×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

30 есе құлдыраған: Қазақстан мен Украинаның сауда-саттығы қалай өзгерді

22.10.2024, 09:01
30 есе құлдыраған: Қазақстан мен Украинаның сауда-саттығы қалай өзгерді
Ulysmedia коллажы

Ресей Украинаға басып кірген 2022 жылдың ақпан айынан бері бүкіл әлемде сауда-саттық тізбегі көп өзгеріске ұшырады. Қазақстан да осынау экономикалық аумалы-төкпелі кезеңнің салдарын бастан кешіп келе жатыр. Соғыс басталғалы Қазақстанның өзара сауда тізбегі қатты өзгеріске ұшыраған мемлекеттің бірі – Украина. 2014 жылы Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері тізімінде алтыншы орында тұрған Украина бүгін де «отыздықта» да жоқ. Жалпы соғыс салдарынан туындаған осы фактор қай мемлекетке көбірек шығын келтірді? Екі елде Ресейді айналып экономикалық байланысты орнату мүддесі бар ма? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрді.

ҚАЗІРГІ АХУАЛ

Әуелі Ұлттық статистикалық бюроның мәліметтеріне үңіліп көрелік. Екі елдің арасындағы өзара сауда-саттық бойынша соңғы мәлімет – 2024 жылдың қаңтары мен тамызы аралығында жаңартылған. Сегіз айдың ішінде екі елдің өзара тауар айналымы 264,6 млн долларды құраған. Оның ішінде Қазақстан 49,2 млн доллардың тауарын экспорттаса, Украинадан 215,6 млн доллардың тауары келіп жеткен.

БҰРЫН ҚАЛАЙ ЕДІ

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сауда серіктестерінің рейтингінде Украина 35-ші орында тұр. Бұл – бүкіл сыртқы сауданың бар-жоғы 0,3 пайызы. Соғыс басталмаған 2015 жылы Украина бұл рейтингте 15-ші орында, ал 2014 жылға дейін алтыншы орында еді. 2021 жылы өзара тауар айналымы 1,1 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіш 2012 жылы тіпті 5,6 млрд долларға жеткен болатын. 2022 жылы Ресейдің басқыншы соғысы басталғаннан кейін бұл көрсеткіш әуелі 533 млн долларға, ал былтыр тіпті 391 млн долларға дейін құлдырады.

Тауар айналымының бұлайша құлдырауының себебі белгілі: Ресейдің саяси ықпалы салдарынан транзит жабылды. Ал өзара тауар айналымын қалпына келтірудің бірден-бір амалы – Ресейді айналып өту. Бұл амал-әдіс екі елдің кәсіпкерлеріне орасан зор шығын. 2023 жылы басты экспорттық өнім – көмірді Қазақстан Украинаға жеткізуді тоқтатты.

ӨЗАРА САУДА: НЕ САТАМЫЗ, НЕНІ САТЫП АЛАМЫЗ

2022 жылы Қазақстан Украина көмір, минералды тыңайтқыштар, ферроқорытпалар, металлопрокат, мырыш сатып келген. Ал Украинадан көп мөлшерде тәтті-дәмділер, ірімшік, құс еті, дәрі-дәрмек, ауыл шаруашылығы техникалары жеткізілетін. Алайда сол жылдың соңына қарай тауардың осы түрлері бойынша өзара алыс-беріс күрт құлдырады, кейбір тауар түрлері тіпті тоқтап қалды.

2023 жылы Қазақстан Украинаға негізінен пропан мен бутанды экспорттады. Бұл бағытта түскен табыс $12,2 млн – 2022 жылмен салыстырғанда 6,5 есе азайған түрі.  Жалпақ метал ($10,5 млн, көлемі 1,8 есе азайды), күнбағыс, қыша, мақсары тұқымдары (3,7 млн – көлемі 7 есе өсті), электр аккумуляторлары ($2,9 млн, көлемі 3% қысқарды), күріш және қарақұмық жармасы (2 2,8 млн, көлемі 3,5 есе қысқарды) да сату көлемі азайды.

