Олжас Бектеновтің Қазақстан Үкіметін басқарып келе жатқанына жақында бір жылдан асты. Қызметіне жаңа кіріскен сәтте ол отандық өндірісті дамытуға, ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеруге, шаруашылықты сумен қамтамасыз етуге, энергия үнемдеу технологияларын көбейтуге, көлік-логистика желісін дамытуға, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды қолданатын салаларды күшейтуге бар қажыр-қайратын, білім-білігін жұмсайтынын, сондай-ақ заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдауға уәде берген еді. Ulysmedia.kz тілшісі премьер-министр мен оның алты орынбасары уәде етілген жұмыстардың қайсысы орындалғанын анықтады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ
Олжас Бектенов тәуелсіз Қазақстан тарихына күштік құрылымнан шыққан алғашқы үкімет басшысы ретінде енді. Атқарушы билік органдарында және Президент әкімшілігінде жұмыс тәжірибесі бар, Антикоррупциялық қызметтің генерал-лейтенанты ретінде Олжас Бектенов өз уәделерін қиын экономикалық жағдайда орындауға мәжбүр. Қазақстандықтардың айтуынша, ұзаққа созылған дағдарыстық жағдай мен ұзақмерзімді жоспарлар дайындаудағы тепе-теңдікті ұстап тұруда «күштік құрылымнан шыққан» басшының қолтаңбасы анық байқалады.
Мысалы, қоғамда мемлекеттік қазынаны толықтыру бойынша ең көп талқыланған шаралардың бірі жаңа Салық кодексінің қабылдануы болды. Жоба қосылған құн салығын (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін арттыруды көздеген. 2024 жылғы 13 ақпанда қызметіне кіріскен Олжас Бектенов үкімет отырысында «қосылған құн салығы мөлшерлемесін арттыруға болмайды. Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі республикалық бюджеттің шығыс және кіріс бөлігін сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуі тиіс» деп мәлімдеп, елді дүрліктіретін шараларға қарсы екенін көрсетті.
Алайда биыл қаңтардың соңында қоғамның наразылығын тудырған мәселеге қайта оралды. Бұл жолы сөз тек ҚҚС мөлшерлемесін арттыру туралы ғана емес, сонымен қатар ҚҚС бойынша тіркеу шегін төмендету және оңайлатылған салық салу тәртібіне жататын ЭҚЖЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші) тізімін айтарлықтай қысқарту туралы да болды.
Егер осы бастамаларға қазақстандықтардың банктік аударымдарын бақылау мәселелерін, блогерлердің алдыңғы кезеңдер бойынша аударымдарын тексеруді, салық органдарынан келіп жеткен түсімдер туралы хаттарды, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің өткен кезеңдердегі жеке банктік шоттарына түсімдерді бақылауды және Бектеновтың 28 ақпанда ірі бизнеске екі апта ішінде қосымша салық декларацияларын тапсырып, әділетті салық сомаларын төлеу туралы талабын қоссақ, премьер-министрдің бұған дейін антикоррупциялық қызметте ай қарап, шошқа тағаламағаны, яғни өз жұмысына ынты-шынты кіріскені байқалады.
Айта кету керек, премьер-министрдің қызметі тек фискалдық саламен шектелмейді. Бұл жерде оған көмектесетін алты орынбасары бар, әрқайсысы өз саласына жауап береді.
Бектенов жоғары лауазымға тағайындалған кезде кейбір сарапшылар «мұрагер» операциясы басталды, жас премьер бір күні ел президенті болуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Қазір мұндай пікірлер айтылмайды. Олжас Бектеновтің өзінен бұрынғылардан айырмашылығы – көпшілік алдына жылтың-жылтың етіп шыға бермейтіндігі. Ол премьер-министр ретінде бірде-бір жеке баспасөз конференциясын өткізген жоқ және бірде-бір бағдарламаға сұқбат берген емес.
РОМАН СКЛЯР
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр – Бектеновтың командасындағы «ауыр арсеналдың» бірі. Оның құзыретіне құрылыс, энергетика, көлік инфрақұрылымы мен логистика, өнеркәсіп, жер қойнауын пайдалану және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері кіреді.
