×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Тапсырыспен өлтіру, қудалау, соттау: Қазақстанда журналист болу неге қауіпті

10.10.2024, 08:07
Тапсырыспен өлтіру, қудалау, соттау: Қазақстанда журналист болу неге қауіпті
Коллаж Ulysmedia.kz

Журналист мамандығы әлемдегі ең қауіпті ондыққа кіреді. Әлемде саяси көзқарасы, өткір пікірі үшін шабуылға ұшыраған, өлтірілген, жазықсыз жалаға іліккен, сотталған әріптестеріміз мыңдап саналады. «Шекарасыз тілшілер» (RSF) халықаралық құқық қорғау ұйымының дерегінше, өткен жылы дүние жүзінде 45 журналист кәсіби міндетін атқару кезінде қаза болған. Сондай-ақ, былтыр 779 БАҚ қызметкері түрмеге түскен. Қазақстанда да абақтыға жабылған тілшілер аз емес. Олардың бір тобы саяси көзқарасы үшін сотталса, тағы бір шоғыры қолындағы ақпаратты манипуляция құралы ретінде пайдаланғаны үшін істі болды.

ТІРШІЛЕРДІ ТЫРП ЕТКІЗБЕЙТІН ЕЛДЕР

RSF ұйымының жазуынша, журналистерді абақтыға жабу – жаһан елдерінің жартысында қолданылатын репрессивті әдіс. Әлем бойынша тілшілердің ең ірі түрмесі – Қытай. Аспан асты елінде 121 журналист қамауда отыр. Одан кейінгі орында – Бирма, бұл елде 69 журналист абақтыға жабылған. Бұрын-соңды БАҚ қызметкеріне шығарылған ең ауыр үкім – 20 жылға сотталған фотожурналист Сай Зау Тхайке – осы елдің азаматы.

Журналистерді жазалаудан алғы шепте тұрған «үздік» бестікке Беларусь, Иран мен Түркия енеді. Мәселен, Ердоған режимі 2023 жылы 50 журналисті түрмеге жапқан. Ал Иранда 58 тілші абақтыға қамалса, олардың 21-і әлі күнге дейін қамауда отыр. Тегеран 2022 жылдың 16 қыркүйегінде қаза тапқан белсенді Махса Аминидің өлімінен кейін БАҚ өкілдерін қыспаққа алуды күшейтті. Негізсіз қамаулар мен ойдан шығарылған айыптаулардың көбеюі онсыз да қорқақтап жүретін журналистердің жігерін құм қылды.

Баспасөз бостандығы сөз болғанда, Қазақстанның көрсеткіштерімен де мақтана алмаспыз. «Шекарасыз тілшілер» ұйымы жариялаған Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінде 2022 жылы 122-орында тұрған Қазақстан былтыр 12 саты төмендеп, Угандадан кейінгі 134-орыннан көрінді. Ұйым Қазақстанда сөз еркіндігі нашарлап, интернетті бақылау күшейгенін мәлімдеді.

Расында, соңғы жылдары елімізде журналистерді қорқытып-үркіту, аяқтан шалу, түрмеге жабу жаңалық болудан қалды. Алысқа бармай-ақ, Ulysmedia-kz сайтына жасалған толассыз DDoS шабуылдары, тірнектеп жиналған барлық материалдардың бір-ақ сәтте өшірілуі біздің елде тілшілік қызметпен айналысу қауіпсіз емес екенін көрсетті.

