×
434.58
496.46
5.68
#қаңтар қақтығысы #мұнай #әкімге үш сұрақ #лот ашар #ауыс-түйіс #кибербуллинг #коронавирус #hi-tech
434.58
496.46
5.68

Adidas пен Nike неге Өзбекстанда шығарылады

24.12.2021, 11:47
Көрнекі сурет: ашық дереккөзден

2022 жылдың көктемінде Өзбекстанда аутсорсинг жағдайында Adidas және Nike спорттық аяқкиімдері шығарылады. Бұған дейін Өзбекстанда келісімшарт арқылы өндірісті бастау жоспары туралы Hugo Boss және Inditex тобы (Zara, Massimo Dutti, Bershka, Stradivarius және тағы басқа брендтер) хабарлаған болатын. Осылайша әлемдік брендтердің Өзбекстанды таңдауы жиілеп келеді деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Келісімшарттық өндіріс үлгісі өзбек жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына шетелдік брендтердің тапсырыстарынан ақша табуға ғана емес, сонымен қатар өз қызметтерін іске қосу үшін құзыреттілікті арттыруға мүмкіндік береді деп санайды сарапшылар.

Келісімшарттық өндірушілерді екі түрге бөлуге болады – өз қуаттылығының 90-100%-на дейін тапсырыс берушінің өнімдеріне беретіндер және келісімшарттық өндіріспен қатар өз брендін шығарумен айналысатындар.

Бірінші типтегі компанияның мысалы – Chust Textile Наманган облысында 50 адам жұмыс істейтін шағын шеберханадан басталған. Қазір компанияда екі тігін фабрикасы бар, онда олар шетелдік брендтерге, соның ішінде Zolla және Ostin-ге арналған трикотаждарды (футболкалар, жемпірлер) тігеді. 2021 жылы компания $13 млн өнім экспорттады. 

«Бізде барлық өндіріс тапсырыс бойынша салынған. Пайданың бүкіл үлесін келісімшарттық өндіріс құрайды», - дейді «Chust Textile» ЖШС негізін қалаушы Исмаилджон Исматуллаев.

Chust Textile тарапына тапсырыс бергісі келетіндердің саны үнемі артып келеді.

«Егер 10 жыл бұрын біз тек Ресеймен жұмыс істесек, қазір екі-үш айда бір рет жаңа брендтермен келісім жасаймыз. Мысалы, итальяндық Terranova киім бренді біздің тапсырыс берушіге айналды», - деп түсіндіреді Исматуллаев.

Тағы бір тәсілдің мысалы – Bukhara Cotton Textile мақта-тоқыма кластері. Тік интеграцияланған толық циклді тоқыма компаниясы мақта өсіріп, одан джинсы матасын шығарады және Collin's, LC Waikiki, Mark Formelle брендтері мен Kimex дүкендер желісі үшін джинсы киімдерін тігеді. 

Bukhara Cotton Textile коммерциялық директоры Бобур Пулатовтың айтуынша, компанияның дайын өнім сатуының 90%-ы шетелдік компаниялар үшін келісімшарттық өндірісті құрайды. 

Екі жылдық келісімшарттық өндірістен кейін компания өзінің BJeans брендін іске қосты. Енді компанияның Өзбекстандағы фирмалық дүкендер желісі, Қырғызстандағы, Тәжікстандағы, Қазақстандағы сату нүктелері, ТМД елдерінің нарықтары есебінен халықаралық желіні кеңейту ниеті және франшиза сату жоспарлары бар.

Бобур Пулатов келісімшарттық өндіріс компанияға өзінің экономикалық тиімді маркасын құру үшін қажетті тәжірибе алуға мүмкіндік берді деп есептейді.

«Мақсатты тапсырыстар, әдетте, төмен бағамен, бірақ үлкен көлемде жүзеге асырылады. Бұған ақша табу үшін дұрыс құрылған және тиімді бизнес-процестер қажет. Брендтермен жұмыс істеу бізге сапаны дамытуға, тәжірибе алуға мүмкіндік береді, осылайша біз шетелдік компания үшін тігеміз және үлгілер, шығындар және қаржылық тәртіп бойынша маңызды талаптарға жауап береміз», – дейді Пулатов.

Бүгінгі таңда көптеген өзбек компаниялары шетелдік брендтерге арналған бұйымдарды тігуге бағытталған. Мұндай фирмалардың бір бөлігінде өндірістік қуаттар келесі жылдың наурызына дейінгі тапсырыстармен жүктелген.

«Өзбекстанға қазір үлкен қызығушылық бар. Бұл Қытайда логистика қымбатқа айналғанына, сонымен қатар электр және мақта проблемаларына байланысты. Мақтаның Үндістанда да, Пәкістанда да биылғы жылы сапасы нашар. Бұрын Қытайда тігілген көптеген брендтер қазір жаңа тігін орындарын іздеуде. Тапсырыстар өте көп, адамдар оларды орындауға үлгере алмауда», – дейді Fratelli Casa киім брендінің негізін қалаушы Шахрух Каюмов. 

Бобур Пулатовтың сөзінше, соңғы екі жылда тоқыма нарығы айтарлықтай өзгерді, ал Өзбекстан жаңа мүмкіндіктерге ие болды.

«Пандемияға дейін барлығы негізінен Қытайда, Түркияда және Египетте тігілді. Қазір туындаған қиындықтарға байланысты көбісі ТМД елдеріне бет бұрды», - деп атап өтті Bukhara Cotton Textile коммерциялық директоры. 

Сала өкілдері ыңғайлы логистика Өзбекстанның артықшылықтарының бірі деп санайды.

«Еуроодақ нарықтарына біз 14 күнде, ТМД нарығы мен Ресейдің шалғай өңірлеріне – ең көбі бір аптада жетеміз. Ал Қазақстан нарығы – келесі күні-ақ қолжетімді. Бұл факторлар Өзбекстанды өндіріс орны ретінде таңдауда маңызды рөл атқарады», - дейді «Узтекстильпром» қауымдастығының төрағасы Илхом Хайдаров.

Республикада келісімшарттық индустрияны дамытуға кедендік реттеуді оңайлату септігін тигізуде. Өзбекстаннан апарылған тоқыма өнімдері ТМД және ЕО нарықтарына бажсыз немесе төмендетілген тарифтермен жеткізіледі. Бобур Пулатов атап өткендей, Өзбекстан Еуропалық жалпы преференциялар жүйесінің бенефициары мәртебесін алғаннан кейін (GSP+) Made in Uzbekistan өнімінің бағасы одан да бәсекеге қабілетті болды және 2021 жылдан бастап Еуропадан тапсырыс саны артты. 

«Ең бірінші және ең маңызды артықшылық – өнімнің өзіндік құны. Тапсырыс берушілер оны арзандатқысы келеді, сондықтан олар өз тапсырыстарын біздің елге орналастырады. Өндіріс үшін бізде өте жақсы технологиялық парк бар, ал брендтер деңгейінде жұмыс істей алатын кәсіпорындар саны клиенттер келіп, елдің кез келген өңірінде өндірушіні таңдай алатын санға дейін өсті», – дейді Илхом Хайдаров. 

«Узтекстильпром» қауымдастығының мәліметі бойынша, бес жыл ішінде тоқыма саласына инвестиция $3,2 млрд құрады, өндіріс көлемі 3,4 есе өсті және 2020 жылы 44 трлн сумға ($4 млрд) жетті.

Бобур Пулатовтың пікірінше, өзіндік шикізат базасы мен кластерлік жүйені дамыту өзіндік құнның төмен болуына ықпал етеді, бұл өндірушілерді жаһандық нарықтағы бағаның ауытқуынан қорғауға мүмкіндік береді. 

Мақта индустриясындағы кластерлік шаруашылық үлгісі бүгінде Өзбекстанның әртүрлі өңірінде іске асырылуда. 2020 жылдан бастап республика шикі мақтаны экспорттаудан бас тартып, дайын тоқыма өнімін шетелге сатуға басымдық беріп отыр.

«Мақта талшығынан дайын өнімге дейін тізбекті құра отырып, біз қосымша құнды, көп мөлшерде жұмыс орындарын және экспорттық пайданы қалыптастырамыз», – деп атап өтті Ильхом Хайдаров.

Оның айтуынша, республика кәсіпорындары қуаттылығын арттырып, бүгінде елде өндірілетін барлық мақтаны қайта өңдеуге қабілетті. 

Орталық банктің 2021 жылғы тоғыз айдағы дерегі бойынша, қазір республиканың басты экспорттық өнімі тоқыма және тоқыма бұйымдары - $2,3 млрд (өткен жылдың ұқсас кезеңінде $1,5 млрд) деңгейінде жөнелтілуде. Өзбекстанның «ақ алтыны» қымбат металдар мен тастардан асып түсті – олар осы кезеңде 1,7 миллиард долларға экспортталды.