×
510.81
578.59
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.81
578.59
6.51

Байлар да жылайды 2: "Олимп" КДЗ салықтық тексерістен неге қашып жүр

30.05.2025, 10:37
Байлар да жылайды 2: "Олимп" КДЗ салықтық тексерістен неге қашып жүр
Ulysmedia.kz коллажы

Бір апта бұрын «Олимп» медициналық зертханалар желісінің иесі әлеуметтік желілерде президентке жеке үндеу жариялады. Ерлан Сүлейменов өзінің бизнесіне жоспардан тыс тексеріс тағайындаған салық қызметкерлеріне тоқтау салуды сұрады. Тоқаевтан жауап күтпеген болса керек, кәсіпкер елордалық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің көмегіне жүгінді. Ulysmedia.kz Сүлейменовке ауыр артиллерия не үшін қажет болғанын анықтады.

ТЕКСЕРІС БОЛДЫ МА?

Бұған дейін Ерлан Сүлейменовтің бизнесіне «әкімшілік қысым» көрсетіліп жатыр деген шағымдары, әсіресе, оның зертханалары тек мемлекеттік тапсырыстардың өзінен жүздеген миллион теңге табыс тауып отырғанын ескерсек, күмән тудыратынын жазғанбыз. Ал «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасының иесі және медицина саласындағы өзге де бірнеше компания басшысының салықтық тексерістерден барынша жалтаруға тырысуы тіпті күмәнді көрінеді. Өйткені бұл мәселе екі жыл бұрын-ақ шешілуі мүмкін еді.

Кәсіпкердің елордалық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесіне жолдаған өтінішінен 2025 жылдың 2 мамырында компанияға жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізу туралы алдын ала шешім қабылданғаны жөнінде хабарлама келгені белгілі болды. 

– Бұл 2023 жылдан бергі төртінші жоспардан тыс тексеріс. Бұған дейін, 2023 жылдың қыркүйек және қазан айларында, сондай-ақ 2024 жылдың сәуірінде тағайындалған үш тексеріс заңсыз деп танылып, күшін жойған, – делінген өтініште.

Салық қызметкерлері екі жыл қатарынан бизнесті «қысымға алып жатса», сұрақ туындауы заңды болар еді. Бірақ іс жүзінде ешбір толыққанды тексеру жүргізілмегені көрініп тұр. Себебі тексеру тағайындалған кезде Сүлейменов нәтижесін күтпей-ақ сотқа жүгінген. Ал «процессуалдық өрескел бұзушылықтарға» байланысты сот бұл тексерістерді заңсыз деп тапқан. Яғни, егер Сүлейменов салық қызметкерлеріне бір рет болсын бухгалтерлік құжаттарына қол жеткізуге мүмкіндік бергенде, жаңа тексерістер де болмас па еді.

СҮЛЕЙМЕНОВ НЕДЕН ҚОРҚАДЫ?

Жағдай елордалық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің араласуына дейін жетті. Айта кету керек, бұл кеңес ақпараттық кеңістікте өте сирек көрінеді. Ол әдетте бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы рұқсат, жер телімін алу, құжат беру мерзімдерінің созылып кетуі секілді дауларға араласады. Бірақ бұл жолы кеңес отырысына себеп болған – біршама күмәнді тақырып – салық мәселесі. Егер заңсыз салық салу, шоттарды бұғаттау туралы сөз болса, түсінуге болар еді. Бірақ бұл жағдайда мәселе былай қойылған: бизнес өкілі салық органының тексеру тағайындауға негізі жоқ деп санайды. Ол бұған дейінгі жоғарғы соттың шешіміне сілтеме жасаған. Айтпақшы, Сүлейменовтің бизнесін тексеруге тырысу тек мемлекеттік кірістер комитетінен ғана емес, прокуратура тарапынан да болған. Бірақ нәтиже бермеген.

