Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова – Қазақстандағы ең танымал әрі көп талқыланатын инфлюенсерлердің бірі, қазір сот алдында жауап беруде. Астананың мамандандырылған ауданаралық соты олардың әкімшілік ісін қарап жатыр. Әдетте мұндай іс қатардағы жағдай болып көрінуі мүмкін еді, алайда бұл жолғы басты ерекшелік – айыпталушылардың тұлғасы. Мұнда сөз айыппұл көлемінде емес, әлдеқайда ауқымды нәрсе туралы, миллиондаған жазылушының сеніміне сүйеніп құрылған бедел мен тұтас бизнес-империя жөнінде болып отыр. Қоғам үшін бұл процесс қазақстандық блогосфераның қай бағытқа бет алатынын көрсететін сынақ ретінде қабылданды. Мемлекет шынымен мәселені түбегейлі шешуге дайын ба, әлде жекелеген «жұлдыздарға» ғана нұсқап, қатаң шара қолданумен шектеле ме? Ulysmedia.kz тілшісі саралап көрді.
Әлеуметтік желідегі «құдайлар»
Айыпталушылардың ықпалын түсіну үшін Instagram парақшаларына көз жүгірту жеткілікті. Ерболаттың @zhanabylov_e аккаунты табысты ер адамның бейнесін көрсетеді: Lamborghini Urus, Mercedes-AMG G 63, Rolls Royce секілді қымбат көліктер, пәтер құнынан асатын сағаттар мен ақшаның қадірін білетін адамның сенімді кейпі. Ал жұбайы Эльмира Төлегенова (@elt6i) – сән мен сұлулықтың символы, оның өмірі қымбат брендтерге, әшекейлерге және мінсіз тұрмысқа негізделген. Екеуі бірге 15 миллионнан астам жазылушы жинаған жұпқа айналды.
Олардың табысқа жету тарихы «қарапайым ортадан шығып, жетістікке жету» ертегісіне ұқсайды. 2013 жылы Астанада танысып, жатақханада тұрады, несиемен арпалысады. Ал үш жылдың ішінде төрт көлік пен екі пәтер сатып алып, күрт алға жылжиды. Өздері мұны «өз-өзіңе сену мен дұрыс білімнің арқасы» деп түсіндіреді. Қазір олар сол білімін ақылы курстар арқылы сатумен айналысады.
Жанәбіловтер Zhana Business және Zhana Business Pay атты компаниялар арқылы онлайн-курстар ұсынады. Мәселен, «Instagram-ды табыс көзіне айналдыр» курсы шамамен 3000 рубль тұрса, «Менің құпияларым» атты қарым-қатынасқа арналған интенсивті де сатады. Екі компания да 2021 жылы Астанада тіркелген. Біріншісінің иесі – Эльмира Төлегенова, ал екіншісінің басшысы – Ерболаттың інісі Ислам Жанәбілов. Zhana Business-тің ресми қызмет түрі – білім беру саласындағы өзге де қызметтер. pk.uchet.kz дерегінше, компания 2024 жылы 5,3 млн теңге, 2025 жылы 363 мың теңге салық төлеген. Ал Zhana Business Pay-дің негізгі бағыты – инновациялық технологиялар саласындағы қызмет, бірақ салық төлемеген.
Эльмира Төлегеноваға тіркелген Chemical lab компаниясы 2020 жылы Алматыда ашылған. Негізгі қызметі – БАҚ-та жарнама орналастыру. Бірақ салық аударымдары жоқ. Ерболат Жанәбіловтің де бірнеше фирмасы бар. Соның бірі – Zhanabylov_e, ол да 2020 жылы Астанада тіркелген. Қызметі – жарнама саласы. Алғашқы екі жыл белсенді болмаған компания 2022 жылы 125 мың теңге, 2023 жылы 524 мың теңге, 2024 жылы 1,9 млн теңге, биыл 1,2 млн теңге салық төлеген. Дегенмен Комитеттің дерегінше, ұйымның 380 теңге қарызы бар. Тағы бір компаниясы – «Chemical Universe», 2020 жылы Алматыда ашылған. Қызметі – жарнама, бірақ салық төлемеген. Сондай-ақ блогердің атына Elueur Cosmetics тіркелген. Ол 2022 жылы ашылып, жеке қызмет көрсетумен айналысады. 2022 жылы 4,3 млн теңге, 2023 жылы 1,3 млн теңге, 2024 жылы бар-жоғы 13 мың теңге төлеген.
