласына жұмсалған.  Украинадағы соғысқа дейін Ресейдің де көрсеткіштері жақсы-тұғын: 3%-4% аралығында, ал 2022-2023 жылдары әскери шығындар ІЖӨ-нің 5,9% дейін өскен. 
Қазақстанда соңғы бірнеше жылда қорғаныс шығындарының үлесі ЖІӨ-нің 0,5 пайызын құрады. Ішкі жалпы өнімдегі әскери шығындардың үлесі жыл өткен сайын азайып келеді.

Егер 2019 жылы бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 1 пайызынан, 2020 жылы – 0,91 пайыздан, 2021 жылы – 0,82 пайыздан, 2022 жылы – 0,51 пайыздан асса, 2023 жылдың соңында қорғаныс шығындары ақшалай есептегенде ЖІӨ-нің 0,48 пайызын құрады. Стокгольмдағы SIPRI халықаралық зерттеу институтының мәліметі бойынша, Қазақстан өзінің қорғаныс саласына деген бюджетті азайтуда, бұл елдің қорғаныс қабілетін төмендетеді.

Кедей елдермен бір қатарда

2021 жылға арналған республикалық бюджеттен ҚР Қорғаныс министрлігінің қажеттіліктеріне арналған шығыстар доллардың орташа жылдық бағамы бойынша 339,7 млрд теңгені құрады. 2021 жылы бұл 797 миллион долларды құраса, 2022 жылы 494,7 миллиард теңге қарастырылған, 2022 жылға арналған доллардың орташа бағамы бойынша бұл 1,7 миллиард долларды құрайды. Бұл 2022 жылғы қорғаныс шығындарынан 11,6%-ға артық.

Яғни, бұл деректер қорғаныс шығындарының теңгемен де, доллармен де артқанын көрсетеді.

Өткен жылы мемлекеттік қазынаның қорғаныс саласына жұмсалған шығыстарының негізгі бөлігі – 94,1 пайызы республикалық бюджеттен, ал аз ғана бөлігі – жергілікті бюджеттер есебінен төленді. 1,1 триллион теңгенің тек жартысы ғана – 554 миллиард теңгесі тікелей Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын жұмылдыруға жұмсалды. Осы пункттегі шығындардың өсуі 2022 жылға қарай небәрі 0,2%-ды құрады. Ал мемлекеттік қорғаныс тапсырысы айтарлықтай қысқарды: Қаржы министрлігінің есептеріне сүйенсек, оның орындалуын қамтамасыз етуге өткен жылы шамамен 308 миллиард теңге жұмсалды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға аз.

SIPRI бағалауына сәйкес, ЖІӨ-нен әскери шығыстар көрсеткішінің деңгейі мен динамикасы бойынша Қазақстанды екі категориядағы елдермен салыстыруға болады. Біріншісі, ірі державалардың бұрынғы колониялары болып табылатын немесе әскери-саяси блоктардың бөлігі болып саналатын шағын арал-мемлекеттер, екіншісі, экономикалық даму деңгейі төмен аймақтарға жататын Африканың кедей елдері. Қай-қайсысы да Қазақстанның жаһандағы беделіне нұқсан келтіреді. 
Қазақстан қорғаныс бюджетінің көлемі жағынан да экономикалық дамыған елдер мен әскери қуаты жоғары елдерден қашықтап барады. Global Firepower халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, 2023 жылы еліміз әскери шығындарға жұмсалған қаражат бойынша 145 елдің ішінде 42-орыннан көрінген.

Жемқорлық жайлаған сала

Отставкадағы әскери қызметкерлердің айтуынша, тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіргендер өзіміздің ең жоғары шенді офицерлеріміз екен.

Мәселен, 2022 жылы генерал-майор, “Генералдар кеңесінің” төрағасы Махмұт Телеғұсов сұхбатында дендеп еніп кеткен сыбайлас жемқорлық мемлекеттің қорғаныс күшіне іштен нұқсан келтіретінін, армияны жоспарлы түрде дамытуға және әскери техникамен қайта қаруландыруға нұқсан келтіретінін айтты.

– 2000 жылдардың басында елдің ЖІӨ-нің бір пайызын құрайтын әскери бюджетке көз тіккендер қатардағы офицерлер емес, осы саланы басқарғандар мен олардың орынбасарлары болды. Бұл орайда салаға бөлінген қаражат аталған азаматтардың коммерциямен айналысуына мүмкіндік берді, - деді генерал Телеғұсов.

