×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қып-қызыл өтірік: депутаттар заң қабылдарда неге шындықтан алыс мәліметтерді қолданады

11.11.2024, 12:07
Қып-қызыл өтірік: депутаттар заң қабылдарда неге шындықтан алыс мәліметтерді қолданады
Ulysmedia коллажы

Қоғамда тағы бір мәселе төңірегінде дау туды. Осы жолы ол парламенттен шықты. Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры емес, мәжілістің экология және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин болып отыр. Жақында Жаңбыршин мырза «Жануарларға жауапты қарау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігін айтып, иесіз ит пен мысықты өлтіруіміз керек депті. Комитет төрағасы неге бірден қатты кеткенін «шетелдік тәжірибе сондай» деп түсіндіреді. 

Мәжілісменнің бұл сөздері үлкен резонанс туғызды. Академиялық орта, салалық зерттеу институттары, жануарларды қорғау ұйымдары мәжіліске хат жазып, Жаңбыршиннің дәлелдерін теріске шығарып, заңға өзгерістер енгізуге байланысты депутаттың әдейі жалған ақпарат қолданғаны немесе қателескені туралы сауал жолдады. Депутат қателесті ме, әлде оны қателестірді ме, мәселенің мән-жайын Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп көрді.

ҚАРСЫ ШЫҚҚАН КІМДЕР

Эколог маман, биология ғылымдарының кандидаты, Ғылым комитетінің генетика және физиология институтының жетекші ғылыми қызметкері Анастасия Перфильева, президент әкімшілігінің экс-бөлім басшысы, Франциядағы Қазақстан елшілігінің бұрынғы кеңесшісі Аян Манасов, ақпарат және мәдениет министрлігінің ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі Жанна Исингарина, жануарларды қорғау жөніндегі INUCOBO қауымдастығының президенті Лилия Сәрсенова, «Көршілер» бағдарламасының авторы Наталья Уголькова, PhD кандидаты, АҚШ Шар мемлекеттік саясат мектебінің ғылыми қызметкері Олжас Жораев, заң ғылымдарының кандидаты, AEQUITAS заңгерлік фирмасының басқарушы серіктесі Ольга Ченцова, жануарларды қорғау жөніндегі «Шанс» қоғамдық қорының негізін қалаушы Ольга Бахтеева, заң ғылымдарының докторы, Maqsut Narikbayev университетінің профессоры Роман Мельник және жануарларды қорғау жөніндегі «KARE-Забота» қорының президенті Юлия Коваленко Еділ Жаңбыршиннің сұхбатын мұқият талдап, оның айтқан 17 тезисінің 10-ы жалған, 3-і жартылай шындық, 2-і ескірген ақпарат, тек 2-уі ғана шындық, бірақ депутаттың мәлімдемесіне қайшы келетінін анықтады.

2021 жылы Қазақстан көп ел сияқты жануарларды қатігездіктен қорғау және оларға жауапты қарау, олардың өмір сүру жағдайын жақсарту, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Жануарларға жауапты қарау туралы» заң қабылдады, – деп жазады қоғам белсенділері.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл тақырыпқа бірнеше рет тоқталды: 2020 жылы халыққа Жолдауында ол «жануарларға деген көзқарас – кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің көрсеткіші, ал бізде бұл мәселе дұрыс емес» және «біз қайырымды ұлт ретінде адамды қорғаумен қатар жануарларды қорғауға да назар аударуымыз керек» деп атап өткен.

ЖЕРГІЛІКТІ ДЕҢГЕЙДЕГІ САБОТАЖ

Хат авторлары аталған заңның орындалуы өте тиімсіз болғанын өкінішпен атап өтеді. Атап айтқанда, әкімдіктер заңды және президенттің тапсырмаларын жүйелі түрде орындамаған, одан бөлек, қоғамдық тамақтану орындарына ет ретінде ит пен мысық етінің жеткізілуіне жол берген. Бұл кейбір өңірлерде (мысалы, Маңғыстау облысында) адамдарды қағыбас иттердің қабуы жағдайларының жиілеуіне әкелген. Мұның бәрі заң талаптарының орындалмауынан болып отыр. 
Әрине, адамдардың қауіпсіздігі – басты міндет және депутаттар, ең алдымен, адамдарды ойлауы керек. Алайда, мәжілісменнің ұсынған шешімі адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін шешпейді әрі қаңғыбас иттер мен мысықтарды есепсіз жоюды заңдастырғысы келеді.

