×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Парижден кейінгі пәлсапа: Федерацияларды басқарып отырған бай-бағландар додада неге сүрінді

20.08.2024, 16:00
Парижден кейінгі пәлсапа: Федерацияларды басқарып отырған бай-бағландар додада неге сүрінді
Коллаж: Ulysmedia.kz

Париж Олимпиадасында Қазақстанның жалпы командалық есепте 43-ші орыннан көрінуі көптеген спорт федерацияларының қызметін майшаммен қарауға түрткі болды. Осы уақытқа дейін спортшыларды даярлауға аз қаржы жұмсалған жоқ, бұған дейінгі жетістіктер де биылғы додадан қоржын қампайтып қайтамыз деген үмітті үкілеткен. Алайда ұлттық құрама көрсеткен нәтиже көңіл құлазытты.

Федерациялардың көбін мүйізі қарағайдай саясаткерлер мен бизнесмендер басқаратыны – парадоксты жағдай. Ulysmedia.kz Олимпиада нәтижелерін сараптай отырып, олардың қайсы өз мүмкіндіктерін асыра бағалағанын таразылап көрді.

Жазғы Олимпиада ойындарына қатысу тарихында Қазақстан дербес команда ретінде спорттың он үш түрінен 74 медаль (15 алтын, 23 күміс және 36 қола) иеленді. Әр дода сайын қоржынға бірнеше медаль салатын бірқатар спорт түрлері еліміздің жұлдызын жақса, енді кейбірі Қазақстанды жалпы командалық есепте кері тартумен келеді.

Десе де, осы жазда қазақстандық жанкүйерлер ұлттық құрамадан көп үміт күтті. Кейбір спорт түрлеріндегі нөлдік нәтиже халықтың көңілін су сепкендей басты, ал федерация басшылары үшін нағыз құрдым болды. Біз бүгін солар туралы еске салмақпыз.

«ҚР ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА ФЕДЕРАЦИЯСЫ» ҚБ

1996 жылдан бастап, Қазақстан Жазғы Олимпиада ойындарында жеке командамен өнер көрсеткелі бері жеңіл атлеттер жалпы жүлде қоржынына 5 медаль (2 алтын, 1 күміс және 2 қола) салды. 2000 жылы Ольга Шишигина алтын алса, 2004 жылы қола медальға қол жеткізген көпсайысшымыз Дмитрий Карповтың бәсі биіктеді. Ал 2008 жылдан бастап олимпиадалық марапаттардың бәрін қанжығаға байлаған Ольга Рыпакова Қазақстан жеңіл атлетикасының жаңа жұлдызына айналды. Рыпакованың спорттық мансабы аяқталғаннан кейін еліміздің бұл спорт түріндегі екпіні бәсеңдей берді. Ал 2024 жылғы Олимпиада нәтижелерінен кейін жанкүйерлердің көкейінде жалғыз сұрақ туды –  қазақстандық жеңіл атлетика мектебінің бұрынғы даңқын кім қайта жандандырады?

ҚР Жеңіл атлетика федерациясының президенті – Даниал Ахметов пен вице-президент Жеңіс Қасымбекті де осы сұрақ мазалаған болар.

Айтпақшы, 2018 жылдың наурыз айында Даниал Ахметов сол жылдың ақпан айында Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланған Әділбек Жақсыбековтің орнын басқан.

Қоғамдық ұйым тізгінін қолға алған уақытта Даниал Ахметов жеңіл атлетиканы дамыту бойынша нақты іс-қимыл жоспары бар екенін айтқан-ды.

  –Тұжырымдамалық тұрғыдан біз бірнеше негізгі бағыттарға көшетін боламыз, - деген еді федерация басшысы.

  –  Инфрақұрылымды дамытамыз. Елдегі жеңіл атлетика жақсы дамыған аймақтардан бастаймыз. Тағы бір маңызды мәселе – резервті дайындау. Мен өңірлердің басшыларымен кездесіп, олармен жеңіл атлетиканың мамандандырылған бөлімшелерін құру немесе спорт мектептерін құру туралы сөйлеспекшімін. Өйткені, егер жаппай дайындамасақ, балаларға көңіл бөлмесек, онда болашақ туралы айтудың пайдасы жоқ.
Байқағанымыздай, Ахметов ШҚО әкімі қызметінен шеттетілгеннен кейін эмоцияларын жеңе алмай, қоғамдық қызметтегі өзі белгілеген бағытты әрі қарай ілгерілете алмаған тәрізді.

