2022 жылы Қазақстан азаматтығын алған жас олигархқа бұл не үшін қажет екені түсініксіздеу. Активтерінің санынан жаңылатын Турлов мұншама бизнесті қайтпек? Сондай-ақ еліміздің жаңа азаматы кәсіпкерлік қызметтің шыңына қалай шыққаны да жұмбақ, себебі мұндай дәрежеге Forbes тізіміндегі өзге қазақстандықтардың көбі жете қойған жоқ. Осы сұрақтарға Ulysmedia.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
ӨЗІ БОЛҒАН ЖІГІТТІҢ ЖЕТІ АТАСЫН СҰРАМАС
Егер Тимур Русланұлы мұхиттың арғы бетінде өмір сүрсе, жергілікті БАҚ оның өмірбаянын «америкалық арманның» жарқын үлгісі ретінде жарыса жазар еді.
Болашақ олигарх 1987 жылы Мәскеуде дүниеге келген, бай-бағланның емес, қарапайым отбасында өскен. Өз естеліктеріне сенсек, анасы екеуі Мәскеу түбіндегі Лобня қаласында тұрған, ал өзі жасөспірім кезінде бай болуды армандаған. Алғашқы инвестициясын Мәскеудің банкаралық валюта биржасына салған, бірақ Турловтың бір сұқбатында айтқанына қарағанда, бұл инвестициялар сәтсіз болған.
Кейінгі инвестицияларға қаражатты қайдан тапқаны жөнінде кәсіпкер тіс жармайды. Алайда Википедияда: «жоғары сынып оқушысы кезінде әртүрлі табыстылық/тәуекел профилі бар бағалы қағаздар портфелін жасап, инвестициялық стратегиялар әзірлеген» деп жазылған. Демек, жас инвестордың бастапқы капиталы болған.
Турловтың қаржы саласында күрт көтерілуі де құпияға толы. Ресми өмірбаяны бойынша, ол 2003 жылы америкалық World Capital Investments инвестициялық компаниясының Мәскеудегі филиалында трейдер қызметіне орналасқан. Кейін ол америкалық қор нарығында операциялар жүргізетін «Юниаструм» банкінің еншілес компаниясы — «Ютрейд.ру»-да жұмыс істеген. Forbes тізіміне енген болашақ кәсіпкерді кәмелетке толмаған шағында қалай тұрақты жұмысқа алғаны және қандай шарттармен қабылдағаны беймәлім. Бірақ 2003 жылы бұл жас дарын небәрі 16 жаста болған.
Сол Википедияда тағы мынадай дерек бар: 2008 жылы, 21 жасында Тимур Турлов «Фридом Финанс» инвестициялық компаниясын құрған. Ал 2009 жылы (22 жасында) Циолковский атындағы Ресей мемлекеттік технологиялық университетін «экономист-менеджер» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2018 жылы оның компаниясы «Ресейдің Қаржы элитасы» сыйлығын «ең жылдам дамушы брокер» ретінде иеленген.
СӘТТІ БИЛЕТ
Ол Алматыға 2011 жылы отбасымен бірге көшіп келді. Қала өзінің табиғатымен, ерекше дәмді ұлттық тағамдарымен және үлкен перспективасымен Турловтар отбасын бірден баурап алды. Осылайша, еліміз Freedom Holding Corp. холдингі үшін трамплинге айналды.
Барлық сұқбаттарында Тимур Турлов өз жетістігін «дәл уақытында, дұрыс жерде бола білуімен» байланыстырады:
– 2010 жылдардың басы Қазақстанда банктік сектордың күрт өсуінен кейінгі тәжірибені зерделеу кезеңі болды. Ол кезде Қазақстанда қор нарығы атымен жоқ деуге болар еді, бірақ еліміздің тұңғыш президенті оның болғанын қатты қалады. Сондықтан бұл бағытта қадамдар жасалды: салықтық жеңілдіктер, «халықтық» IPO, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) құрылуы. Мүмкін, бұл қадамдар әрдайым нық болмаған шығар, бірақ Қазақстан осы бағытта жүйелі түрде алға жылжыды, – деп еске алады Турлов жаңа ортадағы алғашқы қадамдарын.
2015 жылға қарай «Фридом Финанс», Freedom24 және «Фридом Финанс Банкі» бір брендке бірігіп, Freedom Holding Corp. құрамына енді. Ал 2019 жылдың қазан айында кәсіпкер Турлов көптен күткен арманына жетті – Freedom Holding Corp. холдингі АҚШ-тың NASDAQ биржасына тіркеліп, FRHC тикерімен сауда жасай бастады.
