×
545.01
642.84
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
545.01
642.84
6.52

Омбудсмен Ластаев: камерада жалғыз отыру - Жыланбаевтың таңдауы

Бүгін, 10:16
Омбудсмен Ластаев: камерада жалғыз отыру - Жыланбаевтың таңдауы
Ulysmedia.kz коллажы

Супермарафоншы Марат Жыланбаев туралы тағы деректер шықты. Бұл жолы сөз жаңа спорттық рекордтар жайында емес, қазақстандықтардың назарын оның денсаулығына байланысты қарама-қайшы пікірлер аудартты. Құқық қорғаушылар, соның ішінде Бақытжан Төреғожина, оның түрмедегі жағдайдан денсаулығы қатты нашарлағанын айтып, «күйзеліске түскенін» жеткізді. Ал мемлекеттік органдар өкілдері, керісінше, әйгілі рекордшы өзін жақсы сезінеді деп мәлімдеуде.

«Іздеуге уақыты жоқ омбудсмен»

Ulysmedia.kz тілшісі спикерлердің қатарында Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев бар конференцияға барды. Тілші Жыланбаевтың жағдайына қатысты біраз сауал қоюды жоспарлаған, бірақ нақты жауап алу қиынға соқты.

Ластаев шараға белгіленген уақытқа әрең үлгеріп кірді. Ұйымдастырушылар оған қоңырау шалғанда, омбудсмен «бағдаршамның жанында тұрмын» деп жауап берген. Залға ең соңғы болып кіріп, қазір сұрақтарға жауап бере алмайтынын, кейінірек түсініктеме беретінін айтты. Артынша басқа жиынға қатысып жатқанын, сондықтан небәрі он минут қана бөле алатынын түсіндірді.

Нәтижесінде шағын сұқбат алудың өзі детективке айналды: Ластаев тілшіден қашып, тіпті оған арнап бөлек ашылған бүйір есік арқылы шығып кетуге тырысты. Ulysmedia.kz тілшісі омбудсменнің соңынан жүгіріп жүріп қана сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Бірақ оның жауаптарының көбі біреу-ақ болды: «мәселені анықтау керек». Осылайша, елдегі адам құқықтарына жауапты тұлға бұл тақырыпқа үнемі уақыт таппайтынын, барынша айналып өтетінін көрсеткендей әсер қалдырды.

«Өзі сұрап алған жалғыздық»

Ластаев тек кейбір сұрақтарға ғана қысқа жауап берді.

– Ол әр жолы өзі арыз жазып, жалғыз камераға қалдыруды сұрайды. Биыл одан шағымдар келіп түсті, туыстары да хабарласты, – деді омбудсмен қысқа қайырып.

Оның айтуынша, ай сайын аппаратына шамамен 800 шағым түседі.

Сондай-ақ ол: «Жалпы саны 40 мыңнан астам сотталған бар екенін ескерсек, шектеулі штатпен олардың бәрімен жеке кездесуге мүмкіндігіміз жоқ, Жыланбаевпен де жеке жолыға алмаймын», – деп түсіндірді.

Қорғаушылар не дейді?

Адвокат Мейіржан Досқараевтың айтуынша, 2025 жылы Жыланбаев екі рет аштық жариялаған. Ал 2024 жылы ол алты рет тамақтан бас тартқан. Осылайша сотталған спортшы айыптау үкіміне, жаттығуға тыйым салынғанына, шығармашылықпен айналыса алмауына және Степногорскідегі №4 колониядағы жағдайға қарсылық білдіріп жүр. Денсаулығына қатты зиян келсе де, ол аштықты тоқтатпай, жалғыз камерада отыр.

«Қауіпті белгілер»

Шілде айының соңында Жыланбаев қатты арықтап, «тірі аруаққа» айналғаны туралы хабар тарады. Құқық қорғаушыларды колонияға кіргізбеді. Оның орнына мемлекеттік органдар өкілдерінен құралған делегация Степногорскіге барды. Делегацияны омбудсмен жанындағы үйлестіру кеңесінің хатшысы Раиса Шер бастап барды.

Ол Facebook парақшасында Жыланбаевтың арт жағынан және жартылай қырынан түсірілген суреттерін жариялап, жұртты сабырға шақыруға тырысты. Оның айтуынша, спортшы аштықты жалғастырып жатыр, бірақ су, компот, шай мен кофе ішеді. Раиса Шер бұл әрекетті «ағзаны жаттықтыру» деп түсіндірді, алайда аштықтың себебіне тоқталған жоқ.

Сол кезде Артур Ластаев бұл жағдайды «хайп» деп атап, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаны жалған ақпарат таратты деп айыптап, оған айыппұл салынды.

– Видеожазбаны өзім көрдім, ол жазасын өтеп жүр, серуенге шығады, туыстарымен және адвокаттарымен кездеседі, спортпен шұғылданады, кітап оқиды. Үнемі дәрігерлердің бақылауында. Жалпы жағдайы талаптарға сай. Заңға сәйкес бейнематериалды жариялауға құқығым жоқ, – деп жазды Ластаев әлеуметтік желіде.

Ал қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Жыланбаевтың жағдайы «қанағаттанарлық» екенін, дәрігерлер бақылауында екенін, салмағы шамамен 71 кг екенін хабарлады. Бірақ Степногорск дәрігерлері басқаша пікірде. Ulysmedia.kz қолына түскен медициналық анықтамада: «Сотталған аштық жариялаған, ішінің ауырсынатынын айтқан, қан талдауында амилаза деңгейі жоғары болған, бұл ұйқыбездің сыр беруін көрсетеді» делінген. Дәрігерлер оны соңғы рет 26 наурызда өлшеген: бойы 167 см, салмағы 70,7 кг болған.

Тамыз айында белсенділер мен құқық қорғаушылар Жыланбаевты дереу ауруханаға жатқызуды талап етті. Адвокат Денис Малюга қорғауындағы азаматты көрген соң, оның ішінің қатты ауыратынын, талдау нәтижелері «өте нашар» екенін, бұл алаңдаушылық тудыратынын айтты.

Марат Жыланбаев туралы не белгілі?

Марат Жыланбаев – әйгілі супермарафоншы. Ол адамзат тарихында алғаш рет Азия, Африка, Аустралия және Америкадағы ең үлкен шөлдерді жалғыз жүгіріп өткен спортшы. Жеті әлемдік рекорд орнатқан, олар Гиннестің рекордтар кітабына енген. Оның көбі әлі күнге дейін жаңартылған жоқ. Спорттық мансабында 160 мың шақырымнан астам жүгірген.

Жыланбаев – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, марафоншыларға арналған ерекше дайындық жүйесін жасаған бапкер. Ол спорттан бөлек саяси белсенділігімен де белгілі. 2023 жылғы ақпанда Мәжіліс сайлауына кандидат ретінде тіркеліп, куәлік алғанымен, заңсыз үгіт жүргізді деген айыппен бәсекеден шығарылды. Прокуратура оның Facebook-тағы депозитке ақша жинауға көмек сұраған жазбасын заң бұзушылық деп танып, оған 51 750 теңге айыппұл салды.

2023 жылғы қарашада ол «тыйым салынған ұйым қызметіне қатысқаны» және «экстремистік ұйымды қаржыландырғаны» үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу оны оппозиционер Мұхтар Әбілязовпен және оның «шетелдік штабы» деп аталатын құрылымымен байланыста болды деп айыптады. Ал жақтастары бұл істі ойдан шығарылған және саяси астары бар деп есептейді. Халықаралық құқық қорғаушылар Жыланбаевты саяси тұтқындар қатарына қосқан.

Серіктес жаңалықтары