САН МӘРТЕ СОТТАЛҒАН МАМАЙ

Cотталған журналистер туралы сөз болғанда ең әуелі ойға оралатын әріптесіміз – Жанболат Мамай. Тіркелмеген Демпартия көшбасшысына былтыр сәуірде үкім шығып, 6 жылға шартты түрде сотталды. Дәл осынша уақытқа қоғамдық-саяси, журналистік қызметтен шеттетілді. Сот атаулыға еті үйренген журналиске ең ауыр тигені де сол – жанын беріп істейтін ісінен қол үзу. 2029 жылға дейін кітап жазуына, басылымдарға, эфирге шығуына рұқсат жоқ. Қорғаушылары, қолдаушылары халықаралық ұйымдарға дейін шығып, әділдікке қол жеткізу үшін барынша күресті. Алайда апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Мамай ісін зерделеген БҰҰ жұмыс тобы Қазақстан үкіметіне үндеу жолдағанына қарамастан, Жоғарғы сот Жанболат Мамайдың кассациялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Зайыбы Инга Иманбайдың айтуынша, ендігі үміт – БҰҰ Адам құқығын қорғау комитеті.

Мамай ісінің хронологиясын оқырман есіне салар болсақ, саяси белсенді 2022 жылғы 25 ақпанда қамауға алды: бастапқыда Алматыда Тәуелсіздік монументі алдында өткен Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен 15 күнге қамады. Кейін оны «билік өкілін қорлау» және «жалған ақпарат тарату» баптары бойынша күдікті ретінде тергеу изоляторына ауыстырды. Бірнеше айдан соң Мамайға «Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деген тағы бір айып тағылды. Мемлекеттік айыптау нұсқасы бойынша Демпартия көшбасшысы 4 қаңтарда «Алматы арена» кешені маңында өткен митингіні ұйымдастырған адам болып шыға келді. Мамай тәртіпсіздікке қатыспағанын мәлімдеп, өзіне тағылған айыптарды саяси қудалау деп атады. Алайда оның өз сөзі де, қорғаушыларының дәлел-дәйектері де, Human Rights Watch, Amnesty International, Freedom House сынды халықаралық адам құқын қорғау ұйымдарының мәлімдемелері де оны арашалай алмады.

Бұл – Жанболат Мамайдың алғаш рет істі болуы емес. Ол көпшілікке 2011 жылы Жаңаөзен қаласында болған қайғылы оқиғадан кейін танылды. Сол жылы еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бейбіт ереуілінде полиция наразы топқа оқ атты. Дәл Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанына 20 жыл толған күні – 16 желтоқсанда ереуіл ел тарихында бұрын-соңды болмаған қантөгіспен аяқталды: ресми дерек бойынша, Жаңаөзен оқиғасында 17 адам қаза тапты. Билік ереуілге қатысқан мұнайшылармен бірге олардың талабын қолдаған бірқатар қоғам белсендісіне айып тақты. Олардың арасында Жанболат Мамай да бар еді. Оның үстінен «әлеуметтік араздық қоздыру» бабы бойынша іс қозғалды. 2012 жылы маусымда белсенді алдымен ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына қамалып, кейін Ақтаудағы тергеу абақтысына жабылды. Көп ұзамай Жанболат Мамай істеген ісіне өкінетінін білдіргеннен кейін жауапкершіліктен босап, бостандыққа шықты.

Сол жылы журналист «Трибуна» басылымының бас редакторы қызметіне кірісті. Ол басқарған кезде басылым бірнеше рет сотқа тартылып, атауын өзгертуге мәжбүр болды, кейін біржола жабылды.

2017 жылы Мамай тағы тұтқындалды. Оған «БТА Банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовпен ымыраласып, «қылмыстық жолмен табылған қаржыны газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты» деген айып тағылды. Сот Мамайды кінәлі деп танып, 3 жылға бостандығын шектеді. Дүние-мүлкі тәркіленіп, үш жыл журналистік қызметпен айналысу құқығынан айырылған.

7 ЖЫЛ АРҚАЛАҒАН ДУМАН

Билікті сынға алғаны үшін қудаланған тағы бір әріптесіміз Думан Мұхамедкәрім тіпті ауыр жаза арқалады. Құқық қорғаушылар «саясиланған іс» деп таныған журналистің жабық соты биыл ақпанда басталып, тамызда үкім шықты. «Экстремизмді қаржыландырып, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деп айып тағылған Мұхамедкәрім 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге, журналист үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналыса алмайды.

