×
510.59
578.91
6.37
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.59
578.91
6.37

Тәркіленген пышақ, гоп-стоп, жаза мен даулы диалог: Шерзат сотында бүгін не айтылды

Тәркіленген пышақ, гоп-стоп, жаза мен даулы диалог: Шерзат сотында бүгін не айтылды
ulysmedia коллажы

Былтыр Талғарда төбелес кезінде кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты процесс жалғасып жатыр. Сот істі зерделеуге көшті. Істі Талдықорғандағы Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр.

ТӘРКІЛЕНГЕН АС ПЫШАҒЫ

Бүгінгі сот отырысында жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовтың тергеу кезінде оқиға орнында берген жауабының видеосы көрсетілді. Онда тергеушілер Қаржаубай Нұрымов және адвокаттарымен бірге «Қамажай» дүкенінен ас пышағын тәркілейді. Видеода пышақтың тұтастай темір, ұшы жоқ, күміс түстес екенін айтылады.

Сотталушылардың бірі видеода көрсетілген пышақ басқа пышақ деді. Судья Ержан Жанұзақов «Бұл жөнінде алдағы уақытта жарыссөзде айта аласыз» деді.

СҮРТІЛГЕН ПЫШАҚ

Бұдан өзге, іс бойынша куә деп танылған Дана Жақсыгелдінің де видеосы көрсетілді. Онда ол оқиға болған күні Абзал Шынасыл пышақ сүртіп отырғанда оған дизи құйып бергенін айтады.

 Үш жеті дүкеніне тоқтадық. Сол кезде дүкенге Нұрқияс [Ілиясов], Шыңғыс [Белғожаев] және (іс бойынша куә) Элмира кірді. Элмираның дизи алып шыққаны есімде. Сосын ол дизиді капотқа қойды. Сол кезде Абзал Шынасыл еңкейіп, қолымен бір нәрсе сүртіп жатқанын көрдім. Сол кезде маған айтты, дизиді беріп жіберші деді. Сомен мен жарайды деп, дизиді беріп жатқан кезде «құя салшы» деді. Құйып жатқанда ол жер қараңғы болатын. Қолын жуып жатыр екен деп ойладым. Қарап қалсам, пышақтың жүзін көрдім үшкір. Мә, дедім де, дизиді бердім де кетіп қалдым, – дейді Дана Жақсыгелді тергеу кезінде түсірілген видеода.

21 мамырдағы сотта іс бойынша негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл төбелестен кейін саусақ іздерін кетіру үшін пышақты сүрткенін айтқан. Бірақ Шерзат Полатты өлтірмедім, Нұрқанат Ғайыпбаевтың жамбасына пышақ ұрдым деген.

Нұрқанат Ғайыпбаев сотта көрсетілген беттестіру видеосында Шерзат Полатқа пышақ салған Абзал Шынасыл деп айтқан. Сотта жауап алу кезінде сотталушылардың кейбірі төбелестен кейін Шынасыл біреуді пышақпен ұрып жібергенін айтты деген.

БЕТТЕСУДЕН БАС ТАРТУ

Процесте көрсетілген видеолардың бірінде Абзал Шынасыл марқұм Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишімбиевамен беттесуден бас тартады. Бейне жазбада Бишімбиева төбелес болған күні Шынасылды көргенін, ол қолынан ұстап, ұлына жібермегенін айтты.

Қойыңдар, қойыңдар деп бара жатқанымда қолымнан ұстап алды. Қасында Нұрбол болды. Мен бұларға жалындым, менің балама тимеңдер деп. Мен анасымын, тимеңдер деп. Ешнәрсеге де қараған жоқ. «Сен ауызыңды жап, сені де өлтіремін» деді мынау [Абзал Шынасыл] маған, – деді Бишімбиева видеода.

Абзал Шынасыл сот залында беттестіруден не үшін бас тартқанын былай деп түсіндірді:

Жәбірленуші Қаржаубай мырза сыртта күш көрсеткісі келіп, боқтаған болатын. Сол себепті адвокатым бас тартсаң болады деді. Содан кейін бас тарттым, – деді Шынасыл.

Беттестіру кезінде ол «Бишімбиеваны төбелес кезінде көрген жоқпын. Сол себепті бас тартамын» деді.

«БҰЛАР ШАНТРАПАЛАР ҒОЙ»

Cот отырысында тергеу кезінде жәбірленуші Нұрқанат Ғайыпбаев пен сотталушы Шыңғыс Белғожаев арасындағы беттестіру видеосы көрсетілді. Онда Ғайыпбаев Белғожаевты бұрыннан білетінін айтады.

