Соңғы жылдары Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан астанасына кейбір ауылдағы туыстардан да жиі келеді деп елордада қалжыңдап жатады. Бір жыл бұрын ол мемлекеттік сапармен келіп, сонымен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысқан болатын. Ал арада бір апта өтпей жатып, ҚХР басшысы тағы да Қазақстанға ресми сапармен келмек. Бұл жолы сапар аясында “Орталық Азия – Қытай” екінші саммиті де өтеді. Қазақстан үшін Қытаймен “ОА+” форматы аясындағы әріптестік қаншалықты тиімді және алдағы Астанадағы кездесуде мемлекет басшылары қандай маңызды мәселелерді талқылауы мүмкін екенін Ulysmedia.kz саралап көрді.
ОРТА ДӘЛІЗ БЕН ВИЗАСЫЗ РЕЖИМ
Саясаттанушылар мен экономистер бірнеше рет Қытай үшін Орталық Азия аймағы ең алдымен өзінің тұтастығымен маңызды екенін атап өткен. Қытаймен қарым-қатынасты қалыптастыруда біз үшін де Орталық Азия республикаларының бірлесіп әрекет еткені тиімдірек - сол кезде аймақтың үні әлдеқайда қаттырақ естіледі. Дегенмен, Қытай мен Орталық Азия арасындағы әріптестікте Қазақстан көшбасшы рөлін атқарып отырғанын ешкім жоққа шығара қоймас.
«Орталық Азия – Қытай» алғашқы саммиті 2023 жылы Сиань қаласында өткен болатын. Қазақстан стратегиялық бастамалар институтының директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, содан бері тараптар арасындағы серіктестік едәуір кеңейді. Мұны экономикалық көрсеткіштер де дәлелдеп отыр. 2022 жылы Қытай мен Орталық Азия елдерінің тауар айналымы 70 млрд доллар болса, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 95 млрд долларға жеткен. Ал Қытайдан Еуропаға бағытталған жүк тасымалы көлемі Транскаспий көлік дәлізі арқылы соңғы екі жылда үш есе артқан — 1,5 млн тоннадан 4,5 млн тоннаға дейін өскен.
Жоспар бойынша бұл көлем одан әрі ұлғайып, 2025 жылдың соңына қарай Орта дәліз арқылы 10 млн тонна жүк тасымалданбақ. Бұған қоса, Орталық Азия елдері мен Қытай арасында визасыз режим кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл бастамада да алғашқылардың бірі болып Қазақстан қадам жасаған.
– 2023 жылдан бастап енгізілген екіжақты визасыз режимнің арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы туристер саны соңғы бес жылда 9 есе өсті. 2024 жылы Қазақстан Қытайдан келген 650 мыңнан астам туристі қабылдады. Бұл – тек бастамасы. 1 маусымнан бастап Өзбекстан да Қытаймен визасыз режим енгізді. Осыған ұқсас келісім Әзербайжанмен де жасалды, – дейді Еркін Тұқымов.
Оның айтуынша, келесі визасыз режим енгізуі мүмкін Орталық Азия елі – Қырғызстан болуы мүмкін.
2024 жылдың қазанынан бастап Қырғызстан Қытайдан келген кемінде 5 адамнан тұратын туристік топтар үшін визасыз режим енгізді. Еркін Тұқымовтың пікірінше, визалық шектеулердің жеңілдеуі Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы өркениеттік жақындасу үдерісін жандандыруға сеп болады.
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА ШАРТТАРЫ
Қазақстанда Қытай бизнесі ел тәуелсіздік алған жылдардан бастап белсенді жұмыс істеп келеді. Алайда Еркін Тұқымовтың айтуынша, бұрын бұл ынтымақтастық негізінен энергетика мен мұнай-химия саласындағы бірлескен кәсіпорындармен шектелсе, қазір әріптестіктің сипаты өзгеріп келеді.