2021 жылы Тимур Турлов алғаш рет Forbes-тың жаһандық тізіміне еніп, 2,1 млрд долларлық байлығымен 1517-орынға тұрақтады.
2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Турлов өзінің холдингінің ресейлік нарықтан кететінін жариялады. Айтты – бітті: сол жылдың қазанында Freedom Holding Corp. ресейлік бизнестен толықтай шықты. Ал оның негізін қалаушы Турлов азаматтығын өзгертіп, көк түсті қазақстандық төлқұжат алды. Дәл сол жылы Тимур Турлов Forbes-тың Қазақстандағы тізіміне енді – 2,2 млрд долларлық байлықпен 7-орыннан көрінді.
ШАХМАТТАН БАСЫЛЫМҒА ДЕЙІН
Дархан қазақ даласы дарынды жігіттің бойындағы қабілетті толықтай ашқандай. Негізгі қызметінен бөлек, Турлов өзін түрлі салада сынап көруге шешім қабылдады.
Мәселен, 2023 жылдың қаңтарында ол Қазақстан шахмат федерациясының президенті болды. Сол жылы Қазақстанда жасөспірімдерге арналған QJ League футбол лигасын құруға мұрындық болып, оның Қамқоршылық кеңесінің төрағасы атанды. Жыл соңында Турловтың бастамасымен Qalam атты ақпараттық ресурс іске қосылды, ол «Қазақстан мен Орталық Азия көзқарасы тұрғысынан әлем тарихы мен мәдениетіне арналған жаңа мультимедиялық жоба» болатын. Бұл идеяны ұсынған да, оны жүзеге асыру үшін команданы жинаған да Турловтың өзі болды.
2024 жылдың мамырында Тимур Русланұлы БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Ғаламдық келісімшарт жөніндегі Консультативтік комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Ал 2024 жылдың тамызында Азиядағы жетекші медиаплатформалардың бірі — Гонконгтағы Tatler Asia компаниясы Тимур Турловпен лицензиялық әріптестікке қол жеткізгенін жариялады. Бұл серіктестік аясында Tatler Kazakhstan, Tatler Türkiye, Tatler Azerbaijan және Tatler Uzbekistan журналдары жарық көреді.
Осы уақытта қаржы магнаты Ресей мен Қазақстанда лицензиясы бар банктер мен брокерлік компанияларды сатып алуды да жалғастырды. Барлық мәмілеге Алматыдағы бас кеңседен өзі жетекшілік етті. Дәл осы кеңседен Қазақстан, Ресей, Германия, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан және Кипр елдеріндегі еншілес компаниялар мен филиалдарға күнделікті бұйрықтар мен маңызды нұсқаулар беріп отырады.
ҚАРЖЫ ЖӘНЕ «МИКРОНЕСИЕЛЕР»
Қазіргі таңда Тимур Турловтың империясы ауқымды бизнес-портфельге ие.
2017 жылдан бастап ол Chocofamily Holding Ltd. компаниясының үлесіне иелік етеді. 2019 жылы Arbuz Group компаниясына 200 миллион теңге инвестиция салып, екі жылдан соң оның құрылтайшысы атанды.
Турловтың активтері арасында мыналар да бар:
RIFOR Group — Hommes деген атаумен премиум және люкс брендтерге арналған онлайн-бутик;
«Freedom Drive» Қоғамдық бірлестігі — автокөлікке арналған шиналар мен дискілер сататын интернет-дүкен;
«Мобильные цифровые технологии» ЖШС — «Смартолет» атты онлайн-дүкен (үш минутта несиеге смартфон алу мүмкіндігі);
«Смартолет Финанс» микроқаржылық ұйымы — жоғарыда аталған онлайн-дүкен клиенттеріне несие береді;
«Мобайл Ворлд Диджитал» ЖШС — смартфондар, ноутбуктер, планшеттер мен аксессуарлар сататын Freedom Mobile интернет-дүкені;
«Мобильный мир» ЖШС — Freedom Mobile брендімен жұмыс істейтін компания. Республика бойынша 30 қалада 107 дүкені бар.
Сонымен қатар Foundation for the Support and Development of the International Financial Center атты коммерциялық емес ұйым инвестициялық қор ретінде жұмыс істейді. Ол Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) орналасқан ITS көпжақты сауда алаңының негізгі акционері (80% және бір акция) саналады. Бұл платформада бағалы қағаздарды екінші рет орналастыру жүргізіледі.
