×
518.34
591.06
6.27
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.34
591.06
6.27

ERG сатылмайды! Алпауыт компанияға қатысты араңдатудың артында тұрғандар кімдер

Бүгін, 12:34
ERG сатылмайды! Алпауыт компанияға қатысты араңдатудың артында тұрғандар кімдер
Ulysmedia.kz коллажы

Соңғы күндері ақпараттық кеңістікте америкалықтар Eurasian Resources Group (ERG) тау-кен металлургия алыбын сатып алуы мүмкін деген хабарлар қызу талқыланып жатыр. Компания бұл ақпараттың тек қауесет екенін мәлімдеді. Ulysmedia.kz шетелдіктер неге дәл қазір қазақстандық бизнеске миллиардтаған доллар төлеуге дайын және осындай арандатудың артында кімдер тұруы мүмкін деген мәселеге тереңірек үңіліп көрді.

ЖАСЫРЫН КЕЛІСІМНІҢ ӘШКЕРЕ БОЛУЫ МА, ӘЛДЕ ШЫНЫМЕН АРАНДАТУ МА

Аптаның басында Reuters агенттігі америкалық кәсіпкер Джеймс Кэмерон ERG-ні толықтай сатып алуды ұсынғанын хабарлады. Өз дереккөздеріне сүйене отырып, агенттік бұл мәміленің құнын 5 миллиард долларға бағалаған. Сонымен қатар тараптар арасындағы келіссөздер былтыр жыл соңында басталып, компанияның негізгі құрылтайшыларының бірі Александр Машкевич қайтыс болғаннан кейін жандана түскені айтылды. Reuters мәліметінше, ERG Директорлар кеңесіне Кэмерон тарапынан инвестиция тартуға, оның ішінде өзінің жеке қаражатын салуға, сондай-ақ АҚШ, Аустралия және Таяу Шығыстан инвесторлар қатысатынына кепілдік беруге дайын екенін көрсеткен хат жолданған. Мәміленің қаржылық кеңесшісі ретінде Goldman Sachs инвестициялық банкі аталған. Алайда ERG басшылығы бұл ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарды. Компанияның Директорлар кеңесінің төрағасы әрі Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов қазіргі уақытта ERG-ді немесе оның қандай да бір активтерін сату туралы келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ деп ресми түрде мәлімдеді. 

– Компания басшылығы ERG бизнесін ары қарай жүйелі, тұрақты дамытуға толық дайын екенін мәлімдейді. Компания жұмысында ешқандай өзгеріс жоқ, – деп атап өтті Ибрагимов. 

Мұнда екі жайт ерекше назар аудартады. Біріншіден, Ибрагимов таралған ақпараттың бәрін емес, тек «келіссөздер жүргізілуде» деген тұсын ғана жоққа шығарған, яғни америкалық тараптан ұсыныс түсуі әбден мүмкін. Ибрагимов ол туралы ештеңе айтпады. Екіншіден, Шухрат Ибрагимов тараған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасаған жалғыз акционер. Ал ERG-нің 40 пайызы Қазақстанға, яғни Қаржы министрлігіне тиесілі, қалған акциялар компанияның негізін қалаушылар – Ибрагимовтер, Машкевичтер және Шодиевтер отбасыларына теңдей бөлінген. Сондықтан Машкевичтер мен Шодиевтер өз үлестерін сатуы әбден мүмкін, әсіресе олардың компания басқаруындағы рөлі әлі анықталмаған әрі Қазақстанда оларды ұстап тұрған ештеңе ештеңе жоқ. Америкалық кәсіпкердің мақсаты түсінікті. Ең алдымен, ERG-нің қазақстандық активтеріне толық бақылау орнату. Алайда Джеймс Кэмеронға Машкевичтер мен Шодиевтерге тиесілі үлес те жеткілікті болуы мүмкін, өйткені екі акционердің үлесін сатып алған жағдайда оның қолында компания акцияларының 39,3 пайызы болады. Бұл Қазақстан үлесімен шамалас. Ел үкіметінің қазіргі бағытын ескеріп, мәселеге теориялық тұрғыдан қарасақ, егер ол қомақты инвестиция салуға уәде берген жағдайда Кэмеронға Директорлар кеңесінің өзіне қолайсыз төрағасын ауыстыру түкке де тұрмайды.

АҚШ-ҚА ERG НЕ ҮШІН КЕРЕК

АҚШ ERG-ге жайдан-жай қызығып отырған жоқ. Бұл бірнеше факторға байланысты болуы мүмкін. Қазір әлемдік өнеркәсіп үшін аса маңызды шикізат саналатын сирек металдарға талас күшейіп келеді.

