×
541.68
636.26
6.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
541.68
636.26
6.48

Шенеуніктер қымбат қонақүйде жастардың мардымсыз жалақысын қалай талқылады?

25.09.2025, 10:25
Шенеуніктер қымбат қонақүйде жастардың мардымсыз жалақысын қалай талқылады?
Ulysmedia.kz коллажы

Астанада жастардың жұмыспен қамтылуына арналған үш күндік халықаралық конференция басталды. Оны елордадағы ең қымбат қонақ үйлердің бірі — Hilton Garden-де өткізу туралы шешім қабылданған. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған шара тек тақырыбымен ғана емес, талқыланған жалақы көлемі мен жиын өткен орын арасындағы қарама-қайшылықпен де назар аудартты. 

Әңгіме жастардың бастапқы жалақысы жөнінде болып отыр. Ол небәрі 117 мың теңгеден сәл ғана асады немесе 30 АЕК шамасында. Жас қазақстандықтар жұмыс таба алмай жүргенде, мемлекеттік қызметкерлер олардың тағдыры мен мүмкіндіктерін бір түнгі бағасы 50 мың теңгеден басталатын қонақ үйдің апартаменттерінде талқылады. Бірақ одан да таңғаларлығы — шараға қатысушы ретінде тіркелген шенеуніктердің өздері жиынға келмегені болды.

Бос уәделер мен бос орындар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жиынға өзі келмей, бірінші вице-министр Асқарбек Ертаевты жіберген. Ол залда тыңдаушылардың арасында телефонға үңіліп, спикерлердің ағылшын тілінде сөйлеп жатқанын ұқпай отырғандай әсер қалдырды.

– Министрдің келмеуі бұл шараның сәтсіз өткенін білдірмейді. Мен министрдің орнына келдім, өзім жауапты нәрселерді айттым. Қандай оқу бағдарламалары жүргізіліп жатқанын баяндап бердім, – деп ақталды Ертаев.

Астанада мұндай көрініс сирек кездеседі: мінберде бос орындықтар тұрды, жалғыз ғана ERG компаниясының кадр және мәдениет жөніндегі директордың орынбасары Анастасия Круч отырды.

«Ресейлік ЖОО-лар біздің балаларымызды бізден жақсы біледі»

Круч Қостанай облысындағы жағдайды мысалға келтіріп, жүйелі мәселелерді ашып көрсетті. Оның айтуынша, болашағынан үміт күттіретін жастар слесарь мамандығын меңгеру ұзаққа созылатындықтан курьер болып жұмыс істейді немесе жаппай Ресейге оқуға әрі жұмысқа кетіп жатыр.

– Тарихи тұрғыда бұл өңір Ресей Федерациясына жақын. Жақын облыстардағы университеттер Қостанайда мықты балалар бар екенін жақсы біледі. Делегациялар жылдар бойы келіп жүр. Олардың бізден айырмашылығы – Қостанай облысындағы әр ауыл мектебін біледі, – деді ол.

Сонымен қатар, ол Ресейде шетелдік студенттерге арналған гранттардың жергілікті жастарға берілетін гранттардан жиі жоғары болатынын айтты. Бұл оқу үшін Ресейді одан сайын тартымды етеді.

Ал Қазақстан не ұсынады? Жастар және отбасы істері комитетінің өкілі Біржан Әлімжановтың сөзінше, жұмыс іздеушілерге жергілікті ресурстық орталықтарға жүгінуді және 30 АЕК – небәрі 117 мың теңгеден сәл асатын бастапқы жалақы ұсынылады. Ол мемлекет тарапынан «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімі» және ірі кәсіпорындардағы арнайы бағдарламалар сияқты бірқатар бастамалар іске қосылғанын айтты. Бірақ олардың ақпараты жастарға жетпей қалып жатады.

– Осы олқылықты жою үшін өңірлерде жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Олардың міндеті – кеңес беру, бағыттау және жастарға жұмыспен қамту мүмкіндіктері туралы ақпарат жеткізу, – деді Әлімжанов.

