×
544.26
634.72
6.52
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
544.26
634.72
6.52

Қазақстан көлеңкелі экономикамен қай уақытқа дейін күресуі қажет?

Бүгін, 15:00
Қазақстан көлеңкелі экономикамен қай уақытқа дейін күресуі қажет?
Ulysmedia.kz коллажы

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан экономикасының бір бөлігін «көлеңкеден шығаруға» айтарлықтай қол жеткізді. Алайда бұл құбылысты түбегейлі жою екіталай, әрі кейбір сарапшылардың айтуынша, олай істеудің де қажеті жоқ. Ulysmedia.kz осының себебін анықтады.

БАЙҚАЛМАЙТЫН НӘРСЕЛЕР

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы еліміздің жалпы ішкі өніміндегі байқалмайтын экономиканың (БЭ) үлесі 16,71% болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 0,87%-ға төмен. Экономикадан аздап хабары бар кез келген адам мұны жетістік деп бағалайды: себебі байқалмайтын экономиканың әрбір 1%-ға қысқаруы ел бюджетіне шамамен 2,16 млрд доллар әкеледі. Бірақ егер бұл «жеңіс» айсбергтің тек ұшы ғана болса ше? Көлеңкелі экономиканы, әсіресе бейресми бөлігін түгел жою мүмкін емес деген ойдан бөлек, ол қауіпті емес пе? Бұл мәселені тек шенеуніктер тұрғысынан емес, қарапайым халық көзімен де қарау қажет.

Анықтама: көлеңкелі, бейресми және байқалмайтын экономика арасындағы айырмашылық мынада: көлеңкелі экономика – салықтан жалтару немесе заң бұзу мақсатында мемлекеттен жасырылатын кез келген экономикалық қызмет. Ал байқалмайтын экономика – кең ұғым. Ол көлеңкелі экономиканы да, сондай-ақ бейресми (тіркелмеген, бірақ заңды) және заңсыз (қылмыстық) қызмет түрлерін де қамтиды. Демек, көлеңкелі экономика байқалмайтын экономиканың бір бөлігі ғана.

СТАТИСТИКА

Алғашқы көзқараста Қазақстан айтарлықтай жақсы көрсеткіш көрсетіп отыр. 2013 жылдан 2024 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі сектордың үлесі тұрақты түрде азайды. Ең үлкен жетістіктер тауар өндірісінде (8,9%-дан 5,18%-ға дейін төмендеу) және қызмет көрсету саласында (19,4%-дан 11,53%-ға дейін қысқару) байқалады. Бұдан бөлек, электронды жүйелерді енгізу мен мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы жылжымайтын мүлік (6,85%-дан 0,71%-ға дейін), көлік пен қоймалау (3,31%-дан 1,28%-ға дейін) салаларын көлеңкеден дерлік толық шығарып алуға мүмкіндік берді.

Дегенмен, көлеңкелі экономиканың басым бөлігі сауда, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру сияқты «тірі» салаларда шоғырланған. Ал аймақтық айырмашылық тіпті шошытады: мұнай-газ Атырау облысында бар болғаны 8,37% болса, шағын бизнес пен үй қожалықтары басым Түркістан облысында 28%-ға жуық. Яғни көлеңкелі экономика тек экономикалық емес, әлеуметтік құбылыс та болып отыр.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПАРАДОКС

Бұл тұста сырттан қараған халықаралық сарапшылардың бағасы да назар аударарлық. Ernst & Young (EY) компаниясының «Көлеңкелі экономика туралы жаһандық есебі – 2025»-ке сәйкес, 2023 жылы Қазақстандағы байқалмайтын экономиканың деңгейі небары 11,2% болған. Бұл көрсеткіш ресми қазақстандық бағалаудан да, әлемдік орташа деңгейден (11,8%) де төмен.

Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Чили, Болгария, Венгрия мен Грекия сияқты дамыған елдермен шамалас. Бұдан бөлек, Қазақстан Орталық Азия мен ЕАЭО елдері ішінде бейресми сектор үлесі ең төмен мемлекет: Ресейде – 13,1%, Беларусьте – 18,3%, ал Өзбекстанда – 24,4%.

Бұл деректер көлеңкемен «тоталды соғысудың» қажет екеніне күмән тудырады. Егер мемлекет «жаумен» күресіп жатса, ал ол шын мәнінде соншалық ауқымды болмаса ше? Егер ол қаржылық «ісіктің» орнына сарапшылар айтқандай, қоғам үшін маңызды «амортизатор» болса ше?

ЛОНДОННАН АЛМАТЫҒА ДЕЙІН

Экономист Төлеген Асқаровтың пікірінше, көлеңкелі экономика ең алдымен «үлкен бизнес иелерін» емес, күнкөріс қамымен жүрген қарапайым, көбіне кедей адамдарды қамтиды. Бұл тек Қазақстанға тән емес.

