×
510.19
582.79
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.19
582.79
6.46

Сарбаздар өлімі, дойыр күш әдісі мен ресейлік дрондар: Жақсылықовтың қызметтен кетуінің басты себебі неде

Бүгін, 18:07
Сарбаздар өлімі, дойыр күш әдісі мен ресейлік дрондар: Жақсылықовтың қызметтен кетуінің басты себебі неде
Ulysmedia коллажы

Қорғаныс министрінің отставкасын ең жұмбақ кадрлық шешімнің бірі деуге болады. Руслан Жақсылықов армияны басқарған үш жыл ішінде көптеген оқиғаның болғаны рас, солардың кейбірі бәлкім, оның қызметінен кетуіне тікелей себеп болған сыңайлы. Ulysmedia.kz бұл мақалада Жақсылықовтың отставка кетуінің шынайы себебі неде болуы мүмкін екенін зерттеп көрді.

Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі қызметіне 2022 жылы Қаңтар оқиғаларынан кейін тағайындалған еді. Әскерге ешқандай пайдасы тимеді деуге болмас. Мысалы, дәл оның тұсында әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үйді тегін жекешелендіру мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар, әскерилер ортақ зейнетақы жүйесіне ауыстырылып, коммуналдық төлемдер бойынша жеңілдіктерге ие болды. Мерзімді әскери қызметін өтеген жастар ҰБТ нәтижесіне қарамастан азаматтық жоғары оқу орындарына, ал әскери ЖОО-ларға емтихансыз түсуге мүмкіндік алды.

Алайда осы үш жыл ішінде Қорғаныс министрлігіне қатысты сын да аз айтылған жоқ. Атап айтқанда, кейінгі жылдары оннан астам әскери қызметшінің өлімі (оның ішінде суицид жағдайлары да бар) қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қаза тапқандардың арасында кәсіби әскерилер де, мерзімді қызметтегі сарбаздар да бар. Дегенмен, Қорғаныс министрлігі осы оқиғалардың басым бөлігі бойынша қылмыстық істер қозғалғанына қарамастан, әскерде «дедовщина» жоқ деген ұстанымынан айныған жоқ. Олар мұндай қайғылы жағдайлар әскерге келген жастардың босаңдығынан деп түсіндірді.

Сондай-ақ, қоғамда сарбаздарды шақыру кезінде күш қолдану тәсілдері де қоғамға ұнаған жоқ. Әлеуметтік желілерде әскери комиссариат қызметкерлерінің жігіттерді қоғамдық орындарда ұстап, күш қолданғаны туралы көп видео тараған. 2024 жылдың күзінде министрлік мұндай жағдай қайталанбайды деп мәлімдегенімен, биыл көктемде жастарды тағы да көшеде «аулау» фактілері тіркелді. Әскерге шақыру кезінде күш қолдану— армиядан келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілердің жаппай кетуімен байланысты болуы мүмкін. Көбіне сержанттардың айлығына көңілі тола бермейді.

Әскерді қаржыландыру мәселесі Жақсылықов министр болмай тұрып-ақ өзекті еді. Алайда оның кезінде де бұл түйткіл шешімін таппады. Жыл басында депутаттар қарапайым келісімшартты әскери қызметшінің жалақысы 200 мың теңгеден аспайтынын мәлімдеген болатын. Ал Қорғаныс министрлігінің пікірінше, жоқ деп отырған «дедовщина» бұрынғы министрлер тұсында да болған. Демек, бұл фактор Жақсылықовтың отставкасына басты себеп болды деуге келмейді.

“КЕЗДЕЙСОҚ” ҚҰЛАҒАН ДРОНДАР

Жақсылықовтың алдында Қорғаныс министрі болған кемінде төрт адам қызметінен түсіп, бұған әдетте әскери қоймалардағы жарылыстар, ұрлық күдіктері және қылмыстық істер себеп болған. Жақсылықов әзірге қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ. Бірақ оның отставкасына ықпал етуі мүмкін тағы бір маңызды жайт бар.

2024 жылы Қазақстан аумағына белгісіз ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) түсе бастады. Олар Батыс Қазақстан облысы аумағына кіріп кеткен. Бастапқыда Қорғаныс министрлігі бұл жағдайды өте қысқа әрі көмескі түсіндіріп, түрлі жорамалдарға жол ашты. Соның ішінде — бұл Украинадан Ресейге бағытталған, бірақ адасып Қазақстан аумағына кіріп кеткен дрондар деген болжам да болды. Кей нұсқалар бойынша, Қазақстанның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі бұл дрондарды байқаса да, олардан қауіп төнбегендіктен, қымбат зымырандарды жұмсамауды жөн көрген-мыс.

Алайда 5 маусымда Сенаттағы брифингте Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов бұл дрондардың Ресейге тиесілі екенін ресми түрде растады:

– Батыс Қазақстан облысы аумағынан табылған БПЛА-лардың 90%-дан астамы Ресейдің 926-шы ұшу сынақ орталығының полигоны шекарасында анықталды… Бұл — Ресей Федерациясы өз аппараттарын ұшырып, сынақтан өткізіп жатқан жағдай, – деді ол.

Ал осы мәлімдемеден үш күн өткен соң Руслан Жақсылықов қызметінен босатылды. Бұл нұсқаның шындыққа жанасатынын жаңадан тағайындалған министрдің тұлғасы да көрсетіп тұрғандай. Дегенмен, дереккөздің айтуынша, Жақсылықовтың отставкасы бұған дейін-ақ шешілген, бірақ мерекелік күндерге байланысты кейінге шегерілген.

ҰШҚЫШ АРМИЯНЫ БАСҚАРА АЛА МА

Қорғаныс министрі қызметіне авиация генерал-лейтенанты Даурен Қосанов тағайындалды. Бір жағынан, бұл тағайындау «әр сарбаз генерал болуды армандайды» деген сөздің шындық екенін дәлелдейді. Қосанов 17 жасынан бері әскер қатарында, яғни әскери жолды ең төменгі сатыдан бастаған. Ол Ресейде ұшқыштар училищесін, кейін әскери академияны аяқтаған. Демек, өмірін әскери қызметке арнаған тәжірибелі кадрлық офицер.

Бірақ Қазақстан армиясының негізінен құрлықтағы әскерге сүйенетінін ескерсек, авиация саласынан шыққан Қосановтың бұл лауазымға тағайындалуы біраз сұрақ туғызады. Оның басқарушылық тәжірибесі де ерекше сенім ұялата бермейді. 2013 жылы ол Әуе қорғаныс күштерінің қолбасшысы болып тағайындалса, 2019 жылы бұл қызметтен босатылып, әскери ұшқыштар институтының басшысы болды — бұл лауазымды жоғарылату деу қиын. 2022 жылы ол Қорғаныс министрлігіне оралып, әуелі Әуе қорғанысы күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары, кейін штаб бастығы болып тағайындалды. Ал 2024 жылы тағы да Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы болды.

Сондықтан, оны министр етіп тағайындау — егер Ресей дрондарының мәселесін есепке алмасақ тосын шешім көрінуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Қосановтың негізгі әрі алғашқы міндеті Қазақстанның әуе қорғаныс жүйесін күшейту болады деген болжам қисынға келеді.

Серіктес жаңалықтары