Бұл аптада қоғам белсендісі Санжар Боқаев әлеуметтік желілерде нағыз ақпараттық дауыл тудырды. Белсенді түн жамылып белгісіз біреулердің Үлкен Алматы өзенінің жағалауынан гранит плиталарын жасырын алып кетіп, олардың турасынша құлпытас жасайтын цехқа жеткізілгенін видеоға түсірген. Видео үлкен резонанс тудырды, алайда қалалық билік әзірге нақты түсініктеме берген жоқ. Ulysmedia.kz тілшісі жағалауда кім не істеп жатқанын және гранит плиталарының да сақталуына кім жауапты екенін еске салуды жөн көрді.
Миллиардтарға реконструкция
Үлкен Алматы өзенінің жағалауын қайта құру жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталған. Жұмыстар ұзындығы 5,7 шақырым болатын учаскені – су бөлгіштен бастап Абай даңғылына дейінгі аралықты қамтиды. Жобаға тіреуіш құрылымдарды ауыстыру, жаяу жүргіншілер көпірлерін, балалар алаңдарын, веложолақтар мен демалыс аймақтарын салу енгізілген. Жобаға бюджеттен шамамен 8 млрд теңге бөлінген. Жоспар бойынша жұмыстарды келесі жылдың сәуіріне дейін аяқтау керек.
Жағалауға «жөнді көрініс беру» міндетін бүгінде көпшілікке танымал болып кеткен «Павлодар өзен порты» АҚ мойнына алған. Айта кету керек, бұл компания Ерболат Досаев басқарған кезеңде ерекше «құрметке ие» болып, бірқатар ірі тендерлерді ұтып алған. БАҚ бұл кәсіпорынды тіпті «бәр жерден табылатын» әрі «батып кетпейтін» деп атаған. Мәселен, «порт» жағалаудан бөлек, Сайранды 12 млрд теңгеге және Үлкен Алматы каналын 11 млрд теңгеге жөндеумен айналысқан.
«Досаеваның құрбысы»
Қазнет қолданушылары Боқаевтың жарияланымының астына 8 мыңнан астам пікір қалдырды. Ең көп қолдау тапқандарының бірінде «Павлодар өзен порты» АҚ директорлар кеңесінің төрайымы Долорес Пшембаева экс-әкімнің жұбайы Гүлнәр Досаеваның құрбысы әрі «Дара» қайырымдылық қорының құрылтайшысы делінген.
Пшембаева мен Досаеваның қаншалықты жақын екені белгісіз, бірақ олардың ортақ әлеуметтік жобасы бар екені анықталды.
– «Павлодар өзен порты» АҚ «Дара» қайырымдылық қорымен бірлесіп, Павлодар облысында «Тәлімгерлер» жобасын жүзеге асырып жатыр, – делінген NUR.KZ жариялаған және кәсіпорынның сайтында да көрсетілген ақпаратта.
«Тергеу жүргізілуі тиіс»
Қоғам белсендісі Санжар Боқаев Ulysmedia.kz тілшісімен сөйлескенде тиісті органдар тергеу жүргізіп, бұрынғы әкім кезінде павлодарлық компаниямен жасалған барлық құжаттарды тексереді деген үмітін және сенімін жеткізді.
– Бұл компанияның ең ірі жобасы – Сайранды 12 млрд-қа реконструкциялау, ҮАК-ты жөндеу де шамамен 12 млрд, Үлкен Алматы өзені бойынша 8 млрд және тағы 36 млрд теңгеге желілер жүргізу жобасы бар. Барлығы – шамамен 70 млрд теңге. Менің ойымша, бұл сомалардың негіздемесі жоқ және олар жасанды түрде өсірілген. Мұнда міндетті түрде тиісті тергеу жүргізілуі керек, әрине, барлық құжаттарға, жобалық шешімдерге және сметаға толық талдау жасалуы тиіс, – деді ол.
Сонымен қатар Боқаев «Павлодар өзен портының» экс-әкімнің жұбайының жобасын қаржыландыруын сыбайлас жемқорлық тәуекелі деп бағалады.
– Егер тендерлерге қатысқан қандай да бір компания сол кезде мемлекеттік органды басқарған лауазымды тұлғаның отбасы мүшесінің жобасын қаржыландырса, ал ол орган немесе оның бөлімшелері сол жобаның тапсырыс берушісі болса – бұл тікелей сыбайлас жемқорлық байланысын білдіреді, – деп есептейді белсенді.
Әкімдіктің нұсқасы: жүргізуші мен күзетші кінәлі
Алматы полиция департаменті гранит плиталары ұрланғаннан кейін қылмыстық іс қозғады. Экология және қоршаған орта басқармасы оқиғаға жүргізуші мен күзетші кінәлі екенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, олар «белгісіз адамның» өтінішімен 50 мың теңге үшін қылмысқа барған. Ал павлодарлық мердігердің өзі полицияға арыз түсірген.
– Жүргізуші белгісіз адамның өтінішімен күзетшімен келісіп әрекет еткені анықталды. Оның айтуынша, бейтаныс Ақылбек есімді жігіттің өтінішімен ол күзетшінің көмегімен 12 гранит плитасын тиеп берген, оған 50 мың теңге сыйақы уәде етілген, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар басқарма жағалауда гранит плиталарының бір бөлігі алынып тасталып, орнына анағұрлым «мықты» материал салынып жатқанын растады.
– Жоба аясында әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан бүлінген және жарамсыз плиталар алынып жатыр. Жарамды элементтер қайта пайдаланылып, Торайғыров көшесінен Сәтбаев көшесіне дейінгі учаскеге төселуде. Ал плиталардың орнына штампталған бетон төселуде. Бүгінгі күнге дейін 2 110 плита алынып, оның 1 250-і қайтадан пайдаланылды, қалғандары кейін қолдану үшін қоймаға жіберілді. Осылайша, гранит плиталарын алу – жобада қарастырылған шара, ал анықталған ұрлық фактісі – бөлек қылмыс, ол бойынша тергеу жүріп жатыр, – деп түйіндеді ведомство.
Айта кетейік
Гранит – магмалық тектен шыққан табиғи тас. Ол мықтылығымен, ұзаққа шыдамдылығымен, аяз бен ылғалға төзімділігімен ерекше. Сондықтан ол ғимараттарды қаптауда, тротуарларды, баспалдақтарды және ескерткіштерді әрлеуде қолданылады.
Штампталған бетон – сәндік бетон технологиясы. Жаңа төселген бетті арнайы қалыптар мен бояғыштардың көмегімен өңдеп, тастың, плитканың немесе кірпіштің бейнесін береді. Мұндай жабынды гранитке қарағанда арзан әрі жылдам төселеді, бірақ уақыт өте келе жарылып не түсін жоғалтуы мүмкін.