ЗАУЫТТАР МЕН КЕН ОРЫНДАРЫ
Сондай-ақ Турловқа тиесілі:
Capital Leasing Group ЖШС-дегі үлес — бұл компания қаржылық лизинг бойынша қызмет көрсетеді (автокөліктер, ауылшаруашылық, жол-құрылыс және өндірістік техника, автобустар);
«Семей цемент зауыты» — өндірістік компания;
Semey Minerals ЖШС — Күлтөбе кен орнында құрылыс құмын өндірумен айналысады;
«21 ғасыр технологиялары» ЖШС — түрлі бұйымдар шығаруға маманданған;
Semey Mall ЖШС — сол атаумен сауда-ойын-сауық орталығын салып жатыр;
«Семей Транс Сервис» ЖШС — темір жолдарды пайдалану, жүк тасымалы, жылжымайтын мүлікпен жұмыс және санаторий-курорт қызметімен айналысады;
«Ертіс» үй құрылысы комбинаты — бетон, темірбетон құрылымдарын шығарады, сондай-ақ көтерме саудамен шұғылданады;
Бұл комбинаттың құрамына тағы екі компания кіреді:
ERTIS Construction Ltd ЖШС — Павлодарда тұрғын үй салумен айналысады;
PVL Development ЖШС — жылжымайтын мүлікті сатып алу-сатумен айналысады;
Turlov Timur Property Management ЖШС — көппәтерлі және жеке үйлерді сатып алу, сату, жалға беру және жалға алынған мүлікті басқару, сонымен қатар жеңіл автокөліктерді жалға беру қызметін атқарады.
2024 жылдың мамырында Turlov Private Holding компаниясы Қарағандыдағы «Сарыарқа» әуежайын басқаратын Sky Service компаниясының 60% акциясын сатып алды. Сол Turlov Private Holding арқылы Тимур Турлов мыс, сирек және қымбат металдарды өндіретін компанияларды бақылайды. Атап айтқанда, оған Central Asia Gold Corp. ЖШС және Central Asia Gold Production ЖШС тиесілі. Бұл компаниялар Жамбыл облысындағы Қоғадыр кен орнында жұмыс істейді.
ХЕЙТ ОҒАН ҚАУІП ЕМЕС ПЕ?
Тимур Турлов қанша жерден табысты кәсіпкер болғанымен, хейтерлер шабуылына жиі ұшырайды. Сондықтан соңғы уақытта ол қорғануға көшкен сыңайлы.
Мысалы, батыс журналистері Турлов компаниясына қатысты бірнеше жағымсыз материал жариялады. Bloomberg пен The Foundation for Financial Journalism тілшілері оны жанама түрде алаяқтық жасады деп айыптап, тіпті оның холдингін «Бораттан кейінгі Қазақстанның ең ақымақ импорты» деп атады.
Турлов бұл шабуылдарды «ақпараттық соққы» деп бағалап, қарсы әрекетке дайындала бастады, сөйтіп өз медиақорғанысын қалыптастырды. Көптің аузында жүрген әңгімелерге сенсек, қаржы магнаты «Седьмой канал» мен «Курсив» газетіне иелік етеді.
Бұдан бөлек, Hindenburg Research компаниясы Freedom Holding-ті «санкцияларды өрескел айналып өтуде» және оның басшысы Тимур Турловты Ресейдегі компанияны жасырын басқарды деп айыптады. Алайда кәсіпкер бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарып, «америкалық зерттеушілер» көздеген мақсатына жете алмағанын әрі олар ешқандай жаңа дерек ұсынбағанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, Турловтың банкін Ресей азаматтарына санкцияларды айналып өтуге көмектесті деп айыптаған. Яғни, ресейліктер қазақстандық банк карталары арқылы шетелден емін-еркін сауда жасай алатын болған. Бұл – Еуропа елдері Ресейге салған санкцияларға қайшы. Бірақ бұл тұста да Турлов өзіне тағылған кінәні үзілді-кесілді мойындамады.
Жақында әлеуметтік желілерде Citix компаниясы (Алматы мен Астанадағы тік жарнама құрылғыларының операторы ретінде танымал) қызметкерлерінің туыстары Freedom холдингі мен оның басшысы Тимур Турловқа үндеу жолдады. Бұған себеп – компанияның жаппай қысқартуға баруы.
