×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Квази компаниялар Қазақстан экономикасын өсіре ме, өшіре ме

19.08.2024, 15:10
Квази компаниялар Қазақстан экономикасын өсіре ме, өшіре ме
ulysmedia

Қазақстанда квазимемлекеттік сектор не үшін құрылғанын Үкімет ұмытып кеткендей. Экономиканы көтеру және ел азаматтарының әл-ауқатын жақсарту мақсаты әлі күнге орындалмады. Компания ішінен компания құрып, үй ішінен үй тіккендей, өзара жарысқа түсіп жүр. Ал ел үміті сол беті ақталмады.  Экономиканың ақ желкені болады деген алпауыт компанияларды бүгінде кімдер басқарып отыр? Ulysmedia.kz осы сұраққа жауап іздеп көрді.

“Квази” сөзін дұрыс түсініп жүрміз бе

“Quasi” cөзі сөздікте «шынайыға ұқсас», «...сол сияқты» деген ұғымның баламасы ретінде қолданылатыны жазылған. Бұл термин сондай-ақ ұқсас, бірақ дәл емес нәрсені көрсету үшін қолданылады.

Экономика немесе әлеуметтік ғылымдар контекстінде квазимемлекеттік сектор ішінара үкімет бақылайтын немесе қаржыландыратын, бірақ сонымен бірге автономия және үкіметтен тәуелсіз ұйымдарға немесе мекемелерге де қолданылады. Квазимемлекеттік секторға мысал ретінде  үкіметтің қатысуымен белгілі бір функциялар мен міндеттерді орындайтын, бірақ оған толығымен бағынбайтын мемлекеттік корпорацияларды, қорларды, агенттіктерді немесе мекемелерді жатқызуға болады.

«Самұрық-Қазына»

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы 2008 жылы құрылған, ҚР Үкіметі – оның жалғыз акционері. Қазір басқарманы Нұрлан Жақыпов басқарады. Ол бұған дейін ENRC, Қазатомөнеркәсіп, “Kazakhstan Investment Development Fund (KIDF) Management Company” Ltd және Chambishi Metals PLC компанияларын басқарған.

«Самұрық-Қазына» қоры орасан зор активтерге ие және Қазақстан экономикасы үшін айтарлықтай үлес әкелуі тиіс.

Жақыповтың тұсында, яғни өткен жылы қордың кірісі 4 пайызға өсіп, 15,4 триллион теңгені құрады. Активтер де 10%-ға өскенін көрсетті.

2023 жылдың қорытындысы бойынша портфельдік компаниялардан алынған дивидендтер көлемі 513 млрд теңгені құрады. Акционер 1,5 трлн болатын рекордтық сомада пайда тапты. Жақында қор басшысы президент Қ.Тоқаевқа ұлттық компанияның кірісі 7,9 триллион теңгені құрағанын, бұл жоспарланғаннан 7 пайызға жоғары екенін және «Самұрық-Қазына» тобының инвестициялық портфелінде қазірдің өзінде құны 53,5 триллион теңге болатын 130-дан астам жоба бар екенін айтты.

Қор Қазақстан экономикасында шешуші рөл атқаруы тиіс, бірақ оның қызметінің кемшіліктері де жоқ емес. Олардың ең маңыздысы – есеп беру мен шешім қабылдауда ашықтықтың болмауы. Осы олқылықтар бюджет қаражатын тиімді пайдалануға қатысты қоғамдық сын мен күмәнға негіз болып отыр.

Ақпан айында қор бұрын «Самұрық-Қазына» құрамында «QazaqGaz» ҰК АҚ-мен байланысты болған «GPC Investment» ЖШС-нен айырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Қайрат Шәріпбаевтың компаниясы республикалық меншікке өткен тұғын. Ал ел үкіметі оны келісім бойынша катарлықтарға берді. Алайда GPCI жарғылық капиталындағы 38,7 миллиард теңге көлеміндегі мемлекет үлесі екі жылда оңай қайтарылады дегенге сену қиын.

