Жаз аяқталуға жақын. Санаулы күннен соң жаңа оқу жылы басталып, оқушылар мектепке қайта ағылады. Ата-аналар балаларының оқуға керек-жарағын түгендеуге кіріскен. Өткен жылғы қызу талқыдан кейін биыл мектеп формасына қатысты дау-дамай түгесілгендей. Алайда оқушылардың сырт келбетіне қатысты басы ашық сұрақтар әлі де бар.
Айталық, жасөспірімдер арасында шашты алуан түске бояу үрдісі белең алды. Мектептегі киім кию тәртібінен аттай алмайтын болған соң оқушылар енді шаштың түр-түсін құбылту арқылы ерекшеленуге бет бұрған. Қызғылт, сарғыш, күлгін, тіпті көк түсті шаш көрсек те таңғалмайтын болдық. Бұл жағдайда екі оттың ортасында қалған ата-анаға қиын: бір жағынан өзін енді ғана тани бастаған баласының еркіндігін шектегісі келмейді, екінші жағынан мектеп әкімшілігінің талабы орынды екенін де түсінеді. Қайтпек керек? Мамандардан сұрап көрдік...
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
Әдетте бастауыш сыныпта оқушылардың киім киісі, жүріс-тұрысына қатысты түйткіл жоқ. Қиындықтың көбі жасөспірім шақтарында басталады. Балалардың өзіндік «мені» қалыптасып, көптің бірі болмай, өз ортасында ерекшеленуге, ұстаздардың, қатарластарының алдында даралануға ұмтылыс күшейеді. Шашты қызылды-жасылды түске бояу да – даралану әдістерінің бірі.
ҚР «Білім туралы» Заңында оқушылардың шаш үлгісі туралы ештеңе айтылмаған. Алайда мемлекеттік мектептерде оқушылардың мінез-құлық ережелері мен сыртқы келбетіне қойылатын талаптар жазылған жарғы бар. Жарғы ата-аналармен ақылдаса отырып қабылданады. Онда әдетте мектеп формасының түр-түсі түсі қандай болуы керек, шаш үлгісі қандай болуы керек, қандай аксессуарларға жол беріледі – бәрі жазылады және оқушылардан сол талаптарға бағыну талап етіледі. Бағынбаса – әуелі білім алушының өзіне ескерту жасалады, нәтиже шықпаса – ата-анасы шақырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. «Білім беру туралы» ҚР Заңының 49-бабында ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға міндетті екені айтылған.
Бір айта кетерлігі, жарғы талаптарын орындамаған оқушыға ескерту жасағанда мектеп әкімшілігі оның жеке басына, қадір-қасиетіне қол сұғылмауын қадағалауы керек. Шашын бояғаны үшін оқушыны мектепке, сабаққа кіргізбей қоюға, үйіне қайтарып жіберуге ешкімнің құқығы жоқ. Қазақстан Конституциясының 17-бабында ешкімді азаптауға, зорлық-зомбылық жасауға, жәбір көрсетуге не қадір-қасиетін таптайтындай жаза қолдануға болмайтыны жазылған.
ҰСТАЗДАРДЫҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕТІНІ – ТҮСІНДІРУ
Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей, мәселені оң шешу үшін ұстаздар қауымы тәрбие сағаттарын жиі өткізіп, түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді екен.
«Заңда шектеу болмағандықтан оқушылардың шаш бояуына тыйым сала алмаймыз. Бірақ білім беру ұйымы болғандықтан сынып жетекшілері сынып сағаттарында бояудың зияны жайлы, мектептегі жалпыға ортақ тәртіп туралы, жинақылық пен тазалықтың маңызы жайлы түсіндіреді. Түсінген балалар мектептің ішкі тәртібіне бағынады. Ал өз ортасынан ерекшеленгісі келген оқушылар мұғалімдердің сөзіне құлақ аспай, шашын түрлі түске бояп келеді. Ата-аналары да баласын қолдап, еркіндігін шектемейтінін алға тартады. Қазір тіпті бастауыш сыныпта оқитын бүлдіршіндер де шашын ашық түстерге бояуға әуес», - дейді Алматыдағы №42 орта мектеп директоры Салтанат Тегімбаева.
