×
529.99
546.63
5.21
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
529.99
546.63
5.21

Сатира ма, қылмыс па: Алматыдағы наразылықтар хроникасы

Бүгін, 12:35
Сатира ма, қылмыс па: Алматыдағы наразылықтар хроникасы
Ulysmedia.kz коллажы

Алматыда Qaznews24 паблигінің авторына байланысты шу басылар емес. Міне, осымен үшінші күн қатарынан аталған пабликке қатысты қамауға алу шаралары жалғасуда. Ulysmedia.kz оқиғаның хронологиясын зерттеп, оның салдары қандай болуы мүмкін екенін анықтады.

БАРЛЫҒЫ НЕДЕН БАСТАЛДЫ 

17 қаңтар, жұма күні әлеуметтік желілерде Instagram-дағы танымал пабликтердің бірі Qaznews24 авторы Темірлан Еңсебектің үйінде тінту жүргізілгені туралы ақпарат тарады. Тінтуден кейін Еңсебек уақытша ұстау изоляторына жеткізілген. Оның адвокатының мәліметінше, ол 72 сағатқа қамауға алынған.

18 қаңтар, сенбі күні соттың Темірлан Еңсебекті екі айға қамауға алу туралы санкция бергені белгілі болды. Ресми мәлімет бойынша, полиция Еңсебекті «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген күдікпен қамауға алғанын хабарлады, бірақ нақты мәліметтер жарияланбады.
 
ҰСТАУЛАР ЖАЛҒАСУДА

Жексенбі күні Темірлан Еңсебекті қолдау үшін жеке пикетке журналист Руслан Бикетов шықты. Бикетов Instagram желісіндегі сторисінде пикет өтетін орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының алды деп хабарлаған. Журналист қолына ағылшын тілінде жазылған плакат ұстап шыққан. Онда: «Менің елім ауру. Әлем, елімді құтқаруға көмектес. Бізге демократиялы ел болуға көмектесіңіздер. Темірланға бостандық, Қазақстанға бостандық» деген сөздер жазылған.

Пикет бес минуттан аспады. Полиция қызметкерлері Бикетовті көлікке отырғызып, алып кетті. Кешке қарай сот Бикетовті «бейбіт жиналыстарды өткізу және ұйымдастыру тәртібі туралы» заңды бұзды деп айыптады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 488-бабы бойынша, журналист 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сотта журналист өз кінәсін мойындап, бұл әрекеті оның досының ұсталуына қатысты реакциясы екенін айтты:

«Менің бұл бірінші құқықбұзушылығым екенін атап өткім келеді. Мұндай жағдай қайталанбайды. Алдағы уақытта заңға сәйкес жергілікті органдарға алдын ала хабарлаймын. Менің тек Қазақстанға ғана емес, халықаралық басылымдарға қатысты үш жобам бар. Оларды келесі аптада аяқтауым керек», – деді Бикетов.

20 қаңтар, дүйсенбі күні, сол жерде – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ғимаратының алдында тағы бір азамат ұсталды. Бұл жолы жеке пикетке белсенді Әсем Жәпішева шықты. Оның плакатында қазақ тілінде: «Сатира қылмыс емес» деп жазылған. Оның пикеті де бес минуттан аспады. Алдымен, өзін әкімдік қызметкерімін деп таныстырған ер адам келіп, шараның заңсыз екенін ескертті. Кейін полиция қызметкерлері келіп, Жәпішеваны алып кетті.
 
Qaznews24 ДЕГЕН НЕ

Qaznews24 – Instagram желісіндегі шамамен 65 мың жазылушысы бар паблик. Ол өзін «Сатиралық жаңалықтар агенттігі» деп таныстырады. Паблик сипаттамасында:

«Барлық есімдер мен оқиғалар ойдан шығарылған, шынайы адамдармен немесе оқиғалармен кез келген сәйкестік – абсолютті кездейсоқтық» деп жазылған.

Алайда автор өз жазбаларында нақты есімдерді, елдерді және оқиғаларды қолданады, оларды тиісті фотосуреттермен толықтырады. Бұл құқық қорғау органдарына жарияланымдарды «фейк» ретінде бағалауға мүмкіндік береді.

НЕЛІКТЕН “ҰЛТАРАЛЫҚ АРАЗДЫҚТЫ ҚОЗДЫРДЫ” ДЕГЕН АЙЫП ТАҒЫЛДЫ

Бұл сұраққа әлі нақты жауап жоқ. Полиция бұл туралы ресми түсініктеме бермегендіктен, әлеуметтік желілерде басты болжамдар тарап жатыр. Оның бірі Тина Канделаки туралы жазбаларға байланысты болуы мүмкін.

Адвокаттың айтуынша, тергеу органдарының өкілі әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында бір жазбаны анықтаған. Сәйкесінше, осыған қатысты 2024 жылдың сәуір айында тергеу басталған.

Сараптама жүргізіліп, ол жазбада «орыстарға қатысты ұлттық араздықты қоздыру белгілері» табылғаны анықталған. Адвокаттың сөзінше, Темірлан Еңсебек жазбаларды өзі жариялағанын мойындайды, бірақ нақты қай жазба туралы сөз болып жатқанын есіне түсіре алмайды, себебі оның жариялаған посттарының саны өте көп, әрі олардың арасында әлдеқайда өткір және радикалды жазбалар бар.

Айып тағылып отырған жазба, болжам бойынша, 2024 жылдың қаңтар айында жарияланған: «Қазақстандық рэперлер Тина Канделаки және басқа да ресейлік насихатшыларға арналған ортақ трек жазу үшін бірікті» деген мәтінмен бірге жарияланған. Фон ретінде «Йоу, орыстар» деген рэп берілген. Әнде негізінен орыс ұлтына қатысты бейәдеп лексика қолданылған.

ТЕМІРЛАН ЕҢСЕБЕК ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ

2021 жылдың мамыр айында Темірлан Еңсебек өзінің паблигінде жариялаған контентке байланысты құқық қорғау органдарының назарында болған. Ол кезде тергеу Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша жүргізілген. 2021 жылдың қыркүйегінде қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

САТИРА МА, ЖОҚ ПА

Түсіндірме сөздіктерде «сатира» термині былай анықталады: «Өнерде кездесетін комиканың көрінісі, түрлі комикалық әдістерді: сарказм, ирония, гипербола, гротеск, аллегория, пародия және басқаларды қолдану арқылы құбылыстарды поэтикалық түрде масқаралау».

Qaznews24 паблигінің контентін сатира деп санау немесе санамау кәсіби филологтардың шешімі болары сөзсіз. Алайда Қазақстанда бұған ұқсас өткір сатиралық мысалдар болған. Мәселен, «Саке» сериалы. Сериалдағы кейіпкерлер, оқиғалар мен құбылыстар нақты тұлғалар мен жағдайлар туралы болжам жасауға мүмкіндік береді, бірақ тек болжам ғана.

Бұл жағдайдан ойға түйетініміз: құқық қорғау органдары әлеуметтік желілер мен БАҚ-ты мұқият бақылауға алады, заң бұзылған жағдайда, сөз бостандығы да тоқтайды.