53 жастағы павлодарлықтың үш жоғары білімі бар – Павлодар мемлекеттік университетінің «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша, Мәскеу қазіргі заманғы бизнес институтының «экономист» мамандығы бойынша, сондай-ақ Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтының «заңгер» мамандығы бойынша дипломдары бар. Роман Склярдың Павлодар облысы мен Астана қаласы әкімдіктерінде, Көлік және коммуникация министрлігінде, Ұлттық экономика министрлігінде (вице-министр) қызмет еткен, кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болды. Ол өз еңбек жолын 1989 жылы «Екібастұзкөміравтоматика» мекемесінде дәнекерлеуші-монтаждаушы болып бастаған.
Бәлкім, Склярдың бірінші орынбасар ретінде қазақстандықтардың есінде қалған ең маңызды жобаларының бірі – Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында АЭС салу жобасы болар. Еске сала кетейік, 2021 жылғы 3 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге АЭС қажет екенін мәлімдеген еді. Бір жылдан кейін АЭС құрылысы жобасы нақты сипат ала бастады, ал 2024 жылғы 8 қазанда бұл мәселе референдумға шығарылып, нәтижесінде 5,5 миллионнан астам қазақстандық атом электр станциясының құрылысын қолдады.
Ел экономикасының күрделі салаларына жауап беруімен қатар, Р.Скляр ең резонансты мәселелер бойынша үнемі түсініктеме беруден қайшпайды. Мысалы, Екібастұз ЖЭО-дағы апат салдарын жою бойынша тайсалмай пікір білдірген.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ
Былтыр 31 наурызда Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалған Қанат Бозымбаевтың жаңа қызметте немен айналысуы керектігін премьер-министр бірден белгілеп берді. Жаңа орынбасардың құзыретіне өңірлік саясат, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және су ресурстары саласы, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мәселелері кірді.
Бозымбаевтай тісқаққан басшыға бұл салалар етене таныс. Оңтүстік астананың тумасы, экономика мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдаған ол еңбек жолын 1993 жылы коммерциялық ұйымнан бастаған. Мемлекеттік қызметке 1994 жылы ауысқан. 2009-2013 жылдары Жамбыл облысының әкімі болды, кейін Павлодар облысының әкімі қызметін атқарды. 2016 жылы Энергетика министрі болып тағайындалды. 2019 жылы Президент көмекшісі қызметін иеленді. 2021 жылы Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалды. 2023 жылдан 2024 жылға дейін Президенттің кеңесшісі болды.
Премьер-Министрдің орынбасары қызметінде де Қанат Бозымбаев біраз шаруа тындырып үлгерді. Қызметке тағайындала сала соңғы 80 жылда болмаған ірі табиғи апаттардың бірі – 2024 жылғы су тасқынының зардаптарын жою жұмыстарына кірісті. Су тасқыны наурыз айының соңында басталды, ал 10 сәуірде Қазақстанның 17 облысының 10-ында төтенше жағдай режимі жарияланды. Жүздеген мың адам су басқан аумақтардан эвакуацияланды. Су тасқыны облыс орталықтарына дейін жетіп, бөгеттер мен әкімшілік нысандарды бүлдірді. Мыңдаған нысан зардап шегіп, мал қырылды.
Жаңа орынбасарға зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, табиғи апаттан қираған инфрақұрылымды қалпына келтіру, жоғалған мүлікті өтеу, ауыл шаруашылық жерлерін қалпына келтіру және т.б. міндеттерді жедел түрде шешу қажет болды.
Айта кетейік, халық арасында Бозымбаевтың есімі қазіргі Президенттің ықтимал мұрагерлері тізімінде аталады. Бұл пікір көбінесе Бозымбаевтың жеке қасиеттеріне баға беру негізінде қалыптасқан. Ол «Қаңтар оқиғасы» кезінде наразы топтың алдына шығуға шешім қабылдаған санаулы басшылардың бірі болды. Халық оның ашулы топтан қаймықпағанын көріп, демек, басқа да дағдарыстарды еңсере алады деп есептейді.