ҚАЙДАН КЕЛГЕН ТРЕНД?
Шашты ашық түстерге бояу үрдісінің тарихы 1970 жылдардан бастау алады. Қалыпты өмір салтына тіксіне қарайтын панк субмәдениетінің қалыптасуы сән әлеміне көп өзгеріс әкелді. Өйткені панктардың «тентектігі» ең әуелі қызылды-жасылды шашы мен көпшілікке жат киім үлгісінен көрінетін. 1974 жылы Нью-Йоркте және 1976 жылы Ұлыбританияда пайда болған субмәдениет көп ұзамай әлемнің өзге елдеріне тарады.
Кейіннен 1990 жылдары пайда болған гранж, 2000 жылдары кең таралған эмо субмәдениеттерінің де негізгі белгісі – ашық түстерге боялған шаш болды. 2010 жылдардан бастап бұл құбылыс Батыс елдерінде қалыпты көрініске айналып, жұрт шашын күлгін немесе көкке бояғандарға жатырқай қарауды қойды.
Адамның еркіндігін басты құндылық деп санайтын Еуропа мектептерінің көпшілігінде оқушыларының сырт келбетіне қатысты қатаң шектеу жоқ. Шаш бояйсың ба, тырнақ өсіресің бе – өз еркің. Ал жақын көршілерімізде қалай?
Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес, оқушылар шаш үлгісін таңдауға құқылы. Алайда, елдің «Білім туралы» заңының 38-бабы бойынша әр білім беру мекемесі өз ережелері мен тәртіптік шараларын бекіте алады. Сондықтан, егер мектепте шаш үлгісіне қатысты нақты қағидалар болса, оқушылар оларға бағынуы шарт. Дей тұрғанмен, аталған заңның 40-бабы бойынша егер мектептің ішкі құжаттары білім беру туралы заңнамада белгіленген ережемен салыстырғанда білім алушылардың жағдайын нашарлататын болса, білім беру ұйымы олардың күшін жоюға міндетті.
Ал Өзбекстан мектептерінде тәртіп қаталдау. Оқушыларға қысқа белдемше киюге, бетті, шашты бояуға, тырнақ өсіруге, құлаққа қатарынан бірнеше сырға тағуға тыйым салынады.
ПСИХОЛОГТАРДЫҢ ПАЙЫМЫ
Мектептегі жас мамандар шашының түсін құбылтқан оқушылардың әрекетін әдетте уақытша қызығушылық деп қабылдап, аса мән бермеуге тырысады. Ал жасы үлкен, консервативті көзқарастағы мұғалімдер шашын қызылды-жасылды түске бояған оқушыларды көрсе үрке қарап, баладағы қандай да бір психологиялық түйткілдің нышаны деп алаңдаушылық білдіріп жатады.
Шектеу, тыйым атаулыға тіксіне қарап, өз дегенімен жүргісі келетін оқушылардың дені – 12 жастан асқан жасөспірімдер. Бұл кезеңде олардың қағидаларға қарсы шығуын мамандар қалыпты құбылыс дейді. Дей тұрғанмен, психологтар жасөспірімдердің ерік-жігерін шыңдап, қоғамдық өмірге бейімдеу үшін ережелер мен қағидалардың қадағалануы маңызды деп есептейді.
«Өз болмысын көрсетудің жөні осы екен деп, жасөспірімдерді жүгенсіз жіберетін болсақ, шаш үлгісі ғана емес, тырнақ пен бет-әлпеттерін де түрлендіріп, ойларына келгенді істей бастауы мүмкін. Ережелер, ең алдымен, олардың қауіпсіздігі үшін енгізіледі. Қағида – қай заманда да қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралы. Жасөспірімдер оларды шектеу ретінде қабылдауы дұрыс емес», - дейді психолог Татьяна Доронкина.
