×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Істі болған құрылтайшы, жасырын қаражат: «Харекет» қоры туралы не мәлім

27.09.2024, 10:32
Істі болған құрылтайшы, жасырын қаражат: «Харекет» қоры туралы не мәлім
ulysmedia

Әлеуметтік желіде мұқтаж жандарға баспана сыйлаумен танымал болған «Харекет» қорына қатысты видео тарап, көпшілік тарапынан қор жұмысының ашықтығына қатысты күмән көбейді. Өйткені Қазақстанда қор нарығында қор жұмысына қатысты ақпаратқа қол жетімділіктің шектеулі болуы және қаржылық есеп толық жарияланбайтындығы сенімсіздік тудырады.

Әлеуметтік желіде тараған видеодағы әйел 2020 жылы Харакет қоры сыйлады деген үйді көрсетіп, баспананың тозып кеткенін айтып, шағымданады.

Видеода Талдықорған маңында тұратын екі жарымжан баласы бар әйелдің үйін көрсетілген. Онда дәретхана мен моншаның талапқа сай еместігі, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмағаны айтылады. Осы орайда Ulysmedia агенттігі аталған қордың жұмысына шолу жасап көрді.

ҚАРЖЫ ҚАЛАЙ ЖИНАЛАДЫ

Мұқтаж жандарға баспана берумен танылған «Харекет» қайырымдылық қоры соңғы екі жылда 2  мыңнан астам баспана үлестірген. Қордың жұмыс істеу тәсілі негізінен халықтан қаржы жинау арқылы ұйымдастырылды.

Қор өкілінің айтуынша, қорға қаржы халықтың берген көмегі есебінен жиналады.

«Қаржы әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы жиналады. Танымал тұлғаларды да тартамыз. Қор негізін қалаушы Мадияр Серікбайұлы болғандықтан «Өнер қырандары» тобының көп үлесі бар. Ең көп қаржы көп балалы аналар мен жалғызбасты аналарға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға баспана алып беруге жұмсалады», деген сол бір баспанаға қанша қаржы жұмсалатынын ашып айтпады, тек бухгалтерия бөлімі хабардар екенін атады.

Қор сайтында қайырымдылық ұйымының қызметі бірнеше салаға бағытталған: мұқтаж отбасыларға үй беру, әлеуметтік қолдау, түрлі қоғамдық шараларға, ауыр науқастарға көмек беру.

Қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімдерде Қор өз қызметі туралы есепті сайтта немесе әлеуметтік желілерде, БАҚ-та жариялауға міндеттенеді. Қор сайтында халықтан жиналған қаржылық есебін толық жарияламаған және қаржының нақты қай бағыттарда жұмсалғандығы белгісіз.

Тек Қазақстан қалалары мен аймақтары бойынша 2018-2024 жылдар аралығында берілген үйдің саны мен үй иелерінің есімі көрсетілген. Әкімшілік шығындар, сондай-ақ басшылардың жалақысы туралы ақпарат мүлде жоқ. Өйткені көптеген қайырымдылық ұйымдарының басшылары жоғары жалақы алуы ықтималдығы жоғары және халықтан жиналған қаржының тиімді жұмсалмауы сұрақтар туғызады.

«Харекет» қайырымдылық қоры 2017 жылы Алматы қаласының Әділет департаментіне тіркеліп, лицензия алған.

СОТТЫ БОЛҒАН

Қор сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 2017 жылы Гүлмира Мұханқызының бастамасымен «Харекет «қайырымдылық қоры»қоғамдық қоры құрылған. Кейін қорға «Өнер қырандары» театрының жетекшісі Мадияр Серікбаев қор құрылтайшыларының бірі ретінде қосылып, театр ұжымымен бірлесіп аймақтарда қайырымдылық концерттерін өткізген.

Құрылтайшы Гүлмира Мұқанқызының қызы Айдана Қалдыбек қордың қазіргі директоры.

Қазір қордың үш құрылтайшысы бар: Гүлмира Мұқанқызы, Мадияр Серікбаев, Алғадай Абдыхожаев. Adata ашық дереккөзіндегі мәліметке сүйенсек, қор құрылтайшыларының бірі сотты болған.

Қор өкілі құрылтайшылардың сотты болуының қор жұмысына қатысы жоқ екендігін атады.

«Іс туралы болса, Гүлмира Мұқанқызы...баяғы жылдардағы көрсеткіш. Одан кейінгі өмірінде ол кісі қайырымдылықпен айналысады», - деді ол агенттік тілшісіне берген сұқбатында.  

Айта кетейік, заң бойынша жұбайлық және жақын туыстық байланысы бар адамдар қордың қамқоршылық кеңесiнiң көпшiлiк мүшесi, сондай-ақ осы қордың штаттағы қызметкерлерi бола алмайды. Одан бөлек қордың некеде тұрумен, жақын туыстықпен немесе жекжаттықпен байланыспаған басшысы мен бухгалтерi болуға тиiс. Бiр адамның екi қызметтi қатар iстеуiне болмайды.

Алайда қор сайтынан қамқорлық кеңесінің көпшілік мүшесінің аты-жөнін, я болмаса өзге де қызметкерлері жайында ақпарат алу мүмкін емес.

ҚОР ТАБЫСЫ ҚҰПИЯ

Қор сайтында қордың қаржылық құжаттары және салық есебі туралы дерек жоқтың қасы. Ашық дерекөздегі мәліметке сүйенсек, қордың салық төлеу бойынша тәуекел деңгейі орташа санатқа жатқызылған. Бұл қордың салық берешегі болғанын және бірнеше мәрте төлем мерзімін кешіктіргенін білдіреді.

Қор бюджетке 2023 жылы 62,8 млн теңге, 2024 жылы 52,7 млн теңге төлеген.

Кез келген қайырымдылық қорының қызметі ашықтық пен есеп беруді талап етеді. Алайда «Харекет» қоры халықтан жиналған қаржы ресурсының қалай басқарылатыны туралы қоғамдық есепті шынайы көрсететіндігі күмән тудырады.

ЗАҢ ЖОҚ

Сарапшы Бауыржан Мақұлбаевтың айтуынша, Қазақстанда жұмыс істейтін қайырымдылық қорларының жұмысын реттейтін арнайы заңнама да, уәкілетті орган да жоқ. Сондықтан есебі белгісіз қорлар қаржыны жеке мүддесіне  пайдалануы әбден мүмкін екендігін айтады.

«Қазақстанда қайырымдылық қорларының есеп-қисабы мүлде жабық деп айтуға болады. Себебі халық алдында немесе уәкілетті орган алдында есеп беруі, қаражаттың тиімді жұмсалуы, қайырымдылық мақсаттарына жете алуы деген сияқты есептер мүлде жоқ. Заңмен де белгіленбеген. Ал осы қайырымдылық қорларының жұмыс істеуіне бекітілген уәкілетті орган да жоқ. Мемлекеттік тіркеуден өткен соң үш адам құрылтайшы болып бекітіліп, жұмыс істей бастайды. Қайырымдылық қорлары көбінде қолма қол төлеммен де жұмыс істейтін болғандықтан салық органдары да ретке келтіруі қиын. Бұл қолданыстағы заңнаманың әлісіздігі деп санаймын және олардың ісін ретке келтіретін қоғамдық пікір де қалыптаспағандықтан алаяқтар өз мақсатына пайдаланып кетуі де мүмкін», - дейді Қазақстан заңгерлер одағының Алматы қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Мақұлбаев.

Осыған ұқсас мысал ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Зекет қайырымдылық қорының ашық есеп жүргізбейтіндігі қоғамда жиі сынға ұшырап келеді.

Көпшілік аталған мәселелердің шешімі үшін мемлекеттік органдардың рөлін күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қатаңдату қажеттігін жиі айтады.

Қазақстанда салық төлеуден жалтару заңсыз және оған айыппұлдар, төленбеген салықтың үстемесі және қылмыстық жауапкершілік секілді шаралар қолданылуы мүмкін.