Ulysmedia.kz өңір әкімдерінің жоспарлары мен уәделерін қалай орындап жатқанын талдайтын материалдар топтамасын жалғастырады. Берік Уәли 2025 жылдың ақпанында Абай облысына әкім болып тағайындалды. Ол өңірдің болашағы жарқын болады деп уәде бере бастағанымен, оның алдында қабылданған кешенді даму жоспары әлдеқашан әлсіреп тұр. Жаңа әкім қызметке кіріскеннен кейін небәрі бір айдан соң Ақордаға шақырылуы да содан шығар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде Берік Уәли облыс бюджетінің шығыс және кіріс бөліктеріне жасалған талдау туралы айтып, қаржыландырудың негізгі бағыттарын таныстырды. Сонымен қатар, 2028 жылға дейін құны 2,2 трлн теңгелік жаңа инвестициялық жобаларды атап өтіп, олардың бір бөлігі осы жылы іске асатынын жеткізді. Бірақ алға жылжуға әкімнің өзі айтқан ескі мәселелер кедергі болып тұр. Халық көлік қатынасын жандандыруды, мектептерге интернет тартуды, сумен қамтуды жолға қоюды, жолдарды жөндеуді, фельдшерлік пункттер ашуды және экологияға көңіл бөлуді талап етуде. Берік Уәли бұл түйткілдерді шешу жөнінде тапсырмалар беріп, барлық мәселені жеке бақылауына алатынын айтты.
КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙІС ЖӘНЕ АЛҒАШҚЫ ӘТТЕГЕН-АЙ
Абай облысының әкімі креслосына отырған Берік Уәли аппаратты тазалаудан бастады. Он шақты шенеунік қызметінен босатылды. Жалпы алғанда, ол бұрынғы әкім Нұрлан Ұранхаев бастамашы болған «сырттан келгендерден» облыстық әкімдіктің жаңа құрамын жасақтап бітті деуге болады. Ескі кадрлар қалса да, шешім қабылдауға ықпалы жоқ, жауапкершілік жүктелмейтін лауазымдарда ғана отыр.
Уәлидің командасына қиын міндет жүктелген. Өңірдің әлеуеті бар, бірақ экономикалық артта қалып келеді. Әкімнің аудандардағы тұрғындармен кездесулерінен байқағанымыздай, аймаққа 30 жылдан бері ешкім көңіл бөлмегендей. Әр ауданнан жұмыс, жол, су, мектеп, аурухана секілді сансыз мәселе көтеріліп жатыр. Әкім болса, бәрін салып-жаңартуға, қамтамасыз етуге уәде беріп жүр. Ол уәделер орындала ма, жоқ па – уақыттың еншісінде. Бірақ Берік Уәлидің имиджіне нұқсан келтірген бір жағдай қазірдің өзінде болып үлгерді.
Маусым айында ол Семейге жаңа автобустарды салтанатты түрде таныстырған еді. Қалада оларға сұраныс жоғары болатын. Алайда белгіленген мерзімде автобустар қала көшелеріне шықпады. Нақты себеп те анық емес: әкімдіктің зауыттан автобустарды сатып алуға қаржысы жетпеді ме, әлде құжат рәсімдеу созылып кетті ме – түсініксіз. Салқындатқышы бар автобустар жолға әлдеқайда кейін шықты. Сөйтіп, әкім бар болғаны «жоспарды орындалды» деп көрсетуге тырысқан болып шықты. Ең бастысы – бұл жағдайдың әдетке айналмауы.
Шілдедегі үкімет отырысында Берік Уәли облыстың барлық негізгі көрсеткіш бойынша өсімге жеткенін мәлімдеді. Алайда кешенді даму жоспарын бүгінгі жағдайға сай қайта қарап, түзету қажет екені анық байқалады.
ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҚАЛҒАНДАР…
Өңірді 2023-2027 жылдары дамыту жоспары бұрынғы үкімет тұсында бекітілген және ол күшін жойған жоқ. Яғни құжат әлі де ресми түрде қолданыста. Қағаз жүзінде Абай облысының әлеуеті барлық салада бар. Мәселен, 80-нен астам игерілмеген кен орны есебінен тау-кен өндірісін дамытуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ өңір солтүстікті оңтүстіктен, батысты шығыстан жалғайтын жолдардың торабында орналасқандықтан, логистикалық орталық бола алады.
Жоспар бойынша осы әлеуетті пайдалану және халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін 102 жоба көзделген. Көп нысандардың мерзімі 2023–2025 жылдарға белгіленген, қаржыландыру жергілікті және республикалық бюджеттен қарастырылған. Бірақ олардың көбі қағаз жүзінде қалып қойды.
