×
523.2
594.3
6.38
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
523.2
594.3
6.38

Шаршау мен үнсіздік: Шерзат ісі бойынша алғашқы сот процесі қалай өтті

10.04.2025, 21:25
Шаршау мен үнсіздік: Шерзат ісі бойынша алғашқы сот процесі қалай өтті
Ulysmedia.kz коллажы

16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сот процесінің алғашқы күні эмоцияға толы болды. Бұл іске деген қоғамдық қызығушылық тек сот залында ғана емес, одан тыс жерде де сезілді. Талдықорғанда бұл жайлы такси жүргізушілері де, дүкен кезегіндегі адамдар да, көшедегі жүргіншілер де айтып жүр. Іске бүкіл ел назар аударып отыр, ал оқиғалар хронологиясын Ulysmedia.kz тілшісі жүргізді.

ШАРШАУ МЕН ҮНСІЗДІК

Қаза болған Шерзаттың туыстары, оның ішінде әкесі Қаржаубай Нұрымов сотқа үнсіз, сабырлы күйде келді. Олар сот ғимаратына дәл уақытында жетіп, бірақ бірден залға кіре алмады. Ұйымдастырудағы ретсіздік салдарынан алдымен журналистерді кіргізіп, кейін ғана процестің қатысушыларына есік ашқан. Бұл әділетсіздікке наразылық туғызды — қатысушылар залда камералар тұрғанда, өздері сыртта күтіп қалдық деп ашуланды.

Қаржаубай Нұрымов. Фото: Ulysmedia.kz

Шерзаттың отбасыларының жүзі шаршаңқы, реніш пен сенімсіздікке толы болды. Бір-бірімен қысқа ғана сөйлесіп, көбіне көзқараспен ұғынысып отырды. Сөз айтуға да шамалары қалмағандай әсер қалдырды.

Ал айыпталушылар болса, сот процесі оларды мүлде алаңдатпайтындай көрінді. Көздерінен уайым не өкініштің нышаны байқалмады. Бірі көзін төмен қаратып отырса, бірі жан-жағына қараумен болды, кейбірі тіпті қасындағысымен көзбен ымдасып отырды. Бұл сот залындағы ауыр атмосфераны тіптен күшейтті — екі тараптың арасында терең ор жатқандай болды.

Тілшілердің бірі ретінде Қаржаубайдың әпкесі Перизатпен аз уақыт болса да тілдесуге мүмкіндік алдық. Ол жәбірленуші тараптың өкілі ретінде қатысып жатыр. Дауысы жай болса да, анық естілді. Сұрақтарға ашық жауап беріп, тіпті тоқтап, кей мәселелерді тереңірек айтып берді.

Соттың әділ өтетініне сенесіз бе деген сұраққа еш кідірместен:

– Жоқ. Егер әділ сот болса, олар тергеу изоляторында торт пен телефон ұстап отырмас еді, – деп жауап берді.

Журналистер қорғаушылардан да пікір алуға тырысты. Қаржаубай Нұрымовтың мүддесін қорғайтын адвокаттардың бірі:

– Мен тек қазақ тілінде сөйлеймін. Қажет болса, өздеріңіз аударып алыңыздар, – деп мәлімдеді.

Соған қарамастан, сабырлы, ашық сөйлесіп, барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, ешкіммен сөзге келмеді.


Жәбірленуші тарапты адвокаты Мейірман Шекеев. Фото: Ulysmedia.kz

Сондай-ақ, ол журналистерге берген сұхбатында:

– Қызығушылық тудырған екі қыз төбелес кезінде жанында болғанымен, тікелей қатыспаған. Сондықтан олар куәгер ретінде өтуде, – деп түсіндірді.

СОТТАН ТЫС СОТ

Бұл іс тек сот залында емес, бүкіл қалада талқыланып жатыр. Талдықорғанда әрбір такси жүргізушісі осы оқиғаға қатысты пікір білдіреді. Солардың бірі:

– Отбасына жаным ашиды. Бірақ әділдікке сенбеймін. Бәрі анық қой. Бірақ бәрібір ойланған кейіп танытып, уақыт созады, – деді.

Айта кетерлігі, ол Қаржаубайдың отбасы оралман ба, жоқ па деген мәселеге қатты мән беріп отырды.

Тағы бір таксист үмітпен:

– Осы істі де тікелей эфирде көрсетсе екен. Бишімбаевтың ісі сияқты. Ол кәдімгі үнді сериалы болды. Жолаушылар көлікке кіріп, экранға үңілген күйі сырттағыны байқамай қалатын. Шерзаттың ісін де солай берсе ғой! – деп ойын айтты.

Ал сот ғимараты жанынан өткен бір әйел жан-жағына қарап, сыбырлап:

– Меніңше, Полаттың әкесі тым ашық сөйлегені үшін жазаланды. Үндемей жүргені дұрыс еді, – деді.

Радиодан, автобустан, көшеден — бұл тақырыптан айналып өту мүмкін емес. Жергілікті жаңалықтарда бұл – басты тақырып. Ал көптеген қазақстандық үшін бұл жай ғана қылмыстық іс емес, шынайы драмаға айналды. Бауыр еті баласынан айырылған отбасының шерімен қатар, қоғамда әділдікке деген сенім тағы да көлеңкеде қалуы мүмкін деген қорқыныш бар.

БАСТЫ СОТ ОТЫРЫСЫ

Сот отырысында судья келесі хабарламаны жария етті: басты сот процесі 17 сәуір күні сағат 10:00-де басталады. Отырыстар бейсенбі және жұма күндері өтпек.

Сот залы. Фото: Ulysmedia.kz

АЙЫПТАЛУШЫЛАР

Сот алдында тоғыз адам жауап беруде:

Шынасыл Абзал – Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі (кісі өлтіру) және 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша;

Сакиев Равиль – 99-бап 2-бөлік (кісі өлтіру), 24-бап 3-бөлік (кісі өлтіруге оқталу), 293-бап 3-бөлік (бұзақылық) бойынша;

Белгожаев Шыңғыс, Аскентай, Ільясов, Тоқтаубаев Нұрбол, Тоқтаубаев Азамат, Қалиахмет Дидар – 293-бап бойынша (бұзақылық);

Кәмелетке толмаған Ысқақ Думан – ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін жауапкершілікке тартылуда.

Серіктес жаңалықтары