Әрине, бұл компаниялардың табысы ғана оларға сәнді автопарктен бастап брендтік әшекейлерге дейін алуға жеткілікті емес сияқты. Дегенмен Жанәбіловтердің «қолтаңбасына» айналған басты ерекшелік – ірі ұтыс ойындары.
Соңғы ұйымдастырғаны – 11 автокөлік. Ол олардың сотқа тартылуына себеп болды. Шарт қарапайым еді: Қытайдағы бизнес туралы 30 000 теңгелік курсты сатып алсаң, көлік ұтып алу мүмкіндігің бар. 6000-ға жуық адам бұл мүмкіндікті пайдаланып, блогерлерге шамамен 180 млн теңге табыс түсірген. Алайда көп ұзамай әлеуметтік желілерде наразылық толқыны басталды: қатысушылар курстардың сапасыздығына, орындалмаған уәделерге және уәде етілген жүлделердің жеңімпаздарға жетпегеніне шағымданды.
Тас-талқан
Егер қорғаушының ұстанымы болмағанда, іс, бәлкім, үнсіз жабылар еді. Алайда Жанәбіловтердің адвокаты Олег Чернов отырысты әкімшілік істі қалай жүргізуге болмайтынын көрсеткендей «шеберлік сабағына» айналдырды. Оның сөздері ақталудан гөрі шабуылға көбірек ұқсады. Ол комитет өкілдерін клиенттерін алдын ала айыпты деп шешіп, барлық әрекеттерін соған сәйкестендірді деп айыптады. Сондай-ақ олардың қорғау құқығы бұзылғанын, хаттамалармен танысуға, ескертпе енгізуге, толыққанды түсініктеме беруге мүмкіндік берілмегенін алға тартты.
— Сіздер «Zhana Business» ЖШС-не сұрау да салмағансыздар! Бұл бөлек заңды тұлға! Сіздерге ол қызық болмады. Сіздердің ұстанымдарыңыз бір ғана нәрсеге негізделді: ол қандай ақпарат берсе де, кінәлі, – деп айыптауды сөкті Чернов.
Ең ауыр соққыны ол дәлелдер базасына жасады. Оның айтуынша, «сапасы күмәнді» курс туралы айтқан шенеуніктер оны өздері сатып алғанымен, ешқандай сараптама жүргізбеген.
— Сіздер мұндай баға беруге құзыреті бар мамандарды тартпадыңыздар. Бұл курс жаман ба, жақсы ма? Өйткені менің ойымша, бұл курс жақсы деуге де болады, – деп мысқылдады адвокат.
Ал басты «дәлел» бірнеше бейнежазбадан алынған скриншоттар ғана еді.
— Бір бейнежазбадан алынған скриншот оның кінәсін қалай дәлелдейді? Сотқа материал жібергенде не қостыңыздар? Бос, толтырылмаған хаттама мен скриншоттар, – деп қолын жайды Чернов.
Соттан шыққан соң да ол журналистердің сұрақтарына ашық жауап берді. Комитеттің дайындығына қатысты сауалға ол жымиып:
— Бұл бірден байқалды. Біз қойған қарапайым сұрақтарға да түсініксіз жауаптар алдық, – деді.
Ол істің қылмыстық деп өзгеруін билікке жақын құрылымдардың әкімшілік процесте масқара болып жеңілмеу үшін «абырой сақтап қалуға» жасаған қадамы деп тұспалдады.
— Мемлекеттік органды жазаламау үшін істі қылмыстық құқықбұзушылық белгілеріне байланысты қайта жіберді, – деді ол.
Даулар, пирамидалар және қоқан-лоққыла
Жанәбіловтердің ісі – қазақ қоғамындағы бомондты жиі шайқалтатын жанжалдардың бір ғана бөлігі. Жылтырақ өмірдің ар жағында қылмыстық драмаларға ұқсайтын оқиғалар жасырын жатыр.
Ең көп талқыланғаны – вайнерлер Мейіржан Төребаев (3,7 млн жазылушы) пен Мейірхан Шерниязовқа (1 млн жазылушы) қатысты іс. Олар Mudarabah Capital және Astex қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін бес жылға сотталды. Төребаев стористе өзін ақтауға тырысқан:
— Мен ЖШС құрған жоқпын, қатыспадым да... Қаржы жағынан ештеңе түсінбеймін, сондықтан сеніп, алданып қалдым, – деген.
Алайда тергеу оның тек сеніп қана қоймай, белсенді түрде қатысып, пайда тапқанын дәлелдеуге тырысты. Үшінші күдікті Әзімжан Саидбаевқа іздеу жарияланды.