Жұмыс бар, бірақ ақша жоқ

Еңбек министрлігінің сандары да көп нәрсені аңғартады: өткен жылы 140,5 мың қазақстандық шетелге табыс табу үшін кеткен. Негізгі бағыттар – Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания және БАӘ.

Вице-министр Асқарбек Ертаевтың айтуынша, билік шетелде жүрген еңбек мигранттарының құқықтарын қорғауға тырысып, түрлі меморандумдарға қол қояды. Бірақ кетіп қалудың алдын ала алмайды әрі мұны мәселе деп санамайды.

– Орта есеппен 60 мың бос жұмыс орны бар. Бізде жұмыс бар, жастарды жұмыспен қамти аламыз. Бірақ шетелге шығып, тәжірибе жинап көргісі келетіндер бар. Бізге де Өзбекстаннан, Ресейден келіп жұмыс істейді . Бұл – қалыпты процесс, – деді ол.

Оның пікірінше, «Қазақстаннан жастар жұмыс жоқ болғандықтан кетіп жатыр» деу дұрыс емес. Ал «жұмыс бар, бірақ жалақы аз, оған өмір сүру мүмкін емес» деген уәжге ол «біліктілікті үнемі арттыру қажет» деп жауап берді.

– Техникалық мамандықтарға, инженерлерге сұраныс жоғары. Ондай жерлерде жақсы жалақы бар, – деді ол.

Алайда вице-министр Қазақстанда жастарды жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтарды насихаттау бойынша нақты не істелгенін айта алмады. Бұл сұрақтарды оқу-ағарту министрлігі мен ғылым және жоғары білім министрлігіне қоюды ұсынды.

Сұрақ қоймаған дұрыс

Ulysmedia.kz тілшісі ұйымдастырушылардан Астананың сол жағалауындағы төрт жұлдызды Hilton Garden-де өткен үш күндік конференцияның қаншаға түскенін сұраған сәтте шын мәнінде «шоу» басталды.

Залда ілінген билбордтарда ұйымдастырушылар ретінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, еңбек ресурстарын дамыту орталығы, еуропалық одақ пен European Training Foundation (ETF), сондай-ақ белгісіз Darya орталығы көрсетілген.

Министрліктің баспасөз қызметі шараны ұйымдастыруға кеткен ақша туралы ақпарат жоқ екенін айтып, олар тек тең ұйымдастырушы екенін, ал қаржыландыруды ETF қамтамасыз еткенін атап өтті. Алайда қордың өкілі шығындар министрлік пен ETF арасында тең бөлінгенін, бірақ нақты соманы айта алмайтынын жеткізді.

Осы кезде еңбек ресурстарын дамыту орталығының өкілі араласып, мұндай сұрақ қоюдың қажеті жоқ екенін, «тақырыптан тыс» екенін мәлімдеді. Шара мақсатына қатысты тағы сұрақ қойылғанда ETF өкілі олардың жұмысы бұл бағытқа арналмағанын айтты. Оның сөзінше, ұйым мемлекеттік деңгейде ғана жұмыс істейді және қазақстандық жастарды Еуропада жұмыспен қамтуға ықпал ете алмайды.

Кейін тағы да аты-жөнін айтпаған орталық қызметкері «мұндай сұрақтар тақырыптан тыс» деп қайталады.

Осылайша қызық жағдай қалыптасты: жастарды жұмыспен қамтуға арналған конференцияда шараның құны мен жастарға нақты қандай көмек көрсетілетіні жайлы сұрауға болмайды. Көрсетілген жалғыз «дұрыс тақырып» – еңбек нарығының заманауи үрдістеріне бейімделу қажеттілігі туралы жалпы әңгімелер. Мұны модератор Кристина Мереута (ETF) да атап өтті.

Бұл жағдайдың символдық мәні айқын: қазақстандық жастар 117 мың теңгелік жалақыға қанағат етіп жүргенде, шенеуніктер олардың болашағын қымбат қонақ үйлерде талқылап, шараның құны мен нақты нәтижелері туралы қарапайым сұрақтарға жауап бере алмай отыр.

Серіктес жаңалықтары