 Бұлардың барлығы «шантрапалар» ғой. Өйткені автостанцияда гоп-стоп жасап, балалардың телефондарын тартап алатындарын көрдім мен. Медколледждің балаларын тонап жатқан жерінен қаншама баланы алып шықтым, – деді Нұрқанат Ғайыпбаев видеода.

«ШЕРЗАТТЫ ҰРДЫМ»

Шыңғыс Белғожаев Ғайыпбаевты бұрын соңды көрмегенмін, танымаймын дейді. Беттестіру кезінде Шерзат Полатты ұрғанын мойындайды. Сөзінше, мылтықты Нұрқанат Ғайыпбаев атқан. Ол бұлай деп сотта  берген жауабында да айтқан.

Мен негізі мылтық атқан сақалды адамды ұрамын деп ойлағанмын. Бірақ кейіннен видеодан көргенде Шерзатты ұрғанымды білдім, – деді ол.

Беттестіру видеосында Нұрқанат Ғайыпбаев «егер мылтықты мен атсам, онда сенің шекеңнен атар едім» деп, өзінің мылтық атқанын жоққа шығарды.

ТЕХНИКАЛЫҚ ТОПТЫ ЖАУАПҚА ТАРТУ

Судья Ержан Жанұзақов сотталушылардың қарсылығына қарамастан, әлеуметтік желіде тарап кеткен видеоларға қатысты қызметтік тексеріс нәтижесін жариялады. Ол бойынша, сотты тікелей эфирде көрсетіп тұрған техникалық топ жауапкершілікке тартылған.

 Қызметтік тексеріс барысында сот процесінің онлайн трансляциясын уақытылы тоқтатпағаны анықталды. Соның нәтижесінде күдіктілердің видеосы эфирге шыққаны анықталды. Нәтижесінде техникалық қызметкерлер Рүстем Муксинов, Нәзира Оразәлиева және Сәуле Қайдағұлова тәртіптік жазаға тартылды, – деді судья түскі үзілістен кейінгі сот отырысында.

Бұған дейін әлеуметтік желіде сотталушылардың сот залындағы тордан күліп шығып келе жатқаны бейнеленген видео тараған. Ол желдіде қызу талқыланып, жұрттың сынына қалған. Күдіктілердің адвокаттары соттан видеоны таратқан адамды жауапқа тартуды сұрап, өтінішхат түсірген.

«САҒАН КӨП СҰРАҚ ҚОЙМАЙДЫ, СӨЙЛЕСІП ҚОЙҒАНМЫН»

Cудья Ержан Жанұзақов әлеуметтік желіде тараған аудиоға қатысты да жеке қаулы шығарды.

 Сот жеке қаулы шығаруды қажет деп тапты. Прокурорға жазбаның шынайлығын, диалогқа қатысқан тұлғаларды, әңгіменің мазмұнын анықтап, тиісті шара қабылдау тапсырылды. Айта кетейін, Конституцияға сәйкес, істі шешетін – тек сот. Кез келген арандатушылық пен шуға жол берілмейді, – деді судья. 

21 мамырдағы сот отырысынан кейін желіде екі адамның диалогы тараған. Онда сөйлескен екі адамның бірі «Көзімнен жас шығып кете жаздады, дұрыс сөйледім бе?» деп сұрайды. Екіншісі «Саған көп сұрақ қоймайды, уайымдама, сөйлесіп қойғанмын» дейді.

Сөйлескен екі адамның нақты кім екені белгісіз. Бірақ желіде күдіктілер ішіндегі екі адам екені айтылған.

ТАЛҒАР ОҚИҒАСЫ

Іс бойынша 9 адам күдікті деп танылған. Оларға «Адам өлтіу», «Қылмысқа дайындалу және оқталу», «Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау», «Бұзақылық» және «Ұрлық» бабы бойынша айып тағылған. Сот күдіктілерді кінәлі деп таныса, олар 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.

Күдікті ретінде Абзал ШынасылРавиль Сәкиев, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) ұсталған.

Марқұмның туыстары оқиғаға «Хутор» бандасының қатысы бар екенін айтқан. Бірақ полиция бұндай топтың барын жоққа шығарды. Топтың басшысы делінген Хасан Қасымбаев өзі жайлы тараған ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады. Қарашада Қасымбаев 2021 жылғы оқиғаға байланысты «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» және «адам ұрлау» баптары бойынша күдікке ілініп, қамауға алынды.

Серіктес жаңалықтары