– Әуелі сол кездегі ықпалды адамдардың қолдауына ие болғысы келіп, мемлекетіміздің аумақтық тұтастығын қорғауды ұйымдастыру үшін тұрғызылған стратегиялық нысандарды арзан бағаға сатып жіберді. Содан кейін мемлекеттік сатып алу және әскери ведомствоны коммерцияландыру туралы заң қабылданғанын пайдаланып, олар Бас әскери прокуратураның, басқа да құқық қорғау органдарының және қазақстандық элитаның жекелеген өкілдерімен ынтымақтаса отырып, Қарулы Күштер қызметінің барлық салаларын өздері билеп-төстей бастады. 

Дәл осы «құдіретті» топ Қазақстан армиясындағы жүйелі сыбайлас жемқорлықтың негізін қалады және еліміздің қорғаныс саласына қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізушілерден мемлекеттік сатып алу кезінде берген “артықтышылықтар” үшін отыз пайыз пара алып отырды. 

Әрі қарай бұдан да сорақы. Форма киіп, шен таққандар қазына қаражатын ұрлаудың алуан түрлі әдісін тез меңгерді. Әскери лауазымдарды, шендерді және мемлекеттік наградаларды иеленудің тарифін белгіледі. Патриоттық сезімнен жұрдай мұндай әскери басшылар еліміздің қорғаныс күшін әлсіретіп, оның қауіпсіздігіне қатер төндірді.  Қорғаныс күші дегеніміз не? Қорғаныс күші – ол елдің ұлттық қауіпсіздігі. 

50 миллиардты ұрлаған кім

Телеғұсовтың айтуынша, 2005 жылдың басына қарай Қазақстан армиясының қару-жарақ және әскери техника паркі көп тоналды. Мұнда кеңес өкіметі тұсында жинақталған өткен ғасырдың 60-90 жылдар аралығындағы әскери арсеналы бар-тұғын. Погон таққан ұрылар 2007 жылы ескірген әскери техниканы қазіргі заманғы талаптар деңгейінде жаппай модернизациялаймыз деген желеумен, елдің қорғаныс бюджетінен қаражат ұрлаудың керемет схемасын ойлап тауып, сол арқылы мемлекетке орны толмас залал келтірді.

– Нақты айтсам, бұл 50 миллиард теңге. Бұл қаражаттың ұрлануы жарты жылдан кейін анықталды. Ол кезде мен республикалық бюджет қаражатының жұмсалуының заңдылығын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің комиссиясында жұмыс істейтінмін. Ұрлықтың елімізге қандай ауқымда зиян келтіргенін сезіну үшін нақты мысалдар келтірейін. Ақшаның сол кездегі құны бойынша 50 миллиард теңгеге Ресей Федерациясынан 10 С-300 (400) дивизионын сатып алуға болатын, еліміздің біртұтас әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі және Құрлық әскерлерінің әуе қорғанысын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және мемлекетаралық әскери қақтығыстар қаупін болдырмауға мүмкіндік беретін қару-жарақпен және әскери техникамен қайта жабдықтауға әбден болатын. 
Телеғұсовтың айтуынша, Қорғаныс министрі мен оның орынбасарлары, 10-ға жуық генерал және министрліктің қаржы, кадрлық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету департаменттерінің 15-ке жуық полковнигі осы былықтың бел ортасында болған. 

- Офицерлер тіпті өз араларында оларды «OПГГ» - деп атайтын (Генерал-полковниктердің бірлескен тобы).  Яғни, бұл жоғары офицерлік шендердің корпоративтік тобы болды. Әрине, бұл сыбайлас жемқорлықты тоқтатуға тырысқан адал генералдар мен офицерлер сан жағынан басым еді. Алайда ОПГГ-ның құдіреттілігіне көздері жеткендіктен, олардың көпшілігі өз еркімен және мәжбүрлі түрде запасқа шығу туралы өтініш беріп, жұмыстан шықты.
Сонымен бірге, генерал-майор Қазақстанның әскери қуатын нығайту үшін елдің жалпы ішкі өнімінің кемінде екі пайызын құрайтын әскери бюджет қажет деген пікір білдірді.

