×
538.03
629.23
6.74
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.03
629.23
6.74

"Корей сценарийі болуы мүмкін": Трамп пен Путин қандай келісімге келеді

Бүгін, 14:03
"Корей сценарийі болуы мүмкін": Трамп пен Путин қандай келісімге келеді
ulysmedia коллажы

Гарвард университетінің түлегі, қазақстандық саясаттанушы Талғат Қабдығали Ulysmedia.kz-ға АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуі не үшін Аляскада өтетінін және Дональд Трамп пен Владимир Путин қандай мәселелер бойынша келісімге келуі мүмкін екенін айтты.

Ресейге қарата иілу

Талғат Қабдығали екі ел президенттерінің Аляскада кездесуі кездейсоқ емес дейді. Бұл таңдаудың географиялық себебінен бұрын, саяси да себебі бар.

– Көптеген америкалықтар Трамптың бір сұхбатында Алясканы «Ресейдің жері» деп атағанына назар аударды. Бұл қоғамда пікірталасты күшейтті. Бірақ менің ойымша, бұл президенттің қателігі емес, керісінше белгілі бір дипломатиялық сигнал болды. Америкалықтар үмітпен қарап отыр, олар Владимир Путиннің Украинадағы қақтығыстыбейбіт жолмен шешуге қаншалықты дайын екенін сезінгісі келеді, – дейді ол.

Саясаттанушының пікірінше, Алясканың таңдалуы стратегиялық мәні бар шешім. Себебі аймақты 1867 жылы Ресей империясы АҚШ-қа сатқан.

— Аляска жайдан-жай таңдалған жоқ. Бұл АҚШ пен Ресей арасындағы тарихи әріптестіктің символы. Өйткені 1867 жылы бұл аумақты Ресей империясы АҚШ-қа сатқан. Сондықтан, менің ойымша, дәл осы жердің таңдалуы «қазіргі әлемде шекара дегеніміз – валюта сияқты айырбасқа түсетін құрал» деген мессендж, дипломатиялық белгі, – дейді саясаттанушы.

Мүдделер қайшылығы

Талғат Қабдығали Ресей басып алған аумақтарды өзінде қалдыру шарттары орындалған жағдайда ғана бейбіт келісімге келіседі дейді. Ол жөнінде бұған дейін Дональд Трамп та, вице-президент Джей Ди Вэнс те тұспалдап, айтқан.

Алайда бұл шарттармен Украина мен президент Владимир Зеленский мүлде келіспейді. Бұған дейін Зеленский Ресей басып алған аймақтардан Украина әскері ешқайда шегінбейтінін шегелеп айтқан.

— Бұл кездесу толығымен екіжақты форматта өтпек. Яғни, Трамп пен Путин бейбітшілік пен қауіпсіздік туралы сөйлеседі, бірақ негізгі құрбан — Украина бұл диалогтан тыс қалып отыр. Халықаралық құқық тұрғысынан бұл, жұмсақтап айтқанда, біртүрлі, – дейді ол.

Талғат Қабдығалидің пікірінше, Путин Ресей мен Украинаның шекарасын қазіргі басып алған аумақтар негізінде бекітуге тырысады. Ал Трамп Херсон және Запорожье облыстарын Украинаға қайтаруды талап етуі мүмкін.

— Путин өзінің айтқанында тұрады. Басып алған төрт облыс пен Қырымды мойындау және Украинаны денацификациялау. Қарапайым тілмен айтқанда, Киевтегі билікті ауыстыру. Ресейдің Қара теңізге толықтай шығуына мүмкіндік алу, – дейді саясаттанушы.

Ол Ресей өзі қойған шарттарына қол жеткізуі мүмкін дейді. Бұған қоса, Вашингтон Украинаның демилитаризациясын, яғни әскери қуатын шектеуді қолдап, Еуропалық Одаққа мүше болуына кедергі жасамауы мүмкін.

Трамптың тактикасы және корей сценарийі

Сарапшының пікірінше, Трамп пен Путин арасындағы келіссөздер нәтижесінде соғыс тоқтап, алдағы уақытта кореялық сценарий бойынша бітімге келуі мүмкін. Яғни, екі бауырлас халық арасында ресми түрде соғыс аяқталмаса да, белсенді қарулы қақтығыс тоқтайды, бірақ мәселе түпкілікті шешілмейді.

АҚШ президентінің Ресей басшысына жасаған барлық ілтипаты келіссөздерді бастауға арналған тактикалық әдіс қана болуы мүмкін. Алайда ақыр соңында Трамп өзі басты бенефициар болмайтын бейбіт келісімге келісе ме, жоқ па үлкен сұрақ.

— Қазіргі жағдайда Трамп пен Путиннің кез келген уағдаластығы ең алдымен Ресейге тиімді. Өйткені санкциялар кесірінен Ресей мұнай мен газ экспортынан түсетін табыстанқағылып жатыр. Сонымен қатар, кең ауқымды шарттарға қол жеткізу Ресейге қарсы санкциялардың бір бөлігін жоюы мүмкін. Бұл өз кезегінде астық пен мұнай бағасын төмендетіп, БРИКС елдерінің әлемдік аренадағы позициясын күшейтеді, — дейді Талғат Қабдығали.

Оның сөзінше, Трамп экономикалық мүдделерін аяқ асты етіп, әлемдік бітімгер болуға анау айтқандай құштар емес. Сол себепті келіссөздер мүлде басқа бағытта жүруі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары