Белгілі экономист, Президенттің экс-көмекшісі Олжас Құдайберген бала туу қарқыны төмендеп кеткен дамыған елдердің өздері халық санын толтыру үшін сырттан босқындарды қабылдауға мәжбүр екенін мәлімдеді деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол үш баласымен бірге өзіне қол жұмсаған әйелдің өлімі қоғам мен мемлекетте ешқандай елеулі өзгеріс жасауға түрткі болмағанына өкініш білдіріп, оның ішінде, әсіресе, пайызы тым жоғары шағын несиелеу саласының реттелмей жатқанына қынжылды. Сондай-ақ, сарапшы, көпбалалы отбасыларды жатыпішерлікке немесе асырай алмауға кінәлаудың бұрыстығын нұсқап, мәселеге тереңірек үңілуге шақырды.
«Бір әйелге 3,1 бала туу қала (2,8) мен ауыл (3,6) арасында біркелкі бөлінбеген, ал егер жастардың қалаға ағынын алып тастасақ, онда сәйкессіздіктер одан да ауқымды болады, бір жерде 2,3-тен 4,1-ге дейін. Шын мәнінде, бүкіл ел санының өсуі сауатсыз деп айыпталатын, алайда керісінше жанашырлық пен қолдауға лайық ауылдың есебінен қамтамасыз етілуде. Тағы бір мәселе - келесі балаға шешім қабылдау үшін ауыл тұрғындары қандай жайттарды салмақтауы керек? Өз жалақыңызды есепке алу (сала бойынша ең төмен), бизнес жүргізу жағдайларын бағалау (өте төлемге қабілетсіз ауыл халқы кезінде), ауылдық мектептер мен ауруханалар сапасының төмен деңгейін бағалау керек пе? Ауылда мүлдем бала тумау туралы шешім қабылдауға барлық жағдай «жасалған», бірақ бұл барлық қауіп-қатерге қарамастан ауыл бала санын көбейтіп, елді алға жылжытуда», – деп келтірген Олжас Құдайберген баланың қолайлы өмірі үшін алыс болашақты болжау мүлдем мүмкін еместігін, дегенмен ұлтты өркендететін оның жарқын келешегіне үміт екенін, оны жоғалтпау қажеттігін айтты.
Жазба иесі адамзат кейінгі 70 жылда ғана жақсы өмір сүре бастағанын, қазір кедейлер санын көбейтудің қажеті қанша деп мұрнын шүйірушілердің көбісінің ата-бабасының жағдайы нашар болғанын, алайда қазіргі ұрпақты дүниеге әкеліп, ер жеткізгенін еске салды.
«Бірақ егер туу мәдениеті менталитетке қатысты болса, онда қалай болу керек? Көпбалалы болу менталитетіне қалай қарамақ абзал? Мұнда бір ғана жауап бар – оны барлық жағынан қолдаған ләзім, өйткені бұл нәзік нәрсе. Бір рет жоғалтып алсаң, оны кейін қалпына келтіру қиын. Барлық дамыған елдер бұл мәдениетті жоғалтып, енді мигранттар ағымының есебінен өмір сүруге мәжбүр, бұл, әрине, ерте ме, кеш пе қоғамның құндылықтарына және жалпы мемлекеттік басқару сапасына айтарлықтай әсер етеді. Ұлт санының азаюы жаңа басталған кезде мигранттардың ағымы оң фактор ретінде қарастырылады, бірақ халық қартайған сайын мигранттардың үлесі артып, тілдік және мәдени анклавтардың пайда болуына ықпал етіп, қоғам тұтастығын бұзуға ықпал етеді. Мигранттар жергілікті мәдениет пен құндылықтарды қабылдағанның өзінде, екі мигранттың бірі титулдық халықты алмастырады (өйткені әлемде адамзат санының өсуі кедей елдерге келуде) немесе мигранттар да аз туа бастайды, демек, тұтастай алғанда елдер құлдырау траекториясына түседі, өйткені барлық қолданыстағы экономикалық жүйелер егде жастағы тұрғындардың төмен үлесіне арналған. Жалпы алғанда, кез-келген елде бір жұмыспен қамтылғанға бір және одан да көп жұмысыз болған кезде қиынға соғады», – деп түсіндірді сарапшы.
Көпбалалы отбасылармен белсенді күресіп, бір отбасы 1 баланы дүниеге әкелетін жаңа менталитет қалыптастырған (бұл 40-50 жыл ішінде ұлт санының екі есе азаюын білдіреді) Қытай мен Сингапурдың зор қауіпті түсініп, елдер тууды белсенді түрде ынталандыруға шешім қабылдағанын, бірақ бұл сәтсіз болғанын әңгімелеген экономист, Сингапурда 10 жылдан бері жүктілікті қолдау үшін әйел бала көтергеннен бастап $130 мыңға дейін беріп, мектеп пен ауруханалар сынды қуатты әлеуметтік жүйесі қамтамасыз етілсе де, туу деңгейі бәрібір баяулап жатқанын тілге тиек етті. Ол Израильдің де көпбалалы мәдениетті ұстанып отырғанын келтіруді ұмытпады.
Ал Қазақстанда жағдай қалай? Сарапшының сөзінше, жыныстық-жас пирамидасы үнемі құлдырап (бұл әлеуметтік инфрақұрылымды жоспарлау кезінде күрделілік пен қайшылықтар тудыруда), көпбалалы болу бірте-бірте азаюда. Қазір шамамен 4 млн отбасының 330 мыңының ғана 4 және одан да көп баласы бар (8%), небары 230 мың отбасы 5 және одан да көп бала тәрбиелеуде (5%). Егер олар 3 бала туа бастаса, онда туу коэффициенті 2-ге төмендейді (өйткені 1 баласы бар немесе тіпті балалары жоқ отбасылар бар, негізінен бедеулік проблемаларына байланысты). Келесі жайт та қызықты. Әйелдер 40 жасқа дейін, ең көбі 45 жасқа дейін туады. Дамыған елдерде туудың төмендеуі тууды 30 жасқа дейін және одан кейін кейінге қалдыруға байланысты. Қазақстанда бірінші баланың туылу жасы 20-дан 25 жасқа дейін өзгерген, сондықтан мәселеге жауапты қарайтын ата-аналар бірінші баланың туылуын 30 жастан кейін ауыстыру ықтималдығы жоғары. Әрине одан әрі көтерілмейді. Мәселе тек төменгі деңгейде, ал отбасы неғұрлым жас болса, олардың бала тууға тиісінше материалдық мүмкіндіктері аз.
«Қазақстандағы көпбалалы отбасылар, әсіресе ауылдарда, қолдаудың жетіспеушілігіне шағымдануға толық құқылы, өйткені ол дамыған елдердің деңгейінен 5-10-20 есе төмен. Бірақ, шын мәнінде, бізде көпбалалы отбасылар шағымданбайды, олар күн сайын балаларды тамақтандыру және киіндіру сияқты жайттармен арпалысуда, әлеуметтік желілерге мұршалары жоқ. БАҚ-қа бірнеше жағдай ғана жетуде, тіпті наразылық білдіруге шыққандар да бұл максимум ондаған әйел, ал негізгі бөлігі лайықты қолдау көруден үміт үзіп, кем дегенде бір баланы өз бетінше бағып-қағып адам етуге тырысуда. Алайда, көпбалалы отбасылардың бейнесі жауапсыз жатыпішерлер, бала тууды міндетсінушілер ретінде қалыптасып үлгерді. Шын мәнінде бұл адамдар қиын жағдайда балалы болуды шешкен кезде мемлекет пен қоғамға пайда әкелуде (адам ресурстарына деген қажеттіліктің өтелуінен бастап, кедей көпбалалы отбасыларда пайда болатын таланттарға дейін)», – деген Олжас Құдайберген қаржы секторындағы мәселеге теріс пікірдегі жекелеген топ-менеджерлердің өздері мемлекет есебінен өмір сүріп жатқанын ескертті.
Автор Ұлыбританияны мысалға алып, барлық мектепте тамақтану мен оған қатынайтын қоғамдық көліктің тегін екенін, мектеп киімі өте арзандығын, пойыз бен қалааралық автобустарда балалар мен ересектерге көп жеңілдік берілетінін, тіпті кейбір өңірлерінде жоғары білім алудың ақысыз екенін, жалпы ата-аналарға балаға қамқорлық жасау барынша жеңілдетілгенін өрбітті.
«Дегенмен, бәрібір, британдықтардың өзі көпбалалы болу менталитетін қайтара алмауда! Сондықтан, кеш болмай тұрғанда, көзқарасымызды өзгертіп, мемлекеттің жауапсыздығын ата-аналардың жауапсыздығымен алмастырмай, көпбалалылық менталитетін көзіміздің қарашығындай сақтау керек», – деп түйіндеді экономист.