Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан жаңа жүк тасымалы бағытын іске қосты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖҮК КӨЛІГІ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ
2025 жылғы 15 қазанда Қашғар қаласынан Қытай мен Қырғызстан шекарасына қарай жарық жабдықтары, механикалық бұйымдар және халық тұтынатын тауарлар тиелген жеті жүк көлігі жолға шықты. Жүк Өзбекстанға 21 қазанда, Түрікменстанға 24 қазанда жетеді. Түрікменстаннан тауарлардың бір бөлігі Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға жөнелтіледі.
Жүктер Сиань және Чэнду қалаларынан Қашғарға дейін теміржол арқылы жеткізіледі. Одан кейін автокөлікпен Ошқа тасымалданып, теміржол платформаларына қайта тиеліп, Түрікменбашы портына жөнелтіледі. Осыдан кейін жүктің бір бөлігі пароммен Бакуге аттанады.Бұл бағыттың іске қосылуы Орталық Азия – Қытай және Қытай – Еуропа бағыттарындағы тасымалды әртараптандыруға бағытталған. Сонымен қатар, ол Орта дәліздің транзиттік әлеуетін дамыту жоспарына кіреді, – делінген жарияланымда.
БҰҒАН ДЕЙІН
Қазақстан арқылы өтетін жүк тасымалы көлемінің төмендегені туралы хабарланған болатын. Атап айтқанда, Қытаймен шекарада шамамен 10 мың жүк көлігі жиналып қалғаны нақтыланған.