Сәуір айының басында Қытай АҚШ-тың кедендік баж салығын шектен тыс көтеруіне жауап ретінде өз шектеулерін енгізді. Енді алты сирек металл мен табиғатта сирек кездесетін жер магниттерін экспорттау үшін арнайы лицензия алу қажет. Бұл ретте лицензиялау жүйесін құру жаңадан басталады. Рұқсат алу үдерісінің ұзаққа созылуы Қытайдан басқа нарықты қарастыруға мәжбүрлеп отыр. Өйткені қазіргі қолда бар қоры таусылып барады. Бұл электромоторлармен жабдықталған автомобильдер мен басқа да техникалардың, оның ішінде дрондар, зымырандар және спутниктер өндірісін тоқтатуға себеп болуы ықтимал. Сирек металдар авиациялық қозғалтқыштар, лазерлер, шамдар, свечалар, жасанды интеллект серверлеріне және смартфондарға арналған чиптердің конденсаторларын жасауға қажетті негізгі компонент. Осындай жағдайда Қазақстандағы сирек металдар қоры Қытай нарығына балама бола алады. Оның үстіне, Қазақстанда 20 миллион тоннадан астам қоры бар ірі кен орны табылған. Үкімет 2028 жылға дейін металл өндіру көлемін 40%-ға арттыруды жоспарлап отыр, ал тау-кен өндірісінде мол тәжірибесі бар ERG осы жоспарды жүзеге асыратын негізгі ойыншылардың біріне айналуы мүмкін. Бұған қоса, компания басшысы болғаннан кейін Шухрат Ибрагимов ERG үшін ендігібасымдық шетелдік емес, қазақстандық активтерді дамыту болатынын мәлімдеген. Бұдан бөлек, бұрын ERG әлемдік галлий нарығында да елеулі үлеске ие болған. Бұл металл қазіргі электроника өндірісінде қолданылады әрі өте қымбат. Компания Қытайда галлий өндірісі күрт артқан соң өндірісті тоқтатқан еді. Бірақ Пекин галлий экспортына да шектеу қойғаннан кейін, ERG қайтадан осы кен орындарын игеруге оралуы әбден мүмкін. Тағы бір жайт, наурыз айында Еуроодақ пен Қазақстан арасында «стратегиялық маңызды шикізат бойынша ынтымақтастық» саласында құны 3 млн еуро болатын келісімге қол қойылды. Мұнда, ең алдымен, сирек жер металдары кен орындарын игеруге бағытталған бірлескен жобалар туралы айтылып отыр. Ал Джеймс Кэмерон АҚШ Қазақстандағыүлестен құр қала ма деп қорқады, сондықтан осындай ұсыныс жасап отыр. Өйткені Еуропамен де сауда қатынасы Трамп жүргізіп отырған саясат салдарынан шиеленісіп барады. Сондықтан мұндай қадамға баруы түсінікті. Шынында да, дап-дайын, нарықтаөзіндік орны бар компанияны сатып алу әлдеқайда тиімді. Дегенмен америкалық кәсіпкердің артында АҚШ-тың өзі емес, басқа күштер тұруы да мүмкін ғой.

АМЕРИКАНЫҢ БЕТІН ТЫРНАСАҢ, АР ЖАҒЫНАН АНГЛИЯ КӨРІНЕДІ 

Бұған дейін Джеймс Кэмерон штаб-пәтері Лондонда орналасқан, бірақ Ресейде жұмыс істейтін Petropavlovsk PLC алтын өндіру компаниясын басқарған. Petropavlovsk PLC, бұрынғы атауы Peter Hambro Mining, 1994 жылы бірлескен ағылшын-ресейлік кәсіпорныретінде құрылған. Компанияның мақсаты Ресейдің Қиыр Шығысындағы болашағы зор алтын кен орнын игеру еді, бірақ бұл жоба жүзеге аспады.

2022 жылдың шілдесінде компания Petropavlovsk PLC-ты Ресейден тыс жерде басқару туралы шешім қабылады. Мұндай шешім компанияның несие берушілерінің бірі – Газпромбанк 201 миллион доллар несиені өтеуді талап еткеннен кейін қабылданды. Ресейге қарсы санкциялардың енгізілуіне байланысты Petropavlovsk бұл талапты орындай алмады.

Қазір Ресейдің бастамасымен компания өз міндеттемелерін орындамағаны үшін сот арқылы тарату рәсімінен өтуде. Ал Джеймс Кэмерон ресми түрде америкалық бизнесмен деп саналса да, 30 жылдан астам уақыт Англияда тұрады және өз кәсібін осы елде дөңгелеткен. 

ERG ПОРТФЕЛІ

Eurasian Resources Group-тың активтер портфелі өте ауқымды әрі 20-дан астам ірі кәсіпорынды қамтиды, олардың көбі Қазақстанда орналасқан және шетелде де біраз активі бар. 

Негізгі өндірістік құрылымдарына мыналар жатады: 

  • «ТНК «Казхром» АҚ: Феррохром, ферросиликомарганец, ферросилиций және хром рудасын өндіретін ірі кәсіпорын. Компания әлемдік феррохром нарығында елеулі үлеске ие. 
  • Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі (ССГПО): Қазақстандағы ең ірі темір рудасы, шағылтас және доломит өндірушілердің бірі. 
  • «Қазақстан алюминийі» АҚ: Елдегі глинозем – алюминий өнеркәсібіне арналған шикізат өндіретін жалғыз кәсіпорын. 
  • Қазақстан электролиз зауыты: Алғашқы алюминий өндіруші кәсіпорын. 
  • «Шұбаркөл Көмір» АҚ: Қазақстанның көмірге деген сұранысының басым бөлігін қамтамасыз ететін ірі көмір өндіруші компания. 
  • ​«Жәйрем марганец» АҚ: Марганец кенін өндіру және байыту кәсіпорны. Сонымен қатар ERG Африкада мыс пен кобальт кенін өндіру және өңдеу, Бразилияда жоғары сапалы темір рудасын өндіру жобасын дамытып жатыр.
Серіктес жаңалықтары