×
541.19
636.44
6.49
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.19
636.44
6.49

Қазақстанда жас аналар зейнетақыдан қағылуы мүмкін бе?

Бүгін, 09:07
Қазақстанда жас аналар зейнетақыдан қағылуы мүмкін бе?
Коллаж | Ұлысмедиа

Қазақстанның әлеуметтік сақтандыру қорын дефолт күтіп тұр ма? 2024 жылы қор түсімнен шамамен үштен бірге көп жәрдемақы төлеген. Мұндай қарқынмен, Еңбек министрлігінің есебі бойынша, 2028 жылға қарай мемлекет зейнетақы мен асыраушысынан айырылғандарға арналған төлемдерді төлеуде қиындыққа тап болуы мүмкін. Өзге де төлемдерде мәселе туындауы ықтимал, алайда ең ұзақ мерзімді әрі есептеуге ыңғайлысы – осы екеуі. Жалпы алғанда, жағдай күрделі болмақ. Пенсионерлердің зейнетақысыз қалуына кім кінәлі және мемлекет бұл мәселені қалай шешпек? Бұл туралы Ulysmedia.kz материалында.

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасында жағдайы төмендер ғана емес, коттедждері мен қымбат жол талғамайтын көліктері бар ауқаттылар да бар екенін тіпті ел президенті айтқан. Мемлекеттік органдар да жас аналардың декреттік және ай сайынғы төлемдерді түрлі тәсілдермен өсіріп алатынын бірнеше рет атап өткен. Сондықтан қыркүйектің басында еңбек министрлігі «Ашық НҚА» порталында әлеуметтік кодекске өзгерістер ұсынған консультативтік құжат жариялады.

Жас аналарды аз жұмыс істеуге «мәжбүрлеу»

Министрлік дерегінше, 2024 жылы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік аударым ретінде 637,5 млрд теңге түсірсе, жәрдемақы төлеміне 958,3 млрд теңге жұмсаған. Яғни 320 млрд теңгеге артық төлеген. Мұндай шығынның басты себебі – жас аналарға өсіп отырған төлемдер. 790 млрд теңгеге жуық қаржы декреттік жәрдемақы мен бала күтіміне байланысты төлемдерге жұмсалды.

2025 жылдың басында-ақ министрлік ережені өзгертіп, енді тек бір жұмыс орнынан түскен табыс есепке алынады және 7 ең төменгі жалақыдан аспайды деп бекітті. Бұған дейін министр Светлана Жақыпованың айтуынша, жас аналар бірнеше жеке кәсіпкерліктен анықтама әкеліп, өздерін 10 және одан да көп жерде жұмыс істеген етіп көрсетіп, соған сәйкес декреттік төлем алып келген.

Қазір ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, декреттік демалыс басталғаннан кейінгі кірістер есепке алынбайды. Ал егер жас ана жаңа мамандық бойынша оқуға түссе немесе жұмысқа шықса, ай сайынғы төлем уақытша тоқтатылады. Бұдан бөлек, бала күтімі бойынша жәрдемақы алып жүргендерге жұмыссыздық жәрдемақысына өтініш беруге тыйым салу ұсынылған. Яғни «балаға қарайсың ба, онда жұмыссызбын деп жәрдемақы алма» деген ұстаным. Алайда бұл шара әлеуметтік сақтандыру қорындағы тапшылықты түбегейлі шешпейді.

«Зейнеткер болсаң – үйде отыр»

Ұсынылған түзетулердің бірі зейнеткерлерге қатысты. Ведомство есебінше, шамамен 100 мың қазақстандық зейнеткердің тұрақты тіркеуі жоқ.

– Әлеуметтік кодекске сәйкес, зейнетақы мен жәрдемақы тек Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтарға, қандастарға және шетелдіктерге беріледі, – делінген құжатта.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Германия, Испания сынды елдерде зейнеткерлер міндетті түрде нақты мекенжай көрсетіп, сол жерге төлем аударылуы тиіс. «Ашық НҚА» порталында бұл норма талқыланып, қазақстандықтар сұрақ қойып жатыр: шетелге ұзақ уақытқа кеткендер, немесе сонда тұруға ықтиярхат алғандар зейнетақыдан қағыла ма? Министрлік жауабы бірдей: зейнетақыны тек Қазақстан аумағында тұрақты тұратындар ғана ала алады.

Өзгерістің «минустар» бағанында: «Мұндай нормаларды қабылдау шетелге кеткен, сол жақтан ықтиярхат алған қазақстандық зейнеткерлер мен жәрдемақы алушылардың наразылығын тудыруы мүмкін. Мұндай жағдайда төлемдер мән-жайды анықтағанға дейін тоқтатылады», – деп жазылған.

Интернаттағы зейнеткерлердің «артықшылығы»

Тағы бір өзгеріс интернаттар мен түзеу мекемелеріндегі зейнеткерлерге қатысты. Еңбек министрлігінің есебінше, елде 21 мыңнан астам зейнеткер мен жәрдемақы алушы қарттар үйлері мен арнайы интернаттарда өмір сүреді. Яғни толықтай мемлекет қамқорлығында. Олардың зейнетақысы мекемелердің есепшотына толық немесе жартылай аударылады. Бұл ел көлемінде 20 млрд теңгеден асады.

Ал әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына әкімдіктер жыл сайын 92 млрд теңге бөледі. Бұдан бөлек, 1,6 мың зейнеткер қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеуде. Оларға мемлекет 2024 жылы 1,2 млрд теңге аударған.

– Мұндай жағдайда мемлекет қарауындағы және өзін өзі қамтамасыз етіп жүрген зейнеткерлер арасында әлеуметтік әділетсіздік туындайды. Соңғылары күнделікті шығындарға (азық-түлік, коммуналдық қызмет, жолақы) зейнетақысының бәрін жұмсайды, – деп түсіндіреді министрлік.

Сонымен қатар, интернаттарда зейнеткерлердің ақшасын қызметкерлердің ұрлайтыны жөнінде БАҚ-та да материалдар шыққан.

Осыған байланысты ведомство радикалды шешім ұсынады:

– Әлеуметтік әділеттілік орнату үшін, сондай-ақ қосарланған қаржыландыруды болдырмау мақсатында интернат пен түзеу мекемелерінде тұратындардың зейнетақысы мен жәрдемақысының 70%-ын орталықтандырылған есепке алу шотына аудару, ал 30%-ын ғана жеке қажеттіліктеріне қалдыру ұсынылады, – делінген құжатта.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы мен жәрдемақыны тағайындаудағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі ұсыныстарын қыркүйек басында жариялады. Құжаттағы жекелеген баптар мен жалпы тұжырымдарды қазақстандықтар айдың соңына дейін талқылай алады.

Қаржыгерлер қауымдастығы әзірге министрлік идеяларына ресми пікір білдірген жалғыз ұйым. Олар ай сайынғы төлемдердің шектеуіне қарсы шықты.

«Конституция бойынша барлығы тең. 10 жерде де, бір жерде де жұмыс істеген ананың құқығы бірдей. Ал алаяқтықты тоқтатудың жолы – жақсырақ тексеру және қатаң бақылау», – дейді мамандар. Шын мәнінде, мұны министрліктің өзге бастамаларына да қолдануға болады.

Бірақ ведомство басқа жолды таңдағанға ұқсайды.

Серіктес жаңалықтары