×
537.91
628.87
6.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
537.91
628.87
6.6

Бірпалаталы парламент: саяси реформа ма, тәуекел ме?

Бірпалаталы парламент: саяси реформа ма, тәуекел ме?
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа арнаған жолдауында ел саясатына ауқымды өзгеріс енгізуге дайын екендігін жеткізді. 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тоқаев бірпалаталы парламент құру туралы бастама көтерді. Ол бұл реформаны асығыс жүзеге асыруға болмайтынын, ең алдымен азаматтық сектор, сарапшылар қауымы және парламент өкілдерінің қатысуымен жан-жақты талқылау қажет екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, мұндай талқылау кем дегенде бір жылға созылуы тиіс.

Осыдан кейін, яғни 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге және оның нәтижесіне сәйкес Конституцияға қажетті өзгерістер енгізуге болады. Егер бірпалаталы модельді құру жөнінде қоғамда ортақ келісімге қол жеткізілсе, жаңа парламент тек партиялық тізім бойынша сайлануы тиіс.

Бұл ретте мәжіліс қазіргі құрамымен өз жұмысын жалғастыра бермек, ал Сенат жаңа сайлау өткенге дейін алаңсыз қызметін атқарады. Мұндай қадам саяси партияларға әділ әрі бәсекелі тартысқа дайындалу үшін уақыт береді. Президенттің айтуынша, мұндай тарихи реформаларды қоғамнан жасырмай, кең көлемде ашық талқылау – ең басты шарт.

МӘЖІЛІСМЕНДЕР НЕ ДЕЙДІ?

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Реформалар уақыты келгенін айтып, бірпалаталы парламент бастамасын қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл қадам мемлекеттік аппараттың жұмысын жетілдіруге бағытталған. аталған бастама 2022 жылғы жалпыұлттық референдумнан кейін басталған өзгерістердің заңды жалғасы екенін атап өтті. 

- Бұл – саяси реформалардың жалғасы. Мен өзім осының жақтаушысымын, бірпалаталы Парламентке көшу мәселесін бірнеше рет көтергенмін, – деп қосты Бақытжан Базарбек.

Ал, Азат Перуашев сенатты таратудың қажеті жоқ деп есептейді. себебі ол көппартиялы мәжілістің үстінен қадағалаушы әрі сүзгі рөлін атқарып келді. Кей жағдайларда парламенттік азшылықтың бастамалары сенаттың қарсылығынан кейін қайта қаралып, мәжіліске оралғанын еске салды. Перуашев сенат құрамын жаңа құрылымға қосып, кеңейтілген мәжіліс жасауды ұсынды.

- Біз бұған сөзсіз қолдаймыз. Мұны біз Назарбаев кезінде де ұсынғанбыз, ол кезде қызу пікірталас болған. Бірақ сенатты жай ғана таратудың қажеті жоқ деп есептеймін. Біз осы реформаның аясында сенатты таратпай, оның депутаттарын бірпалаталы парламенттің құрамына қосып, кеңейтілген Мәжіліс құруды ұсынатын боламыз,  – деді. 

СЕНАТОРЛАРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

Сенатор Закиржан Кузиевтің сөзінше,  Қазақстанда бір палаталы парламентке қатысты тәжірибе жоқ. Сондықтан  оның қалай жұмыс істейтіні әзірге нақты емес.

- Бізде бірпалаталы gарламент тәжірибесі жоқ. Бұл қалай жүзеге асатынын айту қиын. Сенатта депутаттар негізінен өңірлер үшін жұмыс істеді. Әр облыстан екі сенатор бар еді, олар жергілікті мәселелерді көтеретін. Өкілеттіктердің қысқаруы өңірлердің ықпалын азайтуы мүмкін, – деді ол.

Евгений Больгерт cенаттың басты рөлін өңірлердің мүддесін қорғаумен байланыстырды. Бұл функцияның толық жойылмай, белгілі бір деңгейде сақталатынына сенім білдірді.

- Менің ойымша, cенаттың өңірлердің мүдделерін ұсыну жөніндегі негізгі міндеті аса маңызды. Бұл қызмет не болса да сақталады деп ойлаймын, – деді ол.