«АУЫР АТЛЕТИКА ФЕДЕРАЦИЯСЫ» ҚБ

Қазақстандық ауыр атлеттер үшін 2012 жыл сәтті жыл болды. Лондон Олимпиадасында олар 4 алтын медаль жеңіп алды, ел тарихындағы алғашқы екі дүркін Олимпиада чемпионы – Илья Ильинді жұрт төбесіне көтерді. Алайда, 4 жылға жуық уақыт өткен соң, допинг сынамаларын қайта тексергеннен кейін ауыр атлеттер барлық марапаттарынан айырылды.

Илья Ильин екі дүркін Олимпиада чемпионы атағынан, 2016 жылы алтын алған Нижат Рахимов та жүлдесінен қағылды. Қазақстан ауыр атлетикасын допинг даулары шырмауықша шырмағаны сонша, спортшылар биылғы

Олимпиадаға бірде-бір лицензия ала алмады.

Ауыр атлетика федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков мұндай сәтсіздікті қалай қабылдағанын болжау қиын. Ол бұл жайлы ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ, өйткені қазақстандық ауыр атлеттер іріктеу кезеңінде-ақ сүрінді.

Жанат Түсіпбеков Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының тізгінін 2023 жылдың наурыз айында алды. Бәсекелестері Илья Ильин мен Гаджи Гаджиевтен бәсі басым түскен еді.

Ұйымдағылар Жанат Түсіпбеков 2013 жылдан 2022 жылға дейін федерацияны басқарып келгенін және оның басшылығымен Қазақстан құрамасы сегіз олимпиада медалін жеңіп алғанын алға тартқан.

 – Ауыр атлетика федерациясы – бұл қоғамдық ұйым және біз қоғам игілігі үшін жұмыс істеуге тиіспіз. Біз қазақстандық ауыр атлетиканы жаңа деңгейге көтеру үшін бар күшімізді саламыз, -  деген еді федерацияның жаңа президенті.

Алайда  биылғы нәтижелер тіпті ең тәжірибелі менеджерлердің мақсат-мүдделері олардың мүмкіндіктерімен сәйкес келе бермейтінін көрсетті.

Сенаттың бұрынғы депутаты, бұрынғы Әділет министрі, экс-Бас прокурор, Антикордың экс-басшысы Рашид Түсіпбековтің ұлы Жанат Түсіпбеков –талай жыл басқарушылық қызмет атқарған адам. Ол мемлекеттік қызметке 15 жыл уақытын арнады, Қазақстанның мұнай-газ саласындағы компанияларда және және қоғамдық-дипломатиялық салада жетекшілік қызметтер атқарды.

Алайда ел спортын дамыту және насихаттау саласы Жанат Рашидұлының оң жамбасына келе қоймаған сияқты.

«ҚАЗАҚСТАН ТАЭКВОНДО ФЕДЕРАЦИЯСЫ» ҚБ

Қазақстандық таэквондошылар үшін 2008 жыл жұлдызды жыл болды. Бейжің Олимпиадасында қазақстандық Арман Шылманов қола медаль жеңіп алып, жанкүйерлердің төбесін көкке жеткізді. Бұл жетістік оның осы спорт түріндегі өзге үзеңгілестеріне қанат бітірді. Алайда, түрлі себептермен, соның ішінде федерация ішіндегі былықтарға байланысты қазақстандық таеквондоның медальдары Тунистің қанжығасына байланды.

Таеквондодан Тунис құрамасын қазақстандық жаттықтырушы Есбол Сұлтанов дайындайды. Отандасымыз 80 келі салмақтағы Олимпиада чемпионы Фирас Катусиді және 58 келі салмақтағы қола жүлдегер Мохамед Халил Жендубиді жаттықтырды.

Егер Есбол Сұлтанов Қазақстан құрамасымен жұмыс істесе, 2024 жылғы Олимпиадаға ол дайындай алатын бірде-бір талантты таэквондошы табылмайды дегенге сену қиын.