Украина Қазақстанға  импорт ретінде негізінен азық-түлік тауарларын сатады. Оның ішінде: тәттілер ($39,8 млн, көлемі 1,6 есе өсті), фармацевтикалық өнімдер (30,3 млн, көлемі 1,9% - ға азайды), сиыр еті мен тауық еті (25,7 млн, көлемі өзгерген жоқ), ірімшіктер мен сүзбе (19,4 млн, көлемі 34,7% ұлғайды), мұздатылған қамыр ($15,2 млн, көлемі 29,4% - ға азайды), қағаз ($10,7 млн, көлемі 9,3% - ға өсті), сары май (7 7 млн, көлемі 2 есе өсті), жүгері (3 3,8 млн, көлемі 3 есе өсті). 

Соғысқа қарамастан Қазақстанда украиналық компаниялар жұмысын жалғастырып келеді. Еxclusive.kz мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша Қазақстанда Украинаның қатысуымен жұмыс істеп тұрған 1330 фирма тіркелген. Оның 290-ы бірлескен кәсіпорын және 1040-ы шетелдік меншік нысаны бар фирмалар. Олар негізінен саудада, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте, әкімшілік және көмекші қызметте жұмыс істейді.

ӘЛЕУЕТТЕН ГӨРІ, КЕДЕРГІ КӨП

Екі елдің сауда-саттық байланысының келешегі қандай болуы мүмкін? Жалпы екі елде Ресейді айналып экономикалық байланысты орнату мүддесі бар ма? Ulysmedia.kz тілшісі осы сұрақты Қазақстанның экономистеріне қойып көрген. Олардың жауабы алдында Қазақстандағы Украина істерінің уақытша сенімді өкілі Сергей Павленко бір сұхбатында келтірген сөзі назар аудартады. Павленконың айтуынша, «қазір екі елдің өзара байланысты нығайтуында әлеуеттен гөрі кедергілер көп, алда бұл байланыс тек нашарлай береді, қатынасты Каспий теңізі дәлізімен дамытуға болады, алайда оған уақыт керек» дейді ол.

Елшінің бұл сөзін экономист Жарас Ахметов те растайды.

«Бір кездері машина құрайтын көп сайманды солардан алып, оларға шикізаттың түр-түрін сататын едік. Қазір Ресейді айналып сауда-саттықты дамыту мүмкін емес. Жерорта теңізі арқылы тауар жеткізуге тырысамыз ба? Оның шығыны өте үлкен, жұмысы қиын», – дейді ол.

Ал экономист Сапарбай Жобаев Украинаның ТМД қатарынан шығып, Еуропаға жол тартқанын айтады. Оның сөзінше, Шенген визасы ашылса, қазақстандықтарға Украинаға кіру өте қиынға айналатынын атап өтеді.

«Украинамен енді сауда-саттық байланысын жасау қиын. Себебі біріншіден, саяси себеп десек, екіншіден географиялық жағдай бар. Біз қайткен күнде де Украинамен сауданы Ресей арқылы жүргізуіміз керек. Басқа жол жоқ. Метал өткізейік десек, Ресей өткізбей қоюы мүмкін. Соғыс ошағы саналатын Донецк пен Луганск біз жаққа жақын, сондықтан ол жаққа бару қиын. Бірлі-жарым адам Еуропа арқылы сауда жасап жатыр. Бірақ ол үлкен көлем емес, - дейді ол.

БҰЛ – РЕСЕЙГЕ ДЕ ТИІМСІЗ

Сапарбай Жобаев «Дружба» магистралі арқылы Қазақстанның мұнайы Германияға жеткізіліп жатқанын, «сол ғана қалғанын» еске салады.

«Кеңес дәуірінен бері Украинамен сауда-саттық байланыс жақсы еді. Жылу, энергетика, тамақ өнеркәсібі саласында байланыс жақсы болатын. Өкінішке қарай, бәрі тарихта қалды. Әрине, бұдан екі ел тең ұтылады. Керек десеңіз, Ресей де! Себебі транзиттен түсетін табыстан қағылғанынан бөлек, Ресей ғарышқа шығу үшін қажетті құралдың кейбірін Украинада өндіретін зауыттардан алып келген. Ресей енді оны өзі өндіре бастады. Украинадағы «Юромаш», «Тополь» зауыттары тоқтап қалды», - дейді Сапарбай Жобаев.