– Егер біздің үкімет осы мөлшерді белгілесе, онда 2025 жылға қарай Аэроғарыш күштерін құруға, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің жеке бөлімін, зымырандық күштерді және артиллерияны сынақтан өткен бесінші буын қару-жарақпен және әскери техникамен қайта жабдықтауға болады. 

“Бизнесмен” генералдар

Махмұт Телеғұсовтың айтып отырған сөзінде шындық бар. Оған түрлі кезеңде интернетте жарияланған коррупциялық схемалар жөніндегі ақпараттар дәлел бола алады. Солардың бірқатарын мысалға келтіре кетелік.

2009 жылы Бас прокуратура Қорғаныс министрлігіндегі қызметін асыра пайдалану және  ұрлық фактілерін анықтады.. Ол кезде әскери ведомстволарда мемлекеттік сатып алуларға ауқымды тексерулер жүргізілді, соның нәтижесі бойынша мынандай фактілер анықталды: қоғамда үлкен резонанс тудырған сыбайлас жемқорлық жанжалдарына Қарулы Күштердің жоғары лауазымды тұлғалары тікелей қатысты болып шықты. Оның ішінде Қорғаныс министрінің орынбасары, Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары, Әскери бөлімдерді орналастыру Бас басқармасының бастығы және тағы бірнеше лауазымды тұлғаның қылмыстық әрекетінен мемлекетімізге миллиардтаған сома шығын келді.

Мәселен, Қорғаныс министрлігі «ҚазАқпараттелеком» және басқа да компаниялардан жарамсыз «әскерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін» сатып алғаны туралы фактілер анықталды. Мемлекетке келтірілген шығын 1 миллиард теңгеден асты.

– Әскери сотта басқа да шенділер сотталды, - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

– Сонымен бірге Алматы гарнизонының бұрынғы бастығы генерал-майор М.Сихимов қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, Қорғаныс министрлігінің жер қорын заңсыз иеліктен шығарған. Ол үшін Сихимов әскери соттың үкімімен сотталды. Ал Ұлттық қорғаныс университетінің бұрынғы бастығы генерал-майор А.Шойынбаев азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзып, қарамағындағы қызметкерді ұрып-соққаны үшін бас бостандығынан айырылды.
Әскери сот екі генералға қатысты Мемлекет басшысына оларды әскери атағы мен мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс жасады.

Сондай-ақ 2009 жылы Қорғаныс министрлігі мемлекет қаржысын жымқыруға қатысты ірі халықаралық жанжалдың ортасында қалды. Қорғаныс министрлігі мен Израильдің Soltam Systems әскери-өнеркәсіптік компаниясы арасында Қазақстанға модернизацияланған артиллериялық жүйелерді жеткізуге 156 миллион долларға келісім-шартқа қол қойылды. Мәміленің құнын толығымен төлеген Қазақстан небары екі әскери көлік қана ала алды. “Айбат” және “Семсер” әскери машиналары президентке салтанатты түрде таныстырылды. 

Ал сатып алынған техниканың мемлекеттік стандартқа сай келмейтіні және бірқатар кемшіліктері бар екені көп ұзамай белгілі болды, содан кейін бірқатар тұтқындаулар орын алды. Атап айтқанда, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Қажымұрат Маермановқа (кейін ұзақ мерзімге сотталған) қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қорғаныс министрі Даниал Ахметов сыбайлас жемқорлық дауына байланысты қызметінен босатылды. Израиль тарабы анықталған техникалық қателерді тез арада жоюға келісті.

Бопсалауды ұйымдастырушылар

2013 жылы генерал-майор Асқар Бөлдешов қамауға алынды. Сәуірдің 24-і күні ҚР ІІМ Тергеу комитетінің тергеушісі оған билік және қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айып тақты. Сонымен қатар, сот барысында әскери прокуратура Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының бұрынғы орынбасарын бопсалауды ұйымдастырды деп айыптады.

Одан кейін БАҚ Асқар Бөлдешовке «RG Trade» компаниясының директоры Талғат Жұмахановпен бірге аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлады, зениттік зымырандардың қосалқы бөлшектері мен керек-жарақтарын мемлекеттік сатып алу кезінде билігін және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталғанын хабарлады. Бас әскери прокуратураның мәліметінше, іс бойынша жалпы материалдық шығын 145 миллион теңгеден асты. 

