×
533.87
621.64
6.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
533.87
621.64
6.64

Қазіргіні түсініп алайықшы: сарапшылар жаңа Конституция қабылдау туралы не дейді

Бүгін, 13:05
Қазіргіні түсініп алайықшы: сарапшылар жаңа Конституция қабылдау туралы не дейді
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан емес, Қазахия, премьер-министрдің орнына вице-президент және бірпартиялық парламент – отандық юриспруденцияның корифейі елдің жаңа Конституциясының жобасын ұсынды, алайда бұл ауқымды еңбек кеңінен жария талқылауға түскен жоқ. Ulysmedia.kz неліктен олай болғанын түсінуге тырысты.

«Бомбасыз» талқылау

Қазақстан Конституциясы жақында өзінің 30 жылдығын атап өтеді. Бұл маңызды дата, сондықтан әр күні негізгі заңымызға арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Солардың біріне Ulysmedia тілшісі де қатысып, заң ғылымдарының докторы, РАЕН академигі Жұмагелді Елюбаевтың Конституцияны өзгерту туралы ұсынысына қатысты пікірталасты естуге үміттенді.

Заңгер әділет вице-министрі мен жоғарғы сот судьясы болған, беделді заңгерлер бірлестіктерін басқарып, БАҚ-тағы көптеген жарияланымдар мен салмақты монографиялар жарияланған. Сондықтан оның идеялары назар аударуға тұрарлық сияқты еді. Алайда «Қазақстан Республикасы Конституциясына 30 жыл: мықты мемлекет, еркін қоғам, жауапты азамат» атты сараптамалық жиынға келген қонақтар отандық юриспруденцияның корифейінің ұсынысы туралы тіпті естімегенге ұқсады. Олар негізінен Конституцияға соңғы енгізілген түзетулердің өзгерістерін, оның трансформация кезеңдерін және өзге жайттарды талқылады.

– Қазір алдымызда тұрған міндет – Конституция нормаларына өзге заңдарды сәйкестендіру, – деді депутат Айдарбек Ходжаназаров.

Президенттік орталық директорының орынбасары Серік Сыдықов өз кезегінде 1995 жылдан бері Конституцияға алты рет өзгеріс енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, алғашқы бесеуі президент билігін күшейткен, ал соңғысы – керісінше, шешімдердің бір бөлігін президенттен парламент пен қоғамға берген.

Осы тұста қоғам өкілі ретінде профессор Елубаев негізгі заңды түзету емес, түбегейлі өзгерту туралы ұсыныс жасады. Ол ел атауындағы «-стан» жұрнағынан бас тарту, басқару жүйесінде – премьер-министр мен сенатты алып тастау, ал президентті 5 жылға сайлап, екі рет қатарынан баллотировкаға түсуге мүмкіндік беру қажет деп санайды. Алайда көптеген сарапшылар Конституцияны ауыстыру туралы ұсынысқа аса сын көзбен қарайды.

Әлі толық ашыла қойған жоқ

Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбайдың пайымынша, Елубаевтың идеялары, әрине, назар аударуға тұрарлық, бірақ қазір емес.

– Ол, әрине, түбегейлі өзгерістер ұсынып отыр, бірақ меніңше, оларды қабылдау әзірге ертерек. Біз бар болғаны үш жыл бұрын қолданыстағы Конституцияға өзгерістер енгіздік, өзгеріс енгізу былай тұрсын, олардың тиімділігін бағалау үшін де уақыт тым аз өтті., – дейді ол.

Дәл осындай пікірді РМҚК «Парламентаризм институтының» директоры Наталья Пак та айтты.

– Үш жыл бұрын енгізілген өзгерістерді жаңа ғана қолданысқа енгізе бастадық. Ол өзгерістердің тиімділігін түсіну үшін де бұл мерзім тым қысқа, жаңа түзетулерді айтпағанда, тіпті жаңа құжат туралы сөз қозғаудың өзі ерте, – деді ол.

Оның айтуынша, үш жыл бұрын қабылданған өзгерістер бойынша да шешілмеген мәселелер бар.