Мұхамедкәрім – 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде дүрбелең ошағынан ақпарат таратқан санаулы журналистердің бірі. 2023 жылдың басында ол 238 адам қаза тапқан қырғын жайлы белсенді айта бастады. Көп ұзамай Мәжіліске мажоритарлық тәртіп бойынша кандидат атануға тырысқан тілшіні округтік сайлау комиссиясы  Конституцияның «республика аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан болуы керек» деген 51-бабы 4-тармағына сай емес деп, тіркеуден бас тартты. Думан Мұхамедкәрім Алматы облысы №12 бірмандатты сайлау округі комиссиясының әрекеті заңсыз болғанын сот арқылы дәлелдеп шықты.

20 наурызда журналист Facebook желісінде жазба жариялап, 21 наурыз күні түстен кейін алаңға шығатынын мәлімдеп, өзгелерді де оған қосылуға шақырғаны үшін қамауға алынды. Қамауда отырып аштық жариялады.

15 сәуірде ол қамаудан босатылып, халықты тағы да митингке шақыратынын мәлімдеді. 2 мамырда тағы 25 тәулікке қамауға алынды.

26 мамырда босап шыққан Думан Мұхаметкәрім 28 мамырда қайта қамауға алынып, экстремизмді қаржыландырды және тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты деген айып тағылды. Іске журналистің экстремистік ұйым деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, шетелде қашып жүрген БТА-банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған.

Думанның адвокаттарының айтуынша, Әблязовпен сұхбатта журналист экс-банкирді қолдайтын, онымен келісетінін білдіретін бір ауыз айтпаған. Алайда істегі сарапшы журналистің сұхбатында «экстремизмді қолдау» бар деген қорытынды шығарды. Соның негізінде үкім шығарылып, тергеу изоляторында онсыз да азып-тозған, денсаулығынан айырылған Мұхамедкәрім тар қапасқа 7 жылға жабылды.

Заң рұқсат етпейтін бірде-бір себеп жоқтығына, белсенділер мен журналистердің наразылығына, журналистің бірнеше мәрте аштық жариялағанына қарамастан соттың жабық режимде өтуі, Думанға болашақта қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салынуы істің саясиланғанына дәлел болса керек.

25 қыркүйекте Думанның ісі бойынша апелляциялық сот басталды. Ол да жабық өтетін болды. Сот алқасы процесті ашық өткізу туралы өтінішхатты қанағаттандырмаған. Үкімнің күші жойыларына үміттенуден қалған адвокаттары журналистің денсаулығына алаңдаулы. Ем-дом алмаса, жағдайы нашарлай түсуі мүмкін екенін айтады.

ІСІНЕ ӨКІНГЕН КОЗАЧКОВ

Өткір пікірлері, батыл зерттеулерімен танылған журналист Михаил Козачков та былтыр істі болып, 3,5 жыл шартты жаза алды.

Қаржы мониторингі агенттігі Михаил Козачковты 2022 жылдың 18 желтоқсанында  ұстады. Журналиске ұйымдасқан қылмыстық топқа (ҚР ҚК 262-бабының 2-бөлігі), рейдерлікке (ҚР ҚК 249-бабының 3-бөлігі), мемлекеттік құпияларды заңсыз жинауға және таратуға (ҚР ҚК 185-бабының 3-бөлігі) қатысты деген айып тағылды. Алайда тергеу изоляторында екі ай отырғаннан кейін тілшіге тағылған айыптар тізімі қысқарып, үйқамаққа ауыстырылды. Өзінің желіде жазуынша, бұған Козачковтың өкінетінін жеткізіп, тиісті адамдардан кешірім сұрауы себеп болған.

Кәсіби ортаны шулатқан іс қоғамның жіті назарында болды. Журналиске 2023 жылдың наурызында үкім шықты. Ол жеке өмірге қол сұққаны және жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігі негізінде 3 жыл және 6 ай бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Алайда Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде сот шартты жаза қолданды.

