«Халық банкі» өз акционерлеріне 277 млрд.теңге төлейді деген ақпарат шыққаннан кейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи екінші деңгейлі банкті мемлекетке қайтару керектігін айтып, мәселе көтерді. «Халық банкін» мемлекетке қайтару керек пе, дивидендтері осынша сома болатын қаржылық ұйымның алдағы тағдыры не болады, бұл туралы Ulysmedia.kz тілішісі анықтап көрді.
Депутат не деді
– Елде су тасқыны болып жатқан шақта, бюджет шығындары барынша қысқартылып жатқанда, «Халық банкіне» қарасты «АЛМЭКС» компаниясының екі акционері 277 млрд.теңге дивиденд алады. Мына жақта су кірген үйлерді, қора-қопсыны қайта салу, мал шығынының орнын толтыру, инфрақұрылымды қалпына келтіру секілді елдік мәселелер тұрғанда, бұлар 200 млрд.теңгені шетелге шығарады. Сонда бұл қасақана жасалып отырған шара ма? Неліктен дәл осы уақытта? Мұны мемлекеттік деңгейде қарастыру керек деп санаймын, - дейді мәжілісмен ҚазТаГ-қа берген сұқбатында.
Ермұрат Бапи
Шындық бәрінен қымбат
Депутаттың бұл мәлімдемесі назардан тыс қалмады. Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов Бәпидің сөзіне түсініктеме беруін сұраған кезде, Ермұрат Сейітқазиұлының сөзін оқығанын, бірақ оның пікірімен келіспейтінін жеткізді. Және «Ермұрат аға, маған, шындық одан да қымбат» деп жауап берді.
– Дивидендтерді төлеу – бұл кәсіпорыннан пайда алудың заңмен бекітілген әдісі. Оған қарсы шығу – нарықтық экономиканың негіздерін бұзу деген сөз. Түсінгенім, Ермұрат аға мемлекет қазынасының қаңырап бос қалғаны мен су тасқынынан зардап шеккендерге алаңдайды, бірақ бизнестің пайда табуына тыйым салудың өзі дұрыс емес.
Расул Рысмамбетов
Халық банкінде Құлыбаевтардан бөлек көптеген акционер бар. Ал депутаттың тергеу жүріп жатқаны туралы мәлімдемесінен кейін банк акциялары сәл арзандады, бірақ көп ұзамай өз бағасына оралды. Бұл банк акционерлеріне, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделіне нұқсан келтірді ме? Оның үстіне, ол банк «аудиттен өтуі керек» дейді. Бізде мұны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жасайды. Мен агенттіктің веб-сайтын қарадым, оның банкке шағымы жоқ.
Менің ойымша, біз коммунистік тәсілдерді тастауымыз керек. Бізде инвестициялық климат әлсіз, инвесторлар тек мұнай-газ саласына ғана инвестиция салады. Сондықтан да президент елімізде үш шетелдік банк ашуды ұсынды. Депутаттар банктерге шабуылын қоймаса, онда шетелдік банктер елімізге келе ме?
Шетелге шығарады дегеннен гөрі пайда табады деген дұрыс
Депутаттың мәлімдемесіне Энергетика министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі Олжас Байділдинов те пікір білдірді.
– Білесіз бе, қор биржаларында барлығы ақша табумен айналысады, олар тіпті бұл үшін баға белгілеулері мен көрсеткіштерін ойлап тапқан», - деп жазды сарапшы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Олжас Байділдинов
Ол мұны жалпақ тілмен былайша түсіндірді. Айтуынша, кез келген компания өзінің экономикалық және қаржылық қызметін 31 желтоқсанда аяқтайды, содан кейін ақпан айында жылды қорытындылайды, сәуір айының ортасына дейін аудит жүргізеді. Осы процестерден кейін компанияның топ-менеджерлері компания мен оның акционерлеріне қанша дивиденд қалдыру керектігін шешеді. Бақылау кеңесі немесе директорлар кеңесі топ-менеджерлердің ұсынысын бекітеді, содан кейін акционерлер қанша табыс тапқанын біле алады. Яғни, олардың қалтасына табыс түседі.