Бірақ, көріп отырғанымыздай, федерация президенті– олигарх Вячеслав Кимнің мұндай ұсақ-түйектерге бас ауыртатын уақыты жоқ. Биылғы жылы Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері арасында көш бастап тұрған, $ 5 800 000 000 дәулеті бар бизнесменнің шаруасы онсыз да шаш етектен емес пе?!.

3 сәуірде жарияланған Forbes миллиардерлерінің жыл сайынғы жаһандық рейтингінде ол 511-ші орынға ие болды.

Вячеслав Ким – акционер және Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы, компанияның 21,4% -ына иелік етеді. Сондай-ақ, ол «Алсеко» АҚ-ның 90% -ын уысында ұстап отыр, ол арқылы  «Астана-ЕРЦ» ЖШС, «ELTOP Soft» ЖШС және «ПОЗИТИВ Инвест» ЖШС-тегі үлестерге ие.

Негізгі қызметінен бос уақытында Вячеслав Ким қоғамдық қызметпен айналысады. Байқағанымыздай, оған шығыс жекпе-жегі көбірек ұнайды. 2016 жылдан 2019 жылға дейін ол қазақстандық кендо және иайдо федерациясын басқарды, ал 2013 жылғы 11 қарашада Қазақстан таэквондо федерациясының президенті болып сайланды.

Мұндай «қамқор» басшының арқасында федерация жақсы қаржыландыруға қол жеткізе бастады, спортшылар барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілді: форма және спорттық жабдықтар. Жаттықтырушылар қатары осы спорт түрінен жоғары нәтиже көрсеткен елдердің мамандарымен толықтырылды.

Бөлінген қаражат Олимпиададағы таэквондошылардың жетістіктеріне әсер етпегені өкінішті, әрине...

«ҚАЗАҚСТАН ВЕЛОСИПЕД СПОРТЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫ» ҚБ

2012 жылғы Лондон Олимпиадасы атақты қазақстандық велошабандоз Александр Винокуровқа алтын медаль сыйлап, спортшының мансабына нүкте қойды. Винокуров Олимпиададан кейін өзінің үлкен спорттан кететіні туралы жариялады, содан кейін бірден «Астана» велокомандасының бас менеджері болды.

Құрамада мықты спортшылардың болғанымен, Винокуровтың жетістігін ешкім қайталай алмады. Париж Олимпиадасында Қазақстан атынан екі велошабандоз – Алексей Луценко мен Евгений Федоров қатысқанымен, бірде-біреуі жүлделі орындарға қол жеткізе алмады.

Мұның себебін велосипед спорты федерациясының президенті Райымбек Баталов анықтауы тиіс.

Қоғамдық қызметке ол 2023 жылдың қыркүйегінде сайланып, федерацияның бұрынғы басшысы, еліміздің ең ықпалды кәсіпкерлерінің бірі Нұрлан Смағұловтың алдын орады. Forbes-тің өткен жылғы қазандағы тізімінде Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің арасынан 13-ші орын иеленген кәсіпкердің бұл лауазымға неліктен мұқтаж болғаны белгісіз.  

Алайда, бір жыл бұрын Райымбек Баталов басқа қоғамдық ұйым – «Атамекен» ҰКП тізгінін қолға алғанына қарағанда, қоғамдық қызметке «тәбеті» арта түскендей.

Бүгінде Райымбек Баталов – құрамына Raimbek Agro, «Раимбек групп плюс», City Fair Trade ltd, Raimbek Bottlers Group компаниялары кіретін Raimbek Group холдингінің иесі және директорлар кеңесінің төрағасы. «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы және Басқарма мүшесі, «Даму» КДҚ» АҚ тәуелсіз директоры, директорлар кеңесінің мүшесі, Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі, Ұлттық құрылтай және Қазақстан Президенті жанындағы реформалар жөніндегі жоғары кеңестің мүшесі.

ШЫҰ-ның Іскерлік кеңесінің, «Қазақстан кәсіпкерлерінің форумы» қауымдастық кеңесінің төрағасы. ҚР суасты спорты федерациясының, Enactus Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы. Қазақстан велосипед спорты федерациясының президенті, «Қарттар» құқықтық қолдау орталығы ҚҚ тең құрылтайшысы.