Жануарларды қорғаушылардың пікірінше, қаңғыбас иттер мен мысықтар мәселесі, сондай-ақ үй жануарларын ұстау ережелері – күрделі мәселе. Оны «өлтіру керек немесе тірі қалдыру керек» деген қысқа жауаппен ғана шешу мүмкін емес. Кешенді жұмыстар қажет.

– Біздіңше, заң барынша ойластырылған, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ғылыми деректерге, сондай-ақ әлемдік тәжірибеге негізделуі керек (қателіктерді ескере отырып). Жануарларға қатысты қатыгездік пен жауапсыздық мәселесі тек біздің елде ғана емес, көптеген елдерде бар және көп мемлекеттер бұл мәселені тиімді шешті. Адамдар мен жануарлардың бір ортада үйлесімді өмір сүруін ондаған жылдар бойы зерттеп келе жатқан халықаралық ұйымдардың (ДСҰ, БҰҰ-ға кіретін Азық-түлік қауіпсіздігі және ауылшаруашылығы ұйымы мен басқа да ұйымдар) ұсынымдарын да ескеру қажет, –дейді олар.

ФАКЧЕКИҢ

Хат авторларының пікірінше, депутаттар аталған ұйымдар мен басқа елдердің тиімді тәжірибесін пайдаланбай отыр. Керісінше, қоғам санасын жалған мәліметпен улап, өз білгендерін жасамақшы. Олардың бұлай деуіне мәжілісмен Еділ Жаңбыршиннің сөздері түрткі болған. 

Мысалы, депутаттың «ОСВВ (ұстау-стерилизациялау-вакцинациялау- қайтару) тек Үндістан мен Түркияда ғана қолданылады және өзінің тиімсіздігін көрсетті» деген мәлімдемесі – жалған.

ОСВВ әдісі тек Үндістан мен Түркияда ғана емес, Италия, Португалия, Сингапур, Тайланд, Болгария және басқа да елдер мен аймақтарда қолданылады. Қырғызстанның Қант қаласы – ОСВВ әдісінің сәтті мысалы. Қаржыландыру мен іске асыруға деген ниет болса, арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей алып шығуға болады, – дейді белсенділер.

Хат авторлары Жаңбыршиннің «АҚШ-та қаңғыбас жануарлардың 75%-на эвтаназия жасалады» деген мәлімдемесін де жоққа шығарады. Олардың айтуынша, АҚШ-та эвтаназия деңгейі қазіргі уақытта 10%-дан төмен, бұл – жануарларды асырап алудың артуы, бұрынғы иелерін белсенді іздеу және эвтаназияны 0%-ға дейін төмендетуге бағытталған «Өлтірмеу» стратегиясының арқасы. 

Сондай-ақ депутаттың «Түркия ОСВВ-ны жүзеге асыруда 30 жылдық тәжірибесі бар» деген мәлімдемесі жалған деп танылды. Түркияда ОСВВ тәжірибесі 20 жылды құрайды. Сонымен қатар, «Түркияда қаңғыбас иттердің көбейіп кетуіне байланысты эвтаназия туралы заң талқыланып жатыр» деген мәлімдеме де ескірген. Түркияда халық қарсылығының нәтижесінде эвтаназия туралы заң жобасы қабылданған жоқ. Сонымен қатар, Түркияда стерилизация және паналау бағдарламалары қайтадан қолға алынып жатыр.

– 2002 жылы Жапонияда 125 мың қаңғыбас жануарға эвтаназия жасалды және эвтаназия әлі күнге дейін санды реттеудің негізгі әдісі, – деп мәлімдеді мәжілісмен сұхбатында.

Алайда белсенділер 2024 жылы Жапонияның біртіндеп жаппай эвтаназиядан бас тартқанын және соңғы жылдары жануарлар санын өлтірмей азайту шараларын қабылдағанын айтады.

Хат авторларының пікірінше, Жаңбыршиннің «біз 40 елдің тәжірибесін зерттедік, олардың 23-і эвтаназияны қолданады» деген мәлімдемесі жартылай шындыққа жатады. Бұл шара қаңғыбас жануарлардың санын қолдан реттеу әдісі ретінде емес, ауру және агрессивті жануарларға арналған гумандық шара ретінде рұқсат етілген, – дейді хат авторлары.

