Еңбек министрлігінің бұрынғы бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың ісі шынайы сыбайлас жемқорлықпен күрестен гөрі саяси «құбыжық аулауға» көбірек ұқсайды. Елдегі сыбайлас жемқорлықпен күреске бар күшін салып, атышулы ұсталғандарды көрсетуді әдетке айналдырған жағдайда мұндайға таңданатын ешкім қалмаған сияқты. Қаржы мониторингі агенттігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік тізіміне енген белгілі есімдердің саны аз емес – билік басында жүрген талай шенеунікке кісен тағылды. Олардың арасында бұрынғы үкімет мүшелері – Біртанов, Құлекеев, Ахметов те бар. Қазір, байқап отырғанымыздай, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізушілер сатыдан бір деңгей төмен түскендей – тергеу орбитасына министрлер емес, олардың орынбасарлары жиірек ілігуде. Ulysmedia.kz жуырдағы жемқорлық ісіне назар аударып, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Ақмәди Сарбасовтың не себепті ұсталғанын ой елегінен өткізуді жөн көрді.
Сарбасов не үшін ұсталды?
Ол 1 шілдеден бері қамауда отыр. Сол кезде еңбек ресурстарын дамыту орталығының директоры болған Сарбасовқа пара алды деген айып тағылған еді. Алайда екі ай ішінде экономикалық тергеу департаменті оған сенімді дәлел ұсына алмады. Айыптың негізіне алынған деректерді сату фактілері бойынша жүргізілген барлық тексерістер Сарбасовтың бұл іске қатысы бар екенін растаған жоқ. Соның нәтижесінде департамент айғақтық базаны күшейтуге бас қатырмай, оның қамауда ұсталуының мерзімін ұзартып берді.
Деректерді кім сатқан?
Бұл сәтсіз деректердің сатылуы мәселесін шілдедегі баспасөз мәслихатында көтерді. Сол жерде премьер-министр Олжас Бектенов 16 миллион қазақстандықтың дерегі денсаулық сақтау министрлігіне қарасты медициналық ұйымдардан тарағанын мойындады.
- Ақпараттың тарап кету фактісі бар, тексеру біздің органдарда жүргізіліп жатыр, қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала қорытындыларға сәйкес, деректердің таралуы ең алдымен медициналық ұйымдардан шыққан. Олар мемлекеттік дерекқорларға қол жеткізеді де, әрі қарай оның сақталуын қамтамасыз етпейді, – деп кінәлілерді қайдан іздеу керегін айқын көрсетті премьер.
Алайда бұл ашық мәлімдемеге қарамастан, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізушілер денсаулық сақтау министрлігіне назар аудармады. Көрініп тұрғанымыздай, «кінәлі адамды табу керек» болғандықтан, торға іліккен – небәры бір жарым ай ғана (2025 жылдың сәуірінен мамырына дейін) еңбек ресурстарын дамыту орталығын басқарған Ақмәди Сарбасов.
Жасанды пара
Желіде бір бейнежазба тарады. Ол жұртты сендіруі, күмәнді сейілтуі тиіс еді, яғни пара болғанын дәлелдеуі керек болды. Бірақ бұл роликтің әсері қаржы мониторингі агенттігі күткендей болмады. Кино өндірісінен хабары жоқ қарапайым адамдардың өзі бейнежазбаның жасанды екенін айтты. Алғашқы кадрларда Сарбасов пен оның алдындағы басшы Арғандыков қолдарында ештеңе жоқ күйі дәмханаға кіріп келеді. Кейін бейнеде кенеттен қолма-қол ақша салынған сөмке пайда болады, соңынан – ақшаны жеке санау көрінісі көрсетіледі. Бірақ параны беру сәтінің өзі бейнежазбада жоқ. Сарбасовтың пәтерін тінту кезінде де ешқандай ақша табылмады.
Арғандыков деген кім?