Сонымен қатар, бірнеше жылдан бері үнділік миллиардер Гаутама Адани мен бес қытайлық компания қызыққан Екібастұз ГРЭС-3 құрылысының мәселесі шешілмей келеді, ал қазір онда жалғыз үміткер Ресей болып қалып отыр. Егер тараптар мәмілені рубльмен жасаса, онда ол рубльді Қазақстан үкіметі қайда жаратпақ? Себебі санкциядан кейін Ресей долларды пайдалана алмай қалды, ал рубльмен саудаласу Қазақстан үшін тағы тиімсіз.

Бұған дейін талай төбені көрген ысқыаяқ Нұрлан Жақыпов үшін «Самұрық-Қазына» да, “Қазатомөнеркәсіп” те түк емес, тәжірибесі жетеді. Сондықтан  саланы түбегейлі реформалау оған қиындық тудырмаса керек. Нәтиже күтеміз.

Еске салайық, Қаңтар оқиғасынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қор жұмысы ашық әрі ел экономикасына тиімді болмаса, оны түбегейлі реформалаймыз деп кесіп айтқан. Президент сол кезде мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімсіздігін, еңбек қатынастарындағы қақтығыстарды, түсімі аздығын, ауқымды жобалардың аяқталмағанын және техникалық қызмет көрсетудің шамадан тыс шығындарын атап өткен еді.

«ҚазМұнайГаз»

«ҚазМұнайГаз» ҰК мұнай-газ саласында Қазақстан мүддесін көздейді.

Компанияны бірнеше ай бұрын 39 жастағы Асхат Хасенов басқарған. Оның бірнеше дипломы бар –Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ды бітірген және Халықаралық бизнес университетін (2013 ж.) тәмамдаған. Еңбек жолын «Торғай Петролеум» мұнай-газ өндіру цехында 3-разрядты оператор болып бастап, Энергетика вице-министрі қызметіне дейін жетіп, одан кейін еліміздің бас мұнай компаниясының басшысы болып тағайындалды.

ҚМГ Қазақстан бюджетінің 44 пайызын құрайды. Ал, есептерге қарағанда, «ҚазМұнайГаз» 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында мұнай мен газ конденсатын өндіруді 1,1%-ға арттырды. Ілеспе және табиғи газды өндіру көлемі де (қайта айдау көлеміне дейінгі) 1,1%-ға өсті. Алайда, ҚМГ үлесі бойынша Теңізде мұнай өндіру 3,7%-ға төмендеп, 2,872 млн тоннаны құрады, ілеспе газ өндіру 4,2%-ға төмендеп, 1,587 млрд текше метрді құрады.

ҚМГ-де мұнай тасымалдау көлемі есепті кезеңде 6,2%-ға өсіп, 41,733 млн тоннаны құрады.

Асхат Ғалымұлының өзі де іске білек сыбанып кіріскенге ұқсайды. Мәселен, жуырда Чикагода «ҚазМұнайГаз» мен американдық LanzaJet компаниясы Қазақстанда экологиялық таза авиациялық отынды (SAF) өндіру жобасы бойынша меморандумға қол қойды.

Бірақ елдегі жағдай жадағай әрі жұпыны көрінеді. Мәселен, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қаржы министрлігінің «ҚазМұнайГаз» акцияларын ҚР Ұлттық қоры есебінен сатып алуын сынға алды.

– «ҚазМұнайГаз» тұрақты компания, онымен ешқандай проблема болмайды. Бірақ бұл тәуелсіз қор қаражатын инвестициялау қағидасын бұзады. Екіншіден, бұл акцияларда уақытша өтімділік бар. Егер қор оларды қазір сатқысы келсе, оны сатпайды, оған ешкім сатпайды. Тиісінше, бұл акциялардың қазір өтімділігі жоқ, - деді М.Әшімбаев.

Былтыр «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан шамамен 1,3 триллион теңге бөлінді. Бұл ақша кейіннен акцияларды сатқан «Самұрық-Қазынадан» дивиденд ретінде бюджет кірісіне түседі.

Өткен жылдың желтоқсан айының соңында құрылған «ҚазМұнайГаз» бен қытайлық CNPC-дің бірлескен компаниясы KC Energy group жұмысын да реттеу керек, ол нарықтағы бәсекелес Petrosun-ды біртіндеп ығыстырып жатыр, оның акцияларының 49% бұрын Тимур Құлыбаевқа тиесілі болған.

Мұнай секторында Құлыбаевтың үлесі әлі де қомақты. Алты ай бұрын Астана соты оған тиесілі «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-нің «ҚазМұнайГаз» АҚ-на 1,1 миллиард теңге қарызды өндіру туралы шағымын қанағаттандырмады. ЖШС мәліметінше, Атырау мұнай өңдеу зауытынан мұнайды ауыстырып тиеу және сақтау қызметтері үшін 1,1 млрд теңге қарызы бар.

Жақында ҚМГ-дағы сыйақылар және топ-менеджерлер алған басқа да бонустар туралы белгілі болды.

KASE хабарлағандай, ҚМГ ҰК басқарма мүшелерінің жалпы сыйақысы кірістің төмендеуіне қарамастан, 2023 жылы 388 673 641,57 теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,7%-ға артық.

«Қазатомөнеркәсіп»

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның ұлттық компаниясы – уранды, сирек металдарды, атом электр станциялары үшін ядролық отынды импорттау және экспорттау жөніндегі оператор.

«Самұрық-Қазына» қоры «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК акцияларының 75%-на иелік етеді, 25%-ы Астана халықаралық қаржы биржасында және Лондон қор биржасында еркін айналымда.

Басқарма төрағасы – өткен жылдың қыркүйегінде қызметке кіріскен Мейіржан Юсупов. Ол Middle East техникалық университетін, Лондон экономика және саясаттану мектебін және Гарвард университетін бітірген.

Еңбек жолын «Түркуаз» компаниялар тобы департамент директорының орынбасары болып бастады, Ұлттық экономика вице-министрі болды. «Қазатомөнеркәсіп» тізгінін қолына алмас бұрын «KAZAKH INVEST» ҰК басқарма төрағасы болды.

Өткен аптада Юсупов президент Тоқаевқа минералдық-шикізат базасын кеңейту және толықтыру бойынша жобаларды іске асыру барысы, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК геологиялық барлау активтерінің портфелін одан әрі кеңейту жоспарлары туралы баяндады.

Өткен жылы компанияның кірісі 1,4 трлн теңгеге дейін өсті, оның 580,3 млрд теңгесі таза пайда болды. Уран өндіру көлемі қатысу үлесіне пропорционалды түрде 11 169 тоннаны құрады. Ядролық жанармай таблеткаларын (цилиндр пішінді. – Ред.) өндіру көлемі 196,5 тоннаны құрайды.

Енді 2024 жылы 25–25,5 мың тонна, 2025 жылы 30,5–31,5 мың тонна уран өндіруді жоспарлап отыр.

2024 жылдан 2025 жылға дейін өндіріс көлемінің жыл сайынғы өсімі айтарлықтай болғанына қарамастан, оның негізгі бөлігі, компанияның мәліметінше, қазірдің өзінде орта және ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша сақталды.

Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» Түркістан облысының Созақ ауданындағы жаңа «Іңқай» кен орнында уран өндіруді бастайды. Бұл ретте, ең бастысы, осыдан төрт жыл бұрын «Антикор» «Қаратау» ЖШС-інің бұрынғы басшылығын («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес кәсіпорны) құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде мердігерден 862 миллион теңге ұрлағанын әшкерелегендегідей болмаса дейсің. Ол оқиға да Қаратау кенішінде, Созақ ауданында болған еді.

Сонымен қатар, түскен табысқа қарамастан, «Қазатомөнеркәсіп» акциялары әлемдік қор биржаларының баға белгілеуінен кейін құлдырап, 6 тамызда Лондон қор биржасында 3,52%-ға арзандады.

Қазақстан қор биржаларында да Қазатомөнеркәсіп акцияларының құны төмендеді: KASE – 0,62%, AIX – 2,46%. Сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық банкі «Қазатомөнеркәсіптің» 12 пайызын сатып алып,  акционер атанғаннан кейін мемлекет қазынасына 467,4 млрд.теңге түсті.

