×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Жүре берсең, көре бересің: Денсаулық сақтау министрлігі неге медбикелерге салмақ салып отыр

23.05.2024, 20:58
Жүре берсең, көре бересің: Денсаулық сақтау министрлігі неге медбикелерге салмақ салып отыр
Коллаж: ulysmedia.kz.

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек көрсету жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Енді дәрігерлердің кейбір функцияларын медбикелер атқарады. Ulysmedia.kz мұның салдары неге әкеп соғуы мүмкін екенін зерттеп көрді.

Міндетті қайта бөлу

Денсаулық сақтау министрлігіне емханалардағы кезек, дәрігер қабылдауына жазыла алмау  туралы шағымдар көп түседі. Мәселенің шешімі ұзақ күттірмей табыла кетті – министрлік мамыр айының ортасында емханалардағы дәрігерлер мен медбикелердің функцияларын қайта бөлетіндерін айтты. Бұл, әрине, қабылдауға айлап жазыла алмай жүрген пациенттерді қуантып тастады.

Министрліктің жоспары бойынша диспансерлік есепте тұрған науқастар енді медбикеге қаралғаннан кейін ғана арнайы мамандарға жолдама алады.

Медбикелер өздері қабылдау жүргізіп, рецепт жазып, анализдерге жолдама бере алады. Бұл, медицина менеджерлерінің айтуынша, емделушілердің де, дәрігерлердің де алтын уақытын үнемдейді. Өйткені пациент дәрігерге дайын анализ қорытындысымен барады.

Сонымен қатар, созылмалы ауруы бар науқастарды жоспарлы қабылдау да медбикелердің үлесіне тигелі тұр.  Бұл реформа жалпы тәжірибелік дәрігерлердің жүктемесін жеңілдетеді, медициналық көмек алу үдерісін оңтайландырады және оны қолжетімді етеді.

Оқу бағдарламасы әлі бұлыңғыр

Медбикелердің кәсіби деңгейін қысқа мерзімде тиісті деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін оқу бағдарламалары қазірдің өзінде бекітіліп қойған. Олар кардиология, нефрология, эндокринология, гастроэнтерология, офтальмология және хирургия саласында білімдерін жетілдіру курстарынан өтеді.  Алайда, бұл бағдарламалардың мазмұны, оқыту қанша уақытқа созылатыны, оқу аяқталғаннан кейін медбикелер көрсететін медициналық көмектің сапасын бақылау үшін тұрақты мониторинг және бағалау жүйесі құрыла ма, сондай-ақ медициналық көмек көрсету хаттамалары мен стандарттары бар ма, жоқ па, ол  туралы ештеңе айтылмайды. 

Министрлер неге жылайды?

Медқызметкер қосымша курсты аяқтағанымен, олардың біліктілігіне қатысты мәселе кейін де Денсаулық сақтау министрлігін мазаламай қоймайды. Мәселен, сонау 2013 жылы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Қазақстандағы медициналық университет студенттерінің білім сапасына көңілі толмайтынын айтқан еді.

– Біздің халықаралық қауымдастықтан айырмашылығымыз – кадр даярлау сапасы жоғары деңгейде емес. Бітіруші түлек оқуын аяқтаған кезде, оның қолында дипломы, түрлі сертификаттары болады. Ол сонымен жұмысқа кірісіп кетуі керек. Ал бізде қалай? Табақтай дипломы бар түлектер, жұмысқа кіруін кіргенімен, неден бастарын, пациентті қалай қарарын білмейді. Бұған министр ретінде мен де, практиканы меңгере алмаған студент те, оған меңгерте алмаған оқытушы-профессорлық құрам да кінәлі, - деп шынын айтқан еді С.Қайырбекова.

Марқұм С.Қайырбекова бір кездері оқу алты жыл болғанын, жетінші курс интернатура басталғанын айтып еді.

– Бір жылдың ішінде таңдаған мамандығымызды алып шықтық. Интернатураны ауылда да, қалада да өттік.  Жақсы болды ма, жаман болды ма, білмеймін, бірақ біздің тәлімгерлеріміз болды. Қазір қарасам, денсаулық сақтау саласында бұл практика атымен жоқ.

Арада біраз жыл өткен соң Ажар Ғиният та білім сапасына қатысты сын айтты.

– Пандемияға байланысты, әрине, медициналық білім сапасы нашарлады. Медициналық университеттер кітапханаларын, симуляциялық орталықтарын жаңартып, студенттер іс жүзінде оқи алатын және жалпы адам ағзасын көре алатын жабдық сатып алуы үшін министрлік грант құнын көтерді, деп еді сол кездегі Денсаулық сақтау министрі А.Ғиният.

Жоғары оқу орындары ақша үшін не істемейді?

Қазір Денсаулық сақтау министрлігі соңғы уақытта медициналық білім беру саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі медициналық студенттердің шамадан тыс көп болуы екенін мойындап отыр. Бұл білім беру ресурстарына үлкен жүктеме және білім сапасының төмендеуіне әкеп соқтырады.

Ақылы оқуға түсушілерді көптеп тарту берілетін медициналық білімнің сапасына кері әсер етіп жатыр. Осыны көрген жұртшылық медицина мамандарының біліктілігіне күманмен қарайды.

Министрлік мемлекеттік бақылауды әлсіретіп алды. Мұның ішінде білім сапасы мен біліктілік талаптарының төмен болуы  бәрімізді алаңдатады.

Денсаулық сақтау министрлігі студенттерді аралық тәуелсіз емтиханнан, сондай-ақ барлық медициналық ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамын аттестациядан өткізеді. Медициналық жоғары оқу орындарының оқытушыларын аттестаттау соңғы 7 жылда алғаш рет өткізілмек. Ал медбикелердің біліктілігін кім тексеріп жатыр?

Қолдайтындар мен қарсылар

Медбикелерге пациенттерді өз бетінше қарау құқығын беруді екі ракурста талдауға болады. Бір жағынан, бұл пациенттерге жедел көмек көрсетуге және медициналық көмекке қолжетімділікті жақсартуға ықпал етеді. Дегенмен мұндай қадам медициналық қызмет көрсету сапасын бақылауды қиындатады және егер медбикелер қабылдауды өз бетінше жүргізуге және асқынуларды анықтауға жеткілікті біліктілігі мен тәжірибесі болмаса, пациенттерге қауіп төндіруі мүмкін.

- Науқастарды қабылдау кезінде медбикелер көп нәрсені өздері жасай алады. Денсаулық сақтау кодексінде «медбикелік істің озық тәжірибесі» деген ұғым бар, яғни біз күнде көріп жүрген медбикелердің теориясы мен практикасы біз ойлағаннан да көп. Бұл әлемдік тәжірибе және біз ұмтылған әлемдік стандарттар, - дейді Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі,  медициналық қауымдастықтағы тәуелсіз консалтингтің директоры Нұрсапа Дәурен.

– Бұл піспеген тақырып, шешім қабылдауға асықпауымыз керек, себебі емханаға бірінші рет келіп отырған науқастарға ғана емес, диспансерлік есепте тұрған, созылмалы ауруы бар науқастарға да медициналық көмекті кәсіби мамандар көрсетуі керек. Медбикелердің де өз қызметі бар. Меніңше, жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен учаскелік дәрігерлердің жүктемесін жеңілдету бойынша басқа жол іздеу керек сияқты, – дейді 32 жылдық тәжірибесі бар педиатр, медицина ғылымдарының кандидаты Гаухар Рахымберлина.

Не сойса да, қасапшы сойсын

Реформа бойынша медбикелер науқасты өз бетінше профилактикалық тексерістен өткізіп, консультация бере алады, науқасты емдеуге,  дәрігерге дейінгі көмек көрсетге, асқынулардың алдын алу шараларын жүргізуге және т.б. құқылы. Бұл ретте орта медицина қызметкерлері өз әрекеттері туралы дәрігерге хабарлауға міндетті.

Осылайша, медбикелердің біліктілігі олардың білімі мен жұмыс тәжірибесіне қарай анықталады. Дегенмен дәрігерлердің білімі мен тәжірибесі кеңірек екенін ескеру керек, сондықтан қате диагноз қою және қате ем жүргізу қаупі бар. Сондай-ақ медбикелер мен пациенттер арасындағы қарым-қатынаста проблемалар болуы мүмкін, әсіресе пациенттер ерекше күтімді қажет етсе немесе күрделі аурулар болса.

Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктеріне бұл медбике мен дәрігердің қызметі бір-бірін қайталайды дегенге қалай сендіре аламыз? Егер медбике емдеу хаттамасын бұзса, ауру асқынса, тіпті өліп кетсе, онда кім кінәлі болады? Пациенттердің шағымдарын кім қабылдайды, дәрігер ме, медбике ме? «Не сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бекер айтылмаған шығар-ау...

Біз сынақ субъектісіміз бе?

Медбикелерге пациенттерді өз бетінше қарау құқығын беру туралы басқа да алаңдаушылықтар бар:

- Диагностика мен емдеудегі шектеулер: медбикелердің күрделі ауруларды диагностикалау және емдеуде дәрігерлер сияқты дайындығы болмауы мүмкін. Бұл кейбір жағдайларға қате диагноз қоюға, соның кесірінен емдеудің кеш басталуына немесе қате емдеуге әкелуі мүмкін.

- Тәжірибенің болмауы: медбикелердің дәрігерлер сияқты науқастарға, әсіресе шұғыл жағдайларда қарауға тәжірибесі болмауы мүмкін. Бұл пациенттер үшін қауіпті.

- Қарым-қатынас пен ақпараттың жоқтығы: медбикелердің дәрігерлер сияқты қарым-қатынас және пациенттерді ақпараттандыру дағдылары болмауы мүмкін. Бұл түсінбеушіліктерге, емдеу ұсынымдарын сақтамауға әкеліп соғады және пациенттердің наразылығын тудырады.

- Медициналық-құқықтық мәселелер: Егер медбике пациенттерді өз бетінше қарау кезінде қателессе, бұл медбике үшін де, емхана үшін де медициналық-құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.

Ең сорақысы, бұл эксперименттер бізге, науқастарға жасалады. Денсаулық сақтау министрлігі бұл реформаны өздерінен бастаса біз де сенімді болар едік. Қай шенеунік емханаға медбикенің қабылдауына кірер екен, алдымен, соны көрсетсін. Содан кейін, мүмкін, біз де бұл реформаға сеніммен қарармыз.

Мәлік Жүрсінбек