×
496.71
531.33
5.55
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
496.71
531.33
5.55

Импорт және тағы да импорт: елде бос мақтан, құр уәде мен мембағдарламалардан басқа не «өндіріледі»

Бүгін, 13:44
Импорт және тағы да импорт: елде бос мақтан, құр уәде мен мембағдарламалардан басқа не «өндіріледі»
Ulysmedia коллажы

Өз өндірісіміздің ең жақсы көрсеткіші – дүкен сөрелеріндегі тауардың түр-түрі болар еді. Алайда олардың үштен екісі, негізінен ЕАЭО елдерінен әкелінген импорттық өнімдер. Қазақстан билігі жылдар бойы фермерлер мен түпкі өндірушілерге субсидия бөліп келеді. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мұның себебін өзінше түсіндіреді. Ulysmedia.kz азық-түлік өндірісінің статистикасын зерттеп, оны ауыл шаруашылығы министрлігінің есептік мәліметтерімен салыстырып, сарапшылармен сөйлесіп, азық-түлік өндірісінің тиімсіздігін дәлелдейтін қосымша деректерді анықтады.

БАРЛЫҒЫНА ИМПОРТ КІНӘЛІ

Бұл ащы да да болса ақиқат. 

Өндіріс мөлшерінің өскеніне қарамастан, отандық өндірушілер өнімдерін ішкі және сыртқы нарықта өткізу бойынша қиындықтарға тап болып жатыр. Оның негізгі себептері – ірі сауда желілеріне қолжетімділіктің жоқтығы мен импорт демпиңі. Бұл мәселелер «егістен сөреге дейін» қағидатын дамытып, өнімдер бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау арқылы шешіледі, – дейді ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ведомство алқасында.

Оның сөзін Органикалық азық-түлік өндірушілері қауымдастығының төрағасы Арсен Керімбеков те растады:

Дүкен сөрелерін толтыру үшін сауда орындары көрші елдерден кез келген азық-түлікті, тіпті сапасыз өнімдерді жаппай әкеліп жатыр. Қазақстанда кейбір ресейлік тауардың бағасы Ресейдің өзінен де арзан. Өйткені оларға валюта қажет, ал оны Қазақстанда теңгені конвертациялау арқылы табады. Ал Қазақстанда сауда желілері не істеп отыр? Олар арзан ресейлік өнімдерді отандық тауарлармен теңестіреді – осылайша көбірек пайда табуға болады. Сондықтан шекара маңындағы елдімекендерде қазақстандықтар ресейлік макарон немесе жержаңғақ пастасын үш есе арзанға сатып ала алады.

Бұл – импорттың кері әсері мен ашық демпиңнің айқын дәлелі. Соның салдарынан Қазақстан өнімдері баға тұрғысынан бәсекеге қабілетсіз болып қалды. Тұтынушы ақшасымен дауыс береді. Сондықтан мемлекет бұл мәселеге назар аударуы қажет.

Ал билік бұл түйткілді шешудің үйреншікті жолын таңдаған – 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі жаңа кешенді жоспарды әзірледі. Ашығын айтқанда, ел егемендік алғалы бері мұндай жоспарлардың санынан жаңылдық. Негізгі бағыт – агросаланы қолдау, жеңілдетілген несиелер, жабдықтар мен өндірілген өнімге субсидия бөлу.

Алайда азық-түліктің көп түрі бойынша өз өндірісіміз 1990 жылғы деңгейге әлі де жете алмай отыр (Ұлттық статистика бюросының ресми деректері бойынша):

  • Ет және тағамдық қосалқы өнімдер – 1990 ж.: 1 млн тонна, 2024 ж.: 431,2 мың тонна.
  • Шұжық өнімдері – 1990 ж.: 154,9 мың тонна, 2024 ж.: 71,9 мың тонна.
  • Маргарин және тағамдық майлар – 1990 ж.: 71,3 мың тонна, 2024 ж.: 62,2 мың тонна.
  • Сүт және кілегей – 1990 ж.: 1,4 млн тонна, 2024 ж.: 621 мың тонна.
  • Сары май және спредтер – 1990 ж.: 85 мың тонна, 2024 ж.: 32,5 мың тонна.
  • Жаңа піскен нан – 1990 ж.: 1,2 млн тонна, 2024 ж.: 497,2 мың тонна.
  • Қант (қамыс және қызылша) – 1990 ж.: 319,1 мың тонна, 2024 ж.: 243,2 мың тонна.
  • Шоколад және шоколадтан жасалған кондитерлік өнімдер – 1990 ж.: 258,8 мың тонна, 2024 ж.: 92,4 мың тонна.

Бұл – қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің дамымай тұрғанын көрсететін нақты деректер. Дегенмен кейбір салаларда өсім бар.

Жетістіктер:

  • Өсімдік майын өндіру көлемі 1990 жылмен салыстырғанда 8 есе артып, 752,9 мың тоннаға жетті.
  • Шырын өндірісі тәуелсіздік жылдарымен салыстырғанда екі есеге өсіп, 67 млн литрді құрады.
  • Ұн өндірісі 1,5 есеге артып, 3,2 млн тоннаға жетті.

Алайда ең үлкен өсім "зиянды" өндірістерде байқалады:

  • 2024 жылы Қазақстан 10,9 млн литр коньяк өндірді (1990 ж.: 2,6 млн литр).
  • Сыра өндірісі 603,5 млн литрге жетті (1990 ж.: 298 млн литр).
  • Темекі өндірісі 17,9 млрд данаға дейін өсті (1990 ж.: 12 млрд дана).