– Біз аралас жүйеге өттік. Депутаттардың бір бөлігі партиялық тізім бойынша, ал бір бөлігі бірмандаттық округтер арқылы сайланады. Бірақ партия мүшесі болып саналатын адам бірмандаттық кандидат ретінде тіркеле ала ма? Мұндай сұрақтар өте көп. Бізге салалық одақтардан, түрлі ұйымдар мен бірлестіктерден өтініштер түсіп жатыр. Яғни, қолданыстағы заңнама аясында шешілетін жұмыс әлі жеткілікті, – дейді ол.

Өзгертуге болатын дүние

Өзекті саясат институтының директоры Сергей Коновалов та қолданыстағы Қазақстан Конституциясы нормаларының қазақстандық қоғам сұраныстарына сәйкестігі өте даулы мәселе екенін мойындайды.

– Заңгерлерде «rule of law» және «rule by law» деген ұғым бар. Біріншісі – заңның үстемдігі, екіншісі – заң арқылы үстемдік ету. Бізде әзірге «rule of law» үстем болып тұр, бұл билік пен азаматтық қоғам арасындағы поляризацияны тудырады. Өйткені мемлекет заң үстемдігін заңның күшімен, күшті қолмен, мықты билікпен, беделді парламентпен қамтамасыз еткісі келеді. Ал азаматтық қоғам үшін адам құқықтарының күн тәртібі әлдеқайда маңызды. Ол бізде Конституцияға әлі толық енгізілген жоқ. Иә, аталып өтеді, бірақ Конституция осы ұғымның призмасы арқылы жазылмаған, – деп түсіндірді сарапшы.

Сонымен қатар, ол интернетте пайда болған жаңа Конституция нұсқасы да адам құқықтарын басты орынға қоймай, билік вертикалін өзгертуге көбірек шоғырланғанын атап өтті. Дегенмен, Коновалов жақын арада жаңа негізгі заңның пайда болуын да жоққа шығармайды.

– 93-жылы Конституция қабылдадық, кейін оны 95-жылы жедел түрде өзгерттік, өйткені мемлекетке тірі қалу керек болды. Бұл қалыпты нәрсе. Конституция – догма емес. Ең бастысы, Конституция қауіпсіздік пен тұрақтылықтың негізі болуы тиіс, – деді ол.

Бұл кімге керек?

Саясаттанушы Айбек Күмісбековтің пікірінше, қолданыстағы Конституцияның мерейтойын атап өтер қарсаңында жаңа Конституция жобасының пайда болуы – тұлғаны танытудың сәтті қадамы секілді. Мүмкін, атақты заңгер танылғысы келген шығар, ал, мүмкін, тар аяда талқыланған мәселенің кеңінен жария болуы жай ғана сәйкестік болар.

– Ғылыми, сараптамалық дискуссия аясында жаңа конституция жобаларын, жаңа мемлекеттік рәміздерді, жаңа гимнді және соған ұқсас ұсыныстарды талқылау уақыт сайын болып тұрады. Есімде, 2000-жылдары оппозициялық күштер де өздерінің жеке конституциясын әзірлеген, қолданыстағы заңға өз ережелерін енгізуге тырысқан. Бұл қалыпты және дұрыс тәжірибе, – дейді ол.

Күмісбеков атап өтеді: Қазақстанда сөз және ой еркіндігі бар, сондықтан Конституцияның немесе басқа да нормативтік-құқықтық актінің өз нұсқасын кез келген адам ұсына алады. Сондай-ақ Конституцияға енгізілген түзетулердің арқасында петициялар институты да пайда болды. Сондықтан егер адам қаласа, оны қоғам ести алады.

– Негізгі сұрақ басқа. Қоғамда жаңа конституцияға сұраныс бар ма? Шынтуайтын айтсам, ондайды байқап отырған жоқпын, – деп түйіндеді Айбек Кумисбеков.

Сонымен қатар, Жұмагелді Елубаев ғылыми зерттеулермен шектелмей, ресми портал арқылы «Жаңа Қазақстанға жаңа Конституция қажет» деген мазмұндағы петицияны да бастады. Егер ол жеткілікті дауыс жинаса, мемлекеттік органдар өтініш иесінің ұсынысын қарастыруға міндетті болады. Ал ары қарай не боларын кім білсін…

Серіктес жаңалықтары