2022 жылы Турлов Citix компаниясының 30% акциясын сатып алып, оның ең ірі акционерлерінің біріне айналған. Қызметкерлердің туыстары қысқартуға ұшырағандар үшін жағдайды шешуге ықпал етуін сұрады.
Алайда Тимур Турлов ешқандай жауап бермеді. Ал Citix-тің ресми аккаунты қысқартулар Қазақстанның еңбек заңнамасы аясында жүргізілгенін және жұмыстан босатылған қызметкерлерге өтемақы төленгенін мәлімдеді. Компания шағымдар мен ұсыныстарды қарау үшін ресми пошта мен байланыс нөмірлеріне жүгінуді ұсынды.
МЕМЛЕКЕТТІК ОБЛИГАЦИЯЛАРДАҒЫ АЛАЯҚТЫҚ
Мемлекеттік облигациялармен жасалған алаяқтық айыптары да барша жерде бой көрсетіп жүрген Турловты «тақтан түсіре» алмады.
Жуырда Facebook парақшасында Transparency International Deutschland ұйымының өкілі Әсел Темірова (Acel Temirova Maken) 2023 жылы Hindenburg Research компаниясы Freedom Holding-ті алаяқтық пен нарықты манипуляциялады деп айыптағанын жазды.
– Hindenburg Research — бұл қаржылық «әшкерелеуші» компания. Олар әртүрлі бизнестердегі алаяқтық, қаржылық айла-шарғы, жалған есеп беру және басқа да күмәнді белгілерді зерттейді, – деп жазады Әсел Темірова.
– Тергеулерден кейін олар егжей-тегжейлі есептер жариялап, сол компаниялардың акциялары құлдырайды деп бәс тігеді (short selling). Бұл есептер нарыққа қатты әсер етіп, нысанаға алынған компанияларға елеулі зиян келтіруі мүмкін.
Пост авторының айтуынша, Hindenburg есебінен кейін Freedom Holding акциялары құлдыраған. Ал кейін Bloomberg жүргізген зерттеу бойынша, Қазақстанның қаржылық реттеушілері де Freedom-ның әрекеттерінен күмәнді схемаларды анықтаған. Компания 2023 жылы мемлекеттік облигациялармен жасалған манипуляциялар үшін айыппұлға тартылған.
– Яғни, Қазақстан билігі де, Bloomberg те, Hindenburg Research те алаяқтық әрекеттердің болғанын растады, – деп атап өтеді Темірова.
– Қарапайым тілмен айтқанда: Freedom Holding Қазақстанның мемлекеттік облигацияларының бағасын жасанды түрде көтерді деп айыпталды. Мұнда теңгемен (₸) номинацияланған, Қаржы министрлігі шығаратын облигациялар туралы айтылып отыр.
Постта мұндай айла-шарғылардың Қазақстан үшін қаншалықты қауіпті екені егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Егер мемлекеттік облигациялардың бағасы жасанды түрде көтерілсе, олар кейін күрт құлап, басқа инвесторларға залал келтіруі мүмкін. Бұл жағдай Қазақстанның қаржы нарығына деген сенімді әлсіретіп, экономика үшін елеулі қауіп тудырады.
– «Олар мұны не үшін жасады?» деп сұрасаңыз, жауап айқын: жоғары өтімділік әсерін жасап, басқа инвесторларды тарту және бұл активтерге деген сенімді арттыру. Облигацияларды нақты құнынан қымбатқа сатып, кірісін арттыру. Осы облигацияларды кепіл ретінде пайдалану — құны жоғары болған сайын, сол арқылы қарызға көбірек ақша алуға болады, – деп жазады Әсел.
– Айтпақшы, Қазақстанға деген «махаббат» туралы. Турлов Bloomberg-ке берген сұқбатында қазақстандық реттеушінің әрекетін «extremely exotic way» («ерекше экзотикалық тәсіл») деп атады. Иә, АҚШ-та бізге экзотика көргендей саусақ шошайтуға болады, ал Қазақстанда Ақорда алдында тұрып еліміздің әнұранын айтуға болады…
Шынымен де, сәттілікті тап басып тани алатын қабілетімен, бизнес мақсатына жету жолында әдіс таңдауға көп бас ауыртпайтын бұл жас олигарх 2024 жылы Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде 3,3 млрд долларлық байлықпен бесінші орынға табан тіреді. Оның жаңа бизнес-салаларды бағындырып жатқанына қарап, Forbes-тің биылғы рейтингінде одан да жоғары көтерілуі әбден мүмкін.