Сондай-ақ, Больгерт Қазақстан халқы ассамблеясының атынан сайланған депутаттар алдағы уақытта да заң жобаларына қосымша сараптама жүргізіп, олардың барлық азамат үшін теңдей қолданылуын қамтамасыз етуге күш салатынын атап өтті.

Сарапшылар: суперпрезиденттік жүйеден сақтайды 

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пайтуынша, бірпалаталы парламентке көшу - суперпрезиденттік үлгінің қайта жандану қаупін төмендетіп, басқару жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл бастама парламенттің рөлін күшейтіп, оған сот пен аудит саласындағы негізгі тағайындауларды бекіту құқығын береді. Дегенмен Қазақстан парламенттік республикаға айналмайды. 

- Бір палаталы парламент құру – саяси жүйені біртіндеп жаңғыртуға бағытталған қадам. Бұл суперпрезиденттік үлгінің қайта жандану қаупін азайтып, сонымен бірге мемлекеттің басқарылуын сақтап қалуға мүмкіндік береді, – дейді саясаттанушы.

Елде бірпалаталы парламент құру бастамасы талқыланып жатқан тұста сарапшылар саяси бәсекелестіктің болашағына да назар аударуда. Саясаттаншы Уәлихан Қайсардың сөзінше, алдағы саяси реформаның ең үлкен тәуекелі – жаңа партиялардың тіркелу мүмкіндігіне қатысты. Егер сайлауға тек қазіргі тіркелген алты партия ғана қатысатын болса, бұл әділетсіздікке әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда басқа саяси күштердің саяси процеске араласу құқығы шектеліп, қоғамдағы бәсекелестік азаяды. Сондықтан билік жаңа партияларды тіркеу мәселесін ашық әрі әділ жолмен шешуі қажет. 

- Мәселе партиялық парламент емес, мәселе жаңа партияларды тіркей ме, тіркемей ме – сол болашақта шешуші рөл ойнайды. Бүгінге дейін жылдар бойы тіркеле алмай жүрген партиялар бар. Билік саяси бәсекелестіктен қорқып, әрдайым жаңа партияларды науқанға жібермеуге тырысады, – дейді сарапшы.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ 

Бірпалаталы парламент жүйесі әлемде кең тараған. Әдетте мұндай үлгіні шағын әрі унитарлы мемлекеттер таңдайды. Мәселен, Дания, Швеция, Финляндия, Грекия, Португалия және Венгрияда парламент бір ғана палатадан тұрады. Сондай-ақ Израиль, Түркия, Қырғызстан мен Армения да осы модельді қолданады.

Тәжірибе көрсеткендей, бірпалаталы құрылым заң қабылдау ісін жеңілдетіп, шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Қос палатаның арасындағы келісімге уақыт кетпейді, бюджет шығыны да азаяды. Мысалы, Қырғызстан 2007 жылдан бері бірпалаталы Жоғары Кеңеспен (Жогорку Кенеш) жұмыс істеп келеді. Бұл қадам заң шығару процесін жылдамдатқанымен, өңірлік мүдделерді жеткізуге қатысты сұрақтар әлі де өзекті болып отыр. 

Ал Скандинавия елдерінде, әсіресе, Швеция мен Данияда  бірпалаталы жүйе қоғамға ашықтық пен саяси жауапкершілікті арттырды.

Яғни, мұндай жүйенің артықшылығы — тиімділік пен қарапайымдылықта, ал әлсіз тұсы — аймақтардың мүддесі кейде екінші кезекке ысырылуы мүмкін. 

КОНТЕКСТ 

Қазақстанда қос палаталы парламент 1995 жылғы Конституция қабылданған соң қалыптасты. Сол жылы сенаттың алғашқы құрамы жасақталып, содан бері, яғни 30 жылға жуық уақыт жоғарғы палата ретінде тұрақты жұмыс істеп келеді.

Бірпалаталы парламент туралы әңгіме бұған дейін депутаттар, сарапшылар мен саясаткерлер арасында көтерілгенімен, ресми деңгейде алғаш рет президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында жария етті.

Серіктес жаңалықтары