×
514.94
583.74
6.13
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
514.94
583.74
6.13

Атырау МӨЗ-дің бас директоры ауысты: айқайшыл Жусанбаевтың орнына кім келді

10.04.2025, 16:46
Атырау МӨЗ-дің бас директоры ауысты: айқайшыл Жусанбаевтың орнына кім келді
Ulysmedia.kz коллажы

Ғалымжан Жусанбаев Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қызметінен кетті. Осы қызметке кіріскелі екі жыл ішінде ол зауыттың өзінде де, одан тыс жерлерде де түрлі даулармен көпшілік назарына ілікті. Оның қызметтен кететіні туралы сыбыс өткен жұма күні-ақ шыққан. Ulysmedia.kz Атыраудағы ахуал туралы инсайдерлік ақпарат алған-тұғын. Алайда бұл сыбыс ресми түрде расталуы үшін үш жұмыс күні қажет болыпты.

8 сәуірде зауыттың ресми сайтында «АМӨЗ» ЖШС қатысушыларының кезектен тыс жиналысы өтетіні туралы хабарлама жарияланды. Күн тәртібінде бас директордың (Басқарма төрағасының) өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі болды. Қатысушыларға келесі мәселелер бойынша дауыс беру ұсынылды:

«АМӨЗ» ЖШС бас директоры (Басқарма төрағасы) Жусанбаев Ғалымжан Омарұлының өкілеттігін мерзімінен бұрын, 2025 жылдың 9 сәуірінде тоқтату;

2025 жылдың 10 сәуірінен бастап «АМӨЗ» ЖШС бас директоры (Басқарма төрағасы) қызметіне Бишімов Қуаныш Ердәулетұлын сайлау, бұл өкілеттік мерзімі «АМӨЗ» ЖШС Басқармасына белгіленген уақытпен шектеледі;

«АМӨЗ» ЖШС Қадағалау кеңесінің төрағасы Мағауов А.М.-ға осы шешімнен туындайтын қажетті шараларды қабылдау.

Алайда жұмыс күні аяқталар уақыттың өзінде нақты не шешілгені айтылған жоқ.

9 сәуірде бұл жиналыс туралы да, директордың ауысқаны жөнінде де ешкім ресми түрде мәлімдеме жасаған жоқ. Мұндай маңызды мәселеде барлығының үнсіз қалғанына таң қалуға болмайды, өйткені үлкен қызметтер төңірегіндегі талас-тартыс жеңіл-желпі болмайтыны бесенеден белгілі.

АҚЫРЫ КЕТЕТІН БОЛДЫ

Кәсіпорында басшылықтың ауысуы жұмысшылар үшін кәдуілгі дүниедей көрінеді. Өйткені соңғы екі жыл ішінде не болмады, Жусанбаевқа қатысты ұжым арызданып, ол қызметінен кетті, кейін сотқа беріп, өз қызметін қайтарып алды. Қайта келген қыз жаман дегендей, сотта жеңіп, креслосына қайта отырған Жусанбаевқа бәрі ешкікөзденіп қарайтын.

Өзінің үстінен арызданған ұжыммен қайтадан қарым-қатынас орнату Жусанбаевқа оңай түспесін білгендіктен, БАҚ, оның ішінде Ulysmedia.kz бар, оқиғаның енді қалай өрбитінін бақылау қызық болып көрінген. Тіпті сырттай байқап, бақылап жүретін.

Жусанбаевтың сот арқылы қызметін қайтарып алғанын және енді ол ұжымдағы өзіне қарсы шыққандарды қудалайтынын білгендіктен, «ҚазМұнайГаз» Басқарма төрағасы Асхат Хасенов директор мен ұжымды жинап, татуластыру, жарастыру сөзін айтып, ұжымдағы әлеуметтік жауапкершілікке, ең алдымен, директор жауапты екенін, сондықтан қысқарту не қудалау болмауы тиістігін қадап айтқан.

КЕЛІСПЕУШІЛІКТЕР ӘЛІ ДЕ БАР

Өз кезегінде Ғалымжан Жусанбаев зауыт жұмысшыларымен кездесіп, ешкімге реніші жоқ екенін айтып, бұрынғы өкпе-назды ұмытуға шақырды, тіпті қызметкерлерге қарсы берілген барлық талап-арызды кері қайтарып алуға уәде берді.

Алайда бұл «көңіл толқытар» әңгімелер мен басшылық ескертулері еш нәтиже бермеді. АМӨЗ-де келіспеушіліктің жаңа толқыны басталды, оның ақыры кезекті рет жұмыстан босатумен аяқталып отырды. Яғни, жұмысшылар өндірістік емес, кадрлық мәселелермен айналысуға мәжбүр болды. Тіпті әр жұмыс күні «бүгін кім кетеді екен?» деген сұрақпен басталатын. Әрине, көпшілік бейтарап ұстанымда қалуға тырысты, өцткені жұмысынан айырылып қалам деп қорықты.

Зауыттағы жағдай жүйкені жүндей түтіп, өндіріс бір жақта, жұмысшылар бір жақта, ұжым бытырадай шашылып тұрған кезде соңғы тұяқ серпігеніміз болсын деп  президент Тоқаевқа хат жолдаған. Олар мемлекет басшысынан болып жатқан жағдайға араласуын сұраған еді. Себебі елде жанармай жеткізуде еш кідіріс болмағаны – бұл тек олардың кәсібилігі мен төзімінің арқасы еді. Бірақ бұл шыдам шегіне жеткен сыңайлы. Жусанбаевтың кадрлық «тазартулары» зауыттың қалыпты жұмысына кері әсерін тигізіп, миллиардтаған шығынға ұрындыруы мүмкін.

ЖӨНДЕЙМІН ДЕП СӨГІС АЛҒАН ЖУСАНБАЕВ

Жаңа жыл басталғанда Жусанбаев туралы әңгімелер кішкене саябырсыды. Өйткені Атырау МӨЗ ресейліктерге сатылады екен деген әңгіме шықты. Кейін бұл әңгіме жаңаша сипат алып, кәсіпорынды жекешелендіру туралы әңгімеге ауысты. Ал бұл кезде Жусанбаев аталған алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойып, ақ-қарасын айтудың орнына, керісінше, өзінің беделіне нұқсан келтірген БАҚ-мен, соның ішінде Ulysmedia.kz порталымен алысуды бастады. Олардың үстінен сотқа шағымданды.

Ол шағымдардың бірі – зауытта құқық қорғау органдары тексеріс жүргізіп жатқаны туралы ақпаратқа байланысты болды. Біздің анықтағанымыз – зауыт басшылығы баяу кокстеу қондырғысын (УЗК) жөндеуді сеніп тапсырған мердігер ұйым қараша айында атқарған жөндеуден кейін, желтоқсанда сол қондырғыны қайта жөндеуге тура келген.

Айтпақшы, сот Ulysmedia.kz-ке қарсы шағымды қабылдаған жоқ.

Ал наурыз айында дәл осы жөндеу жұмыстары үшін «ҚазМұнайГаз» басшысы Хасенов Жусанбаевқа қатаң сөгіс жариялады.

Зауыт қызметкерлері бұл жағдайға таңданыстарын ы жасырмады, өйткені олар бас директор қызметтен кетеді деп күткен. Оның тек сөгіспен құтылғанына бастарын шайқап қала берген. Тек сәуірде ғана барлық мән-жай белгілі болды: бұл жөндеу жұмыстары бойынша қылмыстық іс қозғалған, ал Антикор зауытта тінту жүргізіп, құжаттарды тәркілеп жатыр екен.

ЖАҢА БАСШЫ ҚАНДАЙ АДАМ

7 сәуір күні Жусанбаев жұмысқа шықпады. Ол денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алған. Ал зауытта сол сәттен бастап жаңа бас директордың орнына кім келуі мүмкін екені қызу талқылана бастады. Үміткерлер қатарында Павлодар мұнай-химия зауытының қазіргі директоры Қуаныш Бишімов те болды. Ол бұған дейін Петропавл ауыр машина жасау зауыты, «Атамекен» ҰКП, «Қазақстан инжиниринг» және Ұлттық экономика министрлігі сынды мекемелерді басқарған, тәжірибесі бар. Бишімовты сабырлы, тіпті шамадан тыс көнбіс адам ретінде сипаттайды. Ең бастысы – оның атына қатысты ешқандай дау-дамай тіркелмеген.

Нәтижесінде, 10 сәуір күні дәл осы Қуаныш Бишімов АМӨЗ-дің жаңа бас директоры болып тағайындалды.

«ҚазМұнайГаздың» ресми хабарламасында айтылғандай, жаңа директор алдына бірқатар маңызды міндеттер қойылды: зауыт тиімділігін арттыру, ашықтүсті мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайту, өндірістік процестердің сенімділігі мен энергия үнемділігін қамтамасыз ету, экологиялық жобаларды жүзеге асыру, 2025 жылы жоспарлы алдын алу жұмыстарын сапалы жүргізу және кәсіпорындағы еңбек жағдайын қауіпсіз әрі жайлы ету.

Ulysmedia.kz Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар бұл кәсіпорындағы жағдайды әрі қарай да қадағалап отырады. Себебі зауыт, үкімет жоспарына сәйкес, алдағы уақытта жекешелендірілуі әбден мүмкін.