Қысқаша айтқанда, өзімізді азық-түлікпен толық қамти алмадық, бірақ алкоголь мен темекі өндірісін еселеп өсірдік.

ҚАРЖЫЛЫҚ ҚИЫНДЫҚТАР

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, жаңа кешенді жоспар жеңілдетілген несиелендіру ережелерін өзгертіп, қайта өңдеу кәсіпорындарына жылдық 2,5% мөлшерлемемен қаржыландыруға қол жеткізуге мүмкіндік береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша осы шарттармен жалпы сомасы 31,8 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны қаржыландыру, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыру үшін 48,5 млрд теңге сомасына 76 жобаны қарастыру жоспарланған. Бұл, жалпы алғанда мемлекеттік қолдаусыз жергілікті шұжық, қаймақ немесе консервілердің болмауын білдіреді.

Азық-түлік өндірушілеріне 2014 жылдан бастап терең өңдеу өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы тауарларын сатып алуға жұмсалған шығындар субсидияланып келеді. Бұл саланың бюджет қаражатының айналымы – фермерлерге шикізат өсіруге қаржылай көмек көрсетілсе, олардың сатып алушыларына сол шикізатты терең өңдеуге қолдау беріледі, ал дүкен сөрелерінде әлі де ресейлік және беларусь шұжықтары мен ірімшіктері тұр. Бұл схемада біреу айла жасап отыр ма? Барлығына көмек көрсетіледі, бірақ нәтиже көңіл көншітпейді.

Елде май экстракциялайтын зауыттар саны шамамен 20, бірақ неге екені белгісіз, күнбағыс өндірушілерінің көпшілігі оларды шикізат ретінде зауыттарға сатудан гөрі шетелге экспорттауды жөн көреді. Себебі терең өңдеу зауыттары сатып алу бағаларын төмендетіп қояды, сондықтан фермер экспортты таңдайды. Шын мәнінде, біз өсімдік майы бойынша қажеттілігімізді үш есе асырып, оны цистерналармен шығарамыз, бірақ сөрелерде әлі де ресейлік май бар. Жауабы – оның құнында. 90-жылдардан бері Қазақстанда қайта өңдеуші жеткізушіні алдауға тырысады деген түсінік қалыптасқан. Мәселе не туралы екені маңызды емес – күнбағыс, ет немесе сүт. Сондықтан ірі және ұсақ малды тірідей экспорттау немесе базарларда ет түрінде сату, қайта өңдеуге жіберуден гөрі таңқаларлық емес, – дейді Арсен Керімбеков.

Яғни, өндірістік қуаттар жартылай бос тұр, өндірісті кеңейту және импорттық аналогтармен баға бойынша бәсекелесетін өз ассортиментін кеңейту мүмкіндігі жоқ. Қайта өңдеушілер де өз өсуіне қаражаттың жетіспеушілігінен шикізат сатып алуда үнемдеуге мәжбүр.

Ал қаражат бар болса да, коммерциялық банктердегі пайыздық мөлшерлемелер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін әрқашан қолжетімсіз болып қала береді.

Девальвация – бұл өзгенің соғысы үшін біздің төлейтін бағамыз. Ол жалғасып жатқанда, Қазақстанда Ресейге қарағанда тиімдірек ештеңе өндіру мүмкін емес. Сонымен қатар, банктік фактор – ақша тым қымбат, – деп есептейді Арсен Керімбеков.

БІР ОРҒА ҚЫРЫҚ РЕТ ТҮСЕМІЗ

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров отандық өндірушілер үшін өнімді өткізу күрделі мәселе екенін растайды. Себебі олар ірі сауда желілерінің сөрелеріне өнімдерін орналастыра алмай отыр.

2024 жылғы қазан айында Ақтауда осы жағдайға байланысты резонансты сот процесі өтті – жергілікті жұмыртқа өндіруші кәсіпорын сот арқылы ірі гипермаркеттен өз өніміне арналған сауда алаңын бөлуді талап етіп, жеңіске жетті. Ал Маңғыстау облысы сауда департаментінің басшысы Рауан Мухаев сол кезде өңірдегі азық-түлік өнімдерінің 85%-ы шетелден импортталатынын ресми түрде мәлімдеген болатын.

Бұл мәселеге алаңдау орынды болғанымен, біз үкіметке 2022 жылы халықтың табысын арттыру бағдарламасының таныстырылымы кезінде сол кездегі премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтқан уәдесін еске салуды жөн көреміз. Ол 2024 жылдың желтоқсанына қарай ел аумағында сүт-тауар фермалары, ет өңдеу комбинаттары, құс фабрикалары және өзге де өндірістік кәсіпорындар іске қосылып, нәтижесінде азық-түлік қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілетінін және импортқа тәуелділік жойылатынын мәлімдеген еді.

Бүгінде Ералы Лұқпанұлы премьер-министр Бектеновтің кеңесшісі қызметін атқарады, демек, одан осы 100%-дық импорт алмастыру саясатының іске асырылу барысын сұрауға мүмкіндік бар.

Ал 2028 жылы азық-түлік өндірісін дамыту жөніндегі кезекті кешенді бағдарлама аяқталған кезде, үкімет құрамында, үлкен ықтималдықпен, мүлде басқа лауазымды тұлғалар отырады. Олар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа «инновациялық» тәсілдерін ұсынары сөзсіз. Сондықтан бұл мәселеге қатысты артық иллюзияға бой алдырудың қажеті шамалы.