Козачков кәсіби қызметінен қол үзген жоқ. Істі болуы, керісінше, танымалдығын арттырып, желідегі оқырмандарының саны өсті. Өз алдына жеке БАҚ-қа айналған Kozachkov offside телеграм-арнасына бүгінде 105 мыңнан астам адам жазылған.

ӘДІЛБЕКОВ ІСІ: ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБАНЫҢ ӘЛЕГІ

Телеграмның ықпалды ақпарат арнасына айналғаны соншалық, ондағы жазбасы үшін әріптестеріміздің біріне 8 жылға сотталу қаупі төніп тұр. Наурызда қамауға алынған журналист Данияр Әділбековтың соты да қоғамның жіті назарында.

Оның істі болуына үш адам: энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов, журналист Гүлжан Ерғалиева және елорда әуежайының инвесторы Юсуш Рашед Альджаудердың арызы себеп болды.

 «Дикая Орда» телеграм-каналындағы анонимді жазбалары үшін журналиске екі бап бойынша айып тағылды. Оның бірі – Қылмыстық кодекстің 419-бабы мұнай трейдері Ерлан Саудагеровтің тапсырысымен энергетика вице-министрі Ерлан Аккенженов туралы көрінеу жалған сөз жеткізу, екіншісі – Гүлжан Ерғалиева мен астаналық әуежайдың топ-менеджері Юсуш Альджаудер туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату (274-бабы) бойынша.

Телеграм-каналында энергетика вице-министрінің коррупциялық схемасынан шаршаған шетелдік инвесторлардың жанайқайы туралы жазған. журналист E-otinish арқылы жауапты мекемені вице-министрдің жұмысын тексеруге шақырған. Тергеу мәліметтері бойынша, вице-министрге қатысты айыптау ақпаратын мұнай-трейдері Ерлан Саудагеров тапсырыс арқылы жаздырған. Саудагеров ол ақпараттар ашық дереккөзде тұрғанын алға тартады. Ал Энергетика министрлігі аталған жазба бойынша жүргізілген қызметтік тексеріс нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық қаупі анықталмағанын алға тартты.

Бір қызығы, сотта Ақкенженов Әділбековтің қай сөзінің көпе-көрінеу жалған екенін дәлелдей алмады, жәбірленушінің адвокаты сұраған қағаздарды да ұсынуға құлық танытқан жоқ. Ол Саудагеровті де, Әділбековті де бас бостандығынан айыруды талап етпейтінін жеткізді. Бар болғаны сот арқылы нұқсан келген ар-абыройы мен беделін қорғауға ниетті.

Әділбековті айыптап отырған журналист Гүлжан Ерғалиева оны бас бостандығынан айыруға мүдделі емес екенін айтып, ақырғы шешімді судьяға қалдыратындарын мәлімдеді. Данияр «Дикая Орда» телеграм-каналында Бишімбаевтың адвокатынан сұхбат алғаны үшін Ерғалиева 5-10 млн теңге алғаны жайлы шындыққа жанаспайтын ақпарат жарияланғаны үшін әріптесінен кешірім сұрады. Бишімбаевтың түрмеде айтқан сөзіне сүйенгенін, журналистің ақша алғанына еш дәлелі жоғын мойындады.

Қорғаушысы Даниярдың ісінде қылмыстық құрам жоқ екеніне сенімді. Әріптестері де мәселені азаматтық тәртіпте қарап, шығын мөлшерін белгілеп, сотқа жеткізбей ақпаратты жоққа шығартуға болар еді дейді. Желідегі үш-төрт жазба үшін 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру тым қатыгездік екенін айтады.

Қазақстандық БАҚ-ты былай қойып, АҚШ журналистері назарда ұстап отырған бұл іс мәреге жақын. Қандай жаза берілсе де, Әділбеков кейсі тілшілердің ғана емес, желіде нан тауып жүргендердің де бұдан былай аңдап басуына ықпал етері сөзсіз.