Отырыс барысында тараптардың ұстанымдары айқындалды. Салық органдарының пайымдауынша, «Олимп» салықтық жеңілдіктерді толықтай заңды түрде пайдаланып отырмаған сияқты: табыстың бір бөлігі медициналық көмекпен байланысты емес, электронды шот-фактуралар базасымен де сәйкессіздіктер бар. Елордалық МКК өкілі нақтылап өткеніндей, бұл жерде жоспардан тыс тексеру туралы шешім емес, бастапқы құжаттарды сұрату туралы ғана сөз болып отыр. Сол құжаттар талданғаннан кейін ғана тексеру жүргізу не жүргізбеу мәселесі қарастырылмақ. Алайда «Олимп» компаниясы салық органдарының бизнес туралы барлық мәліметтері бар деп есептеп, жаңа талаптарға мән бермей отыр. Ал бұл толық мәліметтің өзі сұрақтар туындатқан.

Жалпы, әңгіме бір-бірін естімейтін екі тараптың диалогына ұқсап қалды. Кеңес отырысының соңына қарай «салалық қысым» нұсқасы да айтылды. Яғни, жекеменшік медицинаға мемлекеттік органдар әдейі қысым көрсетіп отыр, жеке сектор елден кетуді ойлап жатыр, бұл Қазақстанның инвестициялық имиджіне нұқсан келтіреді деген пікірлер айтылды.

САЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ НЕ ТЕКСЕРМЕК

Соңғы төрт жылда Сүлейменовтің бас компаниясы мемлекеттік сатып алулар тетігі арқылы аймақтық филиалдарын есептемегенде шамамен 450 миллион теңге алған. Олар мемлекеттік емханалармен белсенді жұмыс істеп, зертханалық қызметтер көрсетіп келеді. 2022 жылы монополияға қарсы комитет КДЗ «Олимп» зертханасының нарықтағы үстем жағдайын пайдаланып, Астанада кейбір талдауларға бағаны тым жоғары қойып отырғанын мәлімдеген. Сол жылы елордалық монополияға қарсы департамент Сүлейменовтің компанияларына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзудың «белгілерін жою» жөнінде ескерту берген.

Бизнес-реестрдегі мәліметтерге қарасақ, Сүлейменовке тиесілі компаниялардың бірі – «МЫРЗА-ХАН» ЖШС 2021 жылдан бастап салық төлемдерін азайтқан. Ал «MEDITEC» ЖШС 2021 жылдан 2023 жылға дейін жыл сайын шамамен 1,3 млрд теңге салық төлеген, алайда 2024 жылы бұл көрсеткіш күрт өсіп, 2,6 млрд теңгеге жеткен. Дәл осындай өзгерістер КДЗ-ның бірнеше аймақтық филиалдарында да байқалған. Ал бас компания бойынша салық төлемдері негізінен тұрақты өсім көрсетіп келеді. Осыған қарамастан, Сүлейменовтің салықтық тексерулерден неге соншалық қашқақтағаны түсініксіз.

Дегенмен, бизнес ортасында «кінәсіз кәсіпкер жоқ» деген ұғым бар. Мәселе – салықшылар не табатынында: бірнеше жүз мың теңгелік заңбұзушылық па, әлде 9 миллиардқа дейін салықты қосымша өндіріп алатын негіз бе?

ҚОРЫТЫНДЫ ОРНЫНА

Кеңес нәтижесіз аяқталды деу қиын. Қазақстанның салық жүйесінің қысымындағы «адал бизнестің ауыр тағдырын» талқылағаннан кейін Сүлейменовке бірнеше кеңес берілді. Оның бірі – нақты әрі пайдалы: кәсіби салық кеңесшілер мен тәжірибелі аудиторларды тарту және салық органдарына сұралған құжаттарды беру. Бірақ басқаша ұсыныстар да болды. Мысалы, тоқтамау, барлық жерде дабыл қағу, әлеуметтік желілерде ақпараттық толқын тудыру. Тағы бір ұсыныс – инвесторлар пулына қосылу, өйткені онда прокурорлық сүзгі мемлекеттік органдардан қорғанудың тиімді құралы ретінде қаралады. Сүлейменов қай кеңеске құлақ асатыны әзірге белгісіз, бірақ «Олимп» пен кірістер комитеті арасындағы «сериал» енді басталған сияқты.

Серіктес жаңалықтары