ЕРМЕК КӨШЕРБАЕВ
Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев идеология, әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және білім беру, сондай-ақ ақпараттық саясат мәселелерін қадағалайды. Бұдан бөлек, оның құзыретіне спорт, демография, қоғамдық даму, ұлтаралық және конфессияаралық келісім мәселелері де кіреді.
Дипломат Көшербаевқа бұл бағыттар оң жамбасына келеді. Оның екі жоғары білімі бар: біріншісі – Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде «тарихшы, шет тілінде сабақ беретін тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша, екіншісі – КСРО Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясында «Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат» мамандығы бойынша. Еңбек жолын 1988 жылғы тамызда Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде құпия іс жүргізу жөніндегі аға инспектор қызметінен бастаған. Кейін Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды, ал 2023 жылғы маусымнан 2025 жылғы 14 ақпанға дейін – Шығыс Қазақстан облысының әкімі болды.
Премьер-Министрдің орынбасары ретінде Ермек Көшербаев, ең алдымен, Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізу мәселесі бойынша айтқан пікірлерімен халық есінде қалды. Дәл осы Көшербаев кешенді мониторинг нәтижесінде «қарастырылған кезеңде денсаулыққа тікелей кері әсер, аурулар санының көбеюі немесе оқушылардың үлгерімінің төмендеуі байқалмағанын» мәлімдеді. Сонымен қатар оның бұрын басқарған ШҚО-да жұмыс күні сағат 8:00-де басталып, 17:30-да аяқталады деген жаңа режимнің енуі – оң қадам ретінде бағаланды.
Кешкі 17:00-17:30-да жұмысты аяқтау адамдардың психологиялық жағдайына оң әсер етеді, - деді Көшербаев. Оның айтуынша, осылайша қызметкерлер жеке істері мен отбасына көбірек уақыт бөле алады.
Ол жұмыс кестесінің икемділігі көптеген елде кең таралған тәжірибе екенін және Қазақстанның да осы өзгерістерге бейімделіп жатқанын атап өтті.
Айтпақшы, Ермек Көшербаевтың жеке өмірі туралы: ол үйленген, бір ұл, бір қызы бар. Жұбайы – Динара Чайжунусова. Әлеуметтік желілерде ол туралы ақпарат өте аз. Алайда оның бір кездері «ҚазМұнайГаз» ҰК-да Кадр қызметінің басшысы болғаны белгілі.
Жалпы Чайжунусовтар әулеті Қазақстанда танымал. Әулет Шығыс Қазақстан облысынан шыққан. Оның негізін қалаушы – белгілі педагог Жақия Чайжунусов.
Көшербаевтың қайын атасы Мәркен Чайжунусов – Семей қаласының құрметті азаматы. Ол Семей облысы мен Семей қаласының әкімі болған, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған.
Динара Чайжунусованың туысы Дәлен Чайжунусов, БАҚ деректеріне сүйенсек, Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Венера Назарбаеваға үйленген. Осылайша, вице-премьер Көшербаевтың Қазақстанның тұңғыш президентінің отбасымен туыстық байланыстары бар деуге болады. Бұл, әрине, тұспал ғана.
Ермек Көшербаев пен Динара Чайжунусованың балалары туралы айтқанда, ұлдары Дастанның (32 жаста) 2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясында бөлім бастығы болып жұмыс істегені белгілі. Ал 27 жастағы қызы Дәмелі немен айналысатыны туралы ақпарат жоқ.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин макроэкономикалық саясат, бюджет, салық және кеден саясаты, экономиканы демонополизациялау, мемлекеттік жоспарлау жүйесі, қаржы секторы, тарифтік саясат, сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ), инвестициялық саясат, мобилизациялық жұмыс, ЕАЭО мен ДСҰ аясындағы ынтымақтастық мәселелерін қадағалайды.