СОЛҚЫЛДАҚ ЗАҢ: ТҰТЫЛҒАНДАР МЕН ҚҰТЫЛҒАНДАР

Журналистің қаруы да, қалқаны да – ақпарат. Қолындағы деректі біреу көптің мүддесі үшін пайдаланса, енді біреу қара бастың қамы үшін қолданады. Ақшаға құнығып, ардан да, заңнан да аттайтындар бар. Былтыр 9 жылға сотталған журналист Махамбет Әбжанды әріптестер осы санатқа жатқызды.

Тілшіні Антикор 2022 жылдың шілдесінде Astana Tower бизнес орталығы алдында 50 миллион теңгемен ұстады. Тергеу дерегінше, ол кәсіпкерлерді абырой-беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді БАҚ-қа жариялап жіберемін деп қорқытқан.

Былтыр 3 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Әбжан Махамбетті кінәлі деп тауып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Аппеляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Ерлі-зайыпты журналистер Владимир және Наргиз Северныйлар да 194-бап бойынша сотталып, 7 және 8 жылдан арқалады.

Іс материалдарына сүйенсек, Владимир Северный бопсалау мақсатында «Берекет Ф» ЖШС басшысы Фаталиевті қаралайтын мақалалар сериясын жариялаған. Сәуір айында Алматыдағы мейрамханалардың бірінде Владимир мен Наргиз Северный Фаталиевтен «Берекет Ф» ЖШС-ға қатысты жағымсыз материалдарды жариялауды тоқтату үшін 15 млн теңге талап еткен. Олар кәсіпкерден 5 млн теңге бопсалап тұрған сәтте ұсталған.

2019 жылғы маусымда Наргиз Северная әлеуметтік желіге Алматыдағы кофеханалардың бірі туралы жағымсыз материал жазған. Ол мақаланы газетке жарияламау үшін кофехана басшысы Дмитрий Дремасовтан 500 мың теңге талап еткен. Біршама уақыттан кейін бопсалаушы жәбірленушіден 200 мың теңге алған.

Владимир Северный бопсалау фактісі бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Наргиз Северная да алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде адамдар тобының құрамында бірнеше рет бопсалау фактісі бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға сотталды.

Елімізде заң солқылдақ екенінің тағы бір дәлелі – 2017 жылы дәл осы 194-бап бойынша айыпталған журналист, медиаменеджер Бигелді Ғабдуллин кінәсі дәлелденсе де шартты жазамен құтылған еді.

Тергеу мәліметінше, Central Asia Monitor және Radiotochka.kz бас редакторы Бигелді Ғабдуллин қарауындағы бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың басшыларына қатысты абыройын түсіру және жағымсыз материалдар жариялау жолымен ақпараттық шабуылды үдеткен. Осыдан кейін Ғабдуллин сынды азайтқаны үшін лауазымды тұлғалардан өз медиа ресурстарына мемлекеттік тапсырыстарды бопсалаған. Қылмыстық іс материалында жәбірленуші ретінде мүйізі қарағайдай шенеуніктердің есімі аталды: БАҚ басшысы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алу үшін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтан, Астана әкімі орынбасары Ермек Аманшаевтан, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов және Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаевтан ақша талап еткен.

Десе де, бұл қылмысы үшін 5 жыл шартты жаза алып, сот залынан босап шықты. Тілшілерге берген сұхбатында Ғабдуллин экс-президент Назарбаевтың шешуші сөзі арқасында босап шыққанын жеткізіп, оған алғыс жаудырғанын әріптестеріміз әлі күнге дейін айтады.

СОҢЫНА ДЕЙІН КҮРЕСКЕН МАТАЕВТАР

Президенттен  кешірім сұрағандар көп шығар, алайда биліктегілердің билігі жоқтар алдында төменшіктегенін ести қоюыңыз екіталай. Құлағымызбен естіп, көзімізбен көрген сондай сирек (біздің салада тіпті жалғыз) оқиға – нақақтан жабылған жаладан ақталған  әкелі-балалы Матаевтардан Жоғарғы сот судьясының мемлекет атынан кешірім сұрауы.

