×
515.03
584.82
6.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
515.03
584.82
6.24

Заңнан биік Байханов: Ескі Қазақстанның жаңа кадрлары арамызда жүр

Бүгін, 15:23
Заңнан биік Байханов: Ескі Қазақстанның жаңа кадрлары арамызда жүр
Ulysmedia.kz коллажы

Соңғы екі жарым жыл ішінде елордалық Partners Realty компаниясы  Конституциямызда «заң алдында бәрі тең» деп  айшықталып жазылған  шындықты іс жүзінде дәлелдеуге тырысуда, бірақ адымы алға баспай, сәтсіздіктен көз ашпай келеді. Себебі олардың оппоненті анау-мынау емес, Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов. Заң бәріне ортақ дегенімізбен де, облыста билік жүргізіп отырған шенді-шекпендер заңнан биік тұрады екен. Үнді телехикаяларындай ұзаққа созылған оқиғаның хронологиясын Ulysmedia.kz тілшісі жинақтады.

ПАВЛОДАРДЫҢ ҚОЖАЙЫНЫ КІМ

Бизнес өкілдері мен атқарушы билік арасындағы текетірес 2022 жылы басталды. Оған себеп - сол кезде астаналық Partners Realty компаниясы Павлодарда жолдарды ағымдағы жөндеу бойынша тендер ұтып алған еді. Лоттардың жалпы құны 3 млрд теңгені құрады. Сол кезден бастап бұл «бөтен» фирма жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан түрлі кедергілерге тап болды.

ЖШС басшылығы Ішкі мемлекеттік аудит комитетінен бастап Президент әкімшілігіне дейінгі барлық инстанцияға арыздана жүріп, ұзақ уақыт соттаса келе мемлекеттік сатып алуда жеңімпаз ретінде жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге бірден бір құқылы компания осы деген шешімге қол жеткізді. Дегенмен сол лоттардың ішінен тек біреуі ғана, яғни Катаев көшесінің жолын жөндеу келісімшарты бұйырды. Бірақ бұл жерде де келеңсіздіктер, аяқтан шалулар болмай қалмады.

- 15 тамызда ТКШ бөлімі бізге әр квартал бойынша учаскелерді фрезерлеуді талап еткен хат жолдады, яғни біздің жұмысымызға араласты. Кейіннен олар жұмыстардың графигін мердігер өзі анықтайды деген хат жіберді, – деп түсіндірді серіктестік директоры Әсет Алибеков.

20 тамыздан бастап, фирма апелляциялық инстанцияда жеңіске жеткен соң, мердігер компанияның басшысы айтқандай, нағыз текетірес басталды.

— Жұмысшыларымызға ТКШ бөлімінің мамандары қоқан-лоққы көрсетті, техникамызды бөгеп, келісімшарттағы міндеттерімізді орындауға мүмкіндік бермеді. 24 тамызда Катаев көшесін аралау кезінде ашулы әкім компания басшылығына: «Бұл қалада қожайын – біз, саған жұмыс істетпейміз!» деп мәлімдеді.

2022 жылдың қазанында Асайн Байханов полицияға, прокуратураға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ЖШС жұмысына тыйым салу туралы хат жіберген.

- Бұл қолданыстағы заңнаманың ашық бұзылуы еді. ҚР Азаматтық кодексінің 9-бабына сәйкес, мемлекеттік сатып алуларға қатысты даулар әкімшілік ресурстар арқылы емес, сотта шешілуі тиіс.

Сол жылдың желтоқсанында әкімдік ЖШС-ны сенімсіз жеткізушілер реестріне қосу үшін сотқа талап-арыз түсіреді.

— Бұл талап заңдағы 30 күндік мерзімді (мемлекеттік сатып алу туралы заңның 12-бабы) бұза отырып берілген, ал құжаттардағы электрондық қолтаңба ТКШ бөлімінің бастығы Калиакбаровқа тиесілі болған, ол кезде ол еңбек демалысында еді (2023 жылы бұл фактіні прокуратура растаған).

Тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы құқықтық қатынастар шеңберінен асып кеткен оқиғалар компания прокуратураға жүгінгенше, әрі Павлодар прокуратурасының мобильді тобы жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерге барғанша жалғасты. Сол кезде қадағалаушы орган қызметкерлері Partners Realty жұмыстарының заңсыз тоқтатылуына байланысты бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым енгізді. 2022 жылдың 22 қарашасында Павлодар облысы прокуратурасының қаулысына сәйкес, лауазымды тұлғалардың заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 365-бабымен қылмыстық іс қозғалды.

ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРА НЕГЕ ЖАЛҒАН СӨЙЛЕЙДІ

Бір қарағанда, бәрі happy end-пен аяқталғандай көрінеді. Бірақ алдамшы көрініске сеніп қалмағаныңыз жөн.

365-баптың 2-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс  (заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау) жергілікті Антикор тарапынан тоқтатылған.

- Кейін біздің шағымдарымыздың негізінде іс қайта қозғалды, – деп әңгімелейді «Partners Realty» ЖШС  адвокаты Мұрат Адам. – 2024 жылдың шілде айының басында Павлодар облысының прокуратурасы Антикордың істі тоқтату туралы заңсыз қаулысын жойды. Тергеу қайта басталды. Одан кейін антикоррупциялық қызметке сенімсіздік білдірген өтінішімізге сәйкес, бұл қылмыстық іске тергеу жүргізу құқығы Павлодар облысы Экономикалық тергеу департаментіне (ДЭР) берілді.

Адвокаттың айтуынша, ДЭР-дегі тергеу барысына ешқандай шағым болмаған.

- Тергеушілер барлық фактілер мен мән-жайларды, куәгерлердің айғақтарын, бейне-дәлелдерді толықтай зерттеді. Мысалы, жүргізуші Имамзамов А.Ж.-ның мердігердің жұмысына кедергі жасау үшін жолды жапқаны туралы айғақтары бар, ол мұны сол кездегі Павлодар қаласы әкімінің орынбасары (қазіргі қала әкімі Хасар Хабылбеков) берген нұсқау бойынша жасағанын айтқан (06.12.2022 жылғы сұрақ-жауап хаттамасы). Немесе әкімдікке тиесілі қызметтік көліктердің жолды жауып тастағаны туралы бейнежазбалар бар. Біздің өтінішіміз бойынша, ДЭР қызметкерлері прокурорлық тексеру нәтижелері бойынша қозғалған қадағалау өндірісінің материалдарын сұратты.

Мұрат Адамның айтуынша, бұл бақылаушылық іс қылмыстық іс қозғалғанға дейін, яғни Partners Realty басшылығының шағымымен  кәсіпкердің құқықтарын заңсыз шектеу фактісі бойынша қозғалған.

- Бұл 2022 жылдың тамыз-қыркүйек айларында болған. Сол кезде Павлодар қаласы әкімдігінің ТКШ бөлімі тарапынан заң бұзушылық орын алғанын прокуратура анықтаған. Ол кезде Павлодар қаласының әкімі қазіргі Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов еді, ал оның ТКШ жөніндегі орынбасары — қазіргі Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков. Алайда біз сол бақылаушылық істі сұратқанда, Павлодар прокуратурасы материалдардың «сақтау мерзімінің» өтіп кеткенін сылтауратып, беруден бас тартты.

Мұрат Адам бұл жауаптың шынайылығына күмәнданып, Бас прокуратураға адвокаттық сұрау жіберген және жауап та көп кешіктірмей келген. Бас прокуратура берген жауапта надзорлық өндірістерді сақтау мерзімі шексіз деп көрсетілген.

— Олар жойылмайды, сәйкесінше, жоғалып кетуі мүмкін емес, себебі олар әрі электронды, әрі қағаз форматында сақталады, – дейді адвокат.

КЕЛІСІЛМЕГЕН ӘРЕКЕТТЕР

Мұрат Адам надзорлық өндірісті сұратудың себептеріне ерекше назар аударады. Өйткені осы іс аясында прокурорлар мердігердің арнайы техникасын тоқтатқан қарапайым мамандарды, атап айтқанда, Жұмабеков, Аралов және жүргізуші Имамзамовты сұраған.

- Олар прокурорға арнайы техниканы тоқтату жөніндегі бұйрықты сол кездегі Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Хабылбеков пен ТКШ бөлімінің басшысы Калиакбаров бергенін түсіндірген. Айта кетейік, Калиакбаров қазір пара бергені үшін заңды күшіне енген сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатыр.

Алайда, адвокаттың айтуынша, кейін бұл қызметкерлер өз сөздерінен бас тартқан. Өкінішке қарай, надзорлық өндіріс болмағандықтан, тек прокурорлық қадағалау актісіне ғана сүйенуге тура келген.

- Бұл дегеніміз, Павлодар қаласының прокуроры заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныс берген, онда осы заңбұзушылықтарды жою қажеттігі көрсетілген, – деп түсіндіреді Мұрат Адам.

2025 жылғы 20 наурызда тергеуші Шуақбаев заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру фактісі бойынша қылмыстық істі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатты.