55 жастағы Ақтөбе тумасы Мәскеу энергетика институтын «Жылу физикасы» мамандығы бойынша және Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1993 жылдан 2004 жылға дейін кәсіпкерлікпен айналысқан. Кейін мемлекеттік қызметке ауысқан. Бүгінге дейін Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары, Индустрия және сауда министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары, Сауданы дамыту департаментінің директоры, Өңірлік даму вице-министрі, Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқасының мүшесі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі қызметтерін атқарады.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі ретінде Серік Жұманғарин қазақстандықтардың есінде ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтерудің қажеттілігін негіздеуімен қалды. Серік Жұманғарин қазақстандықтарды салық реформасы – ҚҚС мөлшерлемесін арттыру емес, «қайта теңестіру» деп сендіруге тырысты: яғни, реформа ҚҚС мөлшерлемесін арттырады, бірақ еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайтады-мыс.
Айта кету керек, жуырда Жұманғарин Мәжіліс депутаттарын ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға көтеруді көздейтін жаңа Салық кодексі жобасын қабылдау керектігіне сендіруге тырысты. Сірә, Серік Мақашұлы бұған дейін 20% ең оңтайлы мөлшерлеме деп ант-су ішкенін ұмытып қалған секілді.
ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі бастапқы ұсынылған 15 млн теңге емес, 40 млн теңге деңгейінде қабылданды. Дегенмен қазіргі 78,6 млн теңгелік шекпен салыстырғанда, Серік Жұманғарин жариялаған бұл «компромисс» шағын және орта бизнес үшін аса тиімді емес.
Біз 160 мың жаңа салық төлеуші мен 400 млрд теңге әлеуетті түсімдерден айырылып отырмыз. Бірақ біз бизнеспен компромиске бардық, мұны бизнес түсінуі керек, біз келісімге дайынбыз, – деді Жұманғарин.
Айта кетсек, оның «даулы» мәлімдемелері бұған дейін де болған. Мәселен, былтыр маусымда Жұманғариннің Мәжіліс кулуарларында шегірткенің «халал өнім» екенін айтқан сөзі интернетте тарап кеткен еді.
Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда Үкімет басшысы ауысатыны туралы қауесет шыққан сайын Серік Мақашұлының да есімі аталмай қалмайды. Алайда осындай әңгіме шыққан сайын оның «жолын байлайтын» «тың деректер» де құлағын қылтитаты жасырын емес. Өткен жолы оның отбасына тіркелген 10 пәтер туралы ақпарат жарияланып, «келелі іске» кесірі тиді.
МҰРАТ НҰРТІЛЕУ
Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу сыртқы экономикалық саясатты және Қазақстанның халықаралық имиджін ілгерілету, шетелдік инвестицияларды тарту, инвестициялық климатты жақсарту, шетелмен сауда-экономикалық, қаржылық, ғылыми және ғылыми-техникалық, мәдени байланыстарды кеңейту, көші-қон саласындағы халықаралық ынтымақтастық, шет мемлекеттермен үкіметаралық комиссиялардың қызметін үйлестіру мәселелеріне жетекшілік етеді.
Алматы қаласының тумасы, 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын сол жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік протокол қызметінде референт, атташе қызметінен бастаған. 2007 жылға дейін Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеді. 2007-2011 жылдары Сенат Аппараты басшысының орынбасары және аппаратының басшысы қызметтерін атқарды. 2011 жылы ерекше тапсырмалар жөніндегі елші болып тағайындалды, кейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің Азия және Африка департаментін басқарды.
2011-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Женевадағы тұрақты өкілдігінде кеңесші-елші болды. 2014-2016 жылдары Президент әкімшілігінде Сыртқы саясат орталығы бастығының орынбасары қызметін атқарды. 2016-2019 жылдары Финляндиядағы Қазақстанның елшісі және Эстониядағы елші қызметін атқарды. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмекшісі болып тағайындалды. 2021 жылы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары болды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Кейін Президент Әкімшілігі басшысы қызметіне кірісті.
2023 жылғы 3 сәуірде Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.
Мұрат Нұртілеуді халық арасында Қазақстанның үшінші Президенттігіне лайықты үміткер ретінде көретіндер бар.