– Қазақстан шетелдік инвестицияларды жаппай тарту саясатынан бас тартып, енді сапалы инвестицияларға басымдық беруге көшті, – дейді ол.
Мысал ретінде ол Орта дәлізді келтіреді.
– Бүгінде Орта дәлізге географиялық балама ретінде емес, Қытай мен Еуропалық Одақты байланыстыратын тұрақты маршрут ретінде қарай бастады. «Қорғас» пен «Бақтыда» терминалдар мен құрғақ порттар қарқынды салынып жатыр, теміржол желісі жаңартылып, Ақтау мен Құрық порттары кеңейтілуде. Осылайша Орта дәліз логистикалық бағыт ретінде қалыптасты, бірақ біз мұнымен шектеліп қалмай, болашаққа қарауымыз керек, – деп түйіндеді Еркін Тұқымов.
ЖАҢА ЖІБЕК ЖОЛЫ
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, соңғы 15 жылда Қазақстан бұл логистикалық дәлізге 35 миллиард доллардан астам инвестиция салған, сондай-ақ жоба аясында шетелдік капитал да тартылып жатыр. Алайда логистикалық маршрут тек жолдардан тұрмайды.
– Бағыт бойында капиталды тартатын орталықтар құру қажет: индустриялық аймақтар, технопарктер, агроөнеркәсіптік кластерлер. Дәлізді аумақтық экономикалық маманданулар бойынша бөліп қарастыруға болады. Мысалы, бір бөлігінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу дамыса, екіншісінде – жеңіл өнеркәсіп, ал үшіншісінде – цифрлық және логистикалық қызметтер, – дейді саясаттанушы.
Оның пікірінше, осындай тәсілмен Орталық Азия еуразиялық өндірістік тізбектерге табиғи түрде кіріге алады.
БІЛІМ МЕН ТЕХНОЛОГИЯ
Сонымен қатар, Еркін Тұқымов Қытайдың жасанды интеллект пен IT саласындағы ғылыми жарияланымдар саны бойынша әлемдік көшбасшы екенін еске салды.
– Қазақстан үшін бұл – маңызды бағдар. Біз үшін жаңа даму нүктесі – цифрлық экономиканы және жасанды интеллектіні дамыту. Бұл бүкіл қоғамды жаңғыртуға бағытталған қадам, – дейді ол.
Саясаттанушының пайымынша, Қазақстан мен Қытай жасанды интеллект, биотехнология, кванттық есептеу, технопарктер мен ғылыми-зерттеу орталықтарын құру бойынша бірлескен стартаптар ашуға мүмкіндікке ие. Сонымен қатар Қытай мен Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары арасында да ынтымақтастық орнауы мүмкін.
ОРТАҚ ПРОБЛЕМАЛАР
Еркін Тұқымовтың пікірінше, алдағы уақытта қоғамда белсенді көтеріле түсетін тағы бір маңызды сала - су ресурстарын бірлесіп пайдалану болады.
– Бізді шекара мен жол ғана емес, су экожүйелері де байланыстырады. Климат тұрақсыздығы жағдайында әрбір текше метр су стратегиялық маңызға ие. Бүгін суды дұрыс пайдалану — елдеріміздің аграрлық даму тұрақтылығы мен бүкіл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін айқындайтын фактор. Сондықтан су ресурстарын ұтымды және ғылыми негізделген тәсілмен пайдалану — жай ғана экологиялық емес, геосаяси мәнге ие мәселе, – дейді ол.
Еркін Тұқымов аймақтағы су пайдалануға қатысты ортақ ұстаным қалыптастырып, климаттық бейімделуге арналған бірлескен тәсілдерді әзірлеуді ұсынады. Бұл бағытта Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталығын құру бастамасы көмекші бола алады.
Сарапшының айтуынша, алдағы уақытта Қытай мен Орталық Азия елдері арасында "ақылды" су шаруашылығы жүйелерін құру, агротехнологияға инвестиция тарту және суды ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру бойынша бірлескен жобалар пайда болуы мүмкін.