×
505.15
550.31
5.89
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
505.15
550.31
5.89

Қазақстан әкімдері: Нұрымбет Сақтағанов әкімдік қызметте денсаулығын сақтай ала ма

Бүгін, 11:28
Қазақстан әкімдері: Нұрымбет Сақтағанов әкімдік қызметте денсаулығын сақтай ала ма
Ulysmedia.kz коллажы

Ulysmedia.kz редакциясы өңірлердің жағдайын саралап, облыс әкімдері өз қызметін қалай атқарып жатқанына көз жүгіртті.

Нұрымбет Сақтағановтың бір ай бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалуын шенеунік үшін екінші мүмкіндік деп атауға болады. Оның бұған дейінгі әкімдік тәжірибесі аса сәтті болмаған. Ulysmedia.kz бұл жолы Сақтағанов саяси элитаға орныға ала ма, әлде тағы да тасада қала ма, берілген мүмкіндікті қалай пайдаланады деген сауалға жауап іздеп көрді.

ЕКІНШІ ҚАТАРДАҒЫ ШЕНЕУНІК

Өңір басшысы қызметіне тағайындалу – Нұрымбет Сақтағановтың мансаптық жолындағы ең жоғарғы жетістік деуге болады. Ол 2000-жылдардың басынан бері билік дәлізінде жүргенімен, әкімшілік тәжірибесі негізінен орынбасарлық қызметтерде жинақталған. Қала басқару да есепке алынбайды – ол әкім креслосында ұзақ отырмағандықтан, қызметінің нәтижесін бағалау қиын.

Кейбіреулердің пікірінше, Сақтағанов – Нәлібаев-Сапарбаев кланымен байланысы бар адам. Бұл топ Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінен бері билікте берік орын алып, әлі де жоғары лауазымдарды иеленіп келеді. Мұндай тұжырымдар Сақтағановтың еңбек жолына негізделген.

Педагогикалық білімі бар Сақтағанов әскерден кейін бір жыл Қызылорда мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. Ал 1995 жылы, Қызылорда облысын Бердібек Сапарбаев басқарған кезде, облыстық кеден департаментіне қызметке ауысты. Алты жыл ішінде инспектордан басшылық қызметке дейін көтерілді. Мұны жай ғана сәйкестік деп санауға болар еді, алайда 2002 жылы Сапарбаев Қаржы министрлігіне қарасты Кедендік бақылау комитетінің төрағасы болғанда, Сақтағанов оның көмекшісі қызметіне тағайындалды.

2006 жылы Сапарбаев Парламентте Үкімет басшысының өкілі болғанда, Сақтағанов та кеден қызметінен кетіп, Үкімет өкілі ретінде Парламентке барды. Кейін ол Сапарбаевтың басшылығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жұмыс істеді, ал Сапарбаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болғанда, оның орынбасары қызметіне тағайындалды.

Айта кетерлігі, Бердібек Сапарбаев қызметтен кеткен кезде, Сақтағанов Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып бір жыл жұмыс істеді. Қызылорда облысын әлі күнге дейін Нұрлыбек Нәлібаев басқаратынын ескерсек, бұл байланыстардың маңызы бар екені байқалады.

“ДЕНСАУЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ БОЙЫНША”

Нұрымбет Сақтағанов әкімдік қызметте жалпы 13 жылға жуық жұмыс істеген. 2015 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары ретінде индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, сондай-ақ кәсіпкерлік пен туризм мәселелерін қадағалады. Алайда, бұл міндеттерді ойдағыдай атқара алмаған болуы мүмкін, себебі 2018 жылы оны төмендетіп, Ұлан ауданының әкімі қызметіне жіберді.

2021 жылдың қаңтарында Сақтағанов Семей қаласының әкімі болып тағайындалды. Сол кезде әкімдік пен жергілікті бизнес арасындағы қақтығыс ушығып тұрған еді.

Қысқаша айтқанда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде әкімдік қоғамдық көлік саласында монополист компания құрды, оның 49% үлесі жергілікті билікке тиесілі болды. Біраз уақыттан кейін серіктестер бірін-бірі келісімшарт талаптарын орындамады деп айыптай бастады. Әкімдік компанияны жапқысы келді, бизнес қарсылық танытты. Осы шиеленісті шешу міндеті Сақтағановқа жүктелді, алайда оның келуімен жағдай тек күрделене түсті. Нәтижесінде, бес айдан кейін ол әкім қызметінен кетті.

Ресми нұсқа бойынша, ол қызметтен «денсаулығына байланысты» кетті. Бірақ бар болғаны алты ай өткен соң, Сақтағанов билікке қайта оралып, ШҚО-ның Жарма ауданының әкімі болып тағайындалды. Кейін бұл аудан жаңадан құрылған Абай облысына енгенде, ол Қызылорда облысында Нұрлыбек Нәлібаевтың орынбасары болып тағайындалды.

СЕМЕЙЛІКТЕР САҚТАҒАНОВТЫ ҚАЛАЙ ЕСКЕ АЛАДЫ?

Егер семейліктер оның бес айлық әкімдігін еске алса, тек жағымсыз жайттармен байланыстыруы мүмкін. Оның қысқа мерзімдегі қызметінде:

Қаладағы коммуналдық қызметтер көктемгі тасқын суға төтеп бере алмай, жеке секторды су басты. Әкім бұл үшін әлеуметтік желіде кешірім сұрап, жағдайды реттеуге уәде берді.

Қала жолдарын тексеріп, 78%-ы «жақсы жағдайда» деп мәлімдеді. Алайда бұл мәлімдемеге тұрғындар қатты наразы болып, мәселе қоғамдық резонансқа айналды. Кейін әкім өз сөзін түзетіп, тек асфальтталған жолдарды ғана айтқанын алға тартты.

Қызметтен кетеріне екі апта қалғанда, ол Семейдегі үш негізгі мәселені атап өтті: көгалдарды суару, жылу жүйесі және қоқысты уақытында шығармау. Бірақ оларды шешіп үлгермеді – себебі қызметінен «ауырып қалуына байланысты» кетті.

ӘКІМГЕ КРЕСЛО ҚАНШАЛЫҚТЫ САЙ?

Ақпан айында премьер-министр Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысының жаңа әкімі Нұрымбет Сақтағановты таныстырып, үкімет қойған стратегиялық міндеттерді атап өтті. Олар – шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, цифрлық шешімдерді енгізу, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, туризмді дамыту, инвесторлар тарту және тағы басқалар.

Бұлардың бәрі кез келген өңір әкімі тағайындалғанда айтылатын стандартты ұзақмерзімді жоспарлар. Алайда таяу уақытта Сақтағанов өзінің дербес саяси тұлға екенін дәлелдеуі тиіс. Бұл үшін ол, ең алдымен, көктемгі тасқынға дайын болуға міндетті. Сарапшылардың айтуынша, биылғы су тасқыны өткен жылғы деңгейден кем болмауы мүмкін.

Дегенмен 2024 жылы ШҚО басқа аймақтармен салыстырғанда қатты зардап шекпегенін ескерсек, бұл мәселе Сақтағанов үшін аса күрделі сынақ болмайтын сияқты. Ал президентке берген уәделерін орындау әлдеқайда қиынға соғуы мүмкін.

Мәселен, жыл соңына дейін:

Облыс халқын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету;

1,5 трлн теңгеден кем емес инвестиция тарту;

700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу;

7 мектеп, 28 әлеуметтік нысан тұрғызу;

600 шақырымнан астам жолды жөндеу міндеттелген.

Қазіргі Қазақстанда шенеуніктердің осындай нақты уәделер беруі -үлкен тәуекел. Бірақ Сақтағановтың алдында екі ғана жол бар: не өзін мықты саяси тұлға ретінде көрсетіп, уәделерін орындауға тырысу, не «денсаулық жағдайын» алға тартып, тексерулер басталмай тұрып, қызметтен кетіп, Нәлібаев-Сапарбаев кланының кезекті «көмекшісі» ретінде қала беру.