Естеріңізде болса, 2016 жылы Қазақстан журналистер одағының жетекшісі, Ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев 6 жылға, оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев 5 жылға сотталған еді.

Іс материалдарына сүйенсек, Антикор «ҚазТАГ агенттігі мен Ұлттық баспасөз клубының мемлекеттік саясатты ақпарат арқылы таратуға және басылымдарда материал басу үшін ақпараттандыру комитеті мен «Қазақтелеком» компаниясына бөлінген 300 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғанын» анықтаған. Сондай-ақ, тергеу органдары Матаевтарды салықтан жалтарды деп айыптады.

Қазақстанда да, шетелде де саяси астары бар деп танылған іс бойынша Матаевтардың кінәсі тағылған айыптардың ешқайсысы бойынша дәлелденбеді, соған қарамастан сот айыптау үкімін шығарудан тартынбаған. Сонымен бірге Матаевтарды тапсырыс бойынша қудалауға қатысушылардың ешқайсысы әлі күнге дейін жазаға тартылған жоқ.

2022 жылдың 5 шілдесінде заңгер Джохар Өтебеков бас прокуратураның Матаевтарға қатысты әділетсіз шығарылған үкімге қарсылық енгізгенін мәлімдеді. 8 шілдеде Сенат пен Мәжілістің бірқатар депутаттары тиісті арызға қол қоя отырып, Матаевтардың толықтай ақталуына үмітті екендері белгілі болды.

19 шілдеде Жоғары сот Матаевтарды толығымен ақтады, ал оларға қарсы жүргізілген қылмыстық істі заңсыз деп таныды. Жоғары соттың судьясы Матаевтарға қатысты ақтау үкімін оқу барысында олардан мемлекет атынан кешірім сұрады.

НҰРҚАДІЛОВТЕН СҰХБАТ АЛҒАН ЖУРНАЛИСТ ОҚЫСТАН КӨЗ ЖҰМДЫ

Асылхан Мамашұлы, журналист:

– Қазақстанда саяси журналистерге қысым жасау, қудалау, қамау 2000 жылдардан кейін басталды.1998 жылдары мемлекет біраз тәуелсіз телеарналар мен радиоларды жауып тастады. Сол кезде біраз журналист қысымға ұшыраған. Мәселен, «Дат» газетінің тарихын алып қарасаңыз, ол атауын сан рет ауыстырды. Басылым журналистері көп қысым көргеніне қарамастан, газетті бүгінге дейін алып келді. Мәселен, жиырма жылдан астам уақыт табан аудармай істеген Бақытгүл Мәкімбайдың үстінен талай мәрте іс қозғалған. Тоқтаусыз қудаланса да, ұстанымына, кәсібіне адал боп, коронавирус пандемиясы кезінде қайтыс болды.

Одан бөлек, Асхат Шәріпжанов деген журналисті Заманбек Нұрқаділовтен сұхбат алғаннан кейін көлік қағып өлтірді. Оның жазатайым оқиғадан көз жұмғанына көпшілік сенген жоқ, тапсырыспен өлтірілді деп санайды жұрт. Сондай-ақ, «Закон и правосудие» газетінің тілшісі, сыбайлас жемқорлық тақырыбын зерттеуші Оралғайша Омаршанова із-түссіз жоғалып кетті.

2000 жылдардың басында түрмеде отырып шыққан Сергей Дувановты да әріптестеріміз билікті сынағаны үшін саяси қудалауға ұшырады деп есептейді. Журналист түрмеде отырғанда үзеңгілестері оның мақалаларын жинақ етіп шығарған, алайда кітап оқырманға жеткен жоқ: шекарадан өткізу кезінде кеден қызметкерлері түгел өртеп жіберген.