АҚШ, Аустралия, Израиль, Малайзия, Румыния, Оңтүстік Корея сияқты кейбір елдерде қаңғыбас жануарлар мәселесі әлі де өзекті, бұл өлтіру әдісінің тиімсіздігін көрсетеді. Қалған елдерде қаңғыбас жануарлардың санын бақылаудың жанама әдістері тиімді қолданылады, бұл эвтаназия деңгейін барынша төмен деңгейде ұстай отырып, мәселені шешуге септігін тигізді. Швейцария, Ұлыбритания және басқа да көптеген елде эвтаназия іс жүзінде қолданылмайды, дегенмен ол рұқсат етілген. Жаңа туылған күшіктер мен марғаулар арнайы орындарда ұсталады немесе қамқор жандарға беріледі. Германия, Испания, Италия, Польша, Чехия және басқа да елдерде дені сау жануарларды, соның ішінде қаңғыбас жануарларды өлтіруге заңмен тыйым салынған.

ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ МАНИПУЛЯЦИЯЛАР

Қоғамдық ұйымдар мен жануарларды қорғаушылар өз хаттарында нақты сұрақтар қояды.

Депутат сілтеме жасап отырған әлемдік тәжірибе туралы жалған ақпаратты кім дайындады? Заңды әзірлеу барысында сарапшы ретінде кімдер шақырылды? Олардың тәжірибесі қандай, зерттеулерін қайдан көруге болады? Соңында, депутаттарды халықаралық тәжірибе бойынша кім шатастырды? Неге заңға өзгерістер енгізуде табысты тәжірибе зерттелмеді?

Белсенділер ескі және жалған ақпараттар негізінде Заңды қалай өзгертуге талпыныс жасалған деп ашуланады. Мұндай қате ақпаратпен қабылданған саяси шешімдерден кейін біз еліміздегі заң шығару жұмысына күманмен қараймыз, – дейді олар. 

Ресми тұлғалардың уәделеріне қарамастан, жоғарыда қойылған сұрақтарға әлі жауап алған жоқпыз.

Мәжілісменнің бір пікіріне ғана хат авторларының қарсылығы жоқ.

Біз депутаттың «Жануарларға жауапты қарау туралы» заңның жұмыс істемей қалғаны – жемқорлық, инфрақұрылым мен бюджет қаражатының тапшылығынан болғаны туралы пікірімен келісеміз. Бірақ біз депутат ұсынған жалғыз шешім – жануарларды өлтіру шарасына үзілді-кесілді қарсымыз. Заңды әзірлеген алдыңғы шақырылымдағы депутаттар конструктивті диалогқа ашық болса, Жаңбыршин мырза мен оның командасы біржақты шешім қабылдап, балама пікірлер мен сарапшылар ұсыныстарын елемей отыр. Шынайы ғылыми талқылау орнына әкімшілік-командалық тәсілмен әрекет етуде. Жалған деректермен манипуляция жасап, қазақстандықтарды шатастыру арқылы заң жобасын әзірлеушілер Қазақстанға «сталиндік» тәсілді енгізуге тырысуда.

Қоғам белсенділерінің айтуынша, Қазақстанда көптеген жылдар бойы қаңғыбас жануарларды жаппай өлтіру тәжірибесі қолданылып келді. Бірақ ол нәтиже берді ме?

Жыл сайын осы мақсатқа бөлінетін бюджет 1 миллиард теңгеден асып кетті. Бірақ одан қаңғыбас жануарлардың саны азайған жоқ, керісінше, көбейіп кетті. Эвтаназия қолданатын елдердің тәжірибесі де мұны дәлелдейді.

Хат авторлары экология министрі Ерлан Нысанбаевтың «әкімдіктер ОСВВ-ны жүзеге асыруы керек, өйткені бұл – көптеген елдердің тәжірибесі көрсеткендей, қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын бақылаудың тиімді әдісі» деген сөзіне сілтеме жасайды.

Сондай-ақ, олар мәжіліс спикерін, қалың бұқараны және журналистерді «Жануарларға жауапты қарау туралы» заңға ұсынылған өзгерістерді қайта қарауға шақырады.