– Мен Англияда жиі боламын. Кішкентай базарларда саудагерлердің бәрінде дерлік «Тек қолма-қол!» деген жазу тұрады. Яғни олар банктік карта қызметін де көтере алмайды. Олар тауар сатып, қайта сатып күнін көреді, түскен ақшаны өздеріне және отбасына жұмсайды. Қазақстандағы үй шаруашылықтарының жағдайына көз жүгіртсек, әсіресе ауыл шаруашылығында, олардың өнімінің басым бөлігін сату үшін емес, өздері тұтынуға арнайтынын көреміз. Бұл экономика бөлігі салықтан тыс, бірақ мемлекет бұл адамдарға әлеуметтік көмек беруге міндетті болмайды, өйткені олар өзін-өзі асырап отыр, – дейді Асқаров.

Оның айтуынша, осындай «микро-микро-кәсіпкерлер» экономиканың өміршең қозғаушы күші болып табылады және оларды жай ғана «сөндіріп тастауға» болмайды. Оларды заңдастыру қатаң бақылауды емес, тиімді жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін саясатты қажет етеді.

“КӨЛЕҢКЕНІ” САҚТАП ҚАЛҒАН НОБЕЛЬ

Көлеңкелі экономиканың әрдайым жаман еместігі туралы түсінік әлемге 2006 жылы жетті. Бангладештік экономист Мұхаммад Юнус кедей әйелдердің банктерден несие ала алмай, қолөнер бұйымдарын тиынға өсімқорларға өткізіп, аштықтан аман қалуға тырысқанын көріп, қатты қайран қалды.

Банктер оларды тым кедей санап, ең шағын несие беруден де бас тартатын. Сонда Юнус жүйеге қарсы шықты: ол бамбук орындық жасайтын бір әйелге қалтасынан бар болғаны 27 доллар қарыз беріп, шикізат сатып алып, өнімін тікелей өткізіп, лайықты табыс табуына жол ашты. Осы қарапайым қайырымдылық қадамы микронесиелеу идеясын тудырды. Кейін бұл үшін Юнус Нобель бейбітшілік сыйлығын иеленді.

- “Кедейлерге арналған банкир. Микронесиелеу және әлемдегі кедейлікпен күрес” атты еңбегінде Юнус кедейлік – қабілетсіздіктен емес, капиталға қолжетімділіктің жоқтығынан туындайтынын айтады. Ол капиталды адам құқығының негізгі түрлерінің бірі деп сипаттайды. Бұл оқиға тек Бангладешке емес, бүкіл әлемге қатысты. Адамдарды көлеңкеде жұмыс істегені үшін жазалағаннан гөрі, оларға лайықты балама ұсыну қажеттігін көрсетеді.

ЖОЮ ЕМЕС, ИНТЕГРАЦИЯ МА?

Орта есеппен алғанда, әлемдік көлеңкелі экономика жалпы ішкі өнімнің 11,8%-ын құрайды. 2025 жылғы дерекке сай, ең төмен үлес Біріккен Араб Әмірліктерінде – небары 2,1%. Одан кейін Катар (2,2%) мен Бахрейн (2,5%) тұр. Салыстыру үшін, дамыған елдерде бұл көрсеткіш шамамен 5,9%-ды құрайды (Ernst & Young дерегі).

АҚШ экономисі, Денвер университетінің доценті Александр Падилья дамушы елдер үшін көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесінің 14-15% деңгейінде болуы оңтайлы дейді. Себебі ол дағдарыс кезеңінде жұмыс орындары мен табыс көздерін қалыптастырып, әлеуметтік амортизатор рөлін атқарады.

Қазақстанның көлеңкелі экономиканы 15%-ға дейін төмендетуді көздейтін кешенді жоспары да осы жаңа философияны мойындағандай әсер қалдырады. Бұл жоспарда тек қатаң әкімшілік шаралар ғана емес, ынталандыру да бар: мемлекет жалақыға түсетін салық жүктемесін азайтуды жоспарлап отыр, осылайша кәсіпкерлердің заңды түрде жұмыс істеуі тиімді болмақ.

Байқалмайтын экономикамен күрес теңгерімді болуы керек: қылмыстық бөлігін түбегейлі жою қажет, бірақ бейресми сектор ел өмірінде тұрақтандырғыш қызмет атқара алатынын мойындау керек. Әрбір ұсақ саудагерді заң аясында жұмыс істеуге мәжбүрлеу керісінше нәтиже беріп, миллиондаған адам үшін әлсіз, бірақ өмірлік маңызы бар табыс көзін жойып жіберуі мүмкін. Қазақстан билігі осы күрделі дилемманы түсініп, «алтын ортаны» таба ала ма? Оны уақыт көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары