×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

ММА: Аралас жекпе-жек өнері Қазақстанда қалай дамып жатыр

01.07.2024, 19:27
ММА: Аралас жекпе-жек өнері Қазақстанда қалай дамып жатыр
Коллаж Ulysmedia

Соңғы 15-20 жылда MMA-да қазақстандықтар да танымалдылыққа ие болды. ММА спорты Қазақстанда қалай дамуда, атақты спортшылардан кімдер бар екенін Ulyssport.kz зерттеп көрді.

Қателеспеңіз

Алдымен, UFC мен ММА-дің аражігін ашып көрсеткеніміз дұрыс шығар. Өйткені, көпшілігіміз бұл екеуін бір спорт деп ойлаймыз. Бірақ олай емес.

ММА – қолмен (жұдырық пен шынтақ) ұруға, аяқпен (өкше, тізе) тебуге, күресуге рұқсат етілген жекпе-жек өнері.

«ММА» дегеннің өзі ағылшынның Mixed Martial Arts – «аралас жауынгерлік өнер» деген сөзден шыққан. ММА-ді ережесіз жекпе-жек өнері деп қате айтып жүргендер де бар.

Аралас жекпе-жек өнерінде салмақ категориялары, жекпе-жек өтетін орын, раундтар, уақыт, қолданылатын техника және жекпе-жекті жіті бақылайтын төреші, жарыстан шеттету тағы осы сықылды өзіндік ережелері мен шектеулер бар.

Ал UFC (Ultimate Fighting Championship) - американдық промоутерлік ұйым. Ол ММА жекпе-жегін ұйымдастырып, ақылы трансляциялар мен билеттер сатудан ақша табады. Оның өз турнирі мен рейтингтік кестесі және өз чемпиондары бар.

UFC-де жігіттерден бөлек қыздар да бар.

Тағы бір қайталап өтейін, ММА – бұл спорт түрі, ал UFC – бұл промоушен (жекпе-жектерді ұйымдастыратын, трансляциялайтын, спортшылармен келісімшартқа отыратын, оларға тапқан табысын төлеп беретін ұйым).

Жекпе-жектің әртүрлі стилі

ММА – бұл жекпе-жек өнерінің әртүрлі стилін біріктірген спорт түрі. Мұнда нағыз жеңімпаз болу үшін еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо мен самбо, муай тай, джиу-джитсу, грэпплинг, бокс, каратэ секілді жекпе-жек өнерінің түрлі бағытын білген абзал.

ММА-жа барлығы дерлік бокстаса алады. Өйткені әрбір жекпе-жек осы бокстасудан басталады.  

Аты мәшһүр спортшылар

Бұқаралық ақпарат құралдары жазғандай, 2023 жылдың сәуірінде әлемнің ең үздік лигасы UFC өз қатарына бірден екі қазақстандық спортшы қосылғанын жариялады. Алдымен, Асу Алмабаев (17-2) келісімшартқа қол қойды, одан кейін Азат Мақсұм (16-0) да келісімшартқа отырды.

Біраз уақыттан кейін, 2023 жылдың тамызында деректер жаңартылды, қазір UFC тізімінде бес қазақстандық боксшы бар, бірақ олардың саны бұрын жетеу болған.  

ММА-дегі отандастарымыздың тізімі:

Шавкат Рахмонов - 29 жаста, жартылай орта салмақта, ММА-дағы статистикасы: 18-0. Қазақстандық ММА-дағы басты қаһарман – 18 жекпе-жектің 18-де де уақытынан бұрын жеңіске жеткен.

Оның теңдессіз физикалық күші, жауынгерлік өнері, жүрек қағысы, аяқ алысы, соққыға төзімділігі қарсыластарын таңқалдырады. «Номад» лақап атымен қарсыластарын құлатып жүрген Шавкаттың 1-2 жылда UFC чемпионы атануға мүмкіндігі мол.

Артем Резников - 32 жаста, жеңіл салмақта, ММА-дағы статистикасы: 24-7. Әлемдегі жеңіл салмақтағылар арасында физикалық қуаты мол спортшылардың бірі. 173 сантиметр бойы бар Артемнің дене бітімі жеңіл және жартылай орта салмақтағы боксшыларға мүлдем ұқсамайды. Бұлшық еттері бұлтиып, қарсыласын қаймықтырады. Қазақстандық өзінің «Солтүстік-Оңтүстік» («Север-Юг») атты қылқындыру әдісімен танымалдылыққа ие болды. Бұл оған АСА-да үш жеңіс әкелді.

Сергей Морозов - 35 жаста, жеңіл салмақта, ММА-дағы статистикасы: 19-5.

Азат Мақсұм - 28 жаста, жеңіл салмақта, ММА-дағы статистикасы: 17-0. Болашағы бар спортшы, жақында UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Мақсұм арыны қатты, техникасы жоғары, жан-жақты спортшы. Ол аяққа өту әдісін қолдана отырып, қарсыласын алып ұрады, партерде салқынқанды әрекет етеді.

Асу Алмабаев - 29 жаста, жеңіл салмақта, ММА-дағы статистикасы: 17-2. Шавката Рахмоновтың жаттығу залындағы әріптесі. Алайда Асу Алмабаев – қатарынан екі рет ұтылып, 13 рет жеңіліссіз келе жатқан статистикасын бұзып алды. Қазақстандық спортшы М-1-нен бөлек Naiza и BRAVE-те өнер көрсетеді. Мұнда ол екеуінде де жеңіс тұғырына көтерілген. Асу Алмабаевтың партерде өзін-өзі ұстауы керемет, сондай-ақ ол қайшылап тебудің шебері.

Қуат Хамитов – 36 жаста, жеңіл салмақта, ММА-дағы статистикасы:  24-8-1. Қуат Хамитов «Найман» лақап атымен шығып жүрген тәжірибелі спортшы. Ол Қазақстанда да, Ресейде де, Қытай, Литва, Жапония мен Үндістанда да жекпе-жекке шыққан. Бірақ ол Fight Nights-те белдескеннен кейін, танымалдылыққа ие болды десек, қате айтқандық емес. Онда ол 7 жекпе-жек өткізіп, 3 рет жеңіп, 3 рет жеңілді, біреуінде тең түсті.

Жалғас Жұмағұлов - 35 жаста, ең жеңіл салмақта, ММА-дағы статистикасы: 14-9. Кейбір жекпе-жектерінде Жұмағұловтың жеңілгеніне күман бар, төрешілердің осынау қаралығына ренжіген Жұмағұлов ММА-дан кететінін жариялады. Бірақ кейін қайтадан келіп, келісімшарт мерзімі аяқталғанша, жекпе-жектерін өткізді.

Дәурен Ермеков - 35 жаста, орта салмақта, ММА-дағы статистикасы: 19-5. Орта салмақта Eagle FC жеңімпазы.

Бекзат Алмахан - 25 жаста, ең жеңіл салмақта, ММА-дағы статистикасы: 13-1. Оны қазақстандық аралас жекпе-жек өнерінің болашағы деп санайтындар көп, ол 13 рет жеңіп, бір рет қана жеңілген. Оның 11-ін нокаутпен жеңген. Ауыр соққылардан кейін тез оңалады. Партерде жақсы қорғана біледі және қарсыласынан өлсе де айрылмайды Бекзаттың негізгі өнер көрсететін лигасы – Octagon MMA.

Қайрат Ахметов - 35 жастат, жеңіл салмақта, ММА-дағы статистикасы: 27-2. Азиялық промоушенда аты шыққан қазақстандықтың бірі. Қайрат Ахметов ONE-да 2015 жылдан бері өнер көрсетеді. ONE-ға 22 жеңісінен кейін ауысқан.

ММА-дағы ең танымал спортшы қазіргі таңда Ш.Рахмонов: 18-0.  

Қыздар да төбелесе алады

Жігіттердің төбелескенін көріп, қандары қызды ма, әйтеуір қыздар да 2017 жылдан бастап ММА алаңына шықты. Сондықтан 2017 жылды Қазақстандағы қыздар ММА-нің ресми басталған жылы деп айтуға толық негіз бар. 

- Біз бұрын қыздар ММА-не қарсы болатынбыз, бұл біздің менталитетке сай емес деген аргумент айтатынбыз. Бірақ әлем дамып жатыр. Басқа елдерде қыздар да жігіттермен қатар ММА-да сәтті өнер көрсетіп жүр және бұл спорт олардың нәзік болмысына кері әсер етіп жатқан жоқ. Сондықтан ММА-мен айналысқысы келетін қыздарымызға мүмкіндік беруіміз керек, - дейді Қазақстан ММА қауымдастығының төрағасы Асылбек Дүйсенов.

ММА-ге келуі мүмкін боксшылар

2018 жылы Қытайдың Харбин қаласында өткен ММА бойынша 5-ші Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық есепте топ жарды. Ал Нұржамал Садықова 52 кг дейінгі салмақта жеңіс тұғырына көтерілді.

2020 жылдың маусымында UFC-ға қыздардан Қазақстанның алғашқы өкілі Мария Агапова шықты. Көп ұзамай ол ТМД елдеріндегі ММА бойынша үздік бестіктің қатарынан көрінді.

2022 жылдың мамырында Зәмзагүл Файзолланова АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегін өткізді. Ол Professional Fighters League промоушенінде және Техас штатындағы Арлингтон қаласында өткен турнирде өнер көрсетті. Бірақ қарсыласынан басым түсе алмады.

Бір жыл бұрын қазақстандық Аян Тұрсын: «Менің басты мақсатым - UFC чемпионы болу және оның чемпиондық белбеуін Қазақстанға бірінші болып әкелу» деген еді. Оның қазіргі мақсаты – ОCTAGON лигасында жеңімпаз атану!

Алматыда аралас жекпе-жектен Naiza FC 51 турнирінде ең жеңіл салмақта Ш.Рахмоновтың қарындасы Сора Рахмонова өнер көрсетті. Ол қазір қарсылас шақ келтірмей тұр.