Сарапшының пікірінше, оқушылардың сырт келбетіне қатысты қатаң ережелер балаларды қоғамдық өмірге ертерек бейімдеп, шыдамдылыққа баулиды.
АТА-АНАНЫҢ АЙТАРЫ БАР...
Қатарына қызығып, шашын ашық түске бояуға әуестеніп жүргендердің бірі – әріптесіміз, журналист Гүлбану Әниятқызының оқушы қызы Айзере.
– Айзере 6 жасынан бастап шашын бояуды сұрай бастады. Ол уақытта әлі кішкентайсың, бояу зиян деп рұқсат бермей қойғам. Кейін қарасам, аулада шашын бояған бүлдіршін көп екен. Соларды көріп, қызыма шашының екі жолағын ғана бояуға рұқсат еттім. Себебі мен балаға жеке тұлға ретінде қараймын. Қалап тұрса, бояп көрсін дедім. Бастапқыда көк түске боядық. Оншақты күннен кейін бояуы кетіп, күйдірілген жер сары боп қалады екен. Ол жаман көрінеді. Басқа түске бояймын деп, екінші рет – қызыл, үшінші мәрте – сарғыш түсті таңдады, - дейді анасы.
Журналистің айтуынша, баланың бұл тілегін орындау – қалтаға біраз салмақ. Бастапқыда 15 мыңға, кейін екі рет 10 мыңға боятыпты. Яғни, балалардың аниме, түрлі мультфильм кейіпкерлеріне еліктеуі – сән салондары үшін олжа.
– Қыз бала әдемілікке құштар. Youtube, Tiktok-тан көретін дүниелеріне қызығады, өздеріне ұнайтын кейіпкерлерінің шаш үлгісін қайталағысы келеді. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын, шаш өседі. Қазір Айзеренің шашындағы бояуы кетті. Орны білінер-білінбес сарғайып тұр, уақыт өте ол төмен қарай сырғып, кейін кесіледі. Сабақ кезінде шашын мүлдем боямаймыз, мектепте оған рұқсат жоқ, - дейді Гүлбану Әниятқызы.
БОЯУ БАУЫРДЫ “ОТЫРҒЫЗАДЫ”
Шаш бояудың мектеп тәртібіне қайшылығынан бөлек, денсаулыққа зияны да орасан. Мамандардың айтуынша, боядың құрамындағы негізгі заттар – аммиак немесе сутек асқын тотығы шаш терісінің беткі қабатын уақыт өте келе бұзады. Ал бояудың рең беретін пигменті тері ішіне еніп, шаштың түбіріне кері әсер етеді. Сондай-ақ бояуды жиі пайдалану шаштың табиғи түсін жойып жібереді.
Шаш бояуларының тағы бір залалы – аллергиялық реакция тудыруы. Дәрігерлердің түсіндіруінше, тіпті мұндай аллергия адамды кейде анафилактикалық шок жағдайына дейін жеткізуі мүмкін. Сән қуудың, даралануға ұмтылудың сөкеттігі жоқ, әрине. Әйтсе де, денсаулыққа залал келтірмеудің жолын іздеген жөн. Бояу – шаш үшін үлкен стресс. Шаш қатты құрғап, құрамы өзгереді. Ал шашын түссіздендіріп барып, артынан бояйтын арулардың шашы тіпті екі есе зақымдалады.
Бояудың зардабын ағзаның басқа мүшелері де тартады. Әсіресе, бауыр көбірек зардап шегеді. Сондай-ақ, шашын жиі бояп тұратын адамдар гипертиреоз (қалқанша без гормонының әдеттегіге қарағанда көп бөле бастауы), целакия (асқазан-ішек жолдарының созылмалы ауруы) мен шорбуын (буынның қабынуы) дерттеріне жиі шалдығады.