– Депутат мырза нені меңзеп отыр? Дивидендтер төлемейміз бе? Сонда бұл әрекет банк акциялары бағасының арзандауына және биржалардағы қазақстандық компанияларға деген сенімнің төмендеуіне әкеледі, дейді Байділдинов. Оның айтуынша, бұл, ең алдымен, халықтық IPO-ға деген сенімді жоғалтады.
Оның ойынша, Халық банкінің дивидендтер мәселесі өзге нарықтар үшін сигнал болуы мүмкін.
– Қазақстан өз орнында, экономикасы дамып келеді, біз Орталық Азиядағы қаржы секторында көшбасшы елміз, - дейді ол.
Байділдинов кейбір тұлғалардың неге үнемі Халық банкіне назар аударатынын түсінбейді.
– Жақсы, «Халық банкі» мемлекетке өтті дейік, сонда оның жұмысы бүгінгіден жанданып кете ме? Қазір аталған банк портфелінде проблемалық несиелер басқаларымен салыстырғанда төмен деңгейде. Біз бұл қадамды жасасақ, акционерлерді қашырып аламыз.
Инвестициялық климат
Депутат Бапидың мәлімдемемсіне FINANCE.kz телеграм арнасының сарапшылары да пікір білдірді.
– Нарықтық экономика жағдайында жеке меншік тек заңмен қорғалып қана қоймайды, сонымен қатар құнды саналады. Президент экономикадағы мемлекет үлесін азайту мен жекешелендіру туралы үнемі айтып жүр... экономиканы мемлекет дәргейіне байлап қою қауіптірек және еліміздің инвестициялық атмосферасын бүлдіреді, - дейді телеграм арна сарапшылары.
– Дивидендтерге келетін болсақ, «Халық банкі» кез келген жеке компания сияқты заңда көрсетілген барлық шарттар орындалған жағдайда оны төлеуге толық құқылы. Банк мемлекет көмегін толығымен қайтарды және өз акционерлеріне өз қалауынша таза табыстан дивиденд төлей алады. АҚШ-тың бірде-бір сенаторы, елде қандай дауыл болса да, Apple компаниясының дивидендтеріне қол сұғуға батылы бармайды, бұл компанияның өз ақшасын басқару құқығына қол сұғу болып саналады.
Жеке меншік
Халық банкі соңғы үш жылда бюджетке 341 млрд теңге төлеген. 2024 жылдың бірінші тоқсанында ол таза пайданың 3,75%-ға өсіп, 161,7 млрд теңгеге жеткенін көрсетті, бұл оған қазақстандық үздік 5 банктің арасында көшбасшылық позицияны сақтауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, шикізат компанияларымен қатар, елдегі ең ірі 5 салық төлеушілердің қатарына қосылды.
Банк акционерлерінің арасында ірі инвестор «Aлмэкс»-тен басқа, қазақстандық 52 мыңнан астам қарапайым инвестор және банк акцияларының 30%-дан астамына иелік ететін 100-ден астам халықаралық инвестициялық қор бар.
«Халық банкі» 2023 жылдың қорытындысы бойынша айтарлықтай таза пайда тапты – 693 млрд теңге (шамамен $1,5 млрд). Бекітілген стратегияға сәйкес, бұл соманың 40 пайызы дивидендтерді төлеуге бағытталады, бұл 277 миллиард теңгені (шамамен 620 миллион доллар) құрайды. Оның ішінде «Aлмэкс» акцияларының 100 пайызына иелік ететін Құлыбаевтар 192,8 миллиард теңге (430 миллион доллар) алады. Қалған 190 миллион доллар банктің басқа қазақстандық және шетелдік акционерлері арасында бөлінеді. Таза пайданың қалған 60%-ы, яғни 880 миллион доллары банктің өз иелігінде қалады.
Банк су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 31,5 миллиард теңге бөлсе, Құлыбаевтар мемлекеттің көмек қорына кемінде 51 миллиард теңге аударды.
Әсел Әубәкірова