«Аналардың соғысы» да назардан тыс қалмады. Блогер Мамасита (Алия Байтуғаева, 6,8 млн жазылушы) 19-27 мың теңгеге сатылған курстары үшін мыңдаған сатып алушыдан шағым естіді. Олар сапасыз контент үшін ақшасын қайтаруды талап етіп, іс полицияға жетті. Бұған жауап ретінде ол Жанәбіловтерді сотқа беріп, Эльмира оны құпиялылық саясатын және тіпті қолдау қызметінің телефон нөмірін көшірді деп айыптаған соң жала жапты деді.
Ал бұл жағдайды жария еткен блогер Алена (76 мың жазылушы) Мамасита оның жеке деректерін тауып алып, күйеуі мен баласына қоқан-лоққы жасағанын мәлімдеді.
Тағы бір шулы оқиға «Супер әке» Серік Тлеулесовке (822 мың жазылушы) қатысты. Оны науқас балаға жиналған қаражаттан 20% (286 мың теңге) ұстап қалғаны үшін айыптады. Баланың анасы оны алаяқтық жасады деп кінәлады. Тлеулесов болса, бұл ақшаны кезекпен көмек алатын басқа әйелге «өтемақы» ретінде бермек болғанын айтып ақталды. Дегенмен ол кейін қаражатты қайтарып, қайырымдылық науқандарын тоқтатты.
Неліктен мемлекет инфлюенсерлерге «соғыс» жариялады?
Соңғы жанжалдардың аясында билік блогерлердің заңсыз әрекеттеріне қарсы белсенді күрес бастады. 2024 жылдан бастап Қазақстанда заңсыз ұтыс ойындары үшін жүйелі түрде айыппұл салу және аккаунттарды бұғаттау қолға алынды. Вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, мұндай іс-шараларды тек «Сәтті Жұлдыз» компаниясы ғана өткізе алады. Оның сыртындағы кез келген ұтыс, тіпті қайырымдылық желеуімен жасалса да, алаяқтыққа теңестіріледі.
Статистика жағдайдың қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді: 2025 жылдың басынан бері интернет-алаяқтықтың шамамен 1900 оқиғасы тіркелген, оның 389-ы әлеуметтік желілердегі заңсыз лотереяларға қатысты. Нәтижесінде 113 адамға жалпы сомасы 50 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған. Кейбір блогерлер жағдайдың ауырлығын түсініп, қатысушыларға ақшаны қайтаруға тырысқанымен, заң бұзылған фактісі өзгермейді.
Осыдан бері танымал блогерлердің шектен тыс табыстары депутаттар мен қоғамның назарын аударды. «Жылтыраған жетістіктің» белгілері – виллалар, элиталық көліктер мен түрлі қымбат мүліктердің қайдан келгені қатаң бақылауға алынды. Айтпақшы, өзге елдерде де мұндай заңбұзушылықтарға бейжай қаралмайды. Мәселен, АҚШ-та заңсыз ұтыс ойындарына қатысқаны үшін тіпті Ким Кардашьян секілді әлемдік жұлдыздар тергеуге іліккен. Ресейде де бірқатар жанжалдан кейін қымбат сыйлықтар уәде етілген көптеген «гивтердің» жалған екені, яғни жеңімпаздардың мүлдем болмағаны анықталған.
Іріктейтін әділет пе?
Осы оқиғалардың барлығынан кейін қоғамда әділет жүйесінің іріктемелігіне қатысты сұрақ туындайды. Біреулерді, мысалы, Төребаев пен Шерниязовты, бірнеше жылға соттап жібереді, ал басқалары қайта-қайта айыппұлмен құтылып немесе Жанәбіловтердің жағдайындағыдай, тергеудің процессуалдық қателіктерінің арқасында іс жабылып кетеді.
Жауап әзірге жоқ. Бір нәрсе анық: қазақстандық инфлюенсерлік бизнес – ондаған миллиард теңгені айналдыратын «жабайы» нарық, мұндағы ойын ережелері әлі толық жазылған жоқ. Мемлекет тек ең дау тудырған немесе көнбейтіндерге соққы жасап, бақылау бардай көрініс береді. Ал блогерлер болса, осы белгісіздікті пайдаланып, «арман сатуға» негізделген империяларын құруды жалғастырып жатыр. Миллиондаған жазылушы әдемі суреттерге қарап, олардың да өмірі бір курс сатып алғаннан немесе бір жүлде ұтып алғаннан кейін ешбір ауыр бейнетсіз-ақ өзгеріп кететініне сенуден тайынбайды.