Қызметіне кіріскен бір жыл ішінде Мейіржан Юсупов мультимиллионер Александр Клебановтың ұлы Яков пен оның серіктесі, бұрынғы ресейлік олигарх Василий Анисимовтың мәселесін біржақты еткен шығар деп сенеміз. В.Анисимовтың иелігінде Қазақстанның бірнеше тау-кен кеніші бар. Олардың Ұлыбританияда тіркелген Degevol UK LTD компаниясына Шығыс, Звездное, Қызылту, Шорское кен орындарында және Қазақстандағы ең ірі уран кен орындарының бірі – «Буденовское» кен орындарында уран мен молибден өндіретін Степногорск тау-кен-химия комбинаты (SMCC) тиесілі.

БАҚ-тың жазуыгша, 2023 жылдың мамырында Клебанов пен Анисимов өз үлестерін ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясының құрамына кіретін «Uranium One Group» ресейлік компаниясына сатқан.  Бұл жаңалық Қазақстан жұртшылығының қытығына тиді.  Өйткені ол туралы ресми айтылған емес, мәміле туралы кездейсоқ біліп отырмыз. Онда да «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК аудиторлық есебі арқылы. Ал мәміленің қандай сомада болғаны ресми түрде жария етілмеді.

Нәтижесінде «Росатом» Степногорск тау-химиялық комбинаты арқылы Буденовское ірі уран кен орнының 49% акциясына ие болып шыға келді. «Буденовское» бірлескен кәсіпорнының 51 пайызы «Қазатомөнеркәсіпке» тиесілі.

Жалпы, есептермен танысқан кезде «Қазатомөнеркәсіпте» қазаққа тиесілі бірдеңе қалды ма деген сұрақ туындайды.

Қазір ресейлік “Росатом” мемлекеттік корпорациясының, Буденовский кен орнын игерумен қатар, еншілес ұйымы Uranium One арқылы Қазақстанда уран өндіретін мына кеніштерде үлесі бар:  Қаратау – 50% , Хорасан-U – 30%, «Ақбастау» – 50%, «Заречное» – 49,98% және «Оңтүстік тау-кен химия компаниясы» – 70% (2022 жылғы ақпарат бойынша).

Жалпы (Қазақстаннан басқа) елімізде уран өндіру активтері Ресей (6), Канада (1), Қытай (3), Қырғызстан (1), Франция (1) және Жапония (2) компанияларына тиесілі.

Kazakh Invest

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы 2017 жылы Экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі – KAZNEX INVEST-тің мұрагері. «Kazakh Invest» компаниясы мұнай-химия, машина жасау, тау-кен металлургия кешені, инфрақұрылым және т.б. басым салалардағы инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді алуға көмектеседі. Оның ішінде визалық қолдау, шарттар жасасу және т.б. бар.

Биыл наурыз айынан бастап ұлттық компанияны “Болашақ” түлегі Ержан Елекеев басқарады. Ол Глазго университетінің қаржылық экономика саласындағы гуманитарлық ғылымдар  магистрі дәрежесіне ие. «Kazakh Invest» компаниясына келгенге дейін «Бәйтерек», «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру», «Самұрық-Қазына», Әзербайжандағы Boston Consulting Group компанияларында жұмыс істеген. Ол бір кездері “Байтақ” партиясынан Мәжіліске сайлауға да түскен.

«Kazakh Invest» компаниясының құрылтайшысы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті, ал жалғыз акционері – Сыртқы істер министрлігі. Ұлттық компания негізгі кірісін Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетіне қызмет көрсету, инвесторларды тарту және жобаларға сервистік қолдау көрсету арқылы келісім-шарт бойынша алады. 2022 жылғы кіріс – 2,5 млрд теңге және дивидендтер бойынша 180,4 млн теңге.

«Kazakh Invest» басқарма төрағасы Ержан Елекеевтің өзі басқарып отырған компания келешегіне қатысты жоспарлары үміт ұялатады.

   – Шикізаттың өзіндік құнынан 20–25 есе жоғары 400-ден астам өнім алуға болады. Көмірді кәдеге жарату арқылы өнім алу Еуропа елдері, Қытай және ТМД елдері секілді жаңа нарықтарға шығуға жол ашады. Нәтижесінде еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға болады. Алдын ала есептеулер бойынша табысты 25 млрд долларға жеткізуге болады, - деді Е.Елекеев.