- Біздің пікірімізше, мұндай шешімге Павлодар облысының әкімі Байхановтың әкімшілік ресурсты пайдалануы және облыстық прокуратура тарапынан тергеуге қысым көрсету себеп болды, – дейді адвокат.

Сонымен қатар Мұрат Адам тергеу органы қылмыстық істі тергеу мерзімін келісуді өткізіп жіберді деп санап, прокуратураға шағым түсірген.

- Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, бір жылдан асатын сотқа дейінгі тергеу мерзімі Бас прокуратурамен келісу керек, – дейді адвокат. - Бірақ Павлодарда сотқа дейінгі тергеу барысында мұндай келісім бірде-бір рет жасалмаған. Бұл мен алған облыстық Құқықтық статистика комитеті басқармасының жауабымен расталады, онда мұндай келісулер Бас прокуратурамен болмағаны айтылған.

АҚИҚАТТЫҢ АУЫЛЫ АЛЫСТА…

Көріп тұрғандарыңыздай, оппоненттерді ашықтан-ашық ренжітпей, «Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру» бабы бойынша қылмыстық істі тоқтатқан тергеу органы ҚР ҚК-нің 362-бабының 4-бөлігі «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бойынша жаңа қылмыстық іс қозғаған. Ал күдіктілер ретінде дәл сол қатардағы мамандар – Аралов пен Жұмабеков танылған. Бұлар бастапқыда Павлодар қаласы әкімінің орынбасары мен ТКШ бөлімінің басшысын мердігер жұмысына кедергі келтіруді бұйырған адамдар деп көрсеткен, кейін өз сөздерінен бас тартқан.

Бірақ бұл жерде, Адамның айтуынша, күтпеген жағдай болды: күдіктілердің бірінің адвокаты бұқаралық ақпарат құралдарына шығып, тергеу органдары бүкіл жауапкершілікті орындаушыларға жүктеуге тырысатынын, ал оларға бұйрық берген адамдардың қылмыстық жауапкершіліктен тыс қалғанын айтқан.

— Осындай жағдайда Асаин Байханов пен Хасар Хабылбековті жауапкершіліктен құтқарып қалу оңай болмайтыны түсінікті. Тергеу органдарына шенеуніктерді «қорғау» үшін ымыраға келуге, маневр жасауға тура келеді, – деп пайымдайды адвокат.

Мұрат Адамның пікірінше, тергеу осыған ұқсас тәсілге жүгінген. Яғни, мердігер компания мәлімдеген бес эпизодтың тек біреуін ғана қарастырған. Яғни, Павлодарда 23 тамыздан 4 қыркүйекке дейін арнайы техниканың заңсыз тоқтатылуы фактісі бойынша ғана іс қозғалды.

— Қалған төрт эпизод неге тергелмейді? Себебі оларды тергесе, тергеу барысы бәрібір Павлодар облысының әкімі Байхановқа тіреледі. Сондықтан біз бірнеше мәрте айтқанымыздай, бұл қылмыстық іс бойынша жан-жақты, толық, объективті сотқа дейінгі тергеу жүргізу тек Павлодар облысы мен Павлодар қаласының әкімдерін лауазымдарынан уақытша босатқан жағдайда ғана мүмкін, – дейді Адам.

Ол заң да осыны қарастыратынын, әрі мұндай істер орталық аппаратта тергелуі керек екенін айтады. Павлодар облысында, яғни Байхановтың әкімшілік ресурсы бар жерде тергеу жүргізуге болмайды деп санайды. Нәтижесінде, Адамның айтуынша, павлодарлық жоғары лауазымды шенеуніктердің ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарының барлық фактілері тиісінше тергелмей, құқықтық баға берілмей қалған.

Айта кетейік, құрылыс фирмасы мен Павлодар облысы әкімдігі арасындағы текетіресті Ulysmedia.kz бірнеше жылдан бері бақылап келеді. 2024 жылдың соңында Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов біздің редакцияға мемлекеттік органның неге Partners Realty-ді адал емес жеткізуші деп танығаны жөнінде кең көлемді жауап жолдаған. Ресми нұсқаға сәйкес, орындалған жұмыстар актісіне сол күні еңбек демалысында болған қызметкердің ЭЦҚ-мен қол қойылған, ол кейін пара алғаны үшін түрмеге түскен.

Алайда, бір күнде демалыста жүрген ТКШ бөлімінің бастығы Арслан Калиакбаров жол жөндеу және өзге де қызметтер бойынша 67 актіге қол қойғанымен, неге әкімдік тек “Partners Realty” ЖШС актісін ғана даулады деген сұраққа Асаин Байханов жауап бере алмаған.

Серіктес жаңалықтары