×
541.93
636.71
6.83
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.93
636.71
6.83

Күмәнді кейс немесе Бағанашылдағы даудың артында кім тұр

24.07.2025, 10:19
Күмәнді кейс немесе Бағанашылдағы даудың артында кім тұр
Ulysmedia.kz коллажы

Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіру оқиғасы қоғамда ғана емес, Ақордада да үлкен резонанс тудырды. Мемлекет басшысы көшіруді тоқтатуды және қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды. Ulysmedia.kz бұл күмәнді іске кімдердің мүддесі араласқанын анықтауға тырысты.

Үміт жоқ, көз жас пен Тоқаевтың араласуы

2024 жылдың желтоқсанында «Огни Алатау» басылымы 2025 жылдың мамыр айында Алматы қаласы, Алматы облысы әкімдігі мен жекеменшік инвестор арасындағы әріптестік аясында Қонаев қаласында жаңа балалар үйінің құрылысы аяқталатынын хабарлады. Сол жерге Бағанашыл ықшамауданындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіру жоспарланған.

Жоба Damu Development Group консорциумы арқылы жүзеге асырылып, әріптестік туралы меморандум облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Абдрахим мен консорциумның құрылтайшысы Руслан Ахметов арасында жасалған.

Алайда балалар үйінің тәрбиеленушілері бұл жоспармен келіспей, ел президентіне үндеу жасады. Бұған жауап ретінде Алматы облысының білім басқармасы көшірудің себебі – 1963 жылы салынған балалар үйі ғимаратының апатты жағдайда екендігімен байланысты екенін мәлімдеді. Шенеуніктер бұл қорытындыны 2024 жылы «Астанақұрылыссервис» ЖШС жүргізген техникалық тексеріске сүйене отырып түсіндірді. Сондай-ақ, жаңа ғимарат мемлекеттің бір тиынын да талап етпестен, инвесторлар тарапынан қайырымдылық ретінде салынғаны айтылды.

– Тәрбиеленушілерді жеке инвесторлар есебінен салынған және мемлекетке сыйға берілген 180 орындық жаңа балалар үйіне кезең-кезеңімен көшіру жұмыстары басталды, – делінген ресми хабарламада.

Алайда бұл жоспарға тәрбиеленушілердің өздері қарсы тұрды. Полицияның жасөспірімдерді күштеп алып кетіп жатқан сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде жылдам тарап, халықтың ашу-ызасын туғызды. Құқық қорғау органдары көшіру кезінде тәртіпті қамтамасыз ету үшін барғанымен, көпшілік олардың әрекеті жағдайды одан әрі ушықтырды деп есептейді.

Кенет мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іске араласып, көшіруді тоқтату туралы шешім қабылданды.

МЖӘ келісімі болған ба?

Бұған дейінгі репортажда көшіру процесі «толықтай ерікті» түрде жүргізіліп жатқандай көрсетілгенін айтқан едік. Алайда қоғам назарынан тыс қалған бірқатар маңызды жайттар бар. Алдымен, заң бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясындағы барлық байқаулар ұлттық экономика министрлігінің арнайы порталында жариялануы тиіс. Алайда Қонаев қаласындағы балалар үйінің құрылысына қатысты ешқандай мәлімет бұл порталдан табылмады.

Жаңа білім беру орталығының құрылысына тапсырыс беруші ретінде Алматы облысының білім басқармасы көрсетілгенімен, мемлекеттік сатып алу порталында жоба мен техникалық қадағалаумен айналысқан «Ортикон» ЖШС мен «Eva Corp» ЖШС-мен қандай да бір келісімшарт тіркелмеген. Сонымен қатар, «Бағанашылдағы» ғимаратты апатты деп таныған «Астанақұрылыссервис» ЖШС-мен жасалған келісім де тіркелмеген.

Бұл жағдайдан кейін “олардың қызметтерін кім қаржыландырды?” деген заңды сұрақ туындайды. Егер бұл жеке құрылымдардың қаражаты есебінен жүргізілсе, онда неге мемлекет тарапынан емес? Өйткені бұл мемлекеттік меншік нысанының жағдайына қатысты тексеру. Ал “кім ақша төлесе, сол билейді” деген қағидамен қарайтын болсақ, онда бұл қорытынды қаншалықты объективті болды?

Жер — шытырманның өзегі

Қоғам белсендісі, бұрынғы бала құқықтары жөніндегі омбудсмен Аружан Саин Facebook парақшасында риелторларға сілтеме жасай отырып, балалар үйіне тиесілі 2,5 гектар жер телімінің құны шамамен 19 млн АҚШ доллары (немесе 9,9 млрд теңге) екенін жазды. Бұдан бөлек, мекеменің балансында жалпы аумағы 7,18 га болатын саяжай да бар — оның бағасы 9 млрд теңгеден асады деп бағаланған. Сондай-ақ құрамыс ауылындағы үшінші жер телімі де бар, бірақ оның қазіргі тағдыры беймәлім.

