×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

17/0 - Президенттің кадр резервінде саяси лауазымға бір де бір әйел тағайындалмады

23.09.2021, 15:38
Коллаж: ulysmedia.kz

Президенттің кадр резервіне жастарды іріктеудің екінші айналымы басталды. Мемлекеттік қызметте мансапқа жетуді ойлайтындар үшін құжат қабылдау жүріп жатыр. Ulysmedia.kz биылғы іріктеу талаптарына талдау жасап, былтырғы 300 резервшіге іздеу салып көрді.

Бір анығы Президент әкімшілігінде, Сенат аппаратында, сондай-ақ министрліктегі жоғары лауазымдарға тағайындалғандардың басым көпшілігі ерлер, ал қатардағы әйелдер түрлі компанияларда кішігірім қызметке бекітілген болып шықты. Қоғамдық-саяси процестерге әйелдер мен жастарды белсенді тарту бойынша Мемлекет басшысы ауық-ауық мәлімдеме жасағанымен, көрсеткіштер кереғар сөйлейді. Резервшілер қатарындағы әйелдердің үлесі 12 процент ғана.

АҚЫРЫ ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ МІНДЕТТЕЛДІ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуді ұйымдастыру Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тапсырылған болатын. Агенттіктің хабарлауынша, биылғы іріктеудегі басты талап – үміткерлердің қазақ тілін білуі міндетті. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растайтын В1-ден төмен емес сертификат енгізіліп отыр. Ауызша сөйлеу қабілетін бағалауға тестілеу дербес іріктеу блогына бөлінген. Агенттік өкілдерінің айтуынша, алдыңғы іріктеуден айырмашылығы, рекрутинг процесі талап етілетін білімді, дағдыларды анықтауға ғана емес, сонымен қатар кандидаттардың шынайы мотивтері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға бағытталған.

«Ең алдымен қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды анықтауға баса назар аударылмақ», – дейді олар.  

Конкурсқа 35 жастан аспаған, жоғары білімі, кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, мемлекеттік тілді кемінде орта деңгейде меңгерген Қазақстан азаматтары қатыса алады. Былтыр резервке өтуге талпынғандар іріктеудің әділетсіздігіне шағымданса, кейбірі сұрақтардың тым күрделі болғанын айтқан еді.

189 РЕЗЕРВШІ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮР

Президент жанындағы жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия шешімімен 2019 жылы резервке 300 адам алынды. Арасында мұғалім, ғалым, кәсіпкер, спортшы, шенеунік сынды түрлі сала өкілдері бар. Олардың 58%-ы шетелдік білім иегерлері, 42%-ы қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері. Қазір 189 резервші жұмысқа орналасқан. Басым көпшілігінің ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс тәжірибесі бар. 

Резервке өткен Дәулет Кәрібек «Nur Otan» партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет етті. Биыл Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Оның айтуынша, аталған бағдарлама – талаптанып жүрген азаматтардың әлеуетін көрсету алаңына айналды.

«Мемлекеттік басқару формасы үнемі жас буынның үздіксіз келуін қамтамасыз етуі қажет. Ал президент резервіне қабылдану міндетті түрде басшылық қызметке тағайындалу деген масыл оймен байланысты болмауы тиіс. Бұл ең әуелі – талаптанып жүрген азаматтардың өзін өзі көрсету алаңы және басқару жолындағы жүйелі реформаға келе жатқанымызды білдіреді. Жастар белгілі бір саяси лауазымдарға жеткенше бірқатар сатылы басқару формаларынан өтуі тиіс. Бұл аралықта күнделікті қарбаласқа араласып жүріп, бастапқы ұстанымын жоғалтып алуы да мүмкін. Бұл тұрғыда Президенттік жастар кадр резерві кәсіпкерлік, қоғамдық салаларда жүрген көшбасшы жастарға мүмкіндік беріп отыр», - дейді әкім орынбасары Дәулет Кәрібек.

Былтыр біраз шендінің балалары осы тізімге іліккен болатын. Олар Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің ұлы, «Исатай Оперейтинг Компани» ЖШС бас директоры Болат Досмұхамбетов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың ұлы Сәкен Шаяхметов, Қарағанды облысының экс-әкімі, кәсіподақтар федерациясының бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібековтің ұлы Азат Әбдібеков, Мәжілістің бұрынғы депутаты Ирак Елекеевтің ұлы Ержан Елекеев, Сенат депутаты Жандарбек Кәкішевтің ұлы Жанболат Кәкішевтер. 

Бізге вице-министр, әкім орынбасары болып тағайындалған резервшілермен тілдесу оңайға түспеді. Бірі уақыт тапшылығын айтса, бірі жауап беруге аса құлықты емес екенін аңғартты. Сонымен былтырғы іріктеудің “жемісі”, кадр резервіне өткендердің ішінен саяси лауазымға 17 ер адам орналасқан. Оның ішінен ТОП-10 дықты тізіп шықтық.

РЕЗЕРВШІЛЕРДІҢ АТЫНА КІР КЕЛТІРГЕН КІМ

Осы ретте сайдың тасындай іріктелген лауазымнан бас тартқандар, талапқа сай жұмыс істей алмай шеттетілгендер болды ма деген сауалымызға, агенттік өкілі жұмыстан шеттетілгендердің болмағандығын атап өтті.

«Белгілі бір себептердің болуына байланысты ұсынылған лауазымдардан бас тартқан резевршілер болды. Яғни көшуге дайын болмауы, жалақының төмендігі, отбасылық жағдайлар дегендей мысалдар бар»,- дейді агенттік өкілі.

Әйтсе де шетін оқиғамен көзге түсіп қалғандар да жоқ емес, мәселен Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков жуырда сұхбат беруден бас тартып, журналисті әкімдік ғимаратынан күшпен шығарып тастады. Ол кадр резервіне еніп, жауапты қызметке тағайындалғандардың бірі. «Құқық магистрі» мамандығы бойынша (АҚШ Солтүстік Каролина) Дьюк университетін тәмамдаған. 

РЕЗЕРВТЕГІ ӘЙЕЛДЕР НЕГЕ ШЕТТЕТІЛДІ

Бір қызығы жоғарыда топтастырылған саяси лауазымдарға және мемлекеттік қызметтің маңызды элементі саналатын «А» корпусы қызметтеріне өңкей ер адамдар тағайындалған. Резервке іріктелгендердің арасында 36 әйел бар, бұл жалпы көрсеткіштің 12 пайызы ғана. Ал олардың ішінде жиырма әйел түрлі басшылық лауазымдарға бекітілген. Бұл жайында резервші әйелдердің өздерінен сұрап көрдік. Олар ашық айыптамаса да, белгілі бір деңгейде гендерлік теңсіздіктің бар екенін мойындап отыр.

«Кадр резервіне іріктеу ел үшін қызмет етуге әзір, ортақ қызығушылығы бар азаматтардың басын қосты. Олар ықпалды қызметтерге тағайындала отырып, бір-біріне қолдау көрсетуге дайын екенін көрсетті. Ал сіздің сауалыңызға қатысты айтар болсам, резервке іріктеу кезінде гендерлік теңдікті сақтауды арнайы мақсат етпеді. Сондай-ақ гендерлік қысым да болған жоқ.  Ең бастысы теңдей бәсеке өткізіліп, олардың әлеуеті ескерілді. Әйтсе де елімізде гендерлік теңсіздікке қатысты мәселелер бар екенін жоққа шығармаймын. Көбіне әйел адамдардың өмірлік құндылықтары өзгеше болғандықтан, міндетті функциялары ескерілуі тиіс. Сондықтан әрдайым таңдау еркіндігі бар», – деді Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекшісі Индира Рыстина.

Шахматтан қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы Гүлісхан Нахбаева да алғашқы резервке қабылданғандардың бірі. Қазір ол Шымкент қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған. Оның айтуынша, аталған іріктеу бағдарламасы білікті кадрларды жасақтауда шынайы көрсеткішке ие. 

«13 мың қатысушының арасынан 300 резервшінің іріктелуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Осы жоба арқасында Білім және ғылым министрлігінде жұмыс атқара жүріп, мол тәжірибе жинақтадым. Жоба әке-көкесіз, таныссыз жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар жоба. Дамыған елдерде әйелдер белсенділігі үнемі бірінші орында тұрады. Сондықтан гендерлік саясатқа көңіл бөлінуі тиіс. Өзім оңтүстік өңірде қызмет етіп жүргендіктен мұнда әйелдер басты құндылық ретінде отбасы мен бала тәрбиесін жоғары қояды. Өз кезегінде бұл да ескерілуі қажет», – дейді Гүлісхан Нахбаева.

ДЕПУТАТ ТЕҢСІЗДІК БАРЫН МОЙЫНДАДЫ

Бұл ретте Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова Қазақстанда әйел адамның басшылық қызмет атқаруы үшін әлеуметтік және саяси тұрғыда барлық жағдай жасалғанын айта келе, бұл үшін тиісті құжаттар, арнайы әзірленген бағдарламалар бар екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында да Партия құрамындағы әйелдер үлесін 30 пайызға жеткізу туралы нақты белгіленген меже бар. 

«Мемлекет басшысы да әйелдердің саясатқа араласуына барынша көңіл бөліп, осы мәселені көтеріп отырады. Бірақ бұл сөз жүзінде, қағаз жүзінде ғана қалып отыр. Шын мәнінде жасырын дискриминация, яғни әйелдерді басшылық қызметтерге тағайындалуына кедергі болу, оларды шеттету мәселесі бар. Басшылық қызметте отырған әйелдердің үлесі әлі де аз екенін статистикадан-ақ көріп отырмыз», – деген ол қоғамдық-саяси процестердегі әйелдер белсенділігі мен еңбек нарығындағы теңсіздік мәселесінің бірнеше себебін атап көрсетті. 

«Біріншіден, әйел басшыға деген көзқарасымыздың тарихи-мәдени ерекшеліктері. Яғни, біздің қоғамда патриархалды көзқарас үстемдік етеді. Әсіресе бұл оңтүстік өңірлерде қатты білінеді. Қоғамда «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық», «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген түсінік әлі де бар. Бұған әйел құқықтарының ұлттық дәстүрлер аясында шектелуі деп баға беруге болады. Оған қазіргі таңда әлеуметтік желіде таралып жатқан түрлі насихат сипатындағы роликтерді, ақпараттарды қосыңыз. Міне, осының барлығы қоғамдық көзқарас тұрғысынан әйелдердің басшы болуына кедергі болатын маңызды аспектілер. Біздің әйелдерге артылатын тұрмыстық міндет өте көп. Бала тәрбиесіне де, отбасының қаржылық тұрақтылығына да, шаңырағының берік болуына да әйелдері ғана жүгіреді.  Бізді мықты әйелдер жоқ емес. Күрделі шешім шығаруға қабілетті, түрлі қиындықтарды жеңе алатын мықты қазақ әйелдері өте көп. Сондықтан мемлекет тарапынан, отбасы тарапынан, қоғам тарапынан әйелдерге қолдау керек. Бұл – үлкен идеология. Ол үшін жүйелі идеологиялық шешімдер мен адамдар қажет және тиісті қадамдар біздің тарихи ерекшеліктерімізді ескере отырып жасалуы тиіс», - деді Мәжіліс депутаты бізге берген сұхбатында.

Елімізде әйелдердің жоғары басшылық қызметтерге тағайындалуы үлесі өте аз екені белгілі. Біз топтастырған бұл көрсеткіштер әйелдердің әлеуметтік қорғансыз екенін әрі еңбек нарығындағы айқын теңсіздікті көрсетіп отыр. 

ІРІКТЕУДЕН ӨТКЕНДЕР НЕ ІСТЕЙДІ

Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша, биыл 50 үміткерді резервке алу туралы шешім қабылданды. Ал іріктелген жас мамандарды мемлекеттік қызметке тартуға басымдық беріледі. Құжат 1 қыркүйектен бастап pkrezerv.gov.kz платформасында онлайн қабылданып жатыр. Қазір 2449 кандидат тіркеліп, тағы 14 мыңға жуық катысушы өтініш берген. 5 кезеңнен тұратын іріктеу қазан-желтоқсан айларында өтеді. Әзірге ниет білдірушілердің саны бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай облыстары алдыңғы орындарда.

Серіктес жаңалықтары