Елекеев келгенге дейін, 2020 жылы тікелей шетелдік инвестиция ағыны 17 миллиард долларды құрап, тау-кен өнеркәсібі саласына, негізінен мұнай, газ және металл кендерін өндіруге 8,2 миллиард доллар инвестиция тартылды. 

Алайда, сол кезде де депутаттар компания мәселесін көтерді.

– Шетелдік капитал біздің экономикамызды шикізатты өндіруге, оларды экспорттауға арналған инфрақұрылымға және бізге дайын өнімді өткізу үшін сауда орындарын құруға инвестиция салу тиімді орын ретінде қарастырады. Бірақ инвестициялық имидждегі өзгерістерге жауапты біздің көптеген мекемелеріміз қайда? Олар тартылған инвестицияның жалпы сомасын айтып, есеп береді. Дегенмен, мұнай-газ секторы мен металлургияға салынған инвестиция мемлекеттің қатысуынсыз-ақ сәтті жүріп жатыр, – дейді Мәжілістің бұрынғы депутаты Айқын Қоңыров.

Ал өткен жылы тағы бір депутат бұл тақырыпты қолдады. Болатбек Әлиевтің айтуынша, шетелдік кәсіпкерлерге отандық бизнесмендердің түсіне де кірмейтін жағдай жасалып отыр, деп жазды Ulysmedia.kz.

   – 29 млрд теңгені, әрине, «Kazakh Invest» компаниясы алып келеді. Тамаша жоба және жақсы перспектива, оның үстіне жылдық тұтыну көлемі 50 миллион тоннаны құрайтын Қытай бұл кәсіпорын үшін тұрақты экспортты қамтамасыз етеді. Бұл үшін біз қуануымыз керек секілді, бірақ ойланып қарасақ, олай емес. Керісінше, көп сұрақ тудырады, – деп ашуланды депутат.

Ержан Елекеевтің алдында бұрынғы мәселелерді де шешу міндеті тұр.

– «Kazakh Invest» компаниясымен бірлескен жұмыс аясында Батыс Қазақстанда метанол өндіретін газ-химиялық кешен құрылысы жобасын жүзеге асыратын отандық инвестордың мәселесі бар екені анықталды.

Атап айтқанда, Энергетика министрлігі заң талаптарын бұза отырып (15 жұмыс күнінің орнына) инвестициялық келісім жобасы бойынша келіссөздер жүргізу үшін комиссия құруды 60 күнге кешіктірді, деп хабарлады Бас прокуратура.

Жақында түркістандық D-Personnel жеке компаниясы сыйға тарту шарты бойынша Қазақстанның Даму Банкінің (ҚДБ), Қазақстанның инвестициялық қорының (ҚИҚ) проблемалық активтерін басқаруды қайтарып бергені туралы хабар тарады. Аталған активтер 2021 жылға дейін «Бәйтерек» ұлттық холдингіне, мемлекет меншігіне тиесілі болған.

Google қауіпті деп санайтын “ҚИҚ” сайтында «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ әлеуетті инвесторларды экономиканың түрлі салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақыратыны айтылған. Қор инвестициялық жобаны іске асыруда кәсіби ұйымдастырушылық, ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетуге дайын» делінген сайтта.

Қаржыгер болмағандықтан білмейтін шығармыз, сонда «Kazakh Invest» пен Қазақстанның инвестициялық қорының қандай айырмашылығы бар? Былай қарасаң, екеуі де бір міндетті орындап отыр  емес пе?

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Квазисектор экономикамызды дамытуға, инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер жасауға керек те шығар, бірақ оның кемшіліктері де жоқ емес.

- Квазимемлекеттік ұйымдарды лицензиялау мен бақылау шаралары басқаларына қарағанда жиі жүргізілмейді, мұның соңы осы жағдайды өз пайдасына қолданатындардың қолын ұзарта береді.

- Мемлекет, жеке компаниялар және квазимемлекеттік компаниялар арасында ашықтық пен тиімділікке әсер ететін мүдделер қайшылығы туындауы мүмкін.

- Квазимемлекеттік сектор мемлекеттік ұйымдарға қатысты ережелерге толық бағынбайтындықтан, кейде қоғам немесе азаматтар алдындағы жауапкершіліктен жалтаруы ықтимал.