Сот Бөлдешовті 8,5 жылға бас бостандығынан айырды. 

Ұйымдасқан қылмыстық топ

2016 жылы Қорғаныс министрлігінде тағы бір жанжал шықты. 10 тамызда ҰҚК қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қаржысын жымқырды деген күдікпен Қорғаныс министрлігі мен Қаржы министрлігінің қызметкерлерін ұстағаны белгілі болды. Ұсталған тағы төрт адам коммерциялық құрылымдардың басшылары.
Тергеу органдары қылмыстық схеманы ұйымдастырушы ретінде Қарулы Күштерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Жұмқазиевті атады. Айыптаушы тараптың айтуынша, Қорғаныс министрлігінің конкурстық комиссия төрағасы бола тұра  ол кәсіпкерлердің сөзін сөйлеген, ал өзінің қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында бақылаушы органдардағы сыбайластарының билігін пайдаланған. 
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, ол 20 миллион теңге пара беріп жатқан кезде қолға түсті.

Сыбайлас жемқорлық схемасына Қорғаныс министрлігінің, Қаржы министрліктерінің шенеуніктері және оған қарасты бірқатар коммерциялық құрылымдардың басшылары тартылған.

Нәтижесінде 2017 жылы сот процесі өтті. 3 миллиард теңгені ұрлау дерегі бойынша 11 адамға айып тағылды. Іс шынымен де резонанс туғызды, оның көлемі 150 томды құрады. Сот процесінде жүзден астам куәгерден жауап алынды.

– 11 адам айыпталып отыр. Қылмыстық істің көлемі 150-ден астам томды құрады. Іс бойынша жүзден астам куәгер бар. Сотталушылар 2,94 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталуда. Бұл ақша Қорғаныс министрлігінің қажеттіліктері үшін тауарлық-материалдық сатып алуға қосымша қаржыландыру ретінде бөлінген, деп хабарлады сол кезде Әскери соттың баспасөз қызметі. 

Антикордың көрінетін тұсы – осы

2023 жылдың басында Қорғаныс министрлігінің департамент басшысы 20 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өзінің ресми Telegram-каналында хабарлады.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшесінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Баспасөз хабарламасында көрсетілгендей, Қорғаныс министрлігінің ақпараттандыру бөлімі бастығының міндетін атқарушы бейнеконференцбайланыс жабдығын жеткізу мерзімін бұза отырып, қабылдау-тапсыру актісіне кедергісіз қол қойғаны үшін жеткізушіден 9 млн.тг пара алған. Күдікті ұсталып, Астана қаласының тергеу сотының рұқсатымен қамауға алынды.

Ал ағымдағы жылдың ақпан айында «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Дидар Смағұлов Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік тапсырысында сыбайлас жемқорлық белгілері барын хабарлады. 

Мемлекеттік сатып алуларды бақылай отырып, қоғам белсендісі 2,5 айдың ішінде 10 адамнан тұратын кәсіпорын Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша 10 мың камуфляждық костюм, 43 500 күрте, 1 007 933 жаға тігіп шыққанын анықтады.

Смағұловтың айтуынша, мұндай көлемдегі тапсырысты орындау үшін 10 жұмысшысы бар кәсіпорын 3 жыл демалыссыз жұмыс істеуі тиіс. Ал олар 2,5 айда тапсырысты “орындаған”. 
Құжаттарға сәйкес, 2023 жылы мемлекеттік тапсырысты игерудің жалпы сомасы: 932 784 305 теңге, алайда мемлекетке небәрі 13,6 млн.теңге салық төленген.

Кәсіпорын 30 000 дана далалық күртеше мен шалбар жиынтығын шығарды, бұл процесті небәрі 2,5 айда аяқтады. Келісімшарт 2023 жылдың 7 тамызында жасалып, жеткізу 30 қазанда жүзеге асырылды. 

Қоғам белсендісі Дидар Смағұлов келтірген фактілер жоғарыда айтылған жемқорлық деректерінің қасында жіп есе алмай қалады. Қорғаныс министрлігінің  жоғары лауазымды қызметкерлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық фактілері жылдар бойы айтылып та келе жатыр. Ұсталғаны ұсталып, құтылғаны әлі де өз дегендерін жасауда. Ал олардың осынау қылмыстары мемлекетіміздің қауіпсіздігіне айтарлықтай нұқсан келтіріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары