×
500.32
545.3
6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
500.32
545.3
6

Энергетик емес, мұнай саудалаушы – Қазақстанның жаңа энергетика министрінің мықты және әлсіз тұстары

Бүгін, 11:08
Энергетик емес, мұнай саудалаушы – Қазақстанның жаңа энергетика министрінің мықты және әлсіз тұстары
Ulysmedia.kz коллажы

Энергетика министрі қызметіне тағайындалған Ерлан Ақкенженов мұнай-газ саласында тәжірибелі маман болғанымен, электр энергетикасы бағытында жұмыс істеп көрмеген. Ulysmedia.kz саланың жаңа басшысының еңбек жолына үңіліп көрді.

ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ

Жаңа энергетика министрі Ерлан Ақкенженов – Қазақстанның саяси сахнасында аса танымал тұлға емес. Билікке тікелей 2023 жылы келіп, бірден энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалды. Екі жоғары білімі бар, біріншісін – құқықтану, «Әділет» жоғары құқық мектебінде «құқықтанушы-заңгер» мамандығы бойынша, ал екіншісін – «Астана» университетінде «мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша алған.

Мұнай-газ секторында жаңа министр негізінен мұнай сатумен айналысқан. Ол еңбек жолын 2002 жылы «ҚазМұнайГаз» Сауда үйінде бас маман қызметінен бастаған. Одан соң 2004 жылға дейін мұнай және мұнай өнімдерінің экспорты бойынша бас менеджер, департамент директоры қызметтерін атқарған. Одан кейін екі жыл бойы Ұлыбританиядағы Chevron Texaco Global Trading компаниясында шикі мұнай трейдері және Сингапурдағы KazMunaiGaz Singapore сауда бөлімінің директоры болған.
2006-2012 жылдары «ҚазМұнайГаз» Сауда үйінде мұнай және мұнай өнімдерінің экспорты департаментін басқарған, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-нің коммерциялық директоры, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз Өнімдері» АҚ бас директорының кеңесшісі қызметтерін атқарған.

2013 жылы Болгариядағы Rompetrol Bulgaria компаниясы бас директорының орынбасары, кейінірек осы компанияның басшысы болды. 2014-2016 жылдары Румыниядағы KMG International (Rompetrol) компаниясында басшылық қызметтер атқарып, негізінен мұнай сатумен айналысты. 2016 жылы жеке секторға ауысып, мұнай мен мұнай өнімдерін қайта өңдеу және тасымалдау саласында жұмыс істеді. 2022 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясында мұнай өнімдерінің маркетингі басқармасын басқарды.

ЖАЛҒЫЗҒА ЖҮК АУЫР

Энергетика вице-министрі болған кезде Ерлан Ақкенженов мұнай-газ секторын қадағалады. БАҚ-тағы оның негізгі пікірлері де осы салаға қатысты болды, ал өңірлерге сапарлары мұнай-газ өндірісі мен ғылыми зерттеулерге арналған кәсіпорындарға бағытталды.

Жаңа министрдің еңбек жолын ескерсек, оның жаңа қызметінде электр энергетикасы саласын жақсы білетін сенімді көмекшіге не кеңесшіге мұқтаж болуы мүмкін. Өйткені премьер-министрдің тапсырмаларының басым бөлігі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға байланысты. Олардың қатарында үш жаңа жылу электр станциясын (ЖЭС) салу, Екібастұз ГРЭС-3 құрылысы, Батыс аймақтың электр желілерін Бірыңғай энергетикалық жүйемен біріктіру және қосымша энергетикалық қуаттарды іске қосу бар.

Министрлік құрылымында электр энергетикасында 20 жылдан астам тәжірибесі бар жалғыз вице-министр – Сұңғат Есімханов. Ал мұнай-газ саласын бірден екі вице-министр қадағалайды. Осыған байланысты министрлікте жаңа көмекші пайда болуы мүмкін, әйтпесе бұл бағытты жалғыз Есімханов алып жүруі тиіс. Сонымен қатар президенттің газ өңдеу зауыттарын салу және мұнай өнімдері өндірісін дамыту жөніндегі тапсырмаларын да басты назарда ұстау керек.

ФОРМАЛИЗМ ЖӘНЕ АБЫРОЙ

Ерлан Ақкенженов ақпарат кеңістігінде 2023 жылы энергетика вице-министрі болғаннан кейін ғана пайда болды. Және басы бірден дауға ілікті. БАҚ пен әлеуметтік желілерде Caspian Investments Resources Ltd қытай мұнай компаниясының Қазақстан президенті әкімшілігіне жазған хаты тарады.

Компания Батыс Қазақстанда мұнай өндіреді және оны қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына жеткізеді. Хатта мұнай жеткізу мәселелері көтерілген. Компанияның айтуынша, энергетика министрлігі ешқандай түсіндірмесіз, нормативтік-құқықтық актілер мен ережелерді негізге алмай, мұнай жеткізу көлемін қайта бөлген. Басқаша айтқанда, «ыңғайлы» және «ыңғайсыз» мұнай компаниялары бар деген пікір туындады. Осы оқиғаға байланысты БАҚ Ерлан Ақкенженовке ресми сауал жолдағанымен, тек формалды жауап алған.

Былтыр Ерлан Ақкенженов журналист және блогер Данияр Әділбековке қарсы сотқа жүгінді. Блогер өз Telegram-арнасында вице-министрдің бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің күйеу баласы Азамат Капеновпен байланысы туралы екі жазба жариялаған. Сондай-ақ мұнай трейдерінің сөзіне сілтеме жасап, Қазақстанда мұнайды бөлуге қатысты сыбайлас жемқорлық схемасы бар деп мәлімдеген. Сот Ақкенженовтің талаптарын қанағаттандырып, бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын және оның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіргенін мойындады. Блогер нақты мерзімге сотталса, бұл жазбалардың тапсырыс берушісі деп танылған мұнай трейдері Ерлан Саудегеров шартты жаза алды.