×
494.84
537.4
5.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.84
537.4
5.58

Дефолттың ауылы да алыс емес немесе Үкімет Ұлттық қордан тағы қанша жыл қаражат алады

Бүгін, 08:47
Дефолттың ауылы да алыс емес немесе Үкімет Ұлттық қордан тағы қанша жыл қаражат алады
Ulysmedia коллажы

Ұлттық қордағы қаражат күннен-күнге азайып барады. Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, қаңтар-ақпан айларында Ұлттық қорға 520,2 млрд теңге түскен, ал алынған қаражат көлемі 1 трлн теңгеден асып кеткен. Сонымен қатар, мұнай-газ келісімдерінен түскен түсім небәрі 226,9 млрд теңгені құрап, бұл мұнай секторындағы кәсіпорындар төлеген тікелей салықтардың (жалпы 519,7 млрд теңге) жартысына тең болды. Ulysmedia.kz Қазақстанға мұндай кіріс-шығыс тепе-теңдігі дефолт қаупін төндірмей ме деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Экономикалық ахуалдың нашарлағанының тағы бір белгісі – 7 наурызда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16,5%-ға дейін көтеруі. Бұл шешім инфляция болжамының жаңа факторларды ескере отырып нашарлауына байланысты қабылданды. Ұлттық банк 2024 жылдың соңында 2025 жылға арналған инфляция дәлізін 6,5-8,5% шегінде болжайтын, алайда ақпанда жылдық инфляция 9,4%-ға жетті. Сондықтан жыл қорытындысы бойынша елде инфляцияның екі таңбалы деңгейге жетеді деген болжам бар, алдын ала болжам – 10-12%.

КЕШІККЕН РЕФОРМАЛАР

Аналитик Эльдар Шамсутдиновтің пікірінше, мемлекет бюджетті қайта құрылымдауды барынша жеделдетуі керек. Тіпті ол бұл шараны бірнеше жыл бұрын қолға алу қажет еді деп есептейді.

Дефолт жайлы айтуға әлі ерте, алдымен бюджет дағдарысы болады. Бұл – кәдімгі бар қауіп. Мен бұған дейін де салық кодексін шикі күйінде болса да былтыр қабылдау қажет екенін айтқанмын, оны 2025 жылдың екінші жартыжылдығына шегермеу керек еді. Идеал-сценарийде салық саясатын 2016 жылы өзгерту қажет болатын, бірақ ол кезде мемлекет бизнесті құтқарғанды жөн көрді. Бұл бюджет дағдарысының мәні мен қаупін түсінбейтіндердің ықпалымен жасалды, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, мұнай бағасы құбылып тұр. Сәуір айында ОПЕК барлық шектеуді алып тастайтындықтан, баррель құнын нақты болжау қиын.

Ерекше жағдай болмаса, баға 65 доллардан төмен түсе қоймайды. Қазіргі күтілетін дәліз – 68-71 доллар. Одан төмендеуі тиімсіз, тек егер саяси шешіммен жасалмаса. Ал теңгенің күрт құлдырауы тек қолдан жасалуы мүмкін, өйткені сыртқы инвесторлар нарықтан кеткен немесе кетірілген, ал биржадағы жаппай сауда аяқталды.

Эльдар Шамсутдиновтің пайымдауынша, үрейге түсерлік негіз жоқ, бірақ тұрақсыздық деңгейі жоғары. Оның айтуынша, оптимизмге себеп бола қоймайтын тағы бір фактор – Ұлттық қор активтерінің нақты құрылымы белгісіз, себебі ол ешқашан аудиттен өтпеген. Осыған байланысты қордағы қаражаттың шынайы көлемі мен олардың жылдам өтімділігіне қатысты сұрақтар туындайды.

Ұлттық қор – бұл тұрақтандыру құралы, сыртқы қарыздарды қайтару кепілдігі, несие берушілер үшін төлем қабілеттілігінің көрсеткіші. Егер несие беруші қарыз алушының өз «ұлттық депозитін» жүйелі түрде жұмсап, бюджетті қайта құрылымдамайтынын және салық жүйесіне өзгеріс енгізбейтінін көрсе, ол қарызды мерзімінен бұрын қайтаруды талап етуі мүмкін. Қазақстанның несие берушілері үшін бұл жағдай Ұлттық қордың 5-7 жылда емес, әлдеқайда ертерек таусылуы мүмкін екенін көрсетеді, – дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, Ұлттық қордан жыл сайын белгілі бір мөлшерде қаражат алу саясаты түптеп келгенде қате болып шығуы мүмкін.

Ұлттық қордан қаражат алу фискалдық саясатты нашарлатады, бұл өз кезегінде қордан шығындардың артуына алып келеді. Бұл – бір-бірін күшейтетін процес. Неғұрлым көп қаражат алынған сайын, соғұрлым көп қаржы қажет болады. Мұндай қарқынмен Ұлттық қорды 3-5 жылда тауысып қоюымыз мүмкін, – деп қорытындылады Шамсутдинов.

100 МЛРД ДОЛЛАР БОЛМАЙДЫ

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің болжауынша, 2025 жылы мемлекет Ұлттық қордан 5,6 трлн емес, 7-8 трлн теңге көлемінде қаражат ала алады.

Жоспар бойынша, дефолттың орын алуы мүмкін емес, себебі Ұлттық қорда әлі де жетерлік қаражат бар. Сонымен қатар, үкімет бағаны ырықтандыру және Ұлттық қорды толықтыру жолдарын қарастырып жатыр. Бұған қоса, бізде жарты жылдық және жыл соңында инвестициялық табыс болады. Сондықтан, кем дегенде, алдағы бес жылда алаңдауға негіз жоқ деп ойлаймын. Бұл үрдіс ұзаққа созылуы мүмкін. Алайда Ұлттық қорды 100 млрд долларға дейін жеткізу міндеті бұрынғыдан да күрделене түсті. Шын мәнінде, бұл бастапқыда орындалуы екіталай мақсат еді, – дейді ол.

Сарапшының пікірінше, техникалық тұрғыдан алғанда, елдің негізгі резервін 100 млрд долларға жеткізуге мүмкіндік болған. Алайда АҚШ-тағы сайлаудан кейін және Трамптың мұнай бағасын төмендету ниетіне байланысты бұл мақсат одан әрі алыстай түскен. АҚШ өз экспортын арзандатып, долларды тартымды ету үшін мұнай өндірісі мен экспортын кеңейтуді көздейді.

2025 жылдың алғашқы екі айының қорытындысы бойынша тәуекелдердің ауқымын бағалау әлі ерте, оны жарты жылдық көрсеткіштер негізінде қараған дұрыс. Дегенмен, Ұлттық қордан жоспарланғаннан да көп қаражат алынуы мүмкін екенін естен шығармау керек. Сондықтан бізге міндетті түрде сақтандыру тетіктері қажет. Осы себепті салық кодексі мен мемлекеттік шығындарды қысқарту мәселелері қызу талқыланып жатыр, – деп түйіндеді Рысмамбетов.