Мысалы, «Экология» бөлімінде Семейге жаңа тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу және ескі полигонға сұрыптау желісі бар ангар тұрғызу жоспарланған. Жаңа полигонға шамамен 4 млрд теңге, ангарға 2 млрд теңге бөлінуі тиіс еді. Екеуі де осы жылы іске қосылуы керек болатын. Бірақ ангар мүлде салынбады. Кейін облыс әкімдігі жаңа полигон ашылған соң ескісі жабылатынын хабарлады.
Тіпті неміс инвесторлары қоқыс өңдейтін зауыт салып, ескі полигонды рекультивациялайды деген әңгіме шыққан, бірақ ол да аяқсыз қалды. Ал жаңа полигонға келсек, 2024 жылы, Ұранхаев тұсында, құрылыс 2025–2026 жылдарға шегерілді делінген. Уәли әкім болған соң құжат жүзінде бәрі дайын, бірақ қаржы тапшы екені анықталды – Еуропалық қайта құру және даму банкі жобаны қаржыландырудан бас тартқан.
Осыған ұқсас жағдай өрт сөндіру деполарымен де бар. Қабанбай ауылындағы депо былтыр пайдалануға берілуі тиіс еді, бірақ, Берік Уәлидің өзі айтқандай, «құрылысы енді ғана басталды». Жоспарда әлі де балаларға арналған неврологиялық орталық, мұз айдыны, бірнеше емхана сияқты нысандар бар. Ал олар жоспарға сай осы жылы, тіпті өткен жылы іске қосылуы тиіс болатын.
ӘКІМ ҮШІН ЕМТИХАН
Кешенді жоспардың орындалуы созылып бара жатқандықтан, белгіленген межелерге жету қиынға соғуы мүмкін. Бірақ бәрінде емес. Өнеркәсіп өндірісінің көлеміне қатысты жоспар орындалды. 2028 жылға қарай өңір 1,5 трлн теңгеге шығуы тиіс еді. 2024 жылдың соңында бұл көрсеткіш 1,9 трлн теңгеге жетті.
Өңдеу өнеркәсібі де жоспарды орындауға жақын. 2028 жылдың басына 594 млрд теңге межеленсе, қазірдің өзінде 546 млрд теңгеге жетті. Алайда ауыл шаруашылығы артта қалып отыр: 2024 жылы жалпы өнім көлемі 453 млрд теңге болды. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен (474 млрд) төмен.
Тағы бір алаңдатарлық жайт – негізгі капиталға салынған инвестициялар өсіп жатқанымен, бұл ірі кәсіпорындардың есебінен. Керісінше, шағын және орта бизнес өз дамуына қаржы салуды азайтқан. Оның үстіне 2022 жылмен салыстырғанда орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны азайды. Бұл – жұмыс орындарын көбірек беретін орта бизнестің өңірде өзіне жайлы орта таппай отырғанын көрсетеді.
Жұмыссыздық деңгейіне келсек, ресми көрсеткіш мақсатқа жетті – 4,7%. Бірақ жастар арасында мәселе сақталып отыр: 16–24 жас аралығында жұмыссыздар үлесі сәл артқан, ал 25–28 жас аралығында өзгеріссіз қалған. Бұл жастардың жұмыспен қамтылуда қиындық көріп жатқанын аңғартады. Мұның бір себебі – облыстан халықтың қоныс аударуы.
2022 жылдың соңында өңір халқы 610 198 болса, 2025 жылғы 1 маусымда – 602 832 адам. Тұрғындар санының азаюы теріс көші-қон есебінен, яғни адамдар облыстан кетіп жатыр. Ішкі көші-қон да бар: ауылдан қалаға ағылу жалғасуда. Семейдің халқы сол уақыт аралығында 5,5 мың адамға өскен.
Демек, Беріқ Уәлидің жұмысы бастан асады. Сол себепті ол кадр мәселесіне айрықша мән беріп отыр. Әкім аудандық және қалалық әкімдердің тиімділік рейтингін енгізді. Жарты жылдық қорытындысы бойынша артта қалғандарды әкімшілік жауапкершілікке тартуды тапсырды. Егер бұл тек сөгіспен шектелмей, қатаң шараға ұласса, нәтиже беруі мүмкін.
Әрине, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді қысқа уақытта күрт өзгерту немесе бұрын бітпеген нысандарды аяқтау оңай емес. Дегенмен, Уәлидің тиімділігін бағалауда нақты өлшем пайда болды, ол – Алакөл. Президенттің сынынан кейін әкім жедел жиын өткізіп, демалыс аймағының мәселесін шешуге шамамен 1 млрд теңге бөлетінін айтты.
Әрине, осыған дейін Алакөлге бюджеттен бөлінген ондаған миллиардтың қайда кеткенін ол көтермейді. Бірақ өзі бөлген қаражаттың орнымен жұмсалуын қадағалау – қолынан келеді. Сондықтан келесі жазда президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы жаңа қызметінде қалай нәтиже көрсететінін көруге болады.