Аружан Саин шенеуніктер көшіру болмайды деп сендіргенімен, шын мәнінде жағдай мүлде басқаша өрбігенін атап өтті. 10 шілде күні Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары балалар үйінің жарғысына мекеменің заңды мекенжайын Қонаев қаласы, Қонаев даңғылы, 33/4 учаскесі деп өзгерту туралы бұйрық шығарған. Бұл мемлекет басшысының көшіру туралы пікірін жариялағанға дейін болған. Аталған бұйрықтың күші жойылды ма — әзірге белгісіз.

Ал мемлекеттік мүлік тізілімінің ресми порталындағы мәліметке сүйенсек, «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі облыстық орталық» КММ-нің ғимаратының жалпы аумағы – 3 365,70 шаршы метр. Бірегей мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының дерегінше, Бағанашыл ықшамауданы, Сығарбеков көшесі, 22-үй мекенжайында орналасқан нысанның кадастрлық нөмірі №20313042109. Нысанның мақсатты пайдаланылуы – балалар үйі, жер телімінің ауданы – 25 000,00 м² (2,5 га). Шынында да, бұл учаске оңтүстік астананың қарқынды даму қарқынын ескерсек, өте тартымды болып көрінеді.

Күмәнді схеманың артында кімдер тұр?

Егер көшіру жүзеге асқанда, құны шамамен 10 млрд теңгеге бағаланған 2,5 гектар жер телімі Алматы әкімдігінің иелігіне өтетін еді. Осыдан кейін бұл жер аукционға шығарылуы немесе жеке құрылымдарға құрылыс салуға берілуі мүмкін еді. Мұндай сценарийлер көп. Азаматтық белсенділер қадағалау органдарына жолдаған үндеуінде бұл әрекеттен сыбайлас жемқорлық схемасына тән белгілерді көріп, оны тексеруді талап етті.

Қонаевтағы балалар үйін салуға жауапты болған Damu Development Group консорциумы әзірге болып жатқан жағдайға қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ. Салынған ғимараттың құны 4 млрд теңге екені және оның әлеуметтік инфрақұрылымға елеулі үлес қосқанына ешкім күмән келтірмейді. Алайда біз бір нәрсені түсінгіміз келеді: бұл қайырымдылық па, әлде есеппен жасалған инвестиция ма?

Ашық дереккөздерге сәйкес, консорциумның құрылтайшыларының бірі — 2023 жылы елорда мәслихатына сайланған депутат Абзал Сағымбаев. Adata.kz сервисінің мәліметінше, сол жылдың желтоқсанында ол «Астана» халықаралық қаржы орталығында DAMU DEVELOPMENT HOLDING LTD компаниясын тіркеген. Айтпақшы, Бағанашылдағы жерге Әлия Назарбаеваның қатысы болуы мүмкін деген де болжам айтылған. Біз DAMU DEVELOPMENT HOLDING LTD — еншілес «QAZ STROY STANDARD» ЖШС-нің құрылтайшысы, ал оның 42 еншілес және 5 серіктес компаниясы барын анықтадық. Алайда Қазақстандағы ең бай әулеттің бұл іске тікелей қатысы бар екенін дәлелдейтін нақты байланыс табылған жоқ. Сондықтан бұл жанжалға олардың араласуы туралы әңгімелер әзірге тек болжам күйінде қалуда.

Қорытынды қандай?

Бұл оқиғада күмәнді жайттар тым көп. Жергілікті билік басында неге көшіру болмайды деп мәлімдеді де, артынша, 21 шілдеде «жаңа жерге көшуге» әрекет етті? Бағанашылдағы ғимараттың расымен апатты жағдайда екені де түсініксіз, өйткені сол тексеру актісін ешкім көрген жоқ. Мемлекет басшысының араласуын неге қажет болды, мұны жергілікті шенеуніктер өздері шеше алмағаны ма?

Бағанашылдағы балалар үйі оқиғасы — жай ғана жетім балаларды «қамқорлық» деген желеумен басқа қалаға көшіруге тырысқан жағдай емес. Бұл бүкіл жүйенің айнасы. Мұнда институттардың әлсіздігі, шешім қабылдаудағы ашықтықтың жоқтығы, ықтимал жемқорлық пен институционалдық немқұрайдылық айқын көрінді. Жетім балалар миллиардтаған теңге мен элиталық жер телімі үшін жүргізілген ойында тұтқынға айналды. Ал осы уақытқа дейін бірде-бір лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмады. Сондықтан қоғам «Балаларға – ең жақсысы!» деген ұранмен Алматыда 2,5 гектар жерді босатудың кімге тиімді болғанын сұрауға толық құқылы.

Серіктес жаңалықтары