Кәсіби бокста ҚР Қарулы Күштері қатарында қызмет ететін Ангелина Лукас бар. Ол жақында пәкістандық Рома Юсафпен кездесіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Осы жеңісі арқылы бос тұрған WIBA белбеуін иеленді. Спортшы бұдан бұрын WBC International және UBO белдіктерін иеленген.

Оның жаттығудағы серіктесі ретінде боксшы Назым Қызайбай шығып жүр. Қызайбай Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алған. Мүмкін алдағы уақытта Н.Қызайбайды да ММА алаңынан көріп қалармыз.

Рейтингтегі орнымыз жаман емес

Әрине, ММА бойынша әлемдік рейтинг бар. Оны MMA-Oracle.com порталы құрастырады.

Тізімдегі абсолютті көшбасшы мемлекет ол – АҚШ (209 428 ұпай).

ММА бойынша үздік 10 мемлекет:
1. АҚШ - 209 428
2. Бразилия - 140 091
3. Ресей - 84 587
4. Жапония - 50 129
5. Ұлыбритания - 27 881
6. Канада - 21 274
7. Польша - 19 843
8. Украина - 16 211

9. Франция - 14 023

10. Аустралия - 10 213

15. Қазақстан - 7 718

Бұрыннан келе жатқан тәжірибелі елдердің шінде бұл спорт түріне қосылғанына көп бола қоймаған Қазақстанның 15-ші орыннан көрінуі жаман көрсеткіш емес секілді.

ҰҚК қамқорлығымен

Бірнеше ММА федерацияларының басын біріктірген «Қазақстан аралас жекпе-жек ММА федерациясы» РҚБ 2018 жылдың желтоқсанында құрылды, оны қазір «Жусан банкінің» негізгі бенефициары Ғалымжан Есенов басқарады. Қазақстандық жекпе-жек өнері қауымдастығының құрамына олимпиадалық емес спорт түрлерінің 26 федерациясы кіреді. Қазақстанның жекпе-жек өнері қауымдастығының қолдауымен каратэ, жекпе-жек, ​​толық контактілі спорт және аралас жекпе-жек (ММА) сияқты төрт бағыт дамып келеді.

2022 жылдың қаңтарында Қауымдастық төрағасы болып Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев сайланды. Бұрын бұл орында Кәрім Мәсімов болған. Соған қарағанда бұл орынға тек ҰҚК төрағалары ғана сайланатын секілді.

Қауымдастыққа Қазақстан жекпе-жек өнері қауымдастығының вице-президенті – бас директоры Абай Батыров жетекшілік етеді.

Дамытуға жұмсалған миллиардтар

Екі жыл бұрын OCTAGON лигасының президенті Нұраддин Садықов қазақстандық ММА лигаларында өнер көрсететін файтерлердің алатын жалақысы туралы айтып қалды.

- Файтерлердің басқа табыс көзі жоқ. Демеушілер берген қаражат бар, бірақ ол үшін белгілі бір талаптарды орындауы тиіс. Лигада, жалпы қазақстандық нарықта үздік файтерлер 10 000 долларға дейін алады, - деп түсіндірді Садықов.

Садықовтың айтуынша, қазақстандық ММА-дегі ақша айналымы 2022 жылы миллиардтарды құраған.

- 2022 жылдың аяғында бұл шамамен екі миллиард теңгені құрады. 2023 жылы төрт миллиард болуы керек деп ойлаймын. Әрине, мейрамхана бизнесімен немесе кен өндірумен салыстырғанда біздің нарық шағын, бірақ ол бар. Сонымен қатар, біз мемлекеттен қаржы алып, бірақ мүмкіндіктерін пайдаланбайтын көптеген ұйымдарға қарағанда спортты көбірек дамытамыз. Біз өз ақшамыз бен инвесторлардың қаражатын салып, мемлекетіміздің оңимиджін қалыптастырып жатырмыз, - деді Садықов.

Өсу мүмкіндігі

Қазақстандың ММА-дің болашағы зор. Оны мына жайттардан анық байқауға болады:

  • Жекпе-жек өнерінің дәстүрлі мектебі бар. Қазақстанда қазақша күрес сияқты ұлттық жекпе-жек өнері бар, бұл қазіргі ММА-дің ережелерінен алшақ болса да, соның прототипі бола алады. Бұл жауынгерлерді дайындауға жақсы негіз, берік тұғыр;
  • Қазақ файтерлерінің халықаралық аренадағы жеңістері. Қуат Хамитов, Шавкат Рахмонов, Жалғас Жұмағұлов сынды спортшылар UFC және басқа да ірі промоушендерде өздерін жоғары деңгейде көрсетіп үлгерді. Бұл еліміздегі ММА-ға қызығушылықты арттырады;
  • Танымалдылығы артып келе жатқан спорт. ММА Қазақстанда, әсіресе жастар арасында танымал спорт түріне айналуда. Бұл тұрақты сұраныс пен одан әрі даму үшін ресурстық база қалыптастырады.

Аталған факторлар сақталса, сондай-ақ қазақстандық жауынгерлерді дайындау және насихаттау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілсе, онда Қазақстандағы ММА-дің халықаралық аренадағы позициясы нығая түседі және әрі қарай дамуына кең жол ашылады.

Авторы Мәлік Жүрсінбек