Бұл есімді қаржы мониторингі агенттігі деректердің тарауына қатысты алғашқы хабарламасында атаған еді. Дәл сол кезде еңбек ресурстарын дамыту орталығын Даулет Арғандыков басқарған. Бірақ кейінгі баспасөз хабарламаларында оның аты мүлде аталмады, ал жұртшылықтың назары орталықта небары бір жарым ай жұмыс істеген Сарбасовқа аударылды. Атышулы бейнежазбаға түскен сол кездесуге Сарбасовты қайта-қайта шақырған – Арғандыковтың өзі болып шыққан. Алайда тергеушілер телефон қоңырауларының жазбасына мән бермеді, ал бұл дерек істің бағытын өзгертуі мүмкін еді.
VPN
Тергеушілердің тағы бір уәжі – VPN қолдану. Бірақ заңгерлер атап өткендей, Қазақстанда VPN заңмен тыйым салынбаған.
- VPN қызметін пайдалану – заң бұзушылық емес. Жауапкершілік тек сотпен тыйым салынған ақпаратты таратқан жағдайда ғана туындайды, – деп түсіндірді SOLIS заң фирмасының заңгері Шыңғыс Оралбаев.
Алайда, тергеуде басқа уәж қалмаса, кез келген нәрсе дәлел ретінде жарап кете беретін секілді.
Сарбасов туралы не әріптестері дейді?
Ақмәди Сарбасовпен бірге жұмыс істегендер оны нағыз кәсіби маман деп сипаттайды. Оларды4 айтуынша, ол мансап жолын «ағалардың» қолдауынсыз, өз күшімен маманнан бастап вице-министрлікке дейін көтерілген. Еңбек кодексі туралы заң жобасын әзірлеген, цифрлық картаны енгізген. Бизнес еңбек адамына құрметпен қарасын деп талап еткен, еңбек көші-қоны мәселелерімен, қазақстандықтардың шетелдік кәсіпорындардағы еңбекақысының әділ төленуімен айналысқан. Зейнетақы жүйесі мен жәрдемақылар мәселесін көтерген. Қазақстан мүддесін таныстырған Халықаралық еңбек ұйымы Сарбасовты сарапшы ретінде мойындаған.
- Сарбасовқа тағылған айыпқа сену мүмкін емес. Ол адал, ұқыпты, жауапты. Әрқашан пайда үшін емес6 идея үшін жұмыс істеді, – дейді әріптестері.
Олар сондай-ақ министрлікте оған тұрғын үй жағынан да қолдау көрсетілмегеніне таңданады – пәтерді ипотекамен алған. Сарбасовтың тарихы Жақсылық Құлекеев, Елжан Біртанов, Олжас Әбішев және тағы басқа түрмеге түскен, көрсетілімді соттардан өткен шенеуніктердің ісін еске салады. Барлығы да – жүйенің айыптыға айналдырған кәсіби мамандары. Олар қазір өздеріне қарсы қылмыстық істердің қолдан жасалғанын ашық айтады, ал оларды түрмеге жапқандар үнсіз.
«Құбыжық аулау» – сыбайлас жемқорлықпен күрес бейнесінде
Көрініп тұрғандай, Қазақстанда шынайы сыбайлас жемқорлықпен күрестен гөрі «құбыжық аулау» жүріп жатқандай. Нысанаға олигархтар да, миллиардтаған активтері бар ірі шенеуніктер де емес, «қорғаны» жоқ, ықпалды туыстары жоқ қарапайым вице-министрлер ілінеді.
P.S.
Қазақстандықтардың деректері Сарбасов басқарған орталықтан тарады деген айыпқа кеше еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі нүкте қойды. Мәжілістегі брифингте журналист сұрағына тікелей жауап берген Светлана Жақыпова ұлттық қауіпсіздік комитетінің тексерісі ңңбек ресурстарын дамыту орталығы таза екенін көрсеткенін айтты.
- Тексеру біздің тараптан ешқандай дерек тарап кетпегенін көрсетті, қауіпсіздік жүйесі қорғалған, – деді Жақыпова.
Ол сондай-ақ ұсталғандарға қатысты басқа да шағымдар болуы мүмкін екенін, бірақ ол туралы хабарсыз екенін қосты.
Ulysmedia.kz Ақмәди Сарбасов тап болған жағдайдың одан әрі қалай өрбитінін бақылауды жалғастырады.