ҒАЛЫМЖАН ҚОЙШЫБАЕВ
Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың құзыретіне премьер-министр мен үкімет қызметінің ұйымдастырушылық-құқықтық, сараптамалық-талдамалық, кадрлық, ақпараттық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, мемлекеттік аппаратты бюрократиясыздандыру және мемлекеттік органдардың әкімшілік реформасын жүзеге асыру, орталық және жергілікті атқарушы органдарды цифрландыру, мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық-телекоммуникациялық қамтамасыз ету жүйесін құруды үйлестіру, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметі, заң шығару жұмысы, сондай-ақ мемлекет басшысының үкіметке берген актілерін және тапсырмаларын, үкімет актілерін, премьер-министрдің тапсырмаларын орындау барысын бақылау мәселелері кіреді.
Олжас Бектеновтің орынбасарларының арасында көпшілік алдына сирек шығатын Ғалымжан Қойшыбаев 1968 жылғы 12 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1991 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген, 1991-1994 жылдары сол жерде аспирантурада оқыған. Еңбек жолын 1985 жылы бастаған. 1995 жылдан бастап Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде әртүрлі қызметтер атқарған. 2004-2006 жылдары Президент әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығында бас инспектор болды. 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, 2008-2016 жылдары Қазақстанның Литва, Латвия, Эстония және Финляндия елдеріндегі елшісі қызметтерін қоса атқарды. 2016-2019 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болды. 2019-2023 жылдары Премьер-Министр кеңсесін басқарды.
БӘРІ САЛЫСТЫРУ АРҚЫЛЫ АНЫҚТАЛАДЫ
Осы жылдың басында «Стратегия» қоғамдық қоры «Олжас Бектенов басқарған үкіметтің жұмысына» қатысты сараптамалық сауалнаманың нәтижелерін жариялады. Сауалнама нәтижесіне үңілсек, Бектеновтің жұмысына «қазіргі геосаяси жағдайларда, мәселелердің қордалануына қарамастан, қанағаттанарлық деңгейде» деген баға берілген.
Бір жылдың ішінде бәрін еңсеріп тастауға уақыт жетпейді. Қазіргі кезде реттеушілік база өзгеріп жатыр, институционалдық деңгейде жағдайды түзетуге ұмтылыстар бар. Бірақ осы жұмыстың нәтижелерін көру үшін үш жылдан астам уақыт қажет болады, - дейді сарапшылар.
Сарапшылар үкіметтің жағдайды түзету үшін көп уақыты болмағанын атап өтіп, министрлердің «жалпы алғанда өздеріне қойылған міндеттерді орындағанын, бірақ көптеген конъюнктуралық кемшіліктер болғанын» атап өткен.
Министрлер кабинетінің жетістіктері ретінде су тасқыны мәселесін шешу, отандық өндірушілерді қолдау және экономикадағы оң өзгерістер аталады. Сарапшылар сауда, көлік, инфрақұрылым және ауыл шаруашылығында жағдай жақсарып келе жатқанын, реттеушілік базадағы өзгерістерді және институционалдық деңгейде жағдайды түзетуге талпыныстарды атап өткен. Бұл орайда табиғи апаттармен күрестегі жетістіктер ерекше аталады.
Олжас Бектеновтің жұмысына баға беруде сарапшылардың пікірлері екіге жарылады: 51,6% респондент оның жұмысына көңілі толатынын айтса, қалған 48,4% керісінше ойлайды.
Алайда Әлихан Смайылов басқарған үкіметпен салыстырғанда, сарапшылардың басым көпшілігі О.Бектеновтің кезеңін құп көреді. 78% сарапшы Смайылов өз міндеттерімен тиісті деңгейде айналыспаған деп санайды.
Сауалнама нәтижелері бойынша қазіргі үкіметтің жұмысы алдыңғы үкіметке қарағанда сәл жақсырақ. Бұған жалпы жұмыс нәтижелері мен жеке министрліктердің жұмысы бойынша бағалаулар дәлел бола алады. Премьердің жұмысына қатысты сарапшылар пікірі шамамен тең